Жолбарысты жуасыту



Pdf көрінісі
бет1/15
Дата03.03.2017
өлшемі1,34 Mb.
#6932
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15


 
 


 
 
Тони Энтони
 
 
Анджела Литтлдың қатысуымен
 
Жолбарысты жуасыту
 
Энтони Т., Литтл А.
 
Жолбарысты жуасыту
 
Бұл кітап – кун-фудан үш мәрте әлем чемпионы болған, Иса Мәсіхке деген сенімге  
өте ұзақ ауыр жолмен келген адамның өмірбаяны. Оның әңгімесі адамның сынақтар мен 
қиындықтары арқылы қалай Құдайға келетіні және адам өз жолындағы кедергілер деп 
есептеген нәрселердің бәрін қалай игілікке айналдыратынының тамаша дәлелі.
 
 
Тони Энтони
 
Анджела Литтлдың қатысуымен
 
  
 
 
Жолбарысты жуасыту
 
 
Тозақтың тереңінен даңқтың биігіне
 
 
 
ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ КУН-ФУ ШЕБЕРІНІҢ БАСЫНАН ӨТКЕН 
ШЫНАЙЫ ОҚИҒА
 
 
 
Жолбарысты қолға үйрете алсаң – айдаһарды жеңе аласың.
 
Қытай мақалы
 
 
«Бұдан кейін мен көктен түсіп келе жатқан, қолында түпсіз тұңғиықтың кілті мен ауыр 
шынжыр ұстаған бір періштені көрдім. Ол айдаһарды ұстап алып, оны мың жылға 
шынжырлап тастады. Айдаһар — сол ежелгі жылан; ол ібіліс және әзәзіл шайтан деп те 
аталады.
 
Әзәзілдің бұдан былай, мың жыл өткенше, халықтарды алдай алмауы үшін, 
періште оны түпсіз тұңғиыққа лақтырып жіберіп, есігін кілттеп, мөрмен бекітті. Ал осы 
кезең өткеннен кейін әзәзіл шайтан біраз уақытқа босатылуға тиіс» (Аян 20:1-3).
 
 
Алғыс
 
Бұл кітаптың жазыла бастағанынан оның басылып шыққанына дейінгі жолды мен 
жалғыз жүріп өткен жоқпын, бұған көптеген адамдар өз үлестерін қосты.
 
Бірінші кезекте мен жарым Сара Энтониге оның даналығы үшін алғысымды 
білдіргім келеді. Ол менің ең жақын досым, шабыт берушім және ең талғампаз сыншым 
болды және солай болып қала береді. Жан ләззатын сыйлайтын, ал кейде қатты 
шаршататын қызметімде ол мені үнемі қолдап, алға жылжуыма жігер беріп келеді. Бұған 
қоса мен жұмыстан оралғанда үнемі: «Әке, біз сені сағындық», – деп қарсы алатын 
ұлдарым Этан мен Джейкобқа қарыздармын. Олар мені құшақтап, өзімнің оларға бірінші 
кезекте ойындарының теңқұқылы мүшесі және қызықты әңгімешіл ретінде қажет екенімді 
есіме салып отырады. 
 
Анджела Литтлға айырықша ризашылығымды білдіремін, себебі оның ортақ 
ісімізге деген адалдығы болмағанда, бұл кітап жазылмаған болар еді. Шынымен де, 
мұндай қосымша автор туралы тек армандауға болады. Біз бір-бірімізді қас-қабағымыздан 
түсінетінбіз және оның сарқылмайтын құлшынысы маған үлкен жігер беретін. Анджела, 
осы істі қолға алып, оның соңына дейін жеткізгенің үшін рахмет. Менің кім болғанымды 
және енді кімге айналғанымды дұрыс түсіне білгенің үшін рахмет. 
 


 
Маған достық көмегін көрсетуден ешқашан бас тартпаған Анджеланың күйеуі 
Филге және біраз уақыт анасының назарынан тыс қалуға мәжбүр болған олардың ұлдары 
Самуэльге алғысымды айтуға тиіспін. Бұл жерде мен осы кітапты жазу барысында 
Анджелаға барынша қолғабыс көрсеткен достары мен туыстарын және олардың 
отбасыларын, әсіресе Гордон және Дороти Литтлдерді, Тони және Линда Смиттерді, 
Кристофер және Линда Макинтайрлерді еске алмай кете алмаймын. Оларға көмектері 
және қолдаулары үшін рахметімді айтамын. 
 
Сондай-ақ осы жобаға деген сенімдері үшін Малколм Даунға және «Аuthentic 
Publishing» баспасының барлық қызметкерлеріне алғысымыды айтамын. 
 
Кітап жазу кезінде менен кеңестерін аямаған бауырластар кеңесіне, атап айтқанда, 
Роберт Лэндке, Мартин Эдиге, Сара Энтониге, Дейвид Коулманға, Дейвид Дьюэллге, 
Патрик Рассел-Моттаға,Тина Мэйге, Джейн Кристианға және Лука Добсонға шын 
жүректен алғысымды білдіремін. 
 
Қымбат кеңестері менің өміріммен жұмысыма дұрыс бағыт беріп отырған 
жетекшілерім – Джордж Верверді, Стивен Химбериді, Гвин Джорданды, Дейвид Чадвикті 
және Пол Уилкоксты атай кетуге тиіспін. 
 
Сонымен, оқырман, сіздерге алғысымды айтқым келеді. Менің өмір тарихымды 
оқып шығуға уақыт тапқаныңыз үшін рахмет.
 
 
 
 
 
 
 
                                 Тони Энтони
 
 
 
1 тарау
 
Шейн Д’Соузды қазір туған анасы да танымас еді. Түрме қарауылдары оның сау-
тамтығы қалмаған денесін камераның суық бетон еденінің үстімен сүйретіп әкеліп 
зембілге салды. Ол әбден таяқ жеп, жараланған және зорланған болатын. Түрме 
бөлмесінің бетон едені алқызыл қанға малшынған. Оны түрменің аурухана орналасқан 
бөліміне қарай алып жүрген кезде бүкіл дәлізде қанды із қалды. Тұтқындар аяқтарын 
тырпылдатып өз орындарына тарқады. Шри-Ланкалық жас жігітті кімнің таяққа 
жыққанын біздің бәріміз көріп тұрдық, бірақ ешқайсымыз жұмған аузымызды ашқан 
жоқпыз. Басшылыққа да бәрібір еді. Бар болғаны Б блогы бір қылмыскерге кемиді, бар 
болғаны сол-ақ. Оның орнына басқа біреу келеді. Ешқандай тергеу болмайды, яғни, ешкім 
жаза тартпайды. Менің досым әділдікке қол жеткізе алмайды. 
 
Никосияның Орталық түрмесінде болған бұл оқиға қалыпты жағдай болатын. 
Біздің арамызда кісі өлтіргіштер, есірткі сатумен айналысқандар мен қарақшылар, 
кәмелетке толмағандарды зорлағандар, ұрылар мен бұзақылар бар еді. Қысқасы, өңшең 
бұзылғандар, ешкімге керексіз қоқыс ретінде кипр түрмесіне қамалғандар. 
 
Түрмеде белгілі бір ережелер бойынша өмір сүру керек. Бұл жерде әркім зорлық-
зомбылық жарғысы бойынша өмір сүретін. Бұл түрменің қатаң өмірлік қажеттілігі 
болатын. Өте  абай болып жүруге тура келетін. Әркім өз бетінше өмір сүретін және бұл 
жерде қан бар болғаны көңіл көтеруді қалағандықтың кесірінен ғана төгілетін. Бірақ неге 
екені белгісіз, Шейн екеуміздің арамызда бір байланыс бар еді. Көз алдымда болып 
жатқан сұмдыққа қарап тұрған мен бойымда қатты ашудың бас көтеріп келе жатқанын 
сезіндім. 
 
