Төртінші тарауда лирикалық кейіпкер Бозінген зарын жылаған елдің, күңіренген даланың қайғысы ретінде қабылдайды. Жүрегіне у төгілгендей болады. Шығатын жол тұйықталып, тығырыққа қамалған адамның қиналыс-азабы бар.
Ескі заманның жанды жүдеткен, жабырқау, жүрекке пышақ салғандай қаралы күйінің құшағындағы лирикалық кейіпкер – ақын революциядан кейінгі өзгерістерді "Қыс кетіп нөсер жауды, қызыл ту қызғалдақтай жайнады" деген секілді символдық суреттермен, ишарат бейнелер арқылы береді.
Поэманың соңғы, бесінші тарауындағы лирикалық кейіпкер атынан айтылатын жәйттар, өмірде Ілияс Жансүгіров өзі басынан кешкен жағдайлармен, ақын өмірбаянындағы нақты оқиғалармен, оның шығармашылық эволюциясымен сарындас. Өз үйірінен бөлініп, көне күйдің күйігіне шыдамай, шындық іздеп жолға шыққан, құла құм мен боз даланы қалдырып, қалаға келген ақын бейнесінде типтік, жинақтаушылық сипат бар. Енді ол азалы, қаралы күйлерді жүрегі жаншылып тыңдай беретін, кешегі Молықбай шал алдындағы сары ауыз балапан емес, жігерлі азамат.
Сөйтіп лирикалық кейіпкерлердің ой - санасындағы, өміріндегі құбылыстар күйге, өнерге деген көзқарасындағы өзгерістер арқылы көрінеді. Өнер тек қайғы, қасіретті, мұңды айтып, адам жанын жаралап, жүрегіне от тастайтын сиқырлы күй емес, өмірге жетелейтін қайрат - жігердің киелі қайнары деген идеяны "Күй" поэмасының өзекті сарыны, лейтмотиві деп білу керек.
Алғашқы рет жазған «Күй» (1929ж.) поэмасында ақын өзінің бұл тақырыпты жырлауының шын сырын ашық айтты. Революциялық идеяны жыр ету мәселесінде қаладан алыс болып, өзінің басқалардан кейінірек кіріскендігін меңзей келе, ендігі жырлар күйі жаңа заманның күйі екендігін, ескі өмір, ескі күйді жырлауға барса, тек қазіргі күннің тілек тұрғысынан баратындығын аңғартты.
«Бозінген» күйі, оны орындаушы Молықбай, күйді қолқалаушы жастар (бірі - ақынның өзі) жаңа күй, жаңаша түсінікті оқушыларына айтып беру үшін ғана керек болған. Негізгі идея, ой түйіні - қаңсыған шал, «жалғыз үн, жарық қобызды» жырлау, мадақтау емес, «мың дауыс» көптің күйін жыр ету.
Сондықтан да ақын:
Көргенде күйелі төс, күсті білек,
Тапқандай жаңа бауыр, жаңа тілек.
Жылы қан ұлы бойда шым-шым қайнап,
Сауығып сала берген дертті жүрек.
Мыңдаған оркестрді көрген топты,
Жырлаған жаңа өмірдің күйін соқты.
Жуылған жүректен у сол күйменен
Аршыған көңілімді басқан тотты.
Сол күйге жан жылынған, жүрек жерік,
Шойындай сонау отта кеткен еріп.
Қобыздың ұлы күйін қаннан сарқып,
Соңғы күй тұла бойды кеткен керіп...
...Арылып жастың албырт тентегінен,
Құтылып соқыр сордың жетегінен;
Қуарған, қуанбаған сорлы шалдың,
Енді қош айтысқан жер ертегімен, -
деді.
Ақынды бұл түсінікке жеткізген, ой-санасын өрістеткен социалистік жаңа өмір, алыста жатқан ауылдан оқу іздеп келіп, мәдениетке мидай араласуы, қайнап жатқан еңбек, жұмысшы табының ірі өндірістердегі ерлік істері, коммунизм құру жолындағы марксизм-ленинизм оқуымен қарулануы болды.
Айналасындағы өмір құбылысын аңғарымпаз, сезімтал, көргенін тез түйетін ақын жаңалықтардың бәрінен сабақ алды. Қалада болған аз жылдардың өзінде көп біліп, үлкен өзгеріске