Қазақ тілін оқыту әдістемесі педагогикалық ғылымдардың саласына жатады. Ол оқушылардың дұрыс ойлау, дұрыс сөйлеу, бір-бірінің сөзін дұрыс түсіну, ауызша да, жазбаша да ойын дұрыс, жүйелі жеткізе білу қабілетін дамытып, қажетті дағдыларын, білігін, жеке тұлға ретінде дүниеге көзқарасының, дүниетанымының негізін қалыптастыру жолдарын қарастырады. Бұлар – оқу үдерісінің құрамдас бөліктері. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің пәні – оқыту үдерісі.
Ана тілі қазақ мектебінің оқушылары үшін таным құралы, білім, тәрбие алу құралы, ойлау формасы болып табылады. Оқушының ақыл-ойының өз деңгейінде дамуы, қоғамның лайықты мүшесі болып қалыптасуы оның тілінің, ойлауы мен сөйлеуінің тиісті талаптар ға сай дамуымен тікелей байланысты. Қазақ тілін оқыту әдістемесі осындай мақсаттарды көздейді. Сондықтан оқыту әдістемесінің пәні оқыту үдерісін тұтас қамтиды. Сөйте тұра қазақ тілін оқыту үдерісінде оқыту әдістемесінің мазмұны оқушылар үшін беймәлім болып қала беруі мүмкін. Оқушы қазақ тілі пәнінің мазмұны аясында тиісті білім, дағды, білік алғанмен, осы үдерісте мұғалімнің оқыту әдістемесінің мәніне бойлай алмайды. Оқыту әдістемесі мұғалімнің пән мазмұны бойынша тиісті білімді оқушының меңгеруіне қызмет ететін құралдар мен әдістерді тиімді пайдалану әрекетінде жүзеге асады.
Оқыту әдістемесі оқу үдерісінің барлық кезеңдерін, құрамдас бөліктерін тұтас қамтиды дедік. Оқу үдерісінің құрамдас бөліктері мынадай болады: а) білім мазмұны (білім, дағды, білік); ә) мұғалім әрекеті; б) оқушылардың әрекеті. Оқушылардың білімін бақылау мен бағалау әдістері де оқыту үдерісі аясында қарастырылады. Бұл жерде мынаны ескеру дұрыс: оқу үдерісінде оқушының әрекеті мен мұғалімнің әрекеті екі дара емес, бір-бірімен тығыз байланысты, өзара бірлікте жүзеге асады. Сондықтан оқыту әдістемесі оқу үдерісіндегі оқушы мен мұғалімнің әрекеттерін өзара үйлескен, бірлескен әрекет ретінде қарастырады.
Айтылған жайлар негізінде қазақ тілін оқыту әдістемесінің мынадай бірнеше міндеттерін атауға болады: а) қазақ тілін ана тілі ретінде оқытудың мақсаттары мен міндеттерін анықтау; ә) оқытудың мазмұнын анықтау: оқушыларға арналған оқу бағдарламаларын, оқу кешендерін жасау, оқулықтар жазу; б) оқытудың әдістерін, тәсілдерін, дәріс үлгілерін, әдістемелерін, құралдарын әзірлеу; в) оқушылардың білімін бақылау әдістері мен бағалау өлшемдерін анықтау. Сөйтіп, қазақ тілін оқыту әдістемесі оқытудың мақсаттары мен міндеттерін, мазмұнын анықтайды, әдістерін жасайды, бақылау мен бағалау өлшемдерін қалыптастырады.