3.М.Әуезовтың шығармашылығы және жазушының негізгі тақырыбы
Әуезовтің мұраcының аса қомақты бөлігі – оның ғылыми зерттеулері. Ол қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық-проблемалық мәселелері жөнінде іргелі еңбектер жазды. Қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Әуезов жиырмадан астам шет елдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастық үшін өз көзқарасын білдірді. Әлем халықтары оның «Абай жолы» роман-эпопеясын айрықша құбылыс ретінде таныды. 1961 жылдың жиырма жетінші маусымында Мәскеу қаласындағы ауруханада қайтыс болды; Алматы қаласында жерленген. Сол жылы Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтына оның есімі берілді, одан кейін жазушы тұрған үйде мұражай-үйі (1963) ашылып, ескерткіштер орнатылды. Қазақ академиялық драма театры, Алматы, Астана, Семей және басқа қалалар мен облыстардағы аудан, ауыл, көше, мектептер Әуезов есімімен аталады. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның шешімімен, дүниежүзілік деңгейде (1997) аталып өтті.
1918 жылы М.Әуез Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға (Ж. Аймауытовпен бірге) атсалысады.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1934-61 жылдар аралығында университетте ұстаздық қызмет атқарды. Қазақ әдебиеті кафедрасының негізін қалады. Осы жылдары студенттерге арнап «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ халқының суырыпсалма айтыс енері», «Туысқан халықтар әдебиеті», «Абайтану» секілді жалпы және арнаулы курстардан дәріс оқыды, бұл курстардын оқу бағдарламалары мен оқу құралдарын, оқулықтарын жазды. Жазушы Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы бұл еңбегінің ҚазМУ-да бірнеше жыл бойы оқыған абайтану атты курстан құралып келген көлемді монография екендігін 1954 жылы 27 тамызда бұрынғы Семей облыстық «Екпінді» газетінің редакциясы қойған сұраққа жауап ретінде арнайы айтты.
Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихында да оның университеттегі қызметінің алатын орны зор. Сөйтіп ол абайтану атты жаңа ғылымды ұлттық университетте осылайша қалыптастырды.
«Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды. Әуезов өзінің роман-эпопеясында қазақ халқын, оның ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Әуезовтың «Абай жолы роман-эпопеясы әлемдік деңгейде: «XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» (Луи Арагон) деген жоғары баға алды. Сондай-ақ бұл роман-эпопея қазақ халқын, қала берді бүкіл түркі әлемін дүние жүзіне танытқан ұлы шығарма ретінде де танылды. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын «Абай» (1942, 1947), онан кейін мұның жалғасы болып табылатын «Абай жолы» (бұл да екі кітаптан тұратын; 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды. Онда қазақ халқының этнографиялық, діни, жалпы мәдени-танымдық дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, құдалыққа бару мен той жасау, кісі өлімі мен аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлауы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғат көріністері, т.б. бәрі бар. Роман-эпопеяның танымдық мәнімен бірге ұлттық әдебиет пен мәдениетті, ана тілін өркендетудегі рөлі зор болды. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды. Эпопея дүние жүзі халықтарының бір жүз он алты тіліне аударылған. Ол екі жүз томдық «Әлем әдебиеті кітапханасы» топтамасында екі том болып басылды.
Әуезов драматургия саласыңда көп еңбек еткен. Мұның бірнеше себептері бар. Халық әдебиетінде, фольклорда түр жағынан драматургияға жақын нұсқалар көп. Батырлар жырында толғаулар мол. Салт өлеңдері, беташар, сыңсу, жар-жар, жоқтау түрі мазмұны жағынан драмалық шығармалармен ағайындас.
20 ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер - Әуезов Ол халық әдебиетінен нәр алды. Әрине қазақтың көшпелі өмірі, қаланың болмауы драматургияның дамуына кедергі жасады. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары тұңғыш драмаға енгізілді. Әуезов көп ұлтты театрда істеген. Осы тәжірибе оған сахна сырын жете үйретті.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ әдебиетін әлемге танытты. «Абай» туындысы эпостан – эпопеяға дейінгі қазақ әдебиетінің жүріп өткен жолының кемел кезеңін көрсетті. Үлкен әдеби мектеп қалыптасты. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов сынды қазақ әдебиетінің алыптары Әуезовтің рухани мектебінен өтті. Осылай М.Әуезов ғалым, академик, жазушы ретінде жалпы әдебиеттің өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын, көшпенділер мәдениетін жинастырып, зерттеп, оны сахналап ұлтының ұлы тұлғасына айналды.
«Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі ұлттық асылым бар: − бірі «Манас», бірі – «Мұхтар Әуезов», − деп еді кезінде адамзаттың Айтматовы.
«Біздің Әуезовтен үйренеріміз көп. Әуезов Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің қалыптасу дәуірінде алғаш рет лирикалық, психологиялық биік өрелі прозаны жазуды үйретті».
Леонид Соболев: «Мұхтар Әуезовтің «Абайы» − бұл нағыз роман, басқаша айтқанда өмірдің тұтас қыртыстарын қопарған, тұрмыстың, адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы суреттерін жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап».
Альфред Курелла: «Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз… Сіз сол дәуірді көзіңізбен көргендей айна-қатесіз танисыз. …Қандай тұнық поэзия! Проза формасымен басылған осынау қалың-қалың екі томның өн бойында бір жол қара сөз болсашы!».
Бенжамен Матип: «Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы керемет «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!»
Иә, бүгінгі қазақтың өмірі де, әлем картасында алып отырған орны да бөлек. Абай армандаған, Әуезов армандаған егемен Қазақстанның жаңа тарихы жазылып жатыр. Оның ұлттық паспорты ретінде Абай сол жылнаманың басында тұр. Қазір М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұлы жазушының 50 томдық толық шығармалар жинағы мен «Әуезов» энциклопедиясын шығарды. Бұл ұлттық қазына, ғылыми қазына.
Абай дегенде – Әуезов, Әуезов дегенде Абай көз алдыңа келіп тұра қалатыны бүкпесіз шындық.
– «Сіз Әуезовті әлі оқыған жоқсыз ба? Онда әлі ештеңе оқымаған екенсіз…».
Достарыңызбен бөлісу: |