Жүйелілік – дидактика ұстанымдарының маңыздысы. Кез келген материал лексика болсын, грамматика болсын белгілі бір жүйеде берілуі қажет. «Жүйесіз нәрсені жадыңда сақтау қиын. Егер тілде жүйе болмаса, егер ол бір-бірімен байланыссыз, ретке (тәртіпке) келтірілмеген, ұйымдаспаған, бөлшектері бүтінге бірікпеген, бытыраңқы элементтер күйінде болса, онда тіл адамның жадында да (санасында) сақталмаған болар еді, қатынас құралы болып қызмет етуге жарамас еді»,- дейді ғалым К.Аханов.
Шоғырлылық ұстанымыбілімді бөлшектеп емес, топтастырып қабылдауға мүмкіндік береді. Біртектес, ұқсас ұғымдарды топтастырып, бір мезгілде оқыту сапалы білім беруге негіз болады.
Тұтастық ұстанымы игертілетін тілдік бірліктердің жеке-жеке бөлінбей, бүтіндей ұсынылуын қамтамасыз етіп, ақпараттың жинақы қабылдауына пайдасын тигізеді. Тұтастай алынған білім студенттердің жадында ұзақ және берік сақталуына ықпал жасайды.
Аталған ұстанымдар тиімді жүзеге асырылуы үшін сабақта мынадай талаптарды орындаған дұрыс:
1. Іріленген тапсырмаларды орындау барысында олардың барлық құрама бөліктері бірізділік негізінде жүзеге асырылуы шарт (бір сабақтың шеңберінде).
2. «Бір мезгілде» оқытуда өзара байланысты мысалдар мен тапсырмаларды орындау кезінде аз уақыт арасында аяқтау қажет. Уақыт мөлшері (санаулы) бірнеше минут болуы шарт.
3. Берілген тапсырманы орындау барысында студенттің ойы басқа нәрсеге бөлінбегені дұрыс.
4. Бір мезгілде орындалатын тапсырма үйге немесе ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Тек осындай жағдайда ғана 15-20 минут аралығында операциялар белсенді фазада жүзеге асырылып, жұмыстың табысты болуына себін тигізеді[3].
Өзара бір-бірімен байланысты біртектес білімдерді бір мезгілде қарастыру: біріншіден, білімді бөлшектеп емес, тұтас қабылдауға мүмкіндік береді; екіншіден, терең және сапалы білім меңгеруге жол ашады.
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру арқылы лексиканы игертудің лингвистикалық негізі – сөйлесім әрекетін жүзеге асыратын оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттеріне негізделген тілдік бірліктер мен қатысымдық тұлғаларды біріктіріп оқытудың ерекшеліктерін қамтиды.
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы тілді меңгерту кезінде қолданылғын әдістер: ассоциация; деформация, салғастыру, сәйкестендіру.