13-бап. Жылу энергетикасындағы қауіпсіздік пен сапаға қойылатын талаптар 1. Энергетикалық жабдықты, жылу желілерін, тұтынушылардың қондырғыларын пайдалану кезінде ұйымдастырушылық іс-шаралар адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
Магистральдық және таратушы құбырлардың жылыту және ыстық сумен жабдықтау үшін жылу энергиясының өлшемдері ұстап тұрған температуралық кестеге, желілік судың қауіпсіз және сапалық сипаттамаларының көрсеткіштеріне сәйкес келуі тиіс.
2. Техникалық реттеу объектілері жылу энергиясын өндіруге, беруге және пайдалануға арналған энергетикалық жабдық, жылу желілері, тұтынушылардың қондырғылары, жылу энергиясы болып табылады.
3. Жылу желілерін жобалау мен пайдалану кезінде осы Заңға және техникалық регламенттерге сәйкес жылу энергиясына белгіленген талаптардың орындалуы қамтамасыз етілуі тиіс.
4. Жылу энергиясын өндіруге, беруге және тұтынуға арналған жылу өндіруші, жылу беруші ұйымдардың жабдығы, тұтынушылардың қондырғылары нормативтік техникалық құжаттамада белгіленген техникалық талаптарға сәйкес келуі тиіс.
5. Қазақстан Республикасында пайдаланылатын жасалатын және оның аумағына әкелінетін жылу энергетикалық жабдық пен материалдар нормативтік техникалық құжаттамада белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда сәйкестігін растайтын рәсімнен өтуі тиіс.
6. Техникалық регламенттерге қойылатын талаптарға сәйкестігін растауға жататын жылу өндіруші, жылу беруші ұйымдардың жабдығын, тұтынушылардың қондырғыларын пайдалануға енгізуге сәйкестікті растау саласындағы құжатсыз жол берілмейді.
7. Жылу өндіруші, жылу беруші, жылумен жабдықтаушы ұйымдардың жабдығы, тұтынушылардың қондырғылары қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ететін жарамсыз жай-күйде болуы тиіс.
8. Меншік нысанына қарамастан жылумен жабдықтау объектілерін және (немесе) оның жекелеген бөліктерін сатып алу-сату, жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беру, уәкілетті органның және табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның алдын ала келісімімен жүзеге асырылады.
9. Жылу энергиясын өндіру мен берудің біртұтас технологиялық процесіне қатысатын жылу өндіруші, жылу беруші ұйымдардың мүлкі бөлінбейді.
10. Жылу желілерін қорғау, жылу желілерінің қорғалатын аймақтарында жұмыс жүргізу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
11. Жылумен жабдықтау объектілері орналасқан ауданда тұратын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғау аймақтары белгіленеді, олардың мөлшері мен оларды пайдалану тәртібі заңнамада белгіленген тәртіпте бекітілген нормативтік құқықтық актілерде және осы объектілердің жобаларында белгіленеді.
Қорғалатын аймақтарда барлық шаруашылық қызмет түрлері жылумен жабдықтау объектісі иегерінің немесе оған уәкілетті органның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.