6 тарау
Абдулланың күш жұмсауының арқасында Уильямның жеке ұшағы Эр-Рияд
әуежайындағы президенттің қону алаңына қонды. Бізді екі- ақ «мерседеспен» күтіп алды,
бірақ оларға жету үшін біз бас терминал ғимараты арқылы өтуге тиіс едік. Әуежайда
халық тым көп болғандықтан, біздің міндеттеріміз де ауырлай түсті. Оқыс оқиғалардың
болмауы үшін мен алда жүрдім және айналадағы адамдардан көз алмай қарап келе
жаттым. Ал Генри Уильямды көзден бір сәтке де таса етпестен екі көмекшімен бірге
арттан жүрді. Осылайша біз адамдар тобының арасымен алға қарай жылжып келе жаттық.
Адамдар тобыры азаяр емес. Оқыс жағдай туа қалса, олардың бізге кедергі жасайтыны
анық еді. Адамдар бір-бірлерін шынтақтарымен итеріп, алға жүретін жол салып келеді.
Жүк тасушылар шуылдай өз көмектерін ұсынуда. Мен кез келген сәтте шабуылдың
болуын күтіп, қатты ширығып келемін. Бұл ырық бермейтін жағдай еді, мен оны басқара
алмадым және бұл маған ұнап келе жатқан жоқ.
–
Бакшиш, бакшиш, – деді күзенге ұқсаған бір адам қолымдағы сөмкеге
жармасып. Оны итеріп жіберуге тура келді.
–
Ақырын, ақырын, – деді Уилья күліп. – Тым қаталдық таныта берме. Бұл осы
жер үшін әдеттегі жағдай.
Мен мұны онсыз да білетін едім. Өткен аптада араб мәдениеті жайлы қолыма
түскеннің бәрін оқып шыққан болатынмын. «Бакшиш» - шайақы, шағын сыйлық; осындай
жолмен ауқатты адамдар жарлылармен өзінде барын бөлісулері тиіс. Бұл солай-ақ болсын,
бірақ дәл осы сәтте менің бар ойым мүлде басқа нәрседе болатын. Мен баратын жерге
жетпейінше сабама түсе алмайтынымды білдім.
Генри екеуміз Уильяммен бірге бір «мерседеске» отырдық. Біз одан бір қадам да
алыстауға болмайды. Екі көмекшіміз екінші көлікке отырды. Бірақ мен бәрібір тыныштала
алмадым. МФКФ-нің әлемнің барлық елдерінде дерлік өз адамдары бар болатын, бірақ
мен ешқашан, ешкімге сенбейтінмін. Мен мүмкіндігінше өз тыңшыларымның көмегіне
жүгінуге тырысатынмын. Сандра қанша сендіруге тырысқанымен, әлгі Абдуланны
білмейтінмін және түйсік сезіміммен одан оның адамдарынан сескеніп тұрдым.
Тексеруден өтпеген жүргізушілермен абай болып, олардың әр қимылдарын қадағалап
отыру қажет.
Мәрмәр тастармен апталған «Меридиан» қонақүйі алтын шілтер өрнектермен
безендіріліпті. Уильямға салтанатты пентхаус дайындап қойған екен. Мен бірден оның
46
ішін мұқият тескеріп шықтым және бірінші кезекте қолдан жасалған жарылғыш
құралдарды іздедім. Уильям тек мен рұқсат бергеннен кейін ғана демалуға кірді. Түнгі
кезекшілікке Генри қалды да, мен ұйықтауға жаттым.
Таңертең жарық түсе бере оянған мен бірінші кезекте қонақүйді айналып қарап
шықтым. Уильям әлі тұрмапты. Оның ағайынды Фахалилермен келіссөзі бүгінге
белгіленген болатын. Мен барлық қабаттарды аралап, лифтілерді, баспалдақтарды,
мейрамхананы, асүйді және екі «мерседесті» мұқият тексеріп шықтым. Мен тыңдағыш
құралдарды көптеп табатыныма сенімді болдым, бірақ ештеңе таба алмағаныма өзім де
таңданып қалдым. Ұйқысынан оянған Уильям тыныққанына қарамастан шаршаңқы
көрінді. Кешегі ұшу оны әбден соғып тастаса керек. Уильям жұқа ақшыл шашты,
толықтау келген аласа адам болатын. Бірақ ол қашан да өз-өзіне сенімді адам болып
көрінетін және рухын жоғалтпай жүретін. Бірақ мұның бәрі оның қолындағы билігі мен
байлығының арқасы деуге әбден болатын.
Келіссөзге барар алдында Генри екеуміз Уильямнің осы күнге арналған ресми
хаттамасына тағы бір көз жүгіртіп өттік.
–
Қандай жағдай болмасын, менен ажырамаңыз, – деп ескерттім Уильямға.
Біз олардың Генриді оққағар ретінде қабылдаулары үшін, мені Уильямның жеке
кеңесшісі деп таныстыруға келісіп алған болатынбыз. Жолға шығар алдында Генри
«мерседестерді» тағы бір тексеріп шықты да, біз кездесуге аттандық.
Ағайынды Фахалилердің ғимараты «Меридиан» қонақүйінен де артық алтынмен
апталыпты. Бұл жерде бізді жылы қабылдады. Амандасып жатқан кезде мен ғимараттың
жоспарын, оның ішінде шығар есіктері мен баспалдақтарын ойша көз алдыма елестеттім.
Оның жоспарын Құрама Штаттарда болған кезде-ақ жатқа біліп алған болатынмын.
Құдайға шүкір, Сандра бізді жұмысқа қажетті нәрселердің барлығымен қамтамасыз етіп
үлгерді. Сондықтан да мен әлдеқандай жағдай бола қалса қосалқы шығар жол ретінде
қолдануымызға болатын желдеткіш шахталарының қай жерлермен өтетіндерін нақты
білетін едім.
–
Бұл жерде сіздер толықтай қауіпсіздіктесіздер, – деді ағайындылардың бірі
Уильямға Генриге көз алмай қарап тұрып. – Оққағарыңызды қонақ бөлмеге
жіберсеңізші, сонда тынығып алсын.
Жоспар бойынша мен басымды изеп, Генриді Уильямді қорғау міндетінен
босаттым. Ағайындыларды Генридің Блэктің бас оққағары екеніне сендірудің оңай жолы
осы еді. Ол менен әлдірек болып көрінетін. Мен Гэнридің бос уақытын бекерге
өткізбейтінін білетін едім.
Сусын ішіп отырған еркектердің әңгімелері біртіндеп негізгі тақырыпқа ауыса
бастады. Уильямның әріптестерінің бірі фирманың қайта сатылуы жайлы әңгіме бастады.
Бірақ олар оның өз ойын соңына дейін жеткізуіне мүмкіндік бермеді. Келіссөз еш нәтиже
бере қоймағаннан кейін ағайынды Фахалилердің дауыстары қатты шыға бастады.
Ағайындылардың бірі қызбаланып:
–
Менің отбасым бұл кәсіпке өзінің уақыты мен қаржысын оны қайдағы бір
американдықтар пайдаланып кетсін деп жұмсаған жоқ, – деді.
–
Сабаңа түс! – деп тыныштандырды оны сырттай сабырлырақ болып көрінетін
екіншісі.
Бірақ бұл маған жақсы және жаман полицейдің ойыны секілді болып көрінді.
47
–
Неге қоямын? – деді қызу қанды Фахали жұдырығымен үстелді бір ұрып. –
Біздің әулетімізге жасаған қорлығы үшін біреу жауап беруі тиіс!
Әрі қарай екі тарап та дауыс көтеріп сөйлесе бастағандықтан, мен ағайындыларды
мұқият бақылай бастадым. Генри өз орнынан табылар деп үміттендім. Уильям әңгімені
жалғастыруға талпынды, бірақ ағайындылар ол жасаған барша ұсыныстардан бас тартты.
Кенет ағайындылардың қызу қандысы орнынан атып тұрды. Менің қолым еріксіз ішкі
қалтама қарай созылды. Бауырына арабша бір нәрселерді айтқан жігіт мәжіліс залынан
жүгіре басып шығып кетті. Бір сәтке үнсіздік орнай қалды да, содан соң екінші жігіт өз
наразылығын білдіре бастады.
–
Біз мұны аяқсыз қалдырмаймыз, – деді ол ашулы үнмен.
Тізгінді енді мен өз қолыма алуға тиіс едім. Уақытты текке жібермей, Уильямды
залдан алып шықтым.
Генридің «мерседестің» жанында тұрғанын көргенде көңілім орнына түсті. Бірақ ол
европаша киінген, көздеріне қара көзілдірік таққан алты ірі денелі жігіттің ортасында
қалыпты. Генри менің жүзіме барлай қарап тұр. Біз «мерседестерге» жақындап қалған
кезде артымызда келе жатқан адам әлгілерге арабша бір нәрселерді айтты. Сонда әлгі
жігіттер дереу бізге қарай қозғалды. Егер жалғыз болғанымда, мен оларды әп-сәтте
сұлатып салған болар едім. Ал қазір мен бірінші кезекте Уильямның қауіпсіздігін ойлауға
тиіспін. Жігіттер бізге ешқандай залал келтірген жоқ, олар бізді тек көлікке дейін
шығарып салды. Маған оларға біздің ғимараттан кетіп қалғанымызға көз жеткізуге
бұйрық берілген секілді болып көрінді.
«Мерседеске» отырған кезімізде Генридің бетінен тер моншақтап ағып тұрды.
–
Уф, қандай жағымсыз сезім... – деді ол.
–
Бұл тек бастамасы ғана, – дедім мен әлгі алтаудың екі «БМВ» көлігіне бөлініп
мініп жатқандарын көріп. Содан соң жүргізушімізге:
–
Кеттік! – деп бұйырдым.
Ол да шаруаға ұқсайтын Омар атты жігіт жүргізушінің жанында отырған. Ол
Абдулланың бізбен бірге тілмаш болып жүрген адамы еді. Түйсік сезіміммен мен одан да
қауіптендім. Мен Уильяммен бірге «мерседестің» артқы орындығына отырдым. Генри
артқы орындықтың артындағы жүксалғыштан қаруларды шығара бастады.
Орнымыздан қозғалған кезде мен артты көрсететін айнадан екінші «БМВ»-нің
біздің соңымыздан түскенін байқадым.
–
Қиындықтар болатын секілді, – дедім мен.
Генри екеуміз бір-бірімізді қабағымыздан түсініп үйренген едік. Ол менің алдыңғы
орындықта отырған адамдарға сенбейтінімді білетін. Енді олардың әр қимылдарын аңди
бастадым, ал Генри «БМВ»-ні бақылап келеді. Кенет ол:
–
Іс насырға шабайын деді! – деп айқайлап жіберді.
Мен дереу артқа көз тастадым. Екінші «БМВ» Уильямның қызметкерлері отырған
«мерседесті» басып озып, біздің артымызға түсті. Менің қаным басыма тепті. Бізді өз
жүргізушілеріміз алып жүргенде мұндай жағдай ешқашан болмас еді! Біздің адамдарымыз
үлкен жылдамдықта көліктердің арасын отыз сантиметрден аспайтын ара қашықтықта
ұстай алатын және ешкімнің қазіргі секілді араға кіріп кетуіне ешқашан ерік бермейтін.
Тапаншамды шығарып, жүргізушінің желкесіне тақадым. Ол ойбайға басып, Аллаһқа
жалбарына бастады.
48
Дәл менің ойлағанымдай-ақ, араға кірген «БМВ» тежегішін басып, артымызда келе
жатқан «мерседесті» тоқтауға мәжбүр етті. «БМВ»-ден екі жігіт түсті де, «мерседестің»
жанына келіп, жартылай автоматтық қарудан оның терезесіне оқ ата бастады.
Мен Уильямды орындықтың артына жасырынуға мәжбүрлеп, үстіне жатып алдым
да, қорқыныштан дірілдеп кеткен жүргізушіге:
–
Қозғал! – деп айқайладым.
Ол газды басып, жылдамдықты арттырды, бірақ сәл жүргеннен кейін көлік сөніп
қалды. Мен тағы да оның басына тапаншамды тақап, көлікті жүргізуді бұйырдым. Бірақ
жүргізуші көліктен атып шығып, байбаламға басып қаша жөнелді. Сол кезде мен оның
операцияға қатысқан не қатыспағанын түсіне алмадым. Ол бізді әдейі қақпанға әкеліп
түсірді ме, әлде, менің қысымыма шыдай алмай қашты ма? Біз оның кімнің адам екенін
ақыры біле алмадық.
Сол кезде Генри алдыңғы орындықтың арқалығынан аттап өтіп, рульге жармасты.
Енді бізде аз да болса мүмкіндік пайда болды. Генри МФКФ-дағы көлік жүргізудің қас
шеберлерінің бірі болатын. Біз дүкендерге, адамдар мен жан-жануарларға толы
көшелермен шаңдата жүйткітіп келеміз. «БМВ» артымыздан қалар емес. Генри көлікті тар
көшелермен асқан шеберлікпен жүргізіп келеді.
Генри:
–
Сақтаныңдар! – деп айқайлады да, біз жол жиегіндегі дүкенге келіп соғылдық.
Есі шығып кеткен сатушы араб дер кезінде секіріп үлгерді. Сөредегі жеміс-
жидектер көліктің үстіне төгіліп жатыр. Дүкеннің матадан істелген шатыры көліктің
алдыңғы әйнегіне жабысып қалды да, Генри ештеңені көре алмастан айдап келе жатты.
Арада сәл уақыт өткенде матаны жел ұшырып әкетті.
Уильямның басын көтеруіне мұрша берместен, мен картадан қайда келе
жатқанымызды анықтай алмай әуре болып келе жатқан Омарға тапанша тақадым.
–
Британдық немесе амеркикандық елшілікке апаратын жолды ізде, – деп
айқайладым мен. – Тез ойлан!
–
Былай, енді былай, солға қарай... – деді өз өмірі үшін қауіптенген ол дереу іске
көшіп.
Генри тар көшеге түсіп алып зуылдатып келеді
–
Жоқ, мұнда емес! – деді тілмаш дауысы қалтырап. – Былай қарай жүріп көр!
Генри көлікті кең, үлкен көшеге бұрды да:
–
Мұнда көліктер көп екен, тығынға түсіп қаламыз! – деді.
Мен тапаншамен Омардың басынан түртіп қалдым. Шынмен бұл да сатқын ба?
Генри «мерседесті» тоқсан градусқа бұрды да, тар, қараңғы көшеге түсті.
–
Мықтап отырыңдар!
Көліктің бүйіріндегі айналар қабырғаларға тиіп келеді, бірақ Генри жылдамдықты
азайтқан жоқ. Содан соң біз қатты жылдамдықта жарық көшеге шықтық. Мұнда да
адамдар мен көліктер көп екен. Бұл кезде Омар қорыққанынан қалшылдап отырған
болатын. Мен артыма қарадым. «БМВ»-дан қара үзіп кеткен секілдіміз. Генриге:
–
Көлікті тоқтат! – деп бұйырдым.
«Мерседес» кілт тоқтады.
–
Қараңды батыр! Бол, тез! – деп айқайладым тілмашқа.
Омар дірілдеген қолдарымен есіктің тұтқасына жармасып, оны әзер деп ашты да,
жерге домалап түсті. Генри көлікті орнынан шұғыл қозғады. Ақыры біз қаланың
49
шытырман көшелерінен бірашама кең жолға шықтық. Айнала жансыз шөл дала екен.
Осылай екі сағаттай жүрдік.
–
«Мерседестен» құтылу қажет... – деді Генри. – Бізді іздеп жатқаны анық.
Біраз уақытқа үнсіздік орнады. Мен алдағы әрекеттеріміздің жоспарын құруға
талпындым. Уильямды елден заңсыз жолмен шығарып әкету қажет еді. Біздің Иорданияда
жасырын пәтеріміз бар болатын және онда өзім жақсы танитын және сенім артатын жақсы
адамдар жұмыс істейтін. Бірақ онда жету үшін сегіз жүз шақырымнан аса жол жүру қажет.
Мен Абдуллаға деген бар сенімімді жоғалтқан едім, сондықтан оның адамдарынан
ешқандай пайда жоқ еді. Кувейт пен Бахрейнде де жасырын пәтерлеріміз болатын. Қазір
бізге ең жақыны Бахрейн. Егер Сандрамен байланысқа шығатын болсақ, ол бізге құжаттар
дайындап бере алады. Менің ойымды Генри бұзып кетті:
–
Жанармай таусылуға тақау. Енді үш шақырымға ғана жетеді.
–
Қойшы, қалжыңдап тұрған шығарсың?
–
Жоқ. Біз көлікке отырған кезде оның багы жартылай ғана толы болатын.
Мен қынжыла басымды шайқадым. Көлік жүргізу қауіпсіздігінің бірінші заңы
бұзылған – бакта жанармай лық толы болуы тиіс. Мен Уильямға көз тастадым. Қазір
тіктеліп отырған оның денесі қалшылдап, қызылкүрең жүзінен тер моншақтап ағып тұр.
Қызық, ол жаяу қанша жер жүре алады екен? Біз өзіміздің қай жерде тұрғанымызды, және
жақын маңдағы қалаға дейін қанша шақырым бар екендігінен мүлде бейхабар едік.
Қыркүйек айы болғанына қарамастан күн күйіп тұр. Мен өзімізде бар нәрселерді тексеріп
шықтым. Аздаған азық пен төрт шөлмек минералды су бар екен. Мұндай ыстықта бұлар
ұзаққа жетпейді.
Бірақ менің қолымда тұрған ештеңе жоқ еді!
–
Жанармай да бітті! – деді Генри көлік тоқтап қалған кезде рульді қолдарымен
бір ұрып.
Уильям жолдың жиегіне барып отырды да, галстугін босатып, күннен аздап та
болса қорғану үшін беторамалымен желкесін жапты. Біз Генри екеуміз көлікті жолдан
әлдебір бұталарға қарай итеріп жібердік. Бірақ өсімдіктер тым селдір болғандықтан, оны
жақсылап жасыру мүмкін болған жоқ.
Содан соң біз жаяулатып алға жылжыдық. Жол бойында ешқандай қозғалыс жоқ
еді, бірақ мен ол бізді тас жолға алып шығады деп үміттендім.
–
Менің ойымша, бұл Харадқа апаратын жол, – деді Генри.
Сол жағымызда сирек өсімдікті құнарсыз жер, ал оң жағымыз – шөлейт дала.
–
Егер осы жолмен жүре беретін болсақ, онда кеш бата діттеген жерімізге
жетеміз.
–
Сен бұған сенімдісің бе?
–
Жоқ, сенімді емеспін.
Менде ешқандай ұсыныс жоқ еді, сондықтан Генридің түйсік сезіміне сенім
арттым. Біраз жүргеннен кейін суды иегінен кеудесіне төге-шаша ішіп жатқан Уильямның
қолынан шөлмекті жұлып алуыма тура келді.
–
Үнемдеу қажет, – дедім оған. – Әлі қанша жүретініміз белгісіз.
Бірнеше сағаттан кейін бұлағы бар жерге жетіп, үлкен тастардың көлеңкесінде
біраз тынығып дамылдап алдық.
–
Екі сағаттан кейін қараңғы түседі, – деді Генри.
50
Бұл жерде түндер салқын болатынына қарамастан, мен үшін түнде жүрген
қауіпсіздеу. Уақыт өткен сайын жүрегімді мазасыздық жайлай бастады.
Ақыры біз әлдебір қалашыққа келіп жеттік.
–
Сен жарайсың! – дедім Генриді арқасынан қағып.
Бұл Харад қаласы еді. Кеш батып, салқын түскеннен кейін Уильям ауа райының тез
ауысуынан дірілдеп тоңа бастады. Көше бойлары тым-тырыс. Әр жерде адамдар тобы
көрінеді. Жайбарақат әңгімелесіп тұрған адамдар бізді көре сала жан-жаққа тарап жоқ
болып кетеді.
–
Көкмектерің үшін рахмет, – деді Генри мысқылдай күліп.
Ақыры біз жанармай құю бекетіне ұқсайтын әлдебір құрылыстың жанына келіп
жеттік. Ішіне кірген кезімізде жас мөлшері айқындауға келмейтін араб бізді басымыздан-
аяғымызға дейін тінте қарап шықты. Оның бетін жел қағып, күнге сығырайта қарап әдет
болып кеткен көздері бір сызық секілді болып тұр. Генри мен Уильям тағамдар мен
сусындар алуға беттеді.
–
Маған қоңырау шалу қажет, – дедім шала арабша мен ағылшын тілін
араластыра сөйлеп.
Араб маған саңырау адам секілді таңқала қарап қалды. Бірақ мен оның бәрін
естігеніне және түсінгеніне сенімді едім. Осы сәтте жанымызға қолына әмиянын аша
ұстаған Уильям келді. Оның ішіндегі жасыл қағаздарға ашкөздене қараған араб сөренің
астынан телефон аппаратын шығарып, маған ұсынды.
Бүгінгі басымыздан өткен шым-шытырық оқиғалардан кейін Сандраның сергек
дауысын есту көңілді біраз көтеріп тастады. Сандраға тездетіп болған жағдайды баяндап
бердім.
–
Қазір сендер біздің Бахрейндегі жасырын пәтерімізден шамамен жүз шақырым
қашықтықта тұрсыңдар, – деді ол маған. – Шығысқа қарай бет алыңдар. Мен
сендерге төлқұжаттар дайындап беремін.
Одан мекенжайлар мен кездесетін орындар туралы құпияланған ақпарларды алып
болмай жатып, өзімізге таныс «БМВ»-нің терезе алдына келіп тоқтағанын байқадым.
Генри Уильямды жағасынан алып, қызметтік бөлмелердің бірінің ішіне кіргізіп жіберді.
Мұны көрген сөре артындағы араб:
–
Жоқ, жоқ! – деп айқайлады.
Мен оған жүз долларлық ақшаны ұстата салдым, бірақ ол бәрібір бізге
көмектеспейтінін ымдап білдіріп жатты. Генри мен Уильямның соңдарынан ұмтылған
мен оларға әрі қарай жүгіре беруді бұйырдым. Ол жер қосалқы шығар тар есік екен және
біздің бақытымызға қарай оның есігі ашық болып шықты. Қазір ғана біз шығып кеткен
залдан айқайлаған дыбыстар естілді. Біз жүгіріп көшеге шықтық. Уильям шайқатыла
жүгіріп келеді. Харад шым-шытырық тар көщелерден тұратын бір қабатты қала екен. Көп
өтпей артымыздан қуғыншылардың аяқ дыбыстары естілді. Мылтық дауысы естіліп,
қабырғаға тиіп секірген оқ басымыздың үстінен ысқырып өтті.
–
Арттарыңа қарайламай жүгіре беріңдер! – деп айқайлады екі тапаншадан оқ
атып келе жатқан Генри.
Мен Уильямды жеңінен ұстап алдым да, екеуміз көшені бойлап жүгіре бердік.
–
Саудамыз бітті... – деді ол дауысы дірілдеп.
–
Олай деуге әлі ерте, – деп жауап бердім мен қатқыл үнмен.
51
Атыс қайта басталып кетті. Біз барлық ережелерді сақтай отырып шегініп келеміз.
Генри қуғыншылылармен атысып, бізді артымыздан қорғап келеді. Кенет атылған оқтың
дыбысы, содан кейін іле-шала жан түршіктірерлік дауыс естілді. Жүгіріп келе жатып
артыма қараған мен Генридің құлап жатқанын көрдім. Оған көмектесу үшін кейін қарай
жүгіргім келді, бірақ менің міндетім – Уильямды құтқару еді. Біз аласа қоршаулардан
секіріп, қараңғы аулалармен жүгіре бердік.
–
Тоқта, тоқта... шаршап кеттім... – деді Уильям ентігіп. – Мен әрі қарай жүгіре
алмаймын...
Мен тоқтай қалдым. Генри қуғыншылардың назарын өзіне аударды және енді біз
қуғыннан қара үзіп кеткен секілдіміз. Кезекті бір аласа қабырғадан аттап өткен біз тар
көшеден келіп шықтық. Генридің кегін қайтарғым келіп, өзімді қоярға жер таппай
келемін.
–
Біз үшін бұл жер қауіпті... – дедім мен Уильямды жүзім сабақтарының арасына
жасырып жатып.
Әрі қарай не істейтінімізді шешу қажет еді. Қуғыншыларымыз бізді осы
қалашықтың бір жеріне жасырынады деп күтеді. Ал егер шөл далаға қарай қашсақ ше?
Онда қанша уақытқа дейін шыдай аламыз? Бірақ біздің басқа амалымыз жоқ еді. Бұл
жерден бізге көмектескісі келетін біреудің табыла қоюы екіталай.
Кенет жанымыздағы үйдің есігі ашылды да, іштен үй иесі – алып денелі араб
шықты. Ол біздің сөздерімізді естіп тұрған болса керек. Араб жүзім бұталарын ашып, бері
қарай басын сұққан кезде мен өз денеммен Уильямды қалқалай бердім. Біздің көздеріміз
кездесіп қалды да, араб кенет қатты айқайлап жіберді. Мен ымдап, айқайлаудың қажеті
жоқтығын түсіндіруге тырыстым, бірақ ол тоқтар болмады. Басқа амалым қалмаған мен
оны тамағынан бір ұрып тоқтатуға мәжбүр болдым. Кеңірдегі езіліп кеткен араб кескен
теректей құлады. Сол сәтте мен қуғыншылардың бірін байқап қалдым. Жаныма жүгіріп
жеткен ол маған бірінші болып соққы жасады. Қолдарымның бос болулары қажет екенін
түсінген мен бұл соққыны өткізіп жібердім де, оның екінші қолының қимылын бақтым.
Бұзақы қолын қойнына сала бергенде оның саусағынан шап беріп ұстап, бұрап қалдым.
Ышқына айқайлаған ол құлап түсті. Мен оның тапаншасын суырып алдым да, басынан
атып салдым.
Қайдан шыққандары белгісіз, айналамызға адамдар қаптап кетті және мен
солардың арасымен бізге қарай ұмтылып келе жатқан өзге қуғыншыларды байқадым.
Уильямды ұстап тұрып, аспанға оқ аттым. Адамдардың бәрі жерге жата қалды.
Біз тағы да тар көшелерді бойлап қаша жөнелдік және шөлдалаға шыққан кезде бір-
ақ тоқтадық.
–
Былай қарай жүріңіз! – дедім мен Уильямға.
Оның менімен қарсыласуға уақыты да, шамасы да жоқ еді. Сонымен, біз қараңғы,
беймәлім, бірақ ашық кеңістікке аяқ бастық.
Құмға малтығып бір сағаттай жүгірдік. Айналаның бәрі құм еді. Ол мұрнымызға
кіріп, аяқ киімдерімізге толып алды. Біз енді жүгіріп емес, аузымызды аша тыныстап
қыбырлап келе жаттық.
–
Тыныс алыңыз, тыныс алыңыз, бірақ тоқтамаңыз! – дедім Уильямды
асықтырып. – Жоспарым іске асқан секілді. Олар әлі қаланы тінтікілеп жүрген
секілді, бірақ бізге бәрібір асығу қажет.
–
Бахрейнге дейін әлі алыс па?
52
–
Ол жайында сұрамай-ақ қойғаныңыз дұрыс.
Қарқынымызды баяулатпауға тырысып, үнсіз келе жатырмыз. Мен қуғыншылардан
ұзап кетуге тиіс екенімізді түсіндім. Олар бізді көлікке мініп қуалай қоймайды, себебі
құмда тіпті «БМВ»-нің өзі жүре алмайды. Бірақ олар бізді оңайлықпен жібере қоймайды.
Біздің қалай қарай кеткенімізді олар көп өтпей-ақ түсінеді.
Кенет біздің артымыздан адамдардың дауыстары естілді. Біз тоқтап, қараңғылыққа
көз тіктік.
–
Бұл солар, – дедім мен.
Уильям қорқып кетті, бірақ қорқынышқа беріліп отыратын уақытымыз жоқ еді. Бұл
уақытта бұл жерді білмейтін бізге жүру тіптен қиындап кеткен еді. Аяқтарымыз құмға
малтығып, әзер жүріп келе жаттық. Мен тек бір нәрседен: құмды дауылдың бас көтеруінен
қорықтым.
–
Анау не? – деп сұрады Уильям келесі құм төбеден асып түскенімізде.
Мен қараңғылыққа көз тіктім. Жылтылдаған оттар, шатырлар мен жануарлардың
сұлбалары байқалады.
–
Бәдәуилер.
Бұл біздің жалғыз мүмкіндігіміз еді. Мен ерте ме, кеш пе, қуғыншылардың бізді
бәрібір ұстайтындарын түсініп, Уильямның мүлде ұнжырғасы түсіп кеткенін көрдім.
Соңғы күшімізді жиып, құм төбенің келесі бетіндегі әлгі оттарға қарай жүрдік.
Ол жерге жеткенімізде түйелердің жанында бір нәрселер істеп жүрген адамды
көрдік. Жанына жеткен кезімізде ол бізді күлімсіреп қарсы алды. Біз үшін бұл күтпеген
жағдай еді! Мен бұл жерден өзімізге достық пейілмен қарайтын адамды кездестіруді еш
күтпеген едім. Онымен арабша сөйлесуге талпындым. Ол ағылшынша тәп-тәуір білетін
болып шықты. Бұл да мен күтпеген нәрсе болатын.
–
Не болды, мырзалар? – деді ол сол күлімсіреген қалпы.
–
Біз өте ауыр жағдайға тап болдық... – дедім мен ентігімді әзер басып. – Бізді
біреулер қуалап келеді. Олардың бізді өлтірмекші.
–
Ал сендер не істеп қойып едіңдер?
–
Біз жаман еш нәрсе істеген жоқпыз... – деп бастадым мен.
Жағдайды егжей-тегжейлі баяндағым келген жоқ, бірақ, қуанышқа орай, бәдәуи
осы да жеткілікті дегендей қолын бір сілтеді.
–
Жарайды, – деді ол. – Сіздер маған залалсыз адамдар сияқты болып
көрінесіздер. – Ол тағы да күлімсіреді де, бізді үлкен шатырлардың біріне алып
келді. – Сіздер бүгін менің қонағымсыздар. Ішіп-жеңіздер, тынығыңыздар.
Оның шаруамызды қазбалап сұрамағанына разы болған мен Уильямға қарап,
иығымды қозғадым. Ол шаршағанынан жығылудың аз алдында тұр. Үнсіз бәдәуидің
артынан ілесіп, шатырға кірдік. Онда бірнеше еркек ортақ құбырдан қорқор шегіп отыр
екен. Олардың бәрі бізге мойындарын бұрып қарады, бірақ ешқайсысы ештеңе деген жоқ.
Біздің досымыз біреуге арабша бір нәрселерді сыбырлады және арада бір минөт өтпей-ақ
алдымызға шелпек нан, бал қосылған қойдың ірімшігі мен жасымықтан жасалған тағам
алып келді.
Тамақтанып болғаннан кейін, гашиштің иісі өтіп кеткен Уильям бірден ұйықтап
кетті. Жаңа досымыз менің жаныма келіп отырып, аты-жөнінің Хашанни екенін айтты.
Мен өзге еркектер қабақтарын түйіп отырғанда, Хашаннидің көңілдене әңгіме айтып және
үнемі күлімсіреп отырғанына назар аудардым. Хашанни ағылшынша жақсы, бірақ
53
акцентпен сөйлейді екен, сондықтан оның айтқандарының мәнін түсіну үшін күш салуыма
тура келді. Сәлден соң ол әңгімесін қайтадан жалғастырды.
–
Сен қолайсыз жағдайға тап болғандарыңды айттың. Сендер үш күн осында бола
аласыңдар. Біз сендерді қорғаймыз және ақысына ештеңе талап етпейміз.
Мен:
–
Рахмет... – дей беріп едім, ол сөзімді бөліп:
–
Бірақ үш күн өткеннен кейін сендер не істің мән-жайын түсіндіресіңдер, не –
бұл жерден кетесіңдер. – Ол сәл уақытқа үнсіз қалды. – Әйтпесе біз сендерді
өлтіреміз. Бәдәуилердің салты осындай.
Осы сөздерді айтқан Хашанни маған қарап күлімсіреп қойды, бірақ мен мұның
қалжың еместігін жақсы түсіндім. Оған иіліп тағзым еттім:
–
Қонақжайлықтарыңыз үшін рахмет.
Хашанни күліп жіберді және қуаныштан қолдарын шапалақтады.
Қатты шаршаған мен бірден ұйықтап кеттім және орнымнан ұйқым әбден қанып
тұрдым.
Келесі күні Уильям екеуміз Хашаннидің жанынан ажырамай, оның түйелерді қалай
күтіп-қарағанын бақыладық. Кун-фу ұрыс өнеріне жаттықан кезімде мен көптеген
жануарлардың әдеттері мен қимылдарын үйрендім, бірақ дәл осы түйелер мен үшін құпия
еді. Бір кезде аңдаусызда қолым жем салынған қапқа тиіп кетті. Есімді жиғанша түйе
маған қарай тұра ұмтылып, бетіме былш еткізіп түкіріп жіберді. Мен оны үркітуге
тырысып айқай салдым, бірақ түйе тістерін ақситып, мені тістеп алуға талпынды. Не
істерімді білмеген мен тұра қаштым, ал түйе соңымнан қуды. Мен қашқан күйі
шатырлардың бірінінің ішіне кіріп, әрі қарай не боларын күтуге мәжбүр болдым. Бірақ
Уильям мен Хашаннидің және бірнеше еркектердің ішек-сілелері қатқан күлкілерінен өзге
ештеңе ести алмадым.
–
Ол сені жеміне таласып тұр деп ойлап қалды, – деді маған көмекке келген
Хашанни. Ол күлімсірегенінен бір танар емес. Ол ашулы түйені қазыққа байлап
жеткен кезде хайуан басын қаптағы жемге тықты. Хашанни екеуміз бір-
бірімізге барлай көз тастадық.
–
Сәлден кейін мен сіздерді оған мініп жүруге үйретемін, – деді ол.
Алғашында мен мұны құптай қойған жоқпын, бірақ содан кейін өзіміздің бұл шөл
даладан тек осы жануарлардың көмегімен ғана шыға алатынымызды түсіндім.
–
Бір кездері осыны есімізге алып күлетін боламыз, – деді Уильям біз түйелерге
мініп, алдымызда әндетіп бара жатқан Хашанниге еріп келе жатқан кезімізде.
–
Мені жай ғана Лоуренс деп атаңыз, – дедім мен оған.
Уильям екеуміздің бәдәуидің қорғаны астында жүргенімізге екі күн болды. Осы
уақыт аралағында біз олардың өмір-салттары жайлы көп нәрсеге қанықтық. Бұлар өте
салмақты және діншіл адамдар екен. Шынайы мұсылман ретінде олар күніне бес уақыт
намаз оқиды және тамақ ішер алдында үнемі Аллаһқа мадақтау сөздер айтады. Хашанни
бізге шатырлардың бәрін аралатып көрсетті. Әйелдер мен балалар тамаша кілемдер
тоқумен және түрлі қолөнер бұйымдарын тігумен айналысады екен. Олар бұл заттарын
жақын маңдағы қалашыққа апарып сатады. Біз бәдәуилердің өз ісмерліктерінің арқасында
осындай шөл далада өздерін қажетті нәрселердің бәрімен қамтамасыз етіп отырғандарын
көріп қайран қалдық.
54
Хашанни бізді қонақ еткеніне шын жүрегінен қуанды. Ол бізді түйеге мінуді
үйретті және Уиляммен оның кәсібі туралы ұзақ әңгімелесті. Бірақ мен оның ескертуін
есімнен шығарған жоқпын. Үшінші күні таңертең біз шөлдалаға қарай жолға шықтық. Екі
жүз долларға біздің әрқайсымызды түйемен, Катарға дейін жетуі тиіс сумен және азық-
түлікпен қамтамасыз етті. Хашанни бізге ол жерден көмек көрсететін сенімді адамды
қалай табуымызға болатынын егжей-тегжейлі түсіндірді.
–
Үйге оралып келе жатқаныңды сезіну қандай тамаша... – деді Уильям қалаға
таяп келгенімізде. Шынын айтқанда, алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім
білмейтін. Бірақ бір нәрсеге сенімді едім: Уильямды үйіне аман-есен
жеткізбейінше мен тыныштық таба алмаймын.
–
Кіріңіздер, кіріңіздер! – деді толық денелі жайдары адам. Оның да күлімсірегені
бәдәуи досыныкіне ұқсайды екен. Бұл адам да ағылшын тілін аса жетік дерлік
дәрежеде біледі екен. Бөлме ішінен інжір мен гашиштің иісі шығады. Бұл жер
шағын туристік бюро болса керек. Осы жерден біз Сандрамен байланысқа
шықтық. Ақырында әлгі адам бізге Катардан Бахрейнге жүретін кемеге екі
билет берді.
–
Бүгін осында түнеп шығасыздар, – деді ол. – Кеме ертең таңертең жүреді.
–
Иә, бұл саған «Меридиан» емес, – деді Уильям әлгі адам бізді екі тар төсек
тұрған қораштау бөлмеге әкеліп кіргізге кезде. Бірақ біздің бөлме таңдайтындай
жағдайымыз жоқ еді. Араб біздің жуынуымыз үшін аздаған су берді. Біз
жуынып, қырындық та, демалуға жаттық.
Кемеде адамдар тым көп екен. Көпшілігі жан-жануарлар жетелеген шаруалар. Бір
сағаттай жүргеннен кейін ақыры Бахрейнге келіп жеттік. Бізді Юлиан атты неміс күтіп
алып, жасырын пәтерге алып барды. Сол жерден қажетті құжаттар мен ұшаққа билеттер
алдық.
–
Басты бағыттардан сіздерді іздестіріп жатқандары анық, сондықтан ондай
жерлер сіздер үшін қауіпті болады, – деді Юлиан.
Мен билеттерге көз жүгірттім. Болгар авиажелілері екен. Америкаға күрделі
жолдармен баруымызға тура келеді. Мұның Сандраның ісі екенін түсіндім. Жақсы қыз.
Бұл шектен асқан сақтық болуы мүмкін, бірақ ол қатерге бас тікпейді. Құжат бойынша,
мен енді италиялық кәсіпкер Антонио Каррераспын, ал Уильям – Нидерландтық Уолтер
Шмидт.
Үшінші күні біз аман-есен Нью-Йорктегі Кеннеди әуежайына келіп қондық.
Уильям маған атқарған жұмысым үшін мол ақы төледі.
–
Сауд Аравиясына енді аттап баспаспын, – дедім мен оған көзімді қысып. Бірақ
арада көп өтпей-ақ, тағдырдың тәлкегімен осы елге қатысы бар жаңа қызметке
тұрдым: Сауд Аравиясының Ұлыбританиядағы, Италиядағы және Кипрдегі
елшісі Амин Файедтің оққағары болдым.
Достарыңызбен бөлісу: |