М. Қашғаридың “Сөздігінде” батыр, ер бейнесін танытатын мынандай жыр жолдары бар:
Ерді ашып татурған
Иавлақ йағығ қатарған,
Бойынан тутуп қазырған
Басты өлім ағтару.
Дәл осындай жыр үлгісі жыраулық поэзияда:
Садағына сары жебе салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған,
Тереңнен көзін ойдырған (Махамбет).
Ислам діні қазақ даласына кең жайылған дәуірде жазылған дидактикалық сарындағы дастандар мен қазақ жыраулары поэзиясы арасындағы көркемдік дәстүр жалғастығын нақты деректер негізінде көрсетуге болады. Мәселен, Ж. Баласағұнның «Құтты білік», А. Иегүнүкидің «Ақиқат сыйы», А. Яссауидың «Даналық кітабы» поэзия әлеміне философиялық-дидактикалық, гуманистік сарындағы тың бағыт-бағдарлар әкелді. Ал бұл дидактикалық сарындағы поэзия араға бірнеше ғасыр уақыт салып барып, яғни жаңа тарихи жағдайда дәлірек айтсақ, қазақ хандығы тұсында Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жырау толғауларында өзінің дәстүрлі жалғасын тапты.
Н. Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» еңбегінен
Н. Келімбетовтың пікіріне сәйкес, жыраулардың өз толғауларына арқау еткен адамгершілік, ақиқат сынды дидактикалық мәселелер мен қазақ сөз өнерінде қалыптасқан нақыл сөз, даналық сөздердің бастау алуы дәл осы Көне Түркі әдебиеті кезеңіндегі шығармалардан бастау алғандығын байқаймыз.
Мысалы, Исламды мадақтау, насихаттау жайында:
А. Яссауи «Диуани хикмет»
|
Шалкиіз жырау
|
Бұқар жырау
|
Шал ақын
|
Қазтуған жырау
|
Ділім қатты, тілім ащы, өзім залым,
Құран оқып бойұсынбас жалған ғалым.
Жаным құрбан, аямаймын жоқ дүр малым,
Хақтан қорқып отқа түспей күйдім, міне.
Алпыс үшке жасым жетті, өттім ғапыл,
Хақ әмірін бекем тұтпай болдым жаһил.
Ораза, намаз қаза қылып болдым кәпір,
Иман іздеп жақсыларға жеттім, міне.
|
Тәңірінің үйі Кебені
Ибраһим халил Алла жасапты,
Ғазырейіл жан алмаға қасап-ты.
|
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ең шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкілсіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытты бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа.
|
Мекке менен Медине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
|
... Бұлұт болған күнді ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан,
Сүйінішұлы Қазтуған!
|
Қазақ халқындағы нақылдар мен мақал-мәтелдердің қайнар көзі – Түркі әдебиеті пен жыраулық поэзиядан бастау алды деген пікірді жоққа шығару мүмкін емес. Көне Түркі дәуіріндегі дәстүр жыраулық поэзияда жалғаса келіп, адамдардың философиялық тұжырымдары бүкіл халықтың философиясына айнала білді.
Ағасын танымаған - іні азар, атасын танымаған ұл азар. ( «Күлтегін» жыры)
Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан шықпағаны игі,
Адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі,
Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың – туғанынан тумағаны игі. ( Қорқыт Ата кітабынан)
Ақыл көркі — тіл, тілдіқ көркі — сөз,
Кісі көркі — жүз, жүздің көркі — көз.
Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын,
Білім — жарық, нұрын саған шашатын. («Диуани лұғат-ат Түрік»)
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады. (Асан қайғы)
Дәстүр – халықтан халыққа оның қалыптасқан мінез-құлқы мен мен ой-санасы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Көне Түркі әдебиетінен бастау алған әдеби жалғастық дами келе жыраулық поэзияда жаңаша қалыпқа келіп, қалыптасты. Жыраулық поэзияның пайда болуының алғышартын – Көне Түркі әдебиетімен тікелей байланыстырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |