1.3. Қаржы менеджменті және маркетингтік саясаттың
өзара байланысы
Кәсіпорынның қаржы менеджменті мен маркетингтік саясатының бәсекелестік ортадағы алатын орны ерекше. Бағалық шешімдерді дұрыс қабылдай білу, нарықтың белгілі бір сегменттеріне дұрыс икемделу, тауарды өткізу бойынша ұдайы күш жұмсау, тауарды өткізуді жіті қадағалау және бақылау, сондай-ақ маркетингтік саясатты уақтылы түзету кәсіпорынның қаржылық табыстарға жетуігің маңызды элементтері болып табылады. Осы орайда қаржы менеджменті мен маркетингтік қызметтің бір-бірімен тығыз байланысы көрініс табады.
Бағалық және басқа да қаржылық шешімдер қабылдау үшін кәсіпорынға ең бірінші кезекте оның өніміне деген сұраныс туралы ақпараттар қажет. Мұндай ақпараттарға қол жеткізуге, олардың кәсіпорын үшін тиімділігін анықтауға маркетингтік шараларға шығындар жұмсау арқылы көз жеткізуге болады. Маркетингтік зерттеулер нәтижесінде алынған ақпараттар қосымша тауар өндірудің және сатудың түрлі нұсқаларын қалыптастырып, салыстырып, қажетті қаржылық, дәлірек айтқанда инвестициялық, шешімдер қабылдауға қолайлы жағдайлар жасайды.
Қаржы менеджерлері, әдетте, кәсіпорындағы баға қалыптасудың негізгі екі кезеңін бөліп көрсетеді:
Базалық бағаны анықтау, яғни шегерімдерсіз, үстеме бағаларынсыз, тасымалдау, сақтандыру, сервистік компоненттерді есепке алмай баға орнату.
Жоғарыда келтірілген компоненттерді, шегерімдерді, үстеме бағаларды есептей отырып, баға орнату.
Базалық бағаны анықтаудың тәжірибеде бірнеше әдістері қалыптасқан. Бұл әдістерді жеке-жеке немесе бірімен байланыстыра отырып қолдануға болады:
толық шығындар әдісі;
өндіру (өңдеу) құнының әдісі;
бағаны қысқартылған шығындар негізінде анықтау;
тікелей шығындар әдісі және маржиналды шығындар әдісі;
инвестициялардың рентабельділік (табыстылық) әдісі;
маркетингтік немесе нарықтық бағалау әдістері.
Баға қалыптасуының аталған әдістері кәсіпорынның стратегиялық маркетингтік мақсаттарына жетудің негізгі құралы болып табылады. Ендігі кезекте туындайтын сұрақ: бағалардың қандай түрлері маркетингтік саясаттың элементтері болып табылады?
Әрине, маркетингтік саясаттың бағаларды анықтау әдістері тауардың нарықта тиісті орнын табуын көздейді. Жаңа тауарлардың нарықта сәтті сұраныс табуын қамтамасыз ету үшін келесідей баға түрлері белгіленеді:
Жоғары бағалар, яғни жаңа немесе жетілдірілген тауардың нарықтағы қозғалысының басынан бастап жоғары бағалар белгіленеді. Бұл жағдай кәсіпорын нарықта осы бағамен аталған тауарды сатып алушылардың болатындығына көздері жететін болғанда ғана қолданылады.
Тауарды нарыққа енгізу үшін қолданылатын бағалар, яғни кәсіпорын өз тауарларына нарықтағы осы тәріздес тауарлардың бағасынан біршама төмен бағалар орнатады.
«Психологиялық» бағалар – қандай да бір бүтін сомадан біршама төмен белгіленген бағалар (мысалға, 199 теңге немесе 1999 теңге секілді бағалар). Мұндай бағалар тұтынушының санасында тауардың бағасын мейлінше төмен көрсетіп, психологиялық әсер қалдырады.
Нарықтағы немесе саладағы жетекші фирманың бағалары – тауардың бағасы нарықтағы немесе осы саладағы жетекші орындағы компанияның тауарларына деген бағамен сәйкес белгіленеді.
Өндіріс шығындарын өтеу бағалары, яғни жаңа өнімнің бағасын оны өндіруге кеткен нақты шығындарды және нарықтағы немесе саладағы табыстың орташа мөлшерін ескере отырып, қалыптасады.
Салтанатты бағалар, яғни қандай да бір ерекше, қайталанбас қасиеттері бар өте жоғары сапалы тауарларға қолданылатын бағалар.
Нарыққа жаңадан енгізілетін тауарлармен қатар, кәсіпорындар қазіргі кездегі тұтыныстағы тауарлардың бағаларын да тиісінше қалыптастырып отырады. Қалыптасып үлгерген және осында ұзақ уақыт тұтыныста жүрген тауарлар үшін бөлек бағалар қарастырылады. Бұл бағаларды тиімді қолдану кәсіпорынның бәсекелестікке жарамдылығын арттыруға септігін тигізеді.
Тауарлар мен қызметтердің ауытқымалы төмендеу бағалары. Мұндай бағалар нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың өзара қатынасына байланысты орнатылады және нарық осы тауарлармен толған сайын біртіндеп төмендей бастайды.
Ұзақ мерзімді бағалар ұзақ уақыт бойында өзгерістерге бой алдыра бермейді.
Нарықтық тұтынушылар сегментінің бағалары. Мұндай бағалар бір тауарға тұтынушылардың түрлі категорияларына (нарық сегменттеріне) қарай әр түрлі шамада белгіленеді.
Икемді бағалар, яғни нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың өзгерістеріне жылдам икемделетін бағалар.
Артықшылықты бағалар нарықта жетекші орын алатын кәсіпорындардың өз тауарларына мейлінше төмен бағалар орнатумен сипатталады. Бұл жағдайда кәсіпорын тауар сатылымының көлемін арттыру және сатылым шығындарын үнемдеу арқылы жалпы өндірістік шығындарды азайта алады.
Өндірістен шығып қалған, қазіргі кезде өндірілмейтін тауарларға белгіленетін бағалар.
Нарықтағы басқа кәсіпорындармен салыстырғанда біршама төмен орнатылаты бағалар.
Келісімді бағалар бір немесе бірнеше кәсіпорындардың арнайы тауарларына немесе тауарлардың белгілі бір топтарына қолданылады.
Маркетингтік зерттеулердің нәтижесінде кәсіпорынның қаржы менеджерлері жоғарыда келтірілген тауар бағаларының қайсысын таңдау керектігі және баға қалыптасуының қандай саясатын қолдану туралы шешімдер қабылдауы тиіс. Баға қалыптастыру саясатын таңдау көптеген факторларға байланысты. Мұндай факторларға кәсіпорынның тауар нарығындағы өз бақылауында ұстап тұрған үлесі, жаңа тауарды нарыққа енгізу жылдамдығы, жұмсалған капитал салымдарының өтелімділік мерзімі, нарықтағы бәсекелестік күрестің қатаңдығы және т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |