Жаңа туған сәбидің біраз ғана шартсыз рефлекстері болады. Олардың көбі қорғаныс және тамақтану рефлекстері. Баланың алғашқы апталық өмірінен бастап оның шартты рефлекстері пайда бола бастайды. Ғалымдардың зерттеуінше, 5-10-шы күндері тамақтануғабайланысты шартты рефлекстері қалыптасады: ең алдымен тамақтану негізінде баланың денесінің кеңістікте дұрыс орын алу шартты рефлекстері байқалады (2-аптаның аяғында – сору рефлексі қалыптасады). Баланың бұл рефлекстері күрделі тері рецепторлары, проприорецепторлары (лат. проприус - өзіне меншікті + рецептор) мен вестибулярлық құрылымдарын тітіркендіруге байланысты пайда болады. Алғашқы шартты рефлекстер өте баяу туады, олардың жүйкелік байланыстары тұрақсыз, оңай жайылады. Баланың дамуында бағдарлау рефлекстерінің маңызы зор. Соның негізінде балада сыртқы орта жайында алғашқы танымдар пайда болады. 3-4 айда оның бағдарлау рефлекстері қалыптасып, әрі қарай жасы өскен сайын жеңілденеді. Бірінші сигналдық әсерге (жарық, дыбыс) шартты рефлекс 1-айдың ортасында пайда болады.
3-5 жас арасында шартты оң рефлекстердің бекітуі қиындау, себебі бұл мерзімде балалардың қорғану рефлекстері және шартты қорғаныс тежелуі жақсы болады. Қорғаныс тежелу ми қыртысында тез жойылады да, шартты оң рефлекстердің пайда болуына кедергі жасайды. Мектепке дейінгі жастағы балалардың комплекстік шартты рефлекстерінің пайда болуы қиындай түседі: негізінен олар комплексті тітіркендіргіштің жеке әсеріне ғана туады. Сыртқы ортаның әсерлеріне байланысты пайда болған шартты рефлекстер балаларда тұрақсыз, тез жайылады, шартты тежелуі байқалады. Бұл мектепке дейінгі жастағы балалардың қозуы мен тежелуінің әлсіз екенін көрсетеді.
5-7 жас арасында қозу мен тежелу күшейе түседі. Сондықтан бұл кезде, әсіресе 6 жаста, ішкі тежелуі жақсарады, ми қыртысының жұмысы артады. Бала 16-20 минуттей бір нәрсеге зейінін тоқтата алады. Сыртқы тежелудің маңызы төмендейді. Сондықтан 15-20 минуттей баланы оқытуға мүмкіндік пайда болады.