10 тарау
Түрмеде алғашқы күндерден бастап жақындасып кеткен адамымның тағы бірі
Никос Самсон еді. Ол ағылшынша жақсы сөйлейтін және өзін оқыған адамдарға лайықты,
жақсы ұстайтын. Дэвидсон секілді, ол да өзге тұтқындардан оқшауланып тұратын онымен
әңгімелесу маған ұнайтын. Өз кезегінде Никос Самсон да маған жылы қарайтын. Біз
болып жатқан жағдайларды, саясатты талқылайтынбыз және ол менің сүйікті ойыным –
нардыны ойнай білетін еді. Бұрын ЭОКА (кипрлік гректердің Кипрдің тез арада Грекияға
қосылуын жақтайтын әскери-саяси ұйымы) ұйымының мүшесі болған ол Кипрдің тез
арада Грецияға қосылуын талап етті. 1974-жылы Кипрде болған бүліктен кейін ЭОКА-
ның серкесі ретінде мойындалған Самсон аз уақытқа болса да билеушіге айналады.
Тұтқындар мен күзетшілердің көпшілігі «сегіз күндік президент» ретінде оны
құрметтейтін. Қорқыныш пен аяушылықты білмейтін бұл лаңкес өткен ғасырдың 50-60-
жылдары британдық жауынгерлер мен жергілікті полицейлердің зәре-құтын қашырған.
Міне, көптеген жыл Францияда айдауда болып, жасы жетпістен асқан шағында ол сүйікті
отанына қайтып оралуға бел байлайды. Бірақ Ларнакқа келіп қонғаннан кейін ұшақтың
баспалдағынан жерге түспестен тұтқынға алынады.
Қарапайым гректер Самсонды соғыстан оралған батыр ретінде қарсы алады. Тіпті
түрмеде отырып та ол ешқандай қысым көрген жоқ. Оның камерасына барған кезде мен аз
уақытқа болса да түрмеде екенімді ұмытқандай болып, бір жасап қалатынмын. Оның
камерасының қабырғаларында тамаша суреттер ілулі тұратын, онда теледидар, радио
және демалуға арналған екі жұмсақ кресло бар болатын. Оларды алғаш көрген кезде, өз
көзіме өзім сене алмадым. Оның камерасы екі адым ғана жердегі менің камерама мүлде
ұқсамайтын. Оның камерасынан шоколадтар мен жемістер ешқашан үзілмейтін.
Айырықша жағдайларда қонақтарға бренди құйылатын. Француз сигареттерін
ұнататынымды білетін Самсон мені «Gitanes» сигаретімен үздіксіз қамтамасыз етіп
отырды.
Қалай дегенде де, мен өте сақ болдым. Түрме жағдайында әлде бір беделдінің
«қармағына» ілініу өте оңай. Мен сигареттер үшін өзімнің сызбаларым мен суреттерімді
беретінмін. Фотопортреттердің көшірмелерін алып, әдемі жазумен олардың аттары мен
тектерін жазатынмын. Самсонның арқасында менде қажетті материалдар жеткілікті
болды. Бірақ мен оның ұлтшылдығынан сескенетінмін. Әрине, Самсон менің британ
азаматы екенімді білетін, бірақ өзінің ағылшындарды жек көретінін ешқашан жасырған
емес.
–
Міне, қарашы, – деді ол көйлегін жоғары көтеріп. Оның денесі тыртықтарға
толы екен. – Осының бәрін істеген ағылшындар. Ұлы мәртебеліме рахмет!
Британияның құпия қызметін айтып тұрмын. Олардың бәрі есерсоқтар.
–
Сонда қалай, олар сізді азаптады ма?
–
Енді ше, сонда мына белгілерді кім салды деп ойлайсың? Бірақ олар менен
ештеңе біле алған жоқ! – деді Самсон мысқылдай күліп.
Самсонның сөздеріне күмән келтіруге болмайтын еді, бірақ уақыт өте келе оның
шын мәнінде қандай адам екендігі туралы сыбыстар ести бастадым. Содан кейін онымен
байланысымды тоқтаттым. Тұтқындар арасында кешкі мезгілде Самсонның камерасының
82
маңына жақын баруға болмайтыны туралы әңгімелер айтылатын. Бұл жазылмаған заңды
тіпті түрме қызметкерлерінің өздері де қатаң сақтайтын. Тәуліктің бұл уақытында оған
келуге тек таңдаулыларға ғана рұқсат етілетін.
Бірде, аязды түндердің бірінде біз пешті айнала жылынып отырдық. Сәл уақыттан
кейін күзетшілер бізді қақаған камераларымызға қуады. Суық түрменің табиғи азабы
болатын. Күнде таңертең суықтан қалшылдап оянатынмын, аузымнан бу бұрқырап
тұратын. Күндіз денені жылыту мүмкін емес еді. Тіпті күні бойы тынбай қозғалып
жүргеннің өзінде аяқ-қолдарың жылынбайды. Алда тағы да ұзақ суық түннің күтіп
тұрғаны туралы ойлағанда денең қалтырап кетеді.
Мен Панайотосты байқап, суықтан дірілдеген қолыммен оны өзіме шақырдым. Ол
ұсақ ұрлығы үшін аз мерзімдік жазасын өтеп жатқан жас, сымбатты грек болатын.
Түрмеде оған өте ауыр болып, үйрене алмай жүрді, сондықтан оны назарымда ұстап,
көзімнен таса қылмауға тырыстым. Мені жаны ашығыш адам деп айту дұрыс болмас,
бірақ мен кейбір тұтқындарға тегін нәрсенің болмайтынын ескертуге тырысатынмын.
Никос Самсонның камерасы жағынан аяғын әрең басып келе жатқан Панайотос, бірден
басқа тұтқындардың әңгімелерінің тақырыбына айналды.
–
Бізге қарай кел, – деп қайталадым мен. – От өшейін деп қалды, бірақ аздап
болса да жылынып алуға болады.
Панайотос ешкімнің бетіне қарамаған күйі үстелді алды да, оттың жанына отырды.
Бүкіл тұла-бойы дір-дір етеді, мен оның тек қана суықтың әсерінен емес екенін түсіндім.
–
Не болды, Панайотос? – деп сұрадым грек тілінде, бірақ жігіт үн қатпаған күйі
өшіп бара жатқан шоқтарға қарап отыра берді.
Кейіннен Панайтосты, оның қуарған жүзі мен ойсыз көзқарасын көрген сайын
денем мұздап кететін. Жылағаннан көздері жиі ісіп кететін, онымен сөйлесуге тырысқан
кездерімде бетіме тура қараудан қашқақтайтын. Бір кездері Самсонның камерасына ол әр
күні кешкісін белгілі бір уақытта бара бастады. Ол Самсонның құлына айналды және бұл
жайында түрлі әңгімелер тарай бастады. Күзетшілер бірде Самсонның камерасынан
пайдаланылған мүшеқаптарды жиі табатындары туралы айтып қалды. Өз әдетім бойынша,
түрмедегі түрлі өсек-аяңды талқылаудан бойымды аулақ ұстайтынмын және Самсон
менімен өзін үнемі әдепті ұстағандықтан, бұл әңгіменің шындығына мен біраз уақытқа
дейін күмәнданып жүрдім. Самсон жуық арада босап шығуы тиіс болатын және
тұтқындар ол өзінің жас досына сырттан «жұмыс» іздестіріп жатыр деген әңгімелер
айтылып жүрді.
Панайотостың үрейге толы қуарған жүзін көрген сайын менің құсқым келіп, қатты
жиіркенетінмін. Кейде жек көрушілігім мен ашуым бойыма сыймай кететін. Бірақ
Самсонды құр қолмен алу қиын еді. Оны жалғыз жеңе алмайсың. Мұны тіпті менің өзім
түсінетінмін.
Ағылшын тілді тұтқындармен жақсы қарым-қатынас орнатқаныма қарамастан,
түрме мені бәрібір озбыр болуға мәжбүрледі. Қыс өте суық, бірақ қысқа болды. Көктемнің
ерте шығуы жаздың ыстық болатынынан хабар береді. Түрмедегі ыстықтың азабы
қыстағы аяздың азабынан кем болған жоқ. Егер тұтқындар қыста мең-зең болып, ұйқыға
бой алдыратын болса, ыстық олардың қандарын қыздырды. Бір күн де ұрыс-жанжалсыз,
төбелессіз өтпейтін болды.
Кейбір жанжалдар болмашы нәрседен басталып, соңы қырғын төбелеске ұласып,
кім кімге қарсы төбелесіп жатқаны белгісіз болып кететін. Мұндай кездерде төбелестің
83
шығу себебінің еш маңызы болмай қалатын. Гректер мен арабтар арасындағы жанжал
әдетте саясатқа қатысты басталатын және соңынан оған тұтқындардың бәрі бірдей
араласатын. Бұл іс маған ұнайтын да еді. Бола берсін, әйтпесе дене қалпымды жоғалтып
алармын деп ойлайтынмын. Бірде блокта жағдай таңертеңнен бастап ушығып тұрды.
Үйреншікті қытыққа тиетін сөздер айтумен басталған жанжал түске таман боқтық сөздер
айтуға ұласты. Содан соң арабтардың жетекшісі гректердің бірін ұрып жіберді де, қырғын
төбелес басталып кетті. Ішкі ауланың шаңы аспанға шығып, жерге төселген тастың үсті
қызыл қанға боялды. Менің де қаным қыза бастады.
Бұл төбелестің маған қатысы жоқ еді, бірақ төбелеске араласатыныма тек
қуанышты болдым. Маған кімді ұрсам да бәрібір еді; мені төбелестің өзі қызықтыратын.
Артыма бұрылғанда оны көрдім: мені ұруға дайындалып келеді екен. Соққының алдын
алып оны мұрнынан бір ұрдым да, содан кейін оны қабырғаға соққылай бастадым. Оның
мұрнынан аққан қан бетіме шашырады. Бұл денелі, ашушаң әрі ақымақ жігіт болатын.
Есін жинап алып маған қайта ұмтылды. Оның ішіме жасайтын соққысына шыдау үшін
денемді қатайттым да, содан соң жолбарыстың тырнағымен көзінен ұрдым. Қанды айқас
барған сайын үдей түсті. Қайдан пайда болғаны белгісіз, тұтқындардың қолдарында
ұстара, пышақ, таяқ секілді қарулар пайда болды. Кенет мылтық дауысы естілді.
Әскерилер бізді қоршап алды, жараланғандарды емханаға әкетті, ал қалғандарын күні
бойына камераларға қамап тастады.
Осы төбелестен кейін бір күні таңғы ас кезінде жаныма Энди келіп отырды. Оқшау
камера менің жүйкемді тоздыра бастаған болатын, мұны Энди де сезген болса керек.
–
Саған неге ешкім келмейді, Тони? – деп сұрады.
–
Өйткені менің ешкімім жоқ, – дедім мен. – Жалпы, сенің не айтқың келеді?
–
Майкл Райт атты бір жігіт бар...
–
Майкл Райт? – дедім мен оның сөзін бөліп. – Оның есімі маған таныс. Ол
ирландтық па?
–
Иә, Белфастан. Мұнда ол әлдебір қауымдық топпен келіпті. Адамзаттың
жарылқаушылары секілді бір нәрсе, түсініп тұрсың ба? – мен басымды изедім,
ал Энди сөзін әрі қарай жалғастырды. – Тони, саған ақыры ешкім келмейді екен,
Майклмен кездесуге келіссең қайтеді?
Біз біраз уақыт үнсіз отырып қалдық.
–
Мен оған сен жайында айттым, – деді Энди. – Ол сенімен кездескісі келетінін
айтып хат жазыпты.
Мен сәл абдырап қалдым. Ол мені қайтпекші? Қызық.
–
Жоқ, – дедім мен, – әрине саған рахмет, бірақ менің ешкіммен кездескім
келмейді.
Бұл тақырып осымен тәмамдалды.
Бірнеше күннен кейін мен хат алдым. Бұған дейін маған түрмеге ешкім хат жазған
емес еді. Алғашында қатты қуандым, бірақ жазудың ата-анамдікі емес, бөтен екенін
түсіндім. Қызығушылықпен дереу хатты аштым. Хат Майкл Райттан болып шықты. Бұл
достық ниеттегі ойлы хат болып шықты. Шынайы қарым-қатынасқа мұқтаждығымнан әлгі
хатты бірнеше рет оқып шықтым. Хаттың мазмұны анық әрі қарапайым еді. Майкл өз
ойын жасыруға тырыспапты да. Ол менімен өзінің Исаға деген сүйіспеншілігінен
кездескісі келетінін жазыпты. Менің күлкім келді. Неткен оғаштық! Әйтсе де ол менің
қызығушылығымды оятты. Оның ұсынысында жаман ештеңе жоқ секілді. Ол осы
84
жиіркенішті, сасық иісі мүңкіген жерге келуге ерінбеген де, оны тым болмаса бір рет неге
қабылдамасқа? Тіпті, бұдан мардымды ештеңе шықпаса да, көңілімді түрменің күнделікті
іш пыстырарлық өмірінен жарты сағатқа болса да басқа жаққа аударып, және мүмкін
болса, келушілерге арналған асханадан бір тақта шоколад немесе шырын алуға мүмкіндік
алармын.
Қысқасы, мен Майклмен кездесуге келістім, келесі бейсенбіде күзетші мені кездесу
бөлмесіне алып келді. Кездесу бөлмесінен де түрменің иісі шығады. Бір жақсысы, есік
ашылғанда даладан таза ауа кіреді екен әрі терезеден күн сәулесі түсіп тұр. Біреумен
кездесу туралы ойдың өзінен толқып тұрғаныма өзім де таң қалдым. Күзетші маған ұзын,
жіңішке ағаш үстелдің басына барып отыруды ымдап бұйырды. Тұтқындарды үстелдің бір
жағына, ал келушілерді екінші жағына отырғызатын. Майкл Райт әлі келмепті. Кездесу
бөлмесі гректерге, олардың ата-аналарына, әйелдеріне, балалары мен құрбыларына толы.
Әдеттегі адамдарды көргенде өзімді бір түрлі сезіндім. Олардың арасында маған орын
жоқ еді.
Кенет мен өзімнің бақша қарақшысына ұқсайтынымды сезіндім. Менің түрім
жасаған қылмыстарымнан хабар беріп тұр. Бірақ Құдайды қастерлейтін бұл адамға менен
не қажет болды екен? Барған сайын көңіл-күйім бұзылып, кетіп қалуға оқталған кезде
есіктен кіріп келе жатқан ирланддықты көрдім. Ұзын бойлы, сақалды адам тура маған
қарай беттеп келе жатыр. Оның екі езуі екі құлағына жете күлімсіреп келе жатқанын
көріп: «Неткен нақұрыс еді!» – деп ойладым. Ол үстіне үтіктелмеген, жеңі тым қысқа
көйлек киіп алыпты. Езуін жимаған күйі:
–
Тони! – деп дауыстады да, маған қолын созды. – Сізбен танысатыныма өте
қуаныштымын. Сіз жайында көп естідім.
Мен бірден сақтана қалғаныммен, оған қолымды создым. Ол менің қолымнан
ұстап, құштарлана сілкіп-сілкіп қойды. Мұндай ыстық амандасу мені одан әрмен
сақтандырды. Үйреншікті ашуымның бас көтеріп келе жатқанын сезіндім.
Майкл күлімсіреген күйі менің қарсы алдыма келіп жайғасты. Сірә, ол менің
азапты жағдайымды түсінсе керек.
–
Тони, бұл жерге мен дос ретінде келдім, – деді ол. – Сізге уағыз айтатын ойым
жоқ... – Мен оған жақтырмай қарадым. – Мұнда мені Иса Мәсіхтің
сүйіспеншілігі алып келді, – деді Майкл сөзін жалғастырып. – Біздің
қауымдағылар барынша қолдау көрсетуге тырысып, барлығы сіз үшін мінажат
етеді.
Бұрын менімен ешкім және ешқашан мұндай тақырыпта әңгімелескен емес еді.
Мен не айтарымды білмедім, бірақ оған сенім арта алмайтынымды сезіндім. Ашуға
булыға бастадым. Біз біраз уақыт үнсіз отырдық, менің ойларым шатасып, басым қатты.
Бұл жігіт басын қайда сұқпақшы? Оған менен не керек?
Жанымыздағы үстелде жас грек жігіті ата-анасымен қоштасып жатыр. Онымен
құшақтасып, жылай қоштасқан анасы шығар есікке қарай беттеді. Менің ата-анам менімен
жолығу үшін бұл жерге ешқашан да келмес еді! Олар тіпті қазір менің қайда екенімді біле
ме екен десеңші? Түрлі ойларға беріліп кеткенім сондай, тіпті Майклдың не айтып
жатқандарын ұққан да жоқпын. Ол мұнда келуден ерінген жоқ, мүмкін, оның мұнысына
аздап қуанған түр көрсетсем ше? Егер ол ашуыма тие бастайтын болса, онда шашынан
алып үстелге бір-ақ ұра саламын.
85
Мен оның сұрақтарына жауап қайыруға тырыспастан және тіпті оның бетіне де
қарамастан оның мылжыңын тыңдап отыра бердім.
–
Тони, менің сізге тағы да келгім келеді. Келесі аптада келсем қалай болады? Не
айтасыз? – Не айтарымды білмей, тек басымды шұлғи бердім. – Сізге Құдай
жар болсын, Тони. Жуықта тағы кезедесеміз деп үміттенемін.
«Есалаң» – деп ойладым мен оның артынан қарап тұрып.
Бірақ келесі бейсенбіде онымен кездесуге тағы да келістім. Ал үшінші және
төртінші аптада оның ақымақ күлімсіреуін асыға күтетінімді түсіндім. Ол мені сыртқы
әлеммен байланыстырушы іспетті еді. Майклмен менімен қарапайым нәрселер жайында:
кешкі салқында қарбыз жегеннің қандай жақсы екені, Никосияда алғаш ашылған «Дэйри
куин» (АҚШ, Канада және тағы бас елдерде 6 мыңнан астам нүктелері бар жылдам тағам
дайындайтын дәмханалар жүйесі) және тағы басқа тақырыптарда әңгімелесті.
–
Эх, гамбургерлер, гамбургерлер! Оларды жемегелі қай заман! – дедім мен
күліп.
–
Ал мұнда мен грек кофесіне еш үйрене алмай жүрмін, – деді Майкл. – Оны
ішкеннен кейін басым мүлде істемей қалатындай. Бірақ маған ауылдардағы
шағын дәмханалар өте ұнайды – оларды мұнда «kafeneions» деп атайды ғой,
солай ма? – мен оның гректің қиын сөздерін айтуға соншалықты тырысқанына
жымия басымды изедім. – Жергілікті қарттар кішіпейіл екен. Мен оларға
«Жақсы тұқым» күнтізбелерін таратып жүрмін, – осылай деген ол қалтасынан
олардың бірін шығарды. – Қарашы, әр күнге арналған суреттер мен
киелікітаптық сөздер қандай керемет. – Майкл маған олардың бір-екеуін оқып
берді.
Майкл айтқан әңгімелер мен жаңалықтарды тыңдап отырып, бостандықтағы
өмірдің қандай болатынын есіме ала бастадым. «Бостандық» деген сөзді Майкл жиі
айтады, бірақ оның «бостандығының» түрмелер мен камераларға еш қатысы жоқ еді. Ол
«Мәсіхтегі азаттық» туралы айтатын. Мен одан бұл туралы қазбалап сұрамадым, ал
Майкл маған берген уәдесін орындап, ешқандай уағыз жүргізген жоқ. Әңгіме барысында
ол Құдайдың өткен аптада өз өмірінде не істегендері жайлы айтатын. Қауымында болып
жатқан жағдайлар туралы айтқан кезде ол Троодос тауларында өзі ұйымдастырған жастар
лагерьлері жайында қызу әңгімелейтін. Майклдің өз қауымының күнделікті өмірі
жайындағы мылжыңын төзімділікпен тыңдап отыруыма тура келетін. Бірақ, жалпы маған
өзге адамдардың қалай өмір сүріп жатқандары жайлы әңгімелерді тыңдау ұнайтын еді.
Осылайша Майкл менің шынайы өмірмен байланысымды үзіп алмауыма көмегін тигізді.
Майклдің маған қолдау көрсетуі оның түрмеге келуімен ғана шектеліп қалған жоқ.
Ол маған аптасына бір рет өзі хат жазып тұрды және сондай-ақ бауырластарының жазған
хаттарын да жолдап тұрды. Мен оларды қызыға оқитынмын. Содан соң ол маған кітаптар
жібере бастады. Алғашында мен олардың мазмұнына еш назар аударған жоқпын, жай ғана
оларды құмарлана оқумен болдым. Мен түрмеде кездестірген кітаптар мен жорналдардың
мазмұны көбіне порнографиялық сипатта болып келетін. Ал менің мазмұнды, салиқалы
бір нәрселер оқығым келетін еді.
Одан кейінгі алты ай бойы Майкл маған әр бейсенбі сайын келіп тұрды. Ал кетер
алдында үнемі мінажат ететін. «Неткен ақымақ еді, – деп ойлайтынмын мен, – есі
ауысқан адамша көздерін жұмып алып, дәл бір Құдай өзін шын мәнінде естіп тұрғандай
бос кеңістікке бір нәрселерді айтады».
86
Егер Майкл бейсенбі күні кездесуге өзі келе алмайтын болса, онда орнынан
міндетті түрде басқа біреуді жіберетін. Бірде оның орнына Валери атты сүйкімді бір әжей
келді. Мен оның батылдығына қайран қалдым. Мұндай жерге келу үшін асқан батылдық
қажет қой. Бірақ Майкл секілді Валери әжейді де мұнда оның Мәсіхке деген
сүйіспеншілігі алып келді және оның аналық мейіріммен айтқан ақыл-кеңестері мені
үлкен рахатқа бөледі. Тағы бір жолы Майкл өзінің орнына Ричард Ноксті жіберді.
Ричардпен әңгімелесу оңай болды, себебі оны жазған хаттары арқылы білетін едім. Ол көп
жылдар бойы Ливанның астанасы Бейрутта уағыз жүргізіпті, сондықтан Таяу Шығыстағы
жағдайлар туралы сөйлесу бізге ортақ тақырыптар болды. Оның айтқандары менің
Ливанда оққағар болып жүргенде көргендеріме мүлде ұқсамайтын еді. Мен оның
ержүректігіне тәнті болдым, себебі Таяу Шығыста өмір сүру еуропалық үшін, әсіресе
әйелі, балалары бар еуропалық үшін өте қиын. Бірақ Майкл секілді, Ричард та ештеңеге
қарамастан өздері айтқандай Құдайға деген сүйіспеншіліктерінен адамдарға көмек
көрсетуге ұмтылады.
Ол кезде мен мұны түсінген жоқпын, бірақ Майкл мен оның достарының
айтқандарына біртіндеп құлақ сала бастадым. Олар бұрын араласқан адамдарыма мүлде
ұқсамайтын еді. Олар менің өміріме шын мәнінде қызығушылық танытты, бірақ бұл маған
түсініксіз еді. Мүлде танымайтын адамдардың, лайықсыз адамға осындай достық пейіл
танытуларын қалай түсінуге болады? Мен олармен кездесуді және олардың хаттарын
тағатсыздана күтетін болдым.
Бірақ түрмеде өткізген алты ай менің санамда із қалдырмай қойған жоқ. Бұрынғы
өмірім мені ешкімге сенбеуге және үнемі сақ жүруге үйретті. Міне, енді қазір де өзімнің
жаңа достарыма тәуелді болып қалғым келмеді. Бұл туралы көбірек ойлаған сайын,
күмәндануым да арта берді. 1990-жылдың 3-мамыры, бейсенбі күні таңертең мен
төсегімде Майкл туралы ойланып жаттым. Таңертең оянғанда-ақ мен ол туралы жаман
ойлармен оянған болатынмын. Ол менен не қалайды? Оның негізгі мақсаты не? Оның
маған жіберген кітаптары еденде ұқыпты жинаулы тұр. Жақында ол маған Киелі кітапты
сыйлаған болатын, бірақ мен оны әлі қолыма алған жоқпын. Бір-екі жол оқып көріп едім,
қызығатындай ештеңе байқай алмадым. Майкл жай ғана менің басымды қатырып жүр. Бар
болғаны сол. Мені өзінің түсініксіз ұйымына кіргізіп алғысы келеді. Осындай қулық
жасап, менің басымды айналдыруға, бостандық, бостандықтағы өмір туралы әңгімелер
айтып мазақ етуге қалай ғана батылы барады? Осы кезде тұтқындалардан бір апта бұрын
күтпеген жерден ол туралы естігенім ойыма оралды. Ал қазір енді ол мені түрмеде
мазаққа айналдыруда. Ол кім өзі? Бұл кездесулерді қысқарту керек. Мазақ еткендері
жетеді!
Таңертеңнен бастап санамды осындай ойлар жайлап алды. Бүгін мен Майклмен
жақсылап сөйлесуге тиіспін. Егер менен шын мәнінде нені қалайтынын мойындамайтын
болса, онда оған өз орнын көрсетуге тура келетін шығар, сірә.
Түстен кейін күту бөлмесіне келген кезімде бойымды ашу кернеп тұрған болатын.
Үстел басына жайғасып, Майклды күттім. Грек тұтқындарға келген туыстарының
дабырлаған дауыстары әдеттегідей қытығыма тиді, бірақ Майклге деген бүгінгі ашуым
басқа ештеңеге көңіл аудартар емес. Ол қайда жоғалып кетті? Неге сонша кешігіп жатыр?
Бір кезде есік ашылып, бөлмеге Майкл келіп кірді. Әдеті бойынша екі езуі екі
құлағына жете күлімсіреп келдеі. Мен өзімді құрбандығын күтіп бүктетіліп жатқан жылан
87
секілді сезіндім. Үстелді итеріп, отырып жатқан Майкл менің бойымдағы ширығысты
байқамай қалған жоқ. Ол бірден езуін жиып, байсалды қалыпқа түсті.
–
Не болды, Тони? Бір нәрсе болды ма? – деп сұрады ол мазасызданған үнмен.
–
Сен мұнда не үшін келесің, Майкл? Сендерге менен не керек?
Майкл орындықтың арқалығына шалқайып, маған жайбарақат қарап отыр. Осы
кезде оны шынымен де ұрып жібергім келіп кетті. Ол:
–
Тони, мен мұнда Иса үшін келемін, – деді де, менің қандай әрекет
жасайтынымды күтіп үнсіз отырып қалды. Оны желкесінен тартып, басын
үстелге бір соғу оп-оңай еді. – Иса сені сүйеді, Тони.
Мен ішімнен өзіме қарғыс айттым. Майкл қорқақтардың қатарынан болмай шықты.
–
Меніңше, Құдай сенімен мен арқылы байланыс жасағысы келеді.
«Иә, басты айналдыру деген осы болады», – деп ойладым мен.
–
Мұнда мен Оның саған деген сүйіспеншілігін көрсету үшін келемін, – Майкл
менің көздеріме тура қарады. – Иса сені осы отырған қапасыңнан алып шығуға
қабілетті.
Иә, мені мазалайтын да дәл осының өзі! Темір тордың ішінде отырған менімен
еркіндік жайында сөйлесуге батылы қалай барады? Оған айтқанға оңай: ол қалаған
кезінде орнынан тұрып, бұл жерден кете беруіне болады.
–
Қане, Майкл, Исаның мені бұл жерден қалай алып шығатынын айтып берші! –
дедім мен айқайлап. – Шын мәнінде жоқ Құдай жайлы бір нәрсе деп қалай
айтасың? Сен өзің сол Исаны көрдің бе?
Мен дөрекі сөйлеп, Майклды сұрақтың астына алдым. Бірақ ол былқ еткен жоқ. Ол
ештеңеден қорқатын емес. Неге кетіп қалмайды? Неге мені жайыма қалдырмайды? Ол
тіпті менен де қорықпайды! Өзін оп-оңай өлтіре алатынымды жақсы біледі ғой. Майкл
менің сұрақтарыма рет-ретімен жауап бере бастады және менің оны ұруға қолым
бармады.
–
Жоқ, Тони, – деді ол сенімді үнмен. – Сенің айтып тұрғаның дұрыс емес, мен
Исаны кездестірдім.
Мен Майклға аңырая қарап қалдым, бірақ ол сабырлы қалпы сөзін әрі қарай
жалғастыра берді:
–
Иса Мәсіх туралы шындықты ата-анам маған кішкентай кезімде айтып берген
болатын, Тони, – деді ол. – Мен қауымның жанындағы жастар клубына бара
бастаған кезімде Құдай Ұлы Иса Мәсіх жөнінде одан да көбірек біле түстім.
Киелі кітапта айтылғандай, егер сен Исаның Құдай екенін мойындайтын болсаң
және Құдайдың Оны өлімнен қайта тірілткеніне жүрегіңмен сенетін болсаң,
онда құтқарыласың. Мен дәл осымен айналысып жүрмін. Иса мен үшін қымбат
құн төледі деп есептеймін.
–
Бұл қалай? – дедім мен оның сөзін бөліп.
–
Мен күнәһар болдым. Мен өлімге лайықты едім, бірақ Иса мен үшін айқышта
Өзі өлуге бел байлады және менің Құдай сүйіспеншілігін тануым және кешірім
алуым үшін Өзінің қанымен құн төледі.
Мен оны егеске шақырғандай болып, жақтырмай қарқылдай күлдім:
–
Қойшы. Әлі бала кезіңде өзіңнің өлімге лайық екеніңді қайдан білдің? Ол кезде
сенің күнә жасамағаныңа бәс тіге аламын.
Майкл алға қарай ұмсынып отырды.
88
–
Киелі кітапта айтылғандай, адамдардың барлығы да күнә жасап, Құдайдың
даңқынан құр алақан қалды. Біздің бәріміз күнәкармыз, Тони, бәріміз. Біз бала
кезіміздің өзінде Құдайдың еркін орындамаймыз. Бірақ біздің жақсылық пен
жамандықтың арасында таңдау жасау құқымыз бар. Сен өзіңнің жамандық және
күнә жасап жүргеніңді жақсы түсінесің. Өзімнің күнә жасап жүргенімді мен де
жақсы түсінемін...
–
Мұнымен не айтқың келеді? Қане, Майкл, бәрін бүкпесіз айт! – дедім мен
дөрекі үнмен.
Майкл маған қарай еңкейді:
–
Бізді Құдай жаратты, Тони. Ол осы дүниені және ондағының бәрін жаратты. Ол
– біздің шынайы Әкеміз. Бірақ та Ол – қасиетті және еш кіршіксіз. Ол жүрегіміз
күнә мен жалғандыққа толы біздерге қарап отыра алмайды. Біздің Одан
алшақтап қалғанымыздың себебі осы.
Мен Тониге ашулы көзбен қадала қарадым. Бірақ бұл оны еш састырған жоқ.
Құдайдың бізді әлі де сүйетінін мен әлі кішкентай кезімде-ақ түсіндім, өйткені Ол біздің
Әкеміз ғой. Жасаған барша жамандықтарымыз бен әділестіздіктерімізге қарамастан, Оның
бізбен қарым-қатынас жасағысы келеді. Осы себептен Ол осы дүниеге Өзінің Ұлын
жіберді. Ол біздің арамызда өмір сүріп, біздің орнымызға өлуге тиіс болды. Иса адамға
айналған Құдай болды.
Майклдің сүюші Әке туралы сөздері менің ашуыма тиді. Олар мені сатып кеткен
ата-анамды есіме түсірді. Менің ойымды оқып отырғандай, Майкл маған былай деді:
–
Тони, адамдардың, ата-анаңның, достарың мен құрбыларыңның сені ұятқа
қалдырулары мүмкін. Сенің күтетініңе қарамастан, келесі аптада менің келмей
қалғанымды көз алдыңа елестетші. Бұл жерде менің кінәм болған делік.
Мысалы, менің көлік кептелісінде тұрып қалуым мүмкін ғой. Бірақ сен мені
бәрібір ұятқа қалдырды деп есептейтін боласың.
–
Тағы не айтасың?
–
Ал Құдай сенімен ешқашан олай етпейді. Ол сені қатты жақсы көреді. Сені
тастап кетпейтініне Киелі кітапта Құдайдың Өзі уәде береді.
Бұл сөздер менің аузымды жапты. Айтарға ештеңе жоқ еді. Айқайлап жібермес
үшін еріндерімді жымқырып алдым. Ашуым қайтадан бас көтерді.
–
Жарайды, Майкл... Егер Ол бар болса және мені сондай жақсы көретін болса,
онда Ол қазір қайда? Осындай жағдайда маған неге көмектеспейді?
–
Құдай сенің жүрегіңнің есігін қағып тұр, Тони, Ол мұны көптен бері мен,
Валери әжей, Ричард және өзің танысқан өзге де бауырлар арқылы жүзеге асырып
келеді... Ол саған Өзін танығаныңды қалайтынын айтқысы келеді. Киелі кітаптағы
Жохан жазған Ізгі хабардың үшінші тарау, он алтыншы аятында не айтылатынын
тыңдап көрші: «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің
жалғыз Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей,
мәңгілік өмірге ие болады».
–
Мәңгілік өмір? Маған онымен не істеуді бұйырасың, Майкл? Мен өз
өмірімді жек көремін.
–
Сен оны түрмеде отырғандықтан жек көресің, – деп жауап берді Майкл.
Ол тағы да еркіндік туралы айтып отыр. Бірақ мойындау керек: ол маған қолын бір
сілтеп кетіп қалған жоқ.
89
–
Бірақ сен менің сұрағыма жауап бермедің, Майкл, – дедім мен мырс етіп. – Егер
де кіршіксіз Құдай мені соншалықты жақсы көретін болса, онда неге маған
көрінбейді? Оған сенің, Ричардтың және Валери әжейдің бойында
жасырынудың қажеті қанша? Ол не, қорқа ма?
Маған бұл жеткілікті дәрежеде тапқыр сұрақ секілді болып көрінді. Майкл
орындықтың арқалығына шалқайды да, біраз уақыт ойланып отырып қалды.
–
Мен сені түсіндім, – деді ол бір кезде ол байсалды әрі сенімді үнмен, – Тони,
егер де Құдай осы жерге, осы бөлмеге келетін болса, онда сен бірден бетіңді
жерге төсеп жатып қалған болар едің. Басыңды көтеріп, Оған қарауға жүрегің
дауаламас еді. Сондықтан да Ол Өзінің сүйіспеншілігін саған таныту үшін
Исаны жіберді.
Мен оның айтқандарын түсінуге тіпті тырысқан да жоқпын. Тек оның қытығына
тиюге, осал жерін табуға тырыстым.
–
Сенің Құдайыңсыз да жап-жақсы өмір сүріп келгенмін. Енді қазір Ол маған не
үшін қажет бола қалады деп ойлайсың? Қане, Майкл, осыған жауап берші!
Осылай деп жұдырығыммен үстелді қатты ұрып қалдым. Күзетші селк ете қалып,
орнынан атып тұрды, бірақ Майкл оны сабырға шақырып, қолын жоғары көтерді. Бірақ
күзетші енді менен көз алмай бағып тұрды.
–
Сен өмір бойы жан-дүниеңдегі қалыптасқан бос орынды бір нәрсемен
толтыруға тырысып келдің, – деп бастады Майкл. – Сен оны кун-фу ұрыс
өнерімен, буддизммен, оққағардың даңқымен, жыныстық қатынаспен,
есірткімен, ашумен, зорлық-зомбылықпен толтырмақ болдың ... Бірақ мұның
ешқайсысы сен күткен қанағат сезімін бере алмады. Сен көрмеген тек бір нәрсе
ғана қалды – Иса Мәсіх. – Осылай деп үстелді енді Майкл ұрып қалды. Ол
қызбалана, шабыттана сөйледі. Оның қолында бір топ кілттің бумасы бар еді. –
Тони, осы кілттердің сенің камераңның кілті екенін бір сәтке көз алдыңа
елестетші. Мен оларды саған бердім дейік және сен бүгін түнде, күзетшілердің
бәрі ұйықтап қалған кезде қашып шығасың.
Ол не сандырақтап тұр?
Майкл сөзін жалғастырды:
–
Сен түрме қабырғасына өрмелеп шығып, түріктердің жеріне өтіп кетесің және
сол жақпен бұл аралдан қараңды батырасың. – Майкл маған қадала қарады. –
Сонда сен өзіңді азат адам ретінде сезіне аласың ба?
–
Сен не айтып тұрсың? Әрине, – деп жауап бердім мен. – Себебі мен
бостандықта боламын ғой.
–
Жоқ, Тони, сен азат адам бола алмайсың, – деді Майкл күлімсіреп. – Азат адам
бола алмайсың, өйткені сен сол бұрынғы Тони күйіңде қаласың. Сен шаш қою
үлгіңді, киімдеріңді, банктегі ақшаңның санын, тұрғылықты мекеніңді өзгерте
аласың. Сен өз бойыңда көп нәрселерді өзгерте аласың, бірақ сен мәңгілікке
бұрынғы Тони күйіңде қала бересің. Сен сол бұрын жасап келген қателіктеріңді
қайталайсың. Өткеніңді ұмыта алмайсың, күнәларыңның бәрін жуа алмайсың.
Сен сол ызақор күйіңде қала бересің. Сенің біраз сабаңа түсуің мүмкін, бірақ
егер мен сенің қытығыңа тиер болсам, сен бірден ашуланып шыға келесің.
Мұның барлығы сенің Исаны өз жүрегіңе кіргізбегендігіңнің кесірінен. Сен өз
90
өміріңе разы емессің және Құдайға бет бұрмайынша осындай бақытсыз, жалғыз
күйіңде қала бересің.
Мен болмайтын бір нәрсе айтып оның сөзін бөлдім, бірақ Майкл жалғастыра берді:
–
Сен бұл жерден шығып, көп ақша таба аласың, зәулім үй салып, оның ішін
алтынмен аптай аласың, соңғы үлгідегі автокөлік сатып ала аласың, тіпті,
отбасын да құра аласың, бірақ қайталап айтайын, сен сол баяғы Тони күйіңде
қаласың. Бұлардың бәрі саған шын мәнінде қажет нәрсені бере алмайды. Ал
егер бүгін түннен қалдырмай сенің жаныңды алатын болса ше? Ақшаларың
саған көмектесе ала ма? Жоқ! Отбасың да, достарың да, ештеңе де енді
көмектесе алмайды. – Майклдың маңдайынан тер шықты. – Бұлардың бәрі
есірткіге ұқсайды, олар саған уақытша қанағат сезімін береді, бірақ ешқайсысы
сені азат ете алмайды, ешқайсысы саған шынайы қанағат бере алмайды. Тони,
маған құлақ салшы, – Майкл ентігін басу үшін сәл кідірді: – Киелі кітап былай
дейді: «Сонымен егер Құдайдың Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен
азат боласыңдар».
Осы: «Сонымен егер Құдайдың Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат
боласыңдар» деген сөздер менің есімде мәңгілікке жатталып қалды. Сол сәтте мен
қолдарымның қалтырап кеткенін сезіндім.
Кездесудің бес минуттан кейін аяқталатынын білдіретін қоңырау соғылды. Майкл
менің өз айтқандарын түсінгенімді қалады, бірақ мен әлі ашулы едім және осыны оған
көрсетуге тырысып бақтым. Мен әлі де оның айтқандарын жоққа шығаратын бір дәлел
табудан үміттендім. Ал Майкл көзіме тіке қарап тұрып былай деді:
–
Оған сенуші әркім, Тони, Оған сенуші әркім... Сен істеуге қажетті жалғыз нәрсе
– бұл сенім арту. Иса сен үшін бәрін баяғыда істеп қойған. Ол саған жол салып
берді, сондықтан енді сен өз қылмыстарыңды мойындап, тәубеге келе аласың,
сонда Құдай сені кешіреді. Бұл жерде мен діни рәсім немесе жәдігөй тақуалық
туралы айтып тұрған жоқпын. Мен Құдайдың құтқару ісіне деген сенім туралы
айтып тұрмын. Саған істеуге тиісті бар нәрсе – бұл Құдайдың сыйына сенім
артып, оны қабылдау.
Кенет Лимассолда кездестірген уағызшы ойыма оралды.
–
Тони, бұрын сен маған ағару жол, күн-фу ұрыс өнерінің жолы туралы айттың,
ал енді Иса Мәсіхтің не дейтінін тыңдашы: «Жол, шындық және шынайы өмір
Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды». Ағару жолы
жолдардың тек бірі ғана болса, Ол – жалғыз жол. Мұны жай ғана нақты дерек
ретінде қабылда, Тони.
Менімен түсінікті тілде сөйлескен Майкл қателескен жоқ. Мен енді моп-момақан болып
отырдым.
–
Майкл, менің қандай оңбаған адам екенімді, қандай күнәлар жасағанымды
білмейсің ғой. Маған көмектесу шынымен де мүмкін деп ойлайсың ба? – деп
сұрадым мен жүрегімде болып жатқан нәрселерге қарсыласуға тырысып.
Майкл тағы да Киелі кітапқа жүгінді:
–
Пауылдың Римдіктерге жолдауында былай делінген: «Енді Иса Мәсіхпен тығыз
байланыстағы адамдарға Құдай жазалау үкімін шығармайды. (Олар өздерінің
ескі күнәкар болмысының емес, Құдайдың Киелі Рухының қалауына сай өмір
сүреді.)
Себебі Иса Мәсіхпен тығыз байланыстырып, жаңа өмір сыйлаған Киелі
91
Рух мені күнәлі құмарлық пен рухани өлімнің күштеуінен азат етті» (Рим. 8:1-
2).
Мен Майклге көз тастадым. Ол менің осы естігендерімді түсінуге барынша
тырысып отырғанымды көрді.
–
Ешқандай айыптау жоқ, Тони. Қайтадан ешкім бүлдірмеген, ешкім тиіспеген
таза парақ секілді боласың. Бәрін қайтадан бастайсың. Сенің күнәңді Иса Өзінің
мойнына алып, оны жояды. Елші Пауыл осы жайында айтып тұр. Пауыл
қанішер адам болған, ол мәсіхшілерді қуғынға ұшыратқан, – деді Майкл. –
Бірақ Құдай адамдардың бәрін жақсы көреді, Тони. Менің саған айтқым
келетіні осы. Сұмдық күнәлар жасаған Пауыл Иеміз Исаны кекздестіреді де,
толығымен өзгереді. Содан соң мыңдаған өзге күнәкарларды құтқарылуға алып
келеді. Оның өткенде жасаған сұмдық істері мен бойында қазір де бар
кемшіліктеріне қарамастан, Құдай Пауылдың жүрегінде әрекет етеді. Тони,
біздің Құдайымыз адамды үмітсіз қалдырмайды, Ол әрқашан тағы бір
мүмкіндік береді.
Пауыл менің жанды жеріме тиіп кетті. Соңғы айларда мен өз өмірімнің шын
мәнінде де ештеңеге тұрмайтынын, түрмеге қамалуға лайықты істер жасағанымды және
маған енді ешкімнің көмектесе алмайтыны жайлы ойлай бастаған болатынмын. Мен
түзелуден кеткен адаммын деп ойладым, ал Майкл Құдай өзгерткен Киелі кітаптық
кейіпкерлер туралы әңгімесін жалғастыра берді.
–
Әңгімеміздің басында әрбір адамның қателесетіні, әрбір адамның күнә
жасайтыны туралы айтқаным есіңде ме? – деп сұрады ол. – Дәл сол секілді
әрбір адам кешірімге мұқтаж. Кешірім Иса арқылы Құдайдың сыйы ретінде
тегін беріледі. Бұл үшін бар керегі – Құдайға бет бұру. – Майкл Киелі кітапты
көрсетіп, тез-тез оқи бастады: «Ал енді Құдайдың адамдарды ақтау жолы
көрсетілді. Бұл жолға заңды ұстанудың қатысы жоқ. Ол туралы Таурат пен
Пайғамбарлар жазбалары білдірген еді. Құдай яһуди және басқа ұлт
адамдарының бәрін де Иса Мәсіхке деген сенімдері арқылы ақтайды. Себебі бұл
жерде ешқандай айырмашылық жоқ:
бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне
белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды.
Бірақ олар Құдайдың рақымымен
Мәсіхтің бұлардың төлемдерін төлеп, құтқарғанының арқасында тегін ақтала
алады» (Рим. 3:21-23).
Мен тағы да Майклдың айтқан сөздерінің мәнін түсінуге тырыстым. «Сонымен
егер Құдайдың Ұлы сендерді азаттыққа жеткізсе, шынымен азат боласыңдар» деген
сөздер ойымнан кетер емес. Майкл үстелдің үстіне кеудесімен жатардай болып, маған
қарай барынша жақындай түсті.
–
Тони, Исаны сен қалаған кезіңде жүрегіңе кіргізе аласың, – деді ол. Бірақ
Құдайдың сенің жаныңды қай түні алатынын білмейтінің есіңде болсын. Киелі
кітап былай дейді: «Оның мейірім көрсететін кезі осы, құтқаратын күні, міне,
бүгін!» – сондықтан да бұл істі ұзаққа созба.
Мен оның көзқарасынан қашқақтап:
–
Ал мұны қалай істеуге болады? – деп сұрадым ақырын.
–
Құдайға мінажат етіп, Одан кешірім сұрау қажет. Оған Исаны өзіңнің
Құтқарушың ретінде қабылдағың келетінін айт. Оны көре алмайтыныңа
қарамастан Оған сенім артып және бар үмітіңді Оған бағыштағың келетінін айт.
92
Құдайдың сүйіспеншілігіне қол жеткізуің үшін сенің орныңа айқышта жанын
қиғаны үшін Исаға алғысыңды білдір.
Осы кезде кездесудің аяқталғанын білдіретін қоңырау соғылды.
–
Бар болғаны осы ғана ма?
–
Осы жеткілікті, Тони. Бірақ та сенің мінажатың шын жүректен шығуы тиіс.
Құдайға сен тек өзің шын мәнінде сезініп тұрған нәрселеріңді ғана айтуға
тиіссің. Сен бұрынғы өміріңмен қоштасып, жалған сөйлеуді қоюға тиіссің. Бұл
оңай шаруа емес, бірақ Иса саған көмектеседі.
Кездесуге берілген уақыт аяқталды. Кездесу бөлмесіндегі адамдардың қатары
сиреді. Майкл көздерін жұмып, мінажат ете бастады:
–
Иеміз Иса, бізді түрмеде де ұмытып кетпегенің үшін Саған алғысымызды
білдіреміз. Тони үшін істеп жатқан істеріңе рахмет. Тониді жақсы көргенің
үшін рахмет. Әке, Сенен өтінемін, Тони Сенің сүйіспеншілігіңді тезірек
қабылдасыншы. Аумин.
Мен басымды жерден көтере алмаған күйі отыра бердім.
–
Саған келесі аптада тағы келемін, достым, – деді Майкл.
Мен жұдырығымды тас түйіп, үндемей отырып қалдым.
Достарыңызбен бөлісу: |