Қазақ тілін оқыту әдістемесінің дидактикамен байланысы ерекше назар аударуды қажет етеді. Оқытудың мақсаты, оқытудың мазмұны, оқыту үдерісі, оқыту ұстанымдары және басқа осылар секілді ұғымдардың түп негізі дидактикадан шығады. Дидактиканың ұстанымдары дегенде, еске оқытудың ұстанымдары келеді. Дидактикада оқу пәндеріне ортақ оқытудың бірнеше ұстанымдары негізделген. Олардың құрамы туралы түрліше пікірлер бар. Солардың ішінде мына ұстанымдарға назар аударған дұрыс: а) ғылымилық; ә) жүйелілік; б) жалғастылық; в) қолжетімділік; г) беріктілік; д) көрнекілік; е) теория мен практиканың байланыстылығы; ж) оқытудың жеке тұлғаға бағытталуы; з) оқушының өзіндік еркіндігі. Бұл ұстанымдар оқу пәндерінің бәрінде, солар дың ішінде қазақ тілін оқыту ісінде де жетекші, анықтаушы қызмет атқарады. Көрсетілген ұстанымдар оқытудың тәрбиелік мәні, дамытушылық мәні сияқты жалпыдидактикалық мақсаттарына қызмет етеді.
Оқыту әдістері туралы аз айтылып жүрген жоқ. Оқыту әдісі дегеніміздің оқу мазмұнына сай білім, дағды, білік қалыптастыру жолында мұғалім мен оқушының өзара бірлесе жүргізген жүйелі, мақсатты әрекетінің үдерісі екендігі туралы анықтаманыың мәні білім беру саласындағы мамандарға түсінікті. Бірақ оқыту ісіндегі оқушы мен мұғалімнің бірлескен әрекетінің тәжірибе жүзіндегі нақты, жаңашыл үлгілері мұғалімдер үшін қолжетімді деп айтуға ерте. Оның үстіне оқыту әдістері туралы теориялық қағидаларды мұғалімдердің іс жүзінде пайдалануына лайықтап, өндіріске енгізуге дайындау ісі саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмай отырғанымыз өтірік емес. Қолда бар жетістіктерді насихаттау, мұғалімдерге ұсыну жағы да жетісіп тұрмағаны рас. Тіпті пән бойынша мемлекеттік стандарттың өзін мұғалімдердің қолына ұстауына, көруіне жағдай жасалған деп айту қиын. Мұндай жағдайда мұғалімдер корпусы оқыту әдістері туралы азды-көпті қолда бар еңбектерді оқу үдерісінде толық пайдаланып жүр деп айту артық. Соған қарамастан қазақ тілі пәнін оқыту әдістері саласында бүгінге дейін жинақталған маңызды ойларды, негіздемелерді, үлгілерді жетілдірудің, бүгінгі күн талаптарына сай жаңарған әдістеме, оқыту технологияларын жасаудың әлеуметтік маңызы жоғары.
Әдебиеттер Күзекова З., Жусанбаева С., Жарқынбекова Ш., Әлімбек Г. Қазақ тілі. Оқу құралы. – Алматы: Раритет, 2008.
Аханов К. Методикалық нұсқау. – Алматы, 1990.
Әбілқаев Қ. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 1995.
Исабаев Ә. Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері. – Алматы, 1993.