Түрмедегілер оны Аль Капоне, ал гректер – «Алькапони» деп атайтын. Ол аса 
сүйкімсіз, жексұрын адам еді. Оның шын тегінің кім екенін ешкім білмейтін. Ол нағыз 
есалаңның өзі болатын. Сот органдары мұндайларды есі ауысқандарды емдейтін арнайы 


 
емханаға жіберуді «ұмытып» кететін; сондықтан жарымес қылмыскерлер өзгелермен бірге 
жазасын өтеп жүре беретін. Оларға ешқандай заң жүрмейтін. Алькапони осындай 
қылмыскерлердің ішіндегі ең қарғыс атқаны еді. Жабайы кипрлік ешкіммен араласпай, 
оқшау жүретін және өз тілінде ғана сөйлейтін. Ол адам өлтіргені және топ болып қыз 
зорлауға қатысқаны үшін жазасын өтеп жатқан болатын. Егер өзгелер шөп шегумен 
немесе есірткі егумен, ұсақ-түйек ұрлық жсаумен (көбіне олар бір-бірлерінен шылым 
немесе шоколад ұрлайтын – түрмеде мұның екеуі де ақшаның рөлін ойнайтын)  көңіл 
көтеретін болса, Алькапони өз уақытын өзге тұтқындарды ұрып-соғып, оларды жарымжан 
етумен өткізетін. Бүкіл өмір бойына түрмеге қамалған ол дәл бір біреудің бұйрығын 
орындағандай біздің өмірімізді тозаққа айналдыруға әуес еді. 
 
Алькапони Шейнді өлімші етіп сабап тастаған күні мен досым үшін кек алуға серт 
бердім. Алькапонидің бойы менен жарты метірдей ұзын еді. Бұлшық еттерін 
шынықтырғаны сондай, оның қолдарының жуандығы менің аяқтарымның жуандығымен 
бірдей деуге болатын еді. Бірақ мен оған шамамның жететініне сенімді болдым. Мен оны 
жалаңаш қолмен-ақ жер жастандыра алатынымды, бірақ алдымен оны әрбір соққысы 
үшін, әрбір жексұрын ісі үшін, Шейннің қанынының әр тамшысы үшін азап шегуге 
мәжбүр ететінімді жақсы білетінмін. 
 
Келесі күндері түрмеде бір нәрсені күткен, еңсені басатын ауыр жағдай орнады. 
Менің Алькапониден кек алатынымды бәрі түсінді. Қазір мені ештеңе де тоқтата 
алмайтын еді. Мен тек қолайлы сәтті күтумен болдым. Арада екі апта өтті, ал оған істеген 
барша істері үшін азап тартуға мәжбүр етуді ғана ойлаған менің ашуым күн санап арта 
берді. Мен үшін жай ғана өлтіру аздық ететін еді. Оны жалбарына кешірім сұрауға 
мәжбүрлеуді және жанын жаһаннамға тек содан кейін ғана жіберуді қаладым. Мен кун-
фудың халықаралық дәрежедегі шебері болатынмын және оны еш қиналмай-ақ сұлатып 
салатын күшім бар. Мен үшін бұл түк емес. Ол кезде мен көптеген өзге тұтқындар сияқты 
өзіммен бірге ұстара алып жүретінмін. Біз оларды тіліміздің астына немесе іздеп табу 
қиын басқа да қолайлы жерлерге жасырып қоятынбыз. Бірақ бұл жағдай түрме 
қызметкерлерін еш алаңдатпайтын секілді. Олардың біреулері бұдан садистік ләззат алса, 
екіншілері көз жұма қарайтын. Тұтқындардың бірінің екіншісін бауыздап жатқандарында 
олардың не шаруалары бар? 
 
Күтпеген жерден қараңғы, бос дәлізден Алькапонидің: «Gammodi bastardos!» деген 
қырылдаған дауысы естілді де, қатты соққы тиген мен қабырғаға барып бір-ақ соғылдым. 
Күтпеген жерден соққы жасауға мүмкіндік бергенім үшін өзіме ашуым келді және 
сонымен бірге қаным қызып шыға келді. Осы бір жауызбен айқасатын сәт ақыры келіп 
жетті!
 
Әлгі оңбаған мұрнын бетіме тақап, бар салмағымен басқан кезде оның жағымсыз 
демінен жүрегім айнып кетті. Ұстараның жүзі тамағыма тақалды – енді ол кез келген сәтте 
күре тамырымды кесіп жібере алады. Мен бос тұрған сол жақ қолыммен дереу оның 
жылтырап тұрған бетінен шап бердім, бас бармағым оның көзіне барып тірелді; мен оның 
көзін шығарып жіберуге даяр едім. Біз ұстаса кеттік, мен бәрін тез әрі дәл ойластырып, 
ешқандай артық қимыл жасаған жоқпын. Мен Алькапонидің кез-келген сәтте тамырымды 
кесіп жібере алатынын түсіндім, бірақ қазір мен үшін мұның еш маңызы жоқ еді. Иә, 
менің ажал құшуым мүмкін, бірақ алдымен ол өлуі тиіс.
 
Мен Алькапониді жер жастандыруды аңсадым. Мен үшін оның көзін ағызып, содан 
кейін құлағын шайнап тастау түкке тұрғысыз нәрсе еді. Менің бойымды ашу кернеп 


 
тұрған кезде кенеттен басқа бір нәрсені сезіндім. Бір сәтте менің бойымды белгісіз бір 
сезім жайлап, жан дүниемде күрес жүре бастады. Оның Алькапониге тікелей қатысы жоқ 
еді. Бұл күрес менің өз бойымда жүріп жатты. Мен өз бойымды жайлап алған және мені 
қатігез қанішерге айналдырған ырықсыз сезімдерім әрекет етуін тоқтатқан жаңа кеңістікке 
тап болғандай болдым. Назарымды Алькапонидің құлағына аударуға тырысқан кезімде 
таңертең оқыған нәрсем есіме түсе кетті. Бір адамға жалған айып тағып, түрмеге қамайды, 
сонда досының кегін қайтаруды қалаған досы айыптаушының құлының құлағын кесіп 
алады. Алькапонидің құлағы менің аузымнан бес-ақ сантиметр қашықтықта тұр.
 
«Тони, бол, тістеп ал. Бұл саған қиын емес қой», – деп сыбырлады ішкі дауысым. 
 
«Жоқ, тоқта... жетеді, қолына семсер алған семсерден ажал құшады...» Бұл қайдан 
шыққан дауыс?
 
«Бол, оның құлағын тістеп ал! Нені күтіп тұрсың?
 
Жан дүниемде қорқыныш пен кек алу сезімі күресіп жатқанда Алькапони бос 
қалған қолымен шабымнан бар күшімен ұрып жіберді. Саусақтарым қатты бет терісін 
керіп жатқан кезде ол маған қап-қара шірік тістерін көрсете мысқылдай күлімсіреді. Сол 
сәтте мен тағы:
 
«Нені күтіп тұрсың? Шейн секілді пышақтап, содан кейін зорлағанын қалайсың 
ба?» – деген дауысты естідім. 
 
Бірақ мені бір нәрсе ұстап тұрды. Оның не екенін түсіне алмадым. Қабырғаға 
тақалып тұрғаныма қарамастан, мен оны қатты қысып ұстап тұрдым, бірақ келесі қадамды 
жасауыма бір нәрсе ерік берер болмады. Бойымда екі дауыс күресіп жатты. Уақыт өте 
берді, Алькапонидің бетінен бір тамшы тер домалап түсті. Сол кезде маған уақыт тоқтап 
қалған секілді болып көрінді. Дауыстардың таласы менің бүкіл болмысыма қатысты еді. 
Олар менің өмірімнің мәнін, еркімнен тыс түскен жаман жолымды талқыға салды. 
 
Мен қай дауыстың жеңуі тиіс екенін түсініп тұрдым. Бірақ содан кейін не болады? 
Мына есерсоқтың жәбіріне көніп, досым секілді жарымжан болып қалмақпын ба? Әлде, 
өте табанды осы бір жаңа сезімге, жаңа дауысқа құлақ асуға тиіспін бе? Кенет мен 
күтпеген жерден сөйлей жөнелдім. Бұл салмақты, нақты және дәлелді сөздер еді. 
Алькапони тек грекше ғана түсінетін, ал сол кезде мен ағылшын тілінде сөйледім. Сөйлеп 
тұрған кезде мен бір нәрсені күте, Алькапониді ұстап тұрған қолымды сәл босаттым. 
 
Сол сәтте Алькапонидің денесі электр тоғы ұрғандай сілкініп кетті. Терге 
малшынған денесі дірілдей бастады. Қараңғыда оның қорқынышқа толы көздері жарқ ете 
қалды. Мен шабуылға дайындалдым. Бірақ осы сәтте Алькапони күтпеген жерден 
темірдей құрсауын босатып жіберді де, мен босап шықтым. Арамызды бірнеше сантиметр 
ғана бөліп тұрған біз бір-бірімізге көзімізбен ішіп-жей қарап тұрып қалдық. Осы сәтте 
Алькапоне кенеттен кілт кері айналып, қаша жөнелді. Ол қолдарымен басын ұстап, дәл бір 
ұрғандай жүгіріп бара жатты. Алькапонидің артынан қарап тұрып, оның түрменің бетон 
қабырғаларымен жаңғырған жантүршігерлік дауысын естідім. 
 
Мойнымды сипап, денеме жабысып қалған Алькапонидің ұстарасын алдым. 
Терімде ұстараның ізі де қалмапты.
 
 
2 тарау
 
Үйімізде осы бір бейтаныс адам пайда болған кезде мен төрт жаста едім. Біздің 
үйге ешкім келмейтін, сондықтан есік қоңырауы шылдырлаған кезде жоғары бөлмеден 
жүгіріп шығып, баспалдықтың жанында таңдана тұрып қалдым. Әкем әлгі адамды ішке 
кіргізіп, қонақ бөлмеге ертіп әкелді. Бейтаныс адам менің анам секілді қытайлық болып 


 
шықты. Мен ақырын басып төменге түстім де, жартылай ашық тұрған есіктен оларды 
бақылап тұрдым. Үлкендердің өте ақырын сөйлегендері сондай, мен олардың не айтып 
жатқандарын ести алмадым. Бірақ есесіне маған бейтаныс адамның бет-жүзі айқын 
көрініп тұрды. Ол түсі қатқыл, ұнамсыз адам екен. Менің ойымды анамның:
 

 
Антонио, бері кір, – деген дауысы бөліп кетті. 
 
Бейтаныс адамның жүзіне қарамауға тырысып оның жанынан тез өтіп, әкемнің 
аяқтарының артына жасырынып қалуды ойладым. Бірақ анам мені өзіне қарай тартып 
алды. Мен не істерімді білмей қалдым. Әкеме көз салып едім, ол неге екені белгісіз пешке 
қадала қарап қалыпты. Көздеріне бір нәрсе түсіп кеткендей тынымсыз жыпылықтатып 
отыр. 
 
Бейтнаыс адам мені қолымнан шап беріп ұстай алды. Мұндай әрекет 
күтпегендіктен селк ете қалып, оның қолынан босанып шығуға тырыстым. Бірақ ол мені 
мықтап ұстап алып, тырп еткізген жоқ. Анам маған: «тыныш» дегісі келген түрмен 
жазғыра қарады. Мен бұзықтық жасаған кезде ол маған үнемі осындай көзқараспен 
қарайтын. Содан соң анам сол бейтаныс адамның қолына шағын сөмкені ұстатты. Мен 
есімді жиып үлгергенше ол екеуміз даладан бір-ақ шықтық. Бақтың арасындағы 
сүрлеумен алыстап бара жатқан кезімізде әке-шешем мені шығарып салу үшін тіпті 
сыртқа шыққан да жоқ. 
 
Одан арғы саяхатымыз есімде еміс-еміс қана қалыпты. Бейтаныс адам ләм-мим деп 
тіл қатпағандықтан, мен қайда бара жатқанымызды білген жоқпын. Әуежейға келген кезде 
мен мазасыздық пен қорқыныштан дірілдей бастадым. Мүмкін, мені әдеттен тыс оқиғалар 
күтіп тұрған болар, бірақ мен сол кезде шынымен де қатты қорықтым. Біз үнсіз ұшаққа 
міндік. Уақыт өткен сайын менің қорқынышым да ұлғая берді. Ұшудың ұзаққа созылғаны 
сондай, ол ешқашан аяқталмайтын секілді болып көрінді. Әрине, көп өтпей-ақ артымнан 
әке-шешем келіп, мені алып кетеді. Біз үйге қайтып ораламыз және бәрі қайтадан бұрынғы 
қалпына түседі. Ол кезде мен өзіміздің Қытайға ұшып бара жатқаымызды білген жоқпын.
 
Төрт жастағы менің ата-анамның өмірлеріндегі барлық жағдайларды түсіндім қиын 
дау еді. Бірақ анық білетін бір нәрсем анам мені жек көретін. Ұшақтың ішінде отырғанда 
анамның маған не үшін осынша ашуланғанын түсіне алмадым. Бұл жолы нені дұрыс 
істемей қалдым екен? Мен өзімнің анамның өмірін талқан еткенімді сезетінмін. Ол маған 
осылай дейтін. Сірә, ол маған үнемі осы үшін ашуланған болар.
 
Осы бейтаныс адам келерден аз уақыт бұрын біздің үйімізде мен ешқашан ұмыта 
алмайтын бір оқиға болды. Біз Уэст-Эндегі шағын пәтерден Лондонның солтүстік-
батысындағы Эджвер қалашығындағы үлкен үйге жаңадан қоныс аударған болатынбыз. 
Мен үшін бұл үй тым үлкен еді, сондықтан қуана айқайлап бөлмелерден-бөлмелерге 
жүгіріп жүрдім. Әке-шешем өз жатын бөлмелеріне арнап үлкен төсек сатып алған. Мен 
сол төсектің үстіне шығып ойнауға бел байладым. Оның үстінде секіріп, жаңа 
жамылғының үстіне басымды тыға құлап ойнап жүрдім. Кенет жатын бөлмеге анам 
жүгіріп кірді.
 

 
Дереу тоқтат, ақымақ бала! – деп айқайлап менің аяғымнан қатты ұрып жіберді 
де, содан 
 
соң айнаның алдына барып, беті-басын ретке келтіре бастады. Ол әдетінше айнаның 
алдында ұзақ отырды, еріндерін бояп, жасанды кірпіктерін тақты. Осы арада еденге 
түспек болған менің аяғым жамылғыға оралып қалды да, мен қайтадан төсектің үстіне 
құлап түстім. Бұған көңілденген мен күліп жібердім.
 


 
 
Анамның жаныма қалай жетіп келгенін байқамай да қалдым. Басымнан қатты 
соққы тиіп, сынған әйнектің сыңғыры естілді. Анам қатты айқайлап, мені небір сөздер 
айтып балағаттай бастады. Басым қатты ауырып, көзімнің алды тұманданып кетті.
 

 
Неткен ақымақ едің? – деді ол долдана айқайлап. – Түріңе қарашы!
 
Ол есікті тарс жауып бөлмеден шығып кетті. Ал мен орнымнан қозғала алмай 
жаттым. Иығыма үлкен айнаның жиектемесі киіліп қалыпты, әйнектің ұсақ сынықтары 
бетіме, мойныма қадалып қалған. Әйнек кірген жерлерден қан шығып тұр. Аурудан 
қинала әйнектің үлкен сынығының бірін бетімнен суырып алуға талпынған кезімде қан 
одан әрмен саулай ақты.
 
Мен ұшағымыздың табаны жерге тиген кезде оянып кеттім және бейтаныс адам 
екеуміз ұшақтың баспалдағымен түсіп келе жатқан кезде есімді әбден жинадым. Біз 
қайдамыз? Көздерімді уқалағым келген еді, бірақ қолымнан тас қылып ұстап алған әлгі 
адам бұған ерік бермеді. Менің жылағым келді. Айналадағы адамдар бір нәрселер айтып 
жатыр, бірақ мен олардың бір сөздерін де түсіне алмадым. Олардың дауыстары ащы және 
бір түрлі болып естілді. Бойымды мазасыздық пен үрей биледі. Бұл адам кім? Ол мені 
қайда алып келді? Айналамызда қолдарына шамадан, сөмке ұстаған адамдар қаптап жүр, 
бірақ бұл жер біз саяхатымызды бастаған әуежейға еш ұқсамайтын еді. Ауа темекінің 
түтіні мен белгісіз бір иістерге тұнып тұр. Ұйқымды әлі толықтай аша алмаған және 
бойымды үрей кернеп, мен өксіп жылай бастадым. Бейтаныс адам:
 

 
Т-с-с! – деп қолымды қатты қысып жіберген сондай, оның тырнақтары теріме 
батып кетті. 
 
Тән ауруы мен қорқыныш менің өксігімді бірден тыйды. Бейтаныс адам мені тағы біраз 
жетелегеннен кейін біз ақыры таза ауаға келіп шықтық. Өзіміздің қаншалықты алысқа 
кеткенімізді мек тек сонда ғана түсіндім. 
 
Әкемді немесе шешемді көремін бе деген үмітпен айналама жалтақтай қарадым. 
Бұл жердегінің бәрі мен үшін жат еді. Халқыда бір түрлі киінеді екен. Айнала у-шу, үрген 
иттердің дауыстары естіледі. Күтпеген жерден алдымыздан қолына құс салатын тор 
ұстаған бір адам пайда бола кетті. Біз тоқтай қалдық. Алдымызда үстіне жеңдері кең, 
жағасы биік жібек шапан киген ұзын бойлы арық адам тұрды. Кейін білгенімдей, бұл адам 
– менің атам екен. Ол кезде бізді ешкім бір-бірімізбен таныстырған жоқ. Ешқандай 
күлімсіреу, сәлемдесу, жылы сөздер болған жоқ. Жай ғана мені көтеріп алды да, атамның 
арбасына сала салды. Осылайша біз түн қараңғылығы астынды жолға шықтық. 
 
Әуежайдан алыстап бара жатқан кезде мен түрлері өзгеше ағаштар мен айнала 
жортып жүрген аңдардың көлеңкелеріне назар аудардым. Мен қорқып келе жаттым және 
жүрек айнытатын әлдебір иістен құсқым келді. (Кейінірек мен мұның атам қолданатын 
лилей сабынының иісі екенін білдім. Қытайлар оны антисептикалық қасиеті үшін жақсы 
көреді. Ал мен оның жағымсыз иісін есіме түссе әлі күнге дейін құсқым келеді). Сол кезде 
мен осы иістен жынданып кете жаздайтынмын. 
 
Сапарымыз ешқашан аяқталмайтын сияқты болып көрінді. Ақыры барар жерімізге 
жеткен кезде, айнала тас қараңғы болып қалған еді. Қақпаның алдында тұрған бір топ 
әйелді байқадым. Сірә, олар бізді күтіп тұрса керек. Мен ол әйелдерге ұнаған жоқпын. 
Мұны мен бірден сездім. Бірақ мен оларға не істеп қойдым? Анам есіме түсті. Арада көп 
өтпей әйелдер маған жақтырмай қарап, күңкілдескен күйлері өз-алдыларына тарап кетті. 
Тек бір әйел ғана қалды. Ол менің әжем Жоумо болатын.
 


 
Үйге кіргеннен кейін денем тоңып, қалтырай бастадым. Бірақ бұған ешкім назар 
аударған жоқ. Қайда келгенімді сұрамақ болып едім, ыммен үндемеуімді бұйырды. Төрт 
жасқа жаңа келген жас бала мен осынау жат, қорқынышты әлемде өзімді мүлде жалғыз 
сезіндім. 
 
Атамның үйі маған бір түрлі ерсі болып көрінді. Алдымдағы қабырға кенет 
жылжып кеткенде мен қатты таңданып қалдым. (Өз пәлсапаларын ұстанатын 
қытайлардың үйлерінде біздің түсінігіміздегі қабырғалар болмайды. Олар тек 
қабырғаларға арналған тіреулер ғана қояды, ал олардың ортасына жылжымалы 
шымылдық және экрандар орнатады). Әжем мені бұрышта тұрған төсектің жанына алып 
келді. Ол менің үйдегі төсегіме мүлде ұқсамайтын еді. Теңселіп тұрған қаңқаның үстіне 
жай ғана бамбук таяқтарын тастай салған. Жатқан кезімде төсек сықырлап кетті және әрі-
бері аунаған кезде ағаштар арқама батып жатты. Жұқа муслин сейсеп денемді әрең жауып 
жатты, бірақ мен оның екі шетін иықтарымның астына бастырып алдым да, бүктеле 
жатқан күйі көз жасыма ерік бердім. Осылай жылап жатқан күйі ұйықтап кеттім. Арада 
көп өтпей мен көз жасыма ие болуды үйреніп алдым. 
 
Бұл жердің адамдары өте ерте, таңғы сағат төрт-бестерде оянады екен. Мені 
уақытында тұруға үйрету үшін Лоуси, яғни, «қожайын» немесе «ұстаз» (маған атамды 
осылай деп атауға бұйрық берілген болатын) бөлмеме кіріп, бамбук таяғымен басымнан 
бір салатын. Арада көп өтпей мен оның аяқ дыбысы естілмей жатып оянып, орнымнан 
тұрып алатын болдым. Бірақ ол мені ұруға қашан да себеп табатын. Лоуси мені аямай 
ұратын. Арада шамамен бір ай өткенде мен бұл таяққа да үйреніп алдым. Лоуси кейде 
бамбуктің жас шыбықтарымен құлақтарымнан қан шыққанша ұратын және не үшін ұрып 
жатқанын ешқашан түсіндірмейтін. Ол маған Ло хань цзюй-ло, яғни, «Жатжерлік 
кішкентай шайтан» деген ат қойды және менің бойымнан «дөңгелек көзділердің рухын» 
қуып шығаруды өзінің борышы санады. 
 
Отбасының ерлер буынының жалғыз мұрагері ретінде атам мен әжем менімен 
мүлде басқаша қарым-қатынас жасауға тиіс еді. Қытайлардың сенімдері бойынша ұл бала 
отбасына сәттілік пен абырой алып келеді және көбіне оларды «кішкентай императорлар» 
деп атайды. Ұлдарды еркелетіп өсіреді, атасы мен әжесі оларды ата-аналарынан да артық 
жақсы көреді. Ал маған келетін болсақ, бар бәле анамның жатжерлікке, Англияда туып-
өскен италияндыққа күйеуге шыққандығында еді. Сонысы арқылы анам бүкіл әулетін 
масқара етті және оның осы қылығы үшін мен құн төлеуге тиісті секілдімін. 
 
Әр күні таңертең мен Лоусиге еріп аулаға шығатынмын, сол жерде ол өзінің 
таңертеңгілік жаттығуын жасайтын. Жұқа муслин шапаннан тоңғаныма қарамастан, 
бірнеше сағат бойы оның осы  қимылдарына тапжылмай қарап тұратын едім. Тағы да таяқ 
жеп қаламын ба деген қорқыныштан тіпті атамның бетіне қараудан қорқатынмын. Кейде 
байқатпай үйдің шатыры мен қабырғаларына көз тастайтынмын. Олар айдаһарлардың, 
қанатты аттардың, феникс құстардың, жалғыз мүйіздердің және әтешке мініп отырған 
әлдебір адамның бейнелерімен безендіріліпті. 
 
Алғаш мен Лоусидің түсініксіз қимылдар жасап жатқанына жай ғана қарап 
тұратынмын. Ол мені терең демалуға: мұрынмен тыныс алып, демді аузымнан шығарып 
үнсіз тұруға мәжбүрлейтін. Бұл ішті пыстыратын және шаршатып жіберетін шаруа еді. 
Күн артынан күн, апта артынан апталар өте берді. Мен біртіндеп атамның сөздерін түсіне 
бастадым. Атамның түсіндіруі бойынша, оның жаттығулары тай-чи жүйесіне қатысты 
екен. Ал онсыз кун-фу ұрыс тәсілін меңгеру мүмкін емес. 
 


 
Біраз уақыт өткенде мен атамның көне ұрыс өнерінің Ұлы шебері екенін білдім. 
Оны ауылдағы адамдардың барлығы сыйлайтын. Біздің үйіміздің ауылдағы үйлердің 
ішіндегі ең үлкені болуының себебі де осында екен. Кейде ол маған таудағы нағыз 
сарайдың өзі секілді болып көрінетін. 
 
Әулетіміздің шығу тарихы есімде қалмапты, бірақ мен атамның Қытайдың 
солтүстігінен шыққанын жақсы білемін. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ол жапон 
басқыншыларының жауыздық әрекеттерінің кесірінен Кантонға (Қытайдағы Гуанчжоу 
қаласының еуропаша атауы). Су әулетінде дүниеге келген ол 1768 жылы, Маньчжур 
династиясы билік жүргізіп тұрған кезде қиратылған Шаолинь ордасынан аман қалған 
«Құрметті бесеудің» бірі – Гун Судың тікелей ұрпағы болатын. Саяси қуғыннан қашып 
жүріп, Гун Су кун-фу өнерімен айналысуын жалғастыра берді. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп 
отырған бұл осы өнердің құпиясы менің атам Чжен Лин Суға дейін жеткен. 
 
Шаолинь монастрьінің тақуасы болып табылатын атам оның бес ғасырлық 
мұрасын мақтан тұтатын. Монастрьде көп жыл тәлім алғаннан кейін ол кун-фу ұрыс 
өнерін үйренудің өз стилі мен тәсілдерін жетілдіре бастайды. Арада көп өтпей-ақ ол кун-
фу өнерінің аса құрметті шеберіне айналады. Бірақ Чжэн Лин Судың ұлы жоқ еді, ал бұл 
Су әулетінің осымен аяқталатынын білдіретін. Осылайша мен оның күтпеген және аса 
үміттенуге болмайтын шәкіртіне айналдым. Мүмкін, мені үйрету барысында аса қатал 
тәсілдерді қолданғаны да осы себептен болар. Ол мен секілді «домалақ көзді», аралас 
қанды адамға өмірде өте қиын болатынын білді. Лоуси маған осы ұлы өнердің көптеген 
құпиялары мен байлықтарын ашып беруге тиіс болды. Ал мен оның тәртіпті шәкіртіне, 
шын мәніндегі жолын қуушыға және қоян-қолтық ұрыстың жеңілісті білмейтін шеберіне 
айналуға тиіс едім. 
 
Ұрыс өнерінің нағыз шәкіртіне айналу – бұл батыс әлеміне белгілі барша өмір 
салтынан өзгеше өмір салтын қабылдауды білдіреді. Мұндай өмір салтының негізі рухани 
тәртіп пен даосизм дағдысы болып табылады. (Даосизм – көне қытай пәлсапасының 
негізгі бағыттарының бірі және сондай-ақ басты канондық шығармасы «Лао-цзы» 
трактаты болып табылатын қытайлық ілім. Бұл ілімнің негізі – он ізгіліктің көмегімен қол 
жеткізуге болатын мәңгілік бақытты іздеу және өсиеттерді сақтау. Даосизмді 
ұстанушылардың басты мақсаты – арнайы диетаның және түрлі дене жаттығуларының 
көмегімен ұзақ өмір сүруге қол жеткізу болып табылады). Ұрыс өнері жайындағы көне 
аңыздар бойынша, кун-фудың негізін буддизмді уағыздаушы үндістандық тақуа 
Бодхидхарма қалаған. Қытайлықтарға ол көбіне Дамо деген атпен белгілі. Аңыздардың 
біріне сәйкес, алтыншы ғасырдың басында Дамо Үндістандағы монастрьден кетіп, Будда 
ілімін тарату үшін Қытайға келеді. Солтүстік Қытай тауларында адасып жүріп ол 
Шаолинь монастрьіне тап болады. Шаолинь қытай тілінен аударғанда өзінің 
майысқыштығының арқасында қатты дауылдарға төтеп бере алатын «жас ағаш» дегенді 
білдіреді. Дамоның талабы бойынша шәкірттерге медитация жасауды үйрете бастайды. 
(Медитация – бұл ойға берілу, ойды бір жерге шоғырландыру, өзіңнің ішкі әлеміне ену. 
Ойдың белгілі бір реті бойынша шоғырлануының арқасында медитация кезінде ішкі дүние 
тыныштыққа кенеледі және сол кезде шындықты бұрмалаусыз қабылдауға және тәннің 
рухпен біртұтас нәрсеге айналуына қол жеткізуге болады). Бірақ сопылар медитациялық 
жаттығулар кезінде жай ғана қалғып отырады. Дамо мұның олардың тәндерінің 
әлсіздігінің салдарынан екенін түсінеді және бірнеше жаттығулар ойлап табады. Бұл 
жайында ол былай дейді:
 

10 
 
«Будда ілімі жанға бағытталған, бірақ жанның айырылмас серігі – тәні бар. 
Сондықтан да мен сендерге күш-қуаттарыңды Буддаға жақындауға қабілетті дәрежеде 
ұстап тұруларыңа көмектесетін тәсілді ұсынамын». 
 
Бұл жаттығулар медитация кезіндегі қимылдардың белгілі бір ретін білдіреді. 
Мұның сыртында, бұл қимылдар бір монастрьден екіншісіне көшіп жүретін сопылар үшін 
қарақшылардан қорғанудың басты құралына айналды. Бірақ, тіпті осындай жағдайлардың 
өзінде Дамо шәкірттерін назарды тәни күшке емес, ішкі «ци» қуатына аударуға шақырды. 
«Ци» сөзін «тыныс», «рух» және «өмірлік күш-қуат» деп аударуға болады. 
 
Дәл осы ци қуатын дамыту даос шығармашылығының медицина, пәлсапа және 
сондай-ақ ұрыс өнері салаларының негізі болып табылады. Сол бір ұзақты күндерде мен 
атамның ауласында сағаттар бойы тыныс алу жаттығуларымен айналыстым және кейін 
бұл менің рухымның күшті болуына көмегін тигізбей қойған жоқ. 
 
Бірде Лоуси маған қызғылт сары түсті киімдер кигізіп, жергілікті шаолинь 
ордасына алып барды. Біз өте биік баспалдақтармен көтеріліп келе жатқан кезде ауада 
тәтті бір иіс аңқып тұрды. 
 

 
Бұл тұтатқан ладан мен шие гүлдерінің иісі, – деді Лоуси. – Біз оларды Буддаға 
деген құрметімізді білдіру үшін тұтатамыз. 
 
Атам біздің атымыздан нығыздалған ладан таяқшаларын бірінің артынан бірін 
тұтатып жатқан кезде мен үнсіз оның артынан ілесіп жүрдім. 
 

 
Оның емдік иісінен сенің ой шабытың өзгереді, байсалды, сабырлы боласың, – 
деп түсіндірді атам. – Ағару жолына түскен кезіңде, сен көкке көтеріліп жатқан 
ладан түтініне ұқсайсың.
 
Содан соң қожайыным мені медитация жасауға арналған қалтарыс орынға қарай 
алып жүрді. Онда бара жатқан жолда мен ұрыс жаттығуларымен айналысып жатқан 
сопыларға ұрлана көз тастаумен болдым. 
 

 
Олар табандары мен тобықтарын жіппен шандып орап алады, – деді ол менің 
қайда қарап келе жатқанымды байқап. – Бұл аяқпен соққылар жасаған кезде 
буындарды қорғау және оларды нығайту үшін қажет. 
 
Олардың табандарымен қалай тез және қатты соққылар жасап жатқандарына қарап 
тұрған өз көзіме өзім сене алмадым.
 

 
Құтанның стилі – бұл шаолинь қоян-қолтық ұрыс өнерінің ең көне және негізгі 
стилдерінің бірі, 
 
– деп бастады атам, ал мен оның бір сөзін де жіберіп алмау үшін құлағымды түре қалдым. 
– Бір сопы маймыл мен құтанның арасындағы шайқастың куәсі болады. Маймыл құтанды 
әншейін ғана екіге бүктей салатын секілді болып көрінеді, бірақ та құс маймылдан 
әлдеқайда әккі болып шығады. Қанаттарын жайып алған ол маймылға қарсы шабуылға 
шығып, оны тұмсығымен шоқып-шоқып жібереді де, содан соң бір жағына қарай секіріп 
кетеді. Осылайша ол ақыры маймылды бас сауғалап қашуға мәжбүр етеді. Сопылардың 
қимылдарының қандай әсем екендігіне назар аударшы, – деді Лоуси. – Олардың бір 
аяқтарымен қалай өте алыстан және қатты теуіп жатқандарына және екінші аяқтарымен 
қалай тұрғандарына қара. Олардың қол қимылдары құтанның шоқып жатқанына ұқсайды.
 
Кейіннен мен құтанның ғана емес, сондай-ақ кун-фудың көптеген өзге де стилдерін 
меңгердім. Қытайдың ұрыс стилдерінің мың жарымнан аса түрі бар. Жануарлардың 
қимылдарын қайталау шаолиньдік кун-фу өнерінің ең көне жаттығуларының бірі болып 
саналады. Адам жануарлардан әлсіз және менің қожайынымның үйретуі бойынша, 

11 
 
тіршілік ету үшін ол өзінің ой-санасына сенім артуы тиіс. Қандай да бір жануардың 
қимылдары мен қылықтарын қайталау үшін адам қозғалмай тұру мен шапшаңдықты, 
ырғақты қимылдау мен көз ілеспес жылдамдықпен шабуыл жасау тәсілдерін аса жетік 
меңгеруі және сондай-ақ бақылауды соған барабар әрекет жасап үйренуі қажет. 
 

 
Енді мұнда қара!
 
Мен назарымды жаттығып жатқан сопылардан атам нұсқаған жаққа аудардым.
 

 
Бар назарыңды мына жалынға аудар.
 
Лоуси алдыма жанып тұрған шырағданды қойды. 
 

 
Жалынның тіліне назар аудар және басқаның бәрін ұмыт. Ал енді тыныс ала 
баста, – деді ол.
 
Шырағданның жалынына қарап, шаолиньдер ордасында көп отырдық. Шырағданға 
қарап отыра бергеннен көздерім талып кетті, бірақ көзімді тайдырсам болды, Лоуси 
бамбук таяғымен бетімнен салып қалады. Көптеген сағаттарға созылған бұл қараудың 
мақсаты цимен байланысқа түсу болатын. Менің бойыма дүниедегінің бәрінің инь және ян 
деп аталатын жағымды және жағымсыз ғарыштық күштердің туыныдысы екенін және 
оларды циді тану барысында үйлестіруге болатынын айтып сіңірді. Дао шәкірттерінің 
есептеулері бойынша, адам ағазсындағы циді көз алдына бәрінен де күш ағыны ретінде 
елестеткен жөн. Бұлшық еттердің кез келген қозғалыстарын, тыныс алу процесін дәл осы 
адам ағзасын ци басқарады және жүрек тамырлары мен орталық жүйке жүйелерінің 
қызметін жақсартады. 
 

 
Егер сен циді тәнің мен жаныңда толықтай теңгере алатын болсаң, онда көзің 
ашылады және ішкі жан тыныштығына қол жеткізесің. Сонда бойыңда ғажайып 
күш пайда болады, – деп үйретті маған Лоуси. – Циді пайдалану кун-фу ұрыс 
өнерінің негізі болып табылады. Бұл күш үнемі толассыз қозғалыста болады. 
 
Атам қолын су құйылған құмыраға батырып, қайтадан суырып алған кезде, сұқ 
саусағының басында бір тамшы су ілініп тұрды. 
 

 
Мынау бір тамшы су. Зиянсыз және әлсіз бір ғана су тамшысы. Бірақ жер 
бетіндегі не нәрсе су тасқынына қарсы тұра алады? Тасқындаған судың жойқын 
толқындары жолындағының бәрін сыпырып әкетеді. Цидің күшін басқаруды 
үйрен, балақай. Осы ғаламдық күштің ағынына ен, сонда сен өз тәніңнің 
мүмкіндіктерінен бірнеше есеге асып түсетін күшке ие боласың. 
 
Жылдар өте келе Лоусидің ци күшін басқару туралы нұсқаулары маған барған 
сайын түсініктірек бола түсті. Циді мен өзімнің «ішкі құдайым», күш-қуатымның бастауы 
ретінде қабылдадым. Цидің көмегімен тәндік жігерді басқару арқылы мен жалаңаш 
қолыммен кірпішті сындыруды және одан да таңданарлық нәрселерді жасауды үйрендім. 
Мен қараңғыда қарсыласымның қимылдарын тани алатынмын және оны бүкіл денеме 
бөліп жіберу арқылы қатты тән ауруына шыдай алатынмын. 
 
Менің Қытайдағы бар өмірім кун-фу ұрыс өнерін меңгеруге арналды. Жаңа шәкірт 
болғандықтан, үйдегі және ордадағы барлық ауыр істерді маған істететін. Осы уақыттың 
бәрінде Лоуси менің денемді жаттығуларға дайындады. Ол маған көрсеткен алғашқы 
жаттығулардың бірі қолды құм толтырылған шелекке салу болды. Атамның бақылауымен 
бұл жаттығуды мен қолдарымнан қан шыққанға дейін жасайтынмын. Бірнеше аптадан 
кейін қолдарымның шынығып кеткені сондай, ешқандай ауруды сезінбейтін болдым. 
Сонда Лоуси шелекті құмға аздап қиыршық тастар араластырды да, жаттығу қайтадан 

12 
 
басталды. Мен қолымды шелекке тез салып, оны еш жараламай қайта суырып алғанға 
дейін атам оған салған тастардың көлемін үлкейте берді. 
 
Ал енді үй шаруашылығына келетін болсақ, мен малдар үшін жауап беретінмін. 
Ата-әжемнің күріш егетін егістіктері бар болатын және оған қоса біз тауық, ешкі, сиыр 
және жылқы ұстайтынбыз. Малға қарап жүрген кезімде әдетте маған ешкім тиіспейтін 
және Лоусидің аяусыз таяқтарынан қауіптенбей жүре алатынмын. Малдардың арасына 
келген кезде мен атамның қатаң бақылауы астындағы ауыр жаттығуларға қатысты шеккен 
азаптарымды және оған деген жек көрушілігімді ұмытып кетемін. 
 
Маған ұнамды тағы бір нәрсе әжеммен бірге базарға бару болатын. Әрине, менің 
ауыр себеттерді көтеруіме тура келетін, бірақ бұл атамнан таяқ жегеннен жақсы еді. Базар 
шулы және қызықты болатын. Адамдар маджонг деп аталатын қытай доминосын ойнау 
үшін құрылған көптеген шатырлардан шығып тұратын тарсылды басу үшін айқайлап 
саудаласатын. Бұл жерде иттер, үйректер, ешкілер, қояндар, құстар, бауырымен 
жорғалаушылар және балықтардың түр-түрі сатылатын. Базарда мен «бауырымен 
жорғалаушыға ұқсайтын адамның» өзімді байқап қалмауы үшін әжеме тақалып 
жүретінмін. Ол иегінің әр жерінде бір сақалы бар, жүзі піскен алмаға ұқсайтын қаусаған 
шал болатын. Оның кеуіп қалған саусақтарының тырнақтарының ұзындығы сондай, ол 
бас бармағының өткір тырнағымен өзі сатып отырған су тасбақасының тамағын орып 
жібере алатын еді. Оның дүкенінен құрт-құмырсқалар және өлі, тірі, сойылған, 
кептірілген жыландардың түр-түрін табуға болатын еді. 
 
Маған ұнайтын орынның тағы бірі дәрі-дәрмек сататын дүкен еді. Ол мені ерекше 
өзіне тартатын. Еденде ішіне ірі оқ жыландар салынған әйнек ыдыстар тұратын, ал 
сөрелерде – жануарлардың дене мүшелері, шаяндар, қоңыздар, аралар мен жыландар 
салынған банкілер сап түзеп тұратын. 
 
Әжемнің шөп сатушылармен үнемі айтысып қалатыны әлі күнге дейін есімде. 
Адамдардың көшеде, жол жиектерінде үлкен қазандарда дайындап жатқан тағамдарының 
хош иісі аңқып тұратын. ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында Кантон халқының басым бөлігі 
үй құрылысымен айналысып кеткендей болып көрінетін. Аяқтарына сандал киген және 
көпшілігі жалаң аяқ қытайлар таңертеңнен қара кешке дейін тынымсыз еңбек етіп, 
өздерінің үйреншікті лашықтарының жанынан батыстық үлгідегі алып ғимараттар салып 
жатты. 
 
Адамның алдын орап жүргізбейтін бал ашушылардан қашқақтаған біз базардың 
арасындағы ашық алаңқайлармен жүретінбіз. Мен үнемі дәл көшенің бойында жұмыс 
істеп отыратын көркемдеп жазушыларға және олардың қыл қаламмен, бояумен жазған 
мәтіндеріне назар аударатынмын. 
 

 
Олар «сюань-чжи» деп аталатын арнайы қағазбен жұмыс істейді. Бұл қағаздар 
ағаштардың қабықтарынан және күріштің жұмсақ сабақтарынан жасалады, – 
деп түсіндірді Жоумо. – Халық оларға хат жазғызып алу үшін немесе қандай да 
бір маңызды құжаттарды безендіру үшін барады. 
 
Әжемнің мені жақсы көре қоюы екіталай еді, бірақ соған қарамастан ол маған 
еліміздің тарихы мен дәстүрлері жайында құштарлана әңгімелеп беретін. Қытайда 
мерекелердің түрі өте көп және олардың ішіндегі ең маңыздысы – Жаңа Жыл. Қытай 
күнтізбесі Айдың Жерді айнала қозғалуына негізделген және онда жыл он екі айға 
бөлінеді. Күнтізбелік цикл он екі жыл сайын қайталанып отырады және әр жылды бір-бір 
жануар бейнелейді.
 

13 
 

 
Қытайдың көне аңыздарының бірі бойынша, жерден кетпес бұрын Будда 
жануарлардың бәрін өзіне шақыртады, – деді Жоумо. – Бірақ онымен қоштасуға 
тек он екі жануар ғана келеді. Оларға сый жасау үшін Будда жылдарды олардың 
есімдерімен атауға және жылдарды олардың келген реттері бойынша белгілеуге 
уәде береді. Кімнің бірінші келгенін естеріне алуға тырысқан жануарлардың 
арасында талас туады. Келісімге келмек болған олар ақыры жарыс 
ұйымдастыруға шешім қабылдайды: өзеннің арғы жағасына кім бұрын жетсе, 
алғашқы жыл соның атымен аталады және қалған жылдар жануарлардың жағаға 
жеткен ретімен белгіленетін болады. Сөйтіп, жағаға сапқа тұрған жануарлардың 
бәрі бір мезетте суға қарай лап қояды. Сол кезде тышқан байқатпай бұқаның 
арқасына мініп алады. Бұқа қалған жануарлардың бәрінен озып жағаға жеткен 
кезде, тышқан оның арқасынан секіріп түседі де, сөреге бірінші болып жетеді. 
Қалған жануарлар мына рет бойынша келеді: жолбарыс, қоян, айдаһар, жылан, 
жылқы, қой, маймыл, тауық және ит. Мешін өте баяу және жалқау болыпты, 
сондықтан ол ең соңында қалады.
 
Бұл аңызды Жоумо маған бірнеше рет қайталап айтып берді және әңгімесін айтып 
болған соң ол үнемі ішек-сілесі қата күлетін еді, себебі бейшара мешін оған сондай 
күлкілі болып көрінетін. 
 

 
Ал сен тауық жылы дүниеге келдің, – дейтін ол маған. – Бұл жылы туылған 
адамдар еңбекқор болады. Олар шешімді тез қабылдайды және өз пікірлерін 
айтудан қорықпайды. Бірақ та сақ бол, тауықтың мақтаншақ және өз-өзіне тым 
сенімді болуы мүмкін. – Осылай деп маған қадала қараған ол былай дейтін: – 
Сен өте батыл әрі ер жүрек боласың.
 
Бәрі асыға күткен Жаңа Жыл мерекесі жақындап келе жатты. Әрбір он екінші 
айдың жиырмасыншы жұлдызы үйде тазалық жасауға арналатын. Бұл күні біз үйдің қуыс-
бұрыштарының бәрін тазартып шығуға тиіс болатынбыз. Мен әжемнің қызыл қағаздың 
үлкен жолақтарын қабырғалар мен есіктерге ілуіне көмектесетінмін. Ол қағаздарға 
мәнерлі иероглифтер – отбасына арналған құттықтаулар мен жақсы тілектер жазылатын. 
Үйді біз гүлдермен, мандариндермен, апельсиндермен және бұл жердегілер оны «помело» 
деп атайтын формасы алмұртқа ұқсас үлкен грейп-фруттармен безендіретінбіз. 
 

 
Олар бізге бақыт және байлық әкеледі, – дейтін әжем жемістерді мұқият 
орналастырып жүріп. (Шын мәнінде бұл ырым дыбысталулары бір, бірақ шығу 
тектері бөлек сөздерден бастау алатын: «мандарин» сөзі қытай тілінде «бақыт» 
сөзімен бірдей айтылады, бірақ басқаша жазылады; «апельсин» және «байлық» 
сөздері туралы да осыны айтуға болады).
 

 
Үйге тазалық жүргізіп, мерекеге дайындаламыз және содан кейін ас үйдің рухы 
– Цзаованды шығарып саламыз, – деп түсіндірді әжем. – көне аңыз бойынша, 
Цзаован мерекені тойлау аяқталғаннан кейін, жаңа жылдың алғашқы күні 
қайтып оралады. 
 
Қысқасы, жұмыс жетіп артылатын. Жаңажылдық «бақытқа» кедергі келтірмес үшін 
пышақ, қайшы секілді кесетін құралдардың бәрін жинап қою қажет болғандықтан, барша 
тағамдарды Жаңа жылдың алдында дайындап қою керек еді. 
 
Жаңа жылдың алдында біздің үйге әулеттің барлық мүшелері жиналды. Олар 
Қытайдың түкпір-түкпірінен келді. Қонақтарға қызмет көрсетіп жүрген әжемнің келе 

14 
 
алмай қалған адамдарға арналып құрылған әрбір орынның жанына барып жүргеніне қарап 
тұру қызық еді. 
 

 
Өздері келе алмағандарымен, олардың рухтары осы жерде, – деп түсіндірді ол 
мұны.
 
Мен бұл жерде менің анам үшін де орын бар-жоғын сұрағым келген еді, бірақ 
батпадым. Қонақтардың көпшілігі маған дәл атам мен әжем секілді жақтырмай қарады, 
бірақ туыстарымен бірге олардың балалары да келген еді, сондықтан олармен ойнап біраз 
сергіп қалдым. Қонақтардың арасында үнемі күлімдеп жүретін бір әжей бар еді. Ол маған 
ара-тұра жымыңдай көзін қысып қояды. Атамның қарындасы болып табылатын оның аты 
Ли Мэй, яғни, «Гүлдеп тұрған өрік» екен. Оның Ли Мэй атты екінші қарындасы өзінің 
«Тамаша раушан гүлі» дегенді білдіретін есіміне мүлде сәйкес келмейтін еді. Менің 
ойымша, ол нағыз сиықсыздың өзі болатын. Атам секілді, ол да маған көзімен ішіп-жей 
қарады. Түннің жарымы болып, мереке аяқталған кезде мені құрмет көрсету ретінде 
әжемнің, атамның және өзге де ересек адамдардың алдында тағзым етуге мәжбүрледі. 
Оларды әлі де жек көретініме қарамастан, мен олардың айтқандарының бәрін істедім. 
 
Жаңа жыл мерекесінде бізге «лай-сэ» деп аталатын қызыл конверттер сыйлады. 
Олардың ішінде жылы лебіздер жазылған қағаз бен аздаған ақша бар екен. Біздің бәріміз 
жаңа көйлектер киіп жүрдік. Атам алтын түстес жіптермен айдаһардың суреті салынған 
әдемі қызыл жібек көйлек киіп жүрді. 
 
Мен Қытайдағы жаңа өміріме тез үйреніп кеттім, бірақ бұл адамдар үшін қашан да 
жат болатынымды түсіндім. Англияда менің анам өзінің шығыстық екенін мақтан 
тұтатын, бірақ қытайлар үшін мен ең алдымен «жатжерлік шайтан» болып қала беретін 
едім. Айналамдағы аадмдардың, тіпті, балалардың өздерінің маған неге жандары 
ашымайтынын және неге түсінгілері келмейтіндерінің себебі дәл осында екенін мен алты 
жасымда-ақ түсіндім. 
 
Бірде базардан қайтып келе жатып, әжем екеуміз тоған жағасында біраз демалып 
алмақ болдық. Жоумо ағаш көлеңкесіне жантайып жата кетті, ал мен тоғанды айнала суға 
тас лақтырып ойнап жүрдім. Кенет мен жастары менен аз ғана үлкен бір топ баланың 
ортасында қалдым. Олардың бірі:
 

 
Әй,  домалақ көз, сен мұнда не істеп жүрсің? – деді де, бетіме түкіріп жіберді. 
Мұндайды күтпегендіктен селк ете қалған мен оларға не жазып қойғанымды 
түсіне алмай дал болдым. 
 

 
Ол тіпті біздің тілімізде сөйлей алмайды да, – деген екінші бала бар күшімен 
жағымнан салып қалды. – Қане, дөңгелек көз, бір нәрсе айт, ал біз тыңдайық.
 
Аузыма келген қанның дәмінен қорқып кеткен мен бір нәрселер айта бастадым 
және сол сәтте бетіме тағы бір соққы тиді. Бұл жолғы соққының қатты болғаны сондай, 
мен теңселіп барып балшықтың үстіне құлап түстім. Сол сәтте балалардың бәрі маған 
жабыла кетті. Олар мені шашымнан сүйреп, тепкінің астына алды. Мен айқайлап әжемді 
көмекке шақырдым, бірақ ол естімеді. Балалар аузына келгендерін айтып, мені 
тепкілеулерін жалғастыра берді. Бір кезде менің көз алдым қарауытып, олардың 
соққыларын мен дауыстарын сезінуден қалдым. Құлаққа ұрғандай тыныштық орнады. 
 
Есімді мен бірнеше күннен кейін ауруханада бір-ақ жинадым. Екі қолым мен бір 
аяғымды гипстеп тастапты. Сәл қозғалсам болды, арқам қатты ауырып кетеді. 
 
Бір күні түнде, әлі ауруханада жатқан кезімде мен ұйқылы-ояу қалпымда 
төсегімнің жанында отырған атам мен тағы бір бейтаныс адамды көрдім. Олардың 

15 
 
айтқандарының көбін естіген жоқпын, бірақ үзік-үзік сөздерден түсінгенім, оларға мені 
ұрып кеткен балалардың кім екендері белгілі екен.
 

 
Олар шанхайлық «Триаданың» балалары, – деді бейтаныс, – осындағы бір 
әулетке қонаққа келіпті.  (1644 жылы маньчжурлық Цин династиясының 
көшпелілері Қытайды басып алады және өзінің ұрыс өнерімен атағы шыққан 
Шаолинь монастрьін күл-талқан етеді. Тек азық-түлік әкелуге кеткен үш сопы 
ғана аман қалады. Қайтып орлаған олар орданың жермен жексен болған орны 
мен садақ жебелерінен қаза болған жолдастарының денелерін көреді. Дәл осы 
үш сопы маньчжурлық басқыншыларға қарсы күресу үшін алғашқы «Триада» – 
Жердің, Адамның және Көктің әділдік үшін Одағын» құрады. Бұл сопылар 
өлгеннен кейін темірдей тәртіпке үйренген, кез-келген бұйрықты орындауға 
даяр ұйымды басқару тізгіні олардың жолын қуушылардың қолдарына өтеді. 
Бірақ «Триаданың» жаңа басшылары басқыншыларға қарсы күресудің орнына 
құл сатушылықпен, қарақшылықпен, заңсыз жолдармен алтын өндірумен 
айналыса бастайды және мұны маньчжурлықтарға қарсы күреске қаражаттың 
жеткіліксіздігімен түсіндіреді. Сол уақыттан бастап «Триада» мафияға 
айналады. Елді аса қатал басқаратын Қытай өкіметінің өзі соңғы елу жылдың 
ішінде олардың ықпалын сәл де болса әлсірете алмады». 
 

 
Олардың кімді ұрып жатқандарынан хабары болмаған, – деді Лоуси қабағын 
түйіп.
 

 
Дұрыс айтасыз.
 

 
Сенің сөздеріңнен олар жазаларын алды деген қортыныды жасауыма бола ма?
 

 
Иә, әулеттегілер оларды қатаң жазалады және олардың ақсақалдары кешірім 
сұрау үшін ертең сізге келмек. 
 
Осы оқиғадан кейін шанхайлық балалар мүмкіндігінше менің көзіме түспеуге 
тырысып жүрді. Олардың барлығы «Триада» ұйымынан еді. Бәрі кун-фу өнерін 
меңгергендерімен, менің деңгейіме ешқашан жете алмайтындарын түсінетін. Егер сол 
кезде олар менің бәрі құрметтейтін Чжэн Лин Судың шәкірті екенімді білгендерінде, онда 
маған тиісуге батылдары ешқашан бармайтын еді. Қытайлардың арасында мұндай  
оқиғалар ешқашан ұмытылмайды. Маған шабуыл жасаған балалар арада көп жыл өтіп 
кеткеннен кейін де өздерінің балалық шақтағы қателіктерінің салдарынан қорқып жүрді. 
Бірде, әбден ересек тартқан кезімде ұзақ жылдарда кейін ауылымызға қайтып 
оралғанымда, әлгі балалардың бірі мені кек қайтару үшін қайтып келді деп ойлап қалады. 
Оның қорыққаны сондай, тіпті отбасын алып басқа жаққа көшіп кетуге дайын болған. 
 
Сол кезде мен ауруханада көп жаттым. Бірақ гипстерді алғаны сол екен, ұстазым 
мені қайтадан аулаға алып шығып, қиын жаттығуларды жалғастыруға мәжбүр етті. 
Жаттығулар кезінде денемнің ауырғаны сондай, көзімнен жас шығып кетті. Ұстазымның 
бұған төзбейтінін білетінмін. Ойлағанымдай-ақ, көзімнен жас тамшысы шыққаны сол 
екен, атам бамбук таяғымен құлағымнан салып қалды. Осы адамға деген ашуым бойыма 
сыймай кетті. Ол кезде жасым небәрі алтыда ғана еді, бірақ соған қарамастан мен оны бар 
жан-тәніммен жек көрдім. 
 
Сол күні түнде мен суық терге малшынып ояндым. Шегірткелердің шырылдаған 
дыбыстары естіліп тұр. Мен жуық арада жарық түсетінін түсіндім. Үй іші тыныштыққа 
мүлгіп тұр еді, бірақ қорқынышты түстің кесірінен тұла бойымды қатты ашу кернеді. 
Жаңа жаралардың әсерінен денем қалшылдап, аунақшып ұйықтай алмай жаттым. Көз 

16 
 
алдыма қолына бамбук таяғын ұстаған қатігез атамның бейнесі елестеді. Маған оның 
қорлығы ешқашан аяқталмайтын секілді болып көрінді. Мен тағы бір күнге шыдай 
аламын ба? Егер бәрі қайталанатын болса, онда бір ғана нәрсе қалады.
 
Аяғымды ұышанан басып асүйге өткен кезімде, маған жүрегімнің дүрсілі бүкіл 
үйдің ішіне естіліп тұрған секілді болып көрінді. Сол бөлмедегі шағын қорапта Лоуси 
кейбір ұрыс қаруларын сақтайтын. Біз бұл қаруларды күн сайын тазалап, жалтыратып 
отыратынбыз, сондықтан өзіме қажетін қолыммен сипап тез-ақ тауып алдым. 
Қылыштардың бірін суырып алған кезімде оның ұстарадай өткір жүзі жарқ ете қалды. 
Бамбук діңгектердің арасынан түсіп тұрған ай жарығынан мен ұйықтап жатқан атамның 
сұлбасын байқадым. Жақындап келген менің бойымды ашу мен жек көру сезімі биледі. 
Осы сәтте мен өзімнің қатты және ауыр демалып тұрғанымды байқадым. Бір қызығы, осы 
кезде маған оның үйреткендері көмектесті. Ажал құштыратын соққы жасау үшін сабаға 
түсу қажет. «Бар назарыңды циге жинақта. Сенің денеңді санаң билеуі тиіс». Тынысымды 
ретке келтірген мен аяқтарымның ұшымен атамның төсегіне жақындадым. Ол 
қозғалыссыз жатыр. Мен оның кеуде тұсын көздеп қылышты жоғары көтердім.
 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет