Плаунтәріздестер ерте дәуірде пайда болған. Олардың қазіргі кездегі өкілдері - көпжылдық мәңгі жасыл шөптекті өсімдіктер. Жойылып кеткен түрлерінің ішінде ағаштары да кездескен. Оның айырлана тармақталган майысқақ сабағы жерге төселе өседі. Топыраққа таралған тамыры өсімдіктің жер бетіндегі сабағын жоғары көтереді. Сабағы және оның тармақтары өте ұсақ, үшкір жапырақтармен тығыз қапталған. Бұл жапырақтар өсімдік сабағын жер бетімен жайлап бір орыннан екінші орынға жылжытады (жылыстатады). Сондықтан, бұл плаунды жылысқы деген жөн деп есептейміз (орысша «плаун, плывун» - жүзу, жүзіп жүргіш, жылжымалы). Қазіргі кезде жылысқының 200-500 түрі белгілі. Плаунтәріздестер - тең және әр түрлі споралы өсімдіктер. Тең споралы плаунтәріздестердің кең тараған өкілі - шоқпарбас плаун. Ол қарағайлы ормандарда жиі кездеседі. Төселіп өсетін сабақтан жоғары қарай - ұсақ жапырақтары бар өркендер, ал төмен қарай қосалқы тамырлар жетіледі. Күзге қарай жоғары бағытталып, тік өсетін өркендердің ұшында екіден (сиректеу 3-5-тен) спора түзетін масақтары дамиды. Плаун сабағының ішкі құрылысы өте қарапайым. Сабақтың сыртын жұқа өң жауып тұрады. Оның астында жақсы жетілген қабық қабатты болады. Қабықтың сыртқы қабатында тірек ұлпасы бар. Сабақтың ортаңғы бөлігін шеңберлі шоқ алып жатады.