2М. Әуезовтың өмір жолы
Мұхтар Омарханұлы Әуезов — қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957).
Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте туған. Шыққан руы қожа.
Мұхтардың атасы Әуез ескіше сауаты бар, араб, парсы, ортазиялық түркі әдебиетімен таныс болған. Мұхтар бала кезінде атасының үйретуімен арабша хат таниды. Мұхтардың әкесі Омархан да, Әуез де Абай аулымен іргелес отыратын, құдалы, дос-жар адамдар еді. 1908 жылы Семейдегі Камалиддин хазірет медресесінде оқып, одан кейін орыс мектебінің дайындық курсына ауысады. 1910 жылы Семей қалалық бес кластық орыс қазына училищесіне оқуға түсіп, соңғы класында оқып жүргенде «Дауыл» атты алғашқы шығармасын жазады.
Училищені 1915 жылы аяқтап, Семей қалалық мұғалімдер семинариясына түседі. Семинарияда оқып жүріп Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, оны 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде сахнаға шығарады.
Ресейдегі саяси төңкерістер Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. 1919 жылы семинарияны бітіріп, қоғамдық-саяси жұмысқа араласады. 1919 жылы желтоқсанның төртінде Семейде большевиктер билігі орнап, Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің меңгерушісі және «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. 1921 жылы қараша айында Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің (ОАК) төралқа мүшелігіне сайланып, онда кадр мәселесімен айналысады. Сол жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесі «Қызыл Қазақстан» журналының №3 – 4 сандарында жарияланды. 1922 жылы күзде Ташкенттегі Орта Азия университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасады. Осы басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланады. 1923 жылы маусым айында Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінің тіл-әдебиет бөліміне оқуға ауысады. 1924-1925 жылы Семейдегі мұғалімдер техникумына оқытушылыққа қалдырылды. Сонда жүріп «Таң» журналын шығарады. Онда «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Ескілік көлеңкесінде», «Жуандық» әңгімелері жарияланды. 1925 жылы Ленинградқа қайтып барып, оқуын жалғастырады. 1926 жылы жаз айында Семейге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, оның материалдары негізінде жазылған «Әдебиет тарихы» монографиясы 1927 жылы кітап болып шығады. 1927 жылы жазда Жетісу өңіріне сапармен келіп, Ілияс Жансүгіровпен бірге болашақ шығармаларына материал жинайды. Ленинградқа қайтып оралысымен, осы материалдар негізінде «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін, «Қилы заман» романын, «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданды әрі Қазақ ағарту институтында сабақ берді.
Мұхтар Әуезов өмірінде төрт рет үйленген. 1917 жылы атастыру салты бойынша ол 15 жастағы Райхан есімді бойжеткенге үйленеді. 1918 жылы Мұғамиля есімді қыздары дүниеге келеді. 90 жыл өмір сүрген Мұғамиля апа көзі тірісінде өзін «Еңлік-Кебектің» замандасымын деп айтады екен. Ал бір жылдан кейін ерте қайтыс болып кеткен Шоқан есімді баласы туылады.
Өкінішке орай, Мұхтар Әуезов Райханмен көп тұрмайды. 1920 жылы екі жас ажырасып, ол сүйікті қызын өзімен бірге алып кетеді. Кейін Мұхтар Абайдың ұлы Тұрағұлмен жақын достасып, оның қызына, яғни Абайдың немересі Кәмилаға үйленеді. Бірақ бұл некесі де ұзаққа созылмайды.
1923 жылы Мұхтар Әуезов Ленинград мемлекеттік университетіне филология факультетіне оқуға түседі. Дәл осында ол болашақ әйелі Валентина Николаевна Кузьминамен (кейін Әуезова) танысады. Екі жас оқу бітірген соң Ташкентке қоныс аударып, ол мұнда Ортаазиялық университеттің аспирантурасына түседі. Осылайша бұл некеден 1929 жылы Лейла есімді қызы, ал 1935 жылы Ернар есімді ұлы дүниеге келеді.
1937-38 репрессия жылдарынан кейін Мұхтар Әуезов Фатима Ғабитовамен бас қосады. Фатима Ғабитова Мұхтарға Мұрат есімді ұл сыйлайды.
Өкінішке орай, Мұхтар Әуезовтың балаларының ішінде қазір Мұрат Әуезовтың ғана көзі тірі. Мұхтардың үлкен ұлы Ернар Әуезов биология саласында үлкен жетістіктерге жеткен ғалым. Ол бүкіл ғұмырын Қазақстан табиғатын қорғау жөніндегі жұмыстарға арнаған, Алакөлді зерттеген. Ол сонымен қатар әкесінің жазушылық қасиетін бойына сіңіріп, Алакөлде табылған реликтілік шағала жайлы жоғары көркемдік эссе жазған. Реликтілік шағаланы зерттеу арқылы ол әлемнің ғалымдарын осы мәселеге назар аударуға мәжбүрлеген.
Ал Мұхтар Әуезовтың қызы Лейла тарих ғылымдарының докторы, ғалым болған. Ол Шоқан Уәлихановтың еңбектерін топтастырып, Жетісу доңғандары мен ұйғырларының егін шаруашылығын зерттеген адам. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтың естеліктерін, шығармаларын толық жинақтап, мемориалды мұражайын ашып, оның дамуына көп еңбек сіңірген. Айта кететіні, Лейла Әуезова Дінмұхаммед Қонаевтың інісі Асқар Қонаевқа тұрмысқа шыққан.
Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылы 16 қыркүйекте тұтқындалып, 1932 жылы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, маусым айында түрмеден босатылып, Қазақ педагогика институтының (ҚазПИ-дің) аға оқытушысы болып қызмет істейді. Осы жылдары театр, драматургия, мәдениет пен өнер, әдебиет, фольклор тарихы, орыс әдебиетінің классиктері туралы мақалалары үзбей жарияланып тұрады. Әуезов сценарийі бойынша «Райхан» көркем фильмі (1940) түсіріледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Осы жылдары «Абай» романын жазуға кірісіп, оны 1941 жылы бітіреді. «Абай» романының жарық көруі (1942) Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. 1943 жылы «Абай» романын талқылау үлкен науқанға айналады. 1946 жылы романның екінші кітабын жазып бітіріп, ол 1947 жылы жарық көреді. 1950 жылы роман-эпопеяның «Ақын аға» аталатын үшінші кітабы жарық көреді. 1943 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақтың мемлекеттік университетінің (ҚазМУ-дің) қазақ әдебиеті кафедрасына профессор болып орналасып, өмірінің соңына дейін сонда дәріс оқыды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында «Сын сағатта» (1941), «Намыс гвардиясы» (жазушы Әлжаппар Әбішевпен бірігіп, 1942), «Қынаптан қылыш» (1945) пьесалары мен «Абай» операсының либреттосын (1944), «Абай әндері» фильмінің сценарийін (1945) жазады. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрылғанда, оның толық мүшесі (академик, №1 куәлік) болып сайланады, филология ғылымдарының докторы, профессор атағы берілді.
1951—1954 жылдары Әуезов саяси-идеологиялық тұрғыдан тағы да қыспаққа алынып, 1953 жылы сәуір айында Мәскеуге жасырын аттанып кетуге мәжбүр болады. Мәскеу мемлекеттік университетінде профессор болып орналасып, «КСРО халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнайы курс бойынша дәріс берді. 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтады.
Достарыңызбен бөлісу: |