1960-2000 жылдардағы әдебиеттің саяси әлеуметтік дамуы Жалпы қазақ әдебиетінің даму тарихына көз жүгіртсек, әріден келе жатқан ақын-жыраулар кезеңін алмай, діни-ағартушылық, демократтық, ұлт-азаттық көтеріліс, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі әдебиетпен салыстырғанда 1960-2000 жыл кезеңіндегі әдебиет өзіндік ерекшеліктерге ие.
Бұл ерекшеліктер: жаңашыл көзқарас, жаңа заман, жаңа бағыт.
Қаламдары қатая, шығармашылықтары шыңдала түскен қылқалам шеберлері мен шалқар шабыт иелері тудырған шығармаларда енді жаңашыл пайымдаулар, көзқарастардың белең алуы айқын аңғарылады. Сонымен қатар бұл кезеңдегі әдебиетке тән ерекшеліктердің бірі-жазушы шыншылдығы, туынды тарихилығы, шығарма ақиқаттылығы, яғни кешегі күнде көлеңкеде қалып қойған ащы шындыққа сәуле нұрын шашып, өмірді күңгей жағынан алып, боямалап көрсетпей, қоғамдағы маңызды мәселелерді барынша шынайы көре аламыз.
Кешегі күнде әдебиеттің қайнар көзі болған ел тағдыры, жер тағдыры, отарлау саясаты, майдандағы жауынгер тағдыры сынды мәселелер енді қазақ қоғамына келе бастаған жаңашылдыққа ұласа бастады. Сол тұста жарық көрген роман болсын, өлең сөз туындылары болсын тек тақырып жағынан ғана ерекшеленбей, сонымен қатар сюжеттік-композициялық, идеялық-көркемдік тұрғысынан да, яғни шығармадағы каһарман бейнесін сомдауда, дәуір ерекшеліктерін танытуда өзіндік жаңалықтарға ие.
Тілге тиек еткен мал шаруашылығы, тың игеру, егіншілік, өндіріс жұмыстары, күнделікті күйбең тіршілік қарбаласындағы қара жұмыс адамының образын жасау барысында сол кездегі дәуір көрінісін бейнелей келе, әдебиетте қазіргі заман шындығын суреттеп, адамның бүгінгі бейнесін танытуға ұмтылады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке тән бір ерекшелік, бұл-адам психологиясы, яғни адамгершілік қасиеттер: ар-намыс, қажырлылық, жігер, ұят, борыш, еңбекқорлық сынды рухани құндылықтар мен іштарлық, көре алмаушылық, жемқорлық, жағымпаздық сияқты жағымсыз мінездер арпалысып, замана сомдаған адам бейнесін айқын танытады
1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің әдеби эстетикалық,саяси әлеуметтік дамуы қадамдай, қарыштай қарқындады. Бірінші дәрісте айтылғандай, қаламгерлер қатары молайып, 600-ге жетті. Жалпы қазақ әдебиетінің сол кездегі бүкіл әлемдік көркемдік дамуға қосқан өзіндік өзгешелігін пайымдағанда, ең алдымен, оның жоғары идеялы, асыл мұратты әдебиет екені ойға оралады. Адамзаттың рухани қазынасына айналған шығармалар тек белгілі бір құбылыстар мен байланыстардың, күрестер мен тартыстардың шыншыл шежіресі ғана жасап қоймай, сан миллион еңбекші қауымға әділ ұстаз, тамаша тәлімші қызметін де атқарып келеді.
Қазіргі реалистік қазақ әдебиетінің алдында бұрынғыдан да биік міндет тұр. Реалистік әдебиетте үстем таптың ғасырлар бойғы өктемдігін құлату, жаңа қоғам орнатылған кездегі қазақ ортасының өзгерісінен бастап, өмір шындығының белес-белестерін бейнелеген шығармалар шырқау биікте. Әлем жұртшылығының назарын аударудың ең тура жолы–қазақ халық өмірінің терең тамырларын, сүйкімді артықшылықтарын толық та анық көрсете білу. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілері реализмнің, яғни шыншылдықтың биік талаптары тұрғысында жасалған белгілі. Бүгін тек қана Қазақстанға ғана емес, жер жүзінен танымал шығармаларды атап өтсек, қазақ әдебиетінің даму сатысының жоғарылағанын аңғаруға болады. Мұндай таңдаулы туындылар қатарына жататын Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер», Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романдары неміс, француз тілдеріне тәржімаланса, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы көгілдір экран бетіне шығып, әлем жұртшылығы назарын өзіне аударды.
Әлбетте шығарманың нарқын шет тілдерге аудару мәселесі ғана анықтай бермейді. Дегенмен, әдебиетіміздің абыройы асқақтауы үшін оның жер шарына неғұрлым кең де, мол тарай беруі қуанышты жағдай.
1960-2000 жылдардағы қазақ әдебиетінің дүниеге әкелген жаңалығы- билеушісі жағдайдың құлы емес, болашаққа сеніммен қарайтын, халықпен ынтымақтас, өз мүддесін көптің мүддесімен бірлестіре білетін жаңа қаһармандар. Әдебиетіміздің бүкіл өзіндік жүрістері мен келістері, айрықша ажары мен көркі де осы қаһармандарға байланысты. Халықтың қалың ортасынан шыққан еңбекқор, кертартпа кесел атаулымен мәмілеге келмейтін жігерлі күрескер адам–әдебиетіміздің орталық тұлғасы болып келеді.
Халық өмірінде өшпес із қалдырған оқиғалар сырына үңілу, ел тіршілігінің ұрымтал тұстарын жан-жақты көрсету, қоғамның, адамның тарихы мен тағдырын алғы кезекке қою да қазақтың сол тұстағы (1960-2000) әдебиетіне тән сипаттың бірі болып қалыптасқан. Мәселен, ең елеулі шығармалар «Ақтабан шұбырынды», жоңғарлармен соғыс сияқты жағдайларға, ұлт-азаттық көтеріліс, Азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы сияқты тарих кезеңдерге арналған. Өмірдің сан алуан тақырыптарының ішінен ең елеулісін іріктеп алуға да реализмнің өмірінен шыншылдығы ықпал етті. Сол тарихи құбылыстарды диалектикалық шындығымен неғұрлым ақиқат, анық танытатын шығармалар жасауда қаламгерлер барынша шеберліктерін шыңдай түсті.
Дамуымыздың қазіргі кезеңіне сай жекеленген қайшылықтар, кемшіліктер ұшырайтыны мәлім. Дәуір қаһарманының, озық адамның күресетін, өз қасиетін толық ашатын саяси, зияткерлік, адамгершілік майданы қайсы дегенді суреткер философша терең пайымдай, үлкен характерлер, сан тұлғалар жасай алуы екі талай. Әдебиетіміз жоғары идеялылықпен қатар биік көркемдікті, қуатты азаматтық пафосты қатар алып жүруі шарт
Кеңестік дәуірдегі әдебиеттің дамуына байланысты қазақ әдебиетін зерттеу еңбектері мен сыни мақалалар көптеп шыға бастады. Осындай зерттеу еңбектің тұңғыш туындысы 1949 жылы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» талабына жауап бермейді деген сылтаумен сыналғанымен, 1960 жылы жаңа нұсқасы қайта басылып шықты. 1967 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген атпен үшінші томы жарық көрді. Бұл зерттеу еңбегіне қазақтың «ақтаңдақтары» – С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар мен Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев т.б. шығармашылықтары жайлы монографиялық тараулар енді. 1960 жылы С.Сейітовтың «40 жылда», 1962 жылы Б.Кенжебаевтің «20 жыл Қазақ совет әдебиеті» еңбектері әдебиет дамуының кезеңдеріне шолулар жасады. Әдеби процесс-жанрлық, тақырыптық даму тұрғысынан да, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық жолын жинақтау, әдебиет тәжірибесін теориялық қорыту жағынан да зерттеле бастады.
Ә.Тәжібаевтің «Өмір және поэзия» (1962), Б.Шалабаевтың «Қазақ романының тарихы» (1966), Ш.Ахметовтың «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» (1960) Ә.Сатыбалдиевтің «Рухани қазына», «Аударма проблемалары жайында» (1964), М.Базарбаевтың, Т.Кәкішевтің, З.Ахметовтың, Қ.Жұмашевтың көптеген монографиялары мен зерттеу еңбектері жарық көре бастауы қазақ әдебиетінің дамуының айқын көрінісі болды.
Сонымен қатар, көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына талдау, сыни пікірлер жазылған мақалалар, мысалы, 1962 жылы С.Қирабаевтің «Сәкен Сейфуллин», Т.Нұртазиннің 1960 жылы «Жазушы және өмір», 1960 жылы «Бейімбет Майлиннің творчествосы», М.Дүйсеновтың «І.Жансүгіров» (1965 ж), «Ақын мұраты» (1967 ж) тағы басқа арнау-жинақтар жарық көрді.
Ал, 1972 жылы КОКП орталық комитетінің «Әдеби-көркем сын туралы» қаулысы шыққаннан кейін, әдеби сынның беталысы қарқындап, өркендей түсті. Жыл сайын баспасөзде «Уақыт және қаламгер» атты сын еңбектер жинағы қалыптасты.
1970-80 жылдары жанр төңірегінде жеке көлемді зерттеулер шыға бастады. Поэзияны жете зерттеген З.Қабдолов, З.Ахметовтың әдеби-теориялық ғылыми талдаулары – «Жанр поэзиясындағы дәстүрдің ұласуы» (1981), «Көркемдік кілті-шеберлік» (1985) жарық көрсе, Ә.Тәжібаев, Е.Жақыпов, Р.Нұрғали зерттеген драма жайлы сыни еңбектер баспа бетін көрді. Ал проза саласын зерттемеген әдебиетші болмаған деп айтсақ та артық емес. Р.Бердібаевтің, М.Базарбаевтың, Ш.Елеукеновтің, Ә.Нағыметовтың, Б.Майтановтың, З.Серікқалиевтің, Ә.Әзиевтің көптеген прозаның көкейкесті мәселелері мен даму ерекшеліктері жайлы сыни пікірлері мен зерттеу мақалалары жинақталды.
1988-1989 жылдары «ақтаңдақтар аталған» Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбектер ақталып алынған соң, осы сынды ақын-жазушылар мұрасын насихаттау мақсатымен Ш.Сәтпаеваның 1993 жылы «Ш.Құдайбердиев»,сол жылы С.Қирабаевтың «Ж.Аймауытов», Ш.Елеукеновтің «Мағжан» (1995) атты зерттеу кітаптары жарық көрді.
1960-2000 жылдардағы әдебиетте проза саласының қарқын алып дамуына үлкен үлес қосқан қаламгерлер М.Әуезов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, С.Жүнісов, З.Шашкин, І.Есенберлин, Қ.Исабаев, тағы басқалар қатарына сөз өнерінің жас күштері Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Ә.Тарази, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков, Ә.Әлімжанов, Ә.Нұрпейісов, Ә.Нұршайықов, Х.Есенжановтар қосылды.
Қазақ жеріне келген жаңашылдықты, қоғамдағы әлеуметтік жағдайды шынайы жеткізе білген. Ғ.Мүсіреповтың 1984 жылы жарық көрген «Жат қолында» шығармасы. Кітап баспадан 1984 жылдың аяғында шығып тарай бастады. 1985 жылдың 25 қаңтарында Социалистік Қазақстан газетінде «Жат қолында» романы жайында М.Базарбаевтің мақаласы басылып шықты. Ғ.Мүсіреповтың жаңа туындысы «Жат қолында» өзінің көзі тірісінде-ақ оқырман қауымнан жақсы бағасын алған. Роман бұрынғы «Оянған өлкенің» жалғасы. Ондағы оқиғалар ілгері дамыған. Сонымен бірге жаңа дәуірдің жаңа адамдарын, қазақ қоғамының нағыз оянған-екі ғасыр аралығы мен ХХ ғасырдың бас кезін қамтыған дербес туындыдай