Ашық тұқымдылар , жалаңаш тұқымдылар (Cymospermae) – тұқымы мен тұқым бүрі жеміс жапырақшасының үстінде ашық жататын жоғары сатыдағы өсімдіктердің ежелгі тобы. Олар девон, тас көмір, пермь кезеңдерінде пайда болған. А. т-дың 600-дей түрі саговниктәрізділер Cycadophyta, гинкготәрізділер (qіnkgophyta), қылқан жапырақтылар (Conіferophyta) және Qnetophyta гнеттәрізділер немесе қабықты тұқымдылар (Qnetophуta) болып 4 топқа бірігеді. Қазақстанда 3 тұқымдасы, 6 туысына жататын 25 түрі бар. Олар негізінен Қазақстанның таулы аймақтарына топтасқан. А. т-дың түрлеріне Алтайдың самырсынды тайгасы, Тянь-Шаньның шырша және сирек аршалы ормандары жатады. А. т-ға жататын өсімдік түрлерінің тұқым мен тұқым бүрі жабық тұқымдылардай аналық керегесімен қапталмайды. Сонымен қатар олардың гүл серігі мен трахеялары да болмайды, ал гүлдері дара жынысты, бір үйлі. А. т. – ағаш тәрізді өсімдіктер (ағаштар, бұталар, шырмауықтар), олардың ішінде шөптесін өсімдіктер мүлде кездеспейді. А. т-дың ормандарда атқаратын рөлі ерекше. Олар су айналымын реттейді, топырақты эрозиядан сақтайды. Кейбір түрлерінің (қарағай, самырсын, шырша, т.б.) шаруашылыққа маңызы зор.