Гүлді өсімдіктер , жабық тұқымдылар (Magnolіophyta немесе Angіospermae) – өсімдіктердің ең жоғарғы тобы. Бұлардың ашық тұқымдылардан айырмашылығы – тұқым бүршігі жатын ішінде жетіледі. Гүлді өсімдіктер барлық құрлықта өседі, суда кездесетін түрлері де бар. Биікте бірнеше мм-ден (балық оты) 150 м-ге (эвкалипт) дейін, шырмауықтар 200 м-ден асады. Олардың жалпы морфологиялық, анатомиялық, эмбриолиялық белгілері ұқсас болғанымен, өсімдіктердің тіршілік ортасының жағдайларына бейімделуіне байланысты кейбір мүшелерінің өзгеріп не тіпті жойылып кеткендері бар. Палеоботаникалық деректер бойынша алғашқы Гүлді өсімдіктер мәңгі жасыл жапырақтары, қос жынысты гүлдері бар, ағаш тәрізді өсімдіктер болған. Гүлді өсімдіктердің ең көп тараған уақыты – бор кезеңінің аяғы. Гүлді өсімдіктердің Жер шарына кең таралуына олардың құрғақшылыққа төзімді вегетативті органдарының болуы, қолайсыз климаттық жағдайда өсуге бейімділігі, негізінен, жәндіктер арқылы тозаңдануы, тұқымдары мен жемістерінің жануарлар арқылы таралуы себеп болған.