Осылайша, педагогикалық жүйенің алдындағы мақсаттарын орындауға өз үлесін қосатын ең құнды активтері – педагогикалық ұжымды дамыта отырып басқаруды жүйенің оң өзгерістеріне ықпал ететін фактор дей аламыз.
Білім берудің жаңа талаптары тұрғысынан қарастыру бүгінгі педагогикалық жүйелерді басқарудағы адам ресурстарын – педагогикалық ұжымды дамытуға шын мәнінде қалыптасқан стратегиялық көзқарас қажеттігін айқындап отыр. Өндірістік салаларда ұзақ уақыттар бойы стратегиялық бағдар ретінде өндіріс нәтижелері, қаржы мәселелері, инновацияларды ендіру, т.б. нысандар алыны келгені сияқты, білім беру саласын басқаруда да адам ресурстарын дамыту стратегиясы басты назарда болуы тиіс.
Ұжымды дамыту стратегиясын құрастыру күрделігі жағынан кәсіпорындардың бизнес стратегиясын жобалаумен бірдей деуге болатын маңызды кезеңдерден тұрады. Олар:
Жүйенің, ұйымның мақсатына сәйкес даму стратегиясын нақтылау;
Жүйенің, ұйымның мықты және әлсіз, мүмкіндіктері мен «қауіпті» жақтарын анықтау үшін ішкі – сыртқы жағдайларына талдау жасау (SWOT –талдау);
Педагогикалық ұжымды дамыту стратегиясын жасау;
Педагогикалық ұжымды дамыту стратегиясын мақсаттық –бағдарлы жобалар негізінде жүзеге асыру;
Бақылау, бағалау, қажет болған жағдайларда түзету енгізу.
Осылайша, білім беру ұйымдарын басқарушылардың адам ресурстарын дамыту құзыреттіліктерін педагогикалық ұжымды дамыту жолдарын анықтай білуі, қажетті әдіс– тәсілдер мен технологияларды меңгеруі деуге болады.
Ұжымда адам расурстарын дамыту жолдары:
адамдарды нәтижелі еңбек етуге мотивациялау;
олардың кәсіби дамуына ықпал ету;
ұжымда шығармашылық жұмыс жасауға қолайлы жағдай туғызу;
ұжымда адамдардың өзара қарым –қатынасын тиімді ұйымдастыру;
ұжымдағы келіспеушіліктерді байқай алу және дұрыс шеше білу;
адаммен қарым –қатынаста әркімнің ерекшеліктерін ескеру.
Жобалау мәселелеріне соңғы кездері отандық зерттеушілердің назары аударыла бастады. Шетел ғалымдарымен бірлесе отырып «Project Management: Kazakhstan» атты халықаралық симпозиумдар өткізіліп, «Жобалау менежменті академиясы» қоғамдық қоры қызмет істейді. Оны ұйымдастырушылар әлеуметтік- экономикалық жүйелерді басқаруда дәстүрлі әдістерінің жеткіліксіз екеніне тоқталып, басқарудағы жобалау қызметін қалыптастыру арқылы адам әрекеттерінің әлеуметтік және саяси жақтарын қамту қажеттігіне көпшілік назарын аударуда. Олар «Қазақстанда бүгінгі жаңа инновациялық экономикалық жағдайлардың қалыптасуына сәйкес қоғамдық және өндірістік салаларды басқару қазіргі заманға сай әдіснамаларға негізделген болуы қажет. Соған байланысты жобалау, немесе басқаруға жобалық -бағдарлық тұрғыдан келу мәселелері еліміздің 2015 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму Стратегиясы талаптарын орындауға мүмкіндік береді» деп есептейді.
Жобалау- қазіргі заманғы ғылыми-техникалық, әлеуметтік - өндірістік және басқа да қызметтер саласының жетекші проблемасына айналып, оның өзектілігі өркениеттің постиндустриалдық қоғам дамуымен қатар жоғарылап отырған құбылыс. Бүгінгі өркениетке тән сипаттамалардың бірі – еліміздегі ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың қарыштап дамуы мен оның қоғамның барлық салаларының түбегейлі өзгеруіне ықпал етуі. Соңғы жылдары жобалау қызметін ендіруге, оны тиімді пайдалануға деген сұраныстың барлық жүйелік құрылымдарда да артып отыр. Сондықтан бүгінде әлеуметтік және өндірістік салаларды стратегиялық дамыту мен жүйелік тұрғыдан басқарудағы жобалаудың ерекшеліктері мен тиімділігі туралы менеджерлерді арнайы даярлау қажеттігі бар.
Бүгінгі өркениеттің ерекшелігіне сай әлеуметтік мәдени дамудың қайнар көзі білімді игерушіде емес, білімді тудырушыда болып отыр. Ол білімділік пен біліктілікке, кәсібилік пен құзыреттілік ие адам капиталын құрайды. Адам капиталының шын мәніндегі бағасын қалыптастыратын оның игерген білімі емес, оны тәжірибелік әрекетте пайдалана білуі деген түсінік білімнің іс - әрекетке негізделетінін анықтайды, осылайша интеллектуалдық капитал теориясы пайда болады. Білімді жүзеге асыру оны басқару технологиясына тікелей байланысты, атап айтқанда, білім алуды басқару арқылы білім ұйымдастырушылық жобалауға айналады. Ұйымдастырушылық жобалаудың мәні білімді пайдалана отырып жоба жасау, жоспарлық бағдар құру, ресурстарды тиімді белгілеу мен орналастыруда болып табылады. Бұл жерде адам білімнің өзін игеруге күш салмайды, оны пайдалану арқылы ресурстар көзін мақсатқа сай ұйымдастыру әрекетін басқарады. Басқаруда стратегиялық әрекеттерді алдын ала ойластыру және оны ретімен жүзеге асыру өте күрделі қызмет болғандықтан оны жобалауға негіз болатын тұжырымдамасын құрастыру басқару жүйесін өзгермелі жағдайларға сай дамытып, өзгертіп отыруға мүмкіндік береді. Сондықтан адамдарды басқару жүйелі тұрғыдан, әдіснамалық негізде жүзеге асырғанда ғана тиімді болары сөзсіз.
Осылайша, техникалық салада пайда болып, әлеуметтік жүйелерде дамытылған «жобалау» феномены дәстүрлі түрде гуманитарлық деп есептеліп келе жатқан салаларда, соның ішінде, әлеуметттік, мәдени, білім беруде кеңінен таратыла бастады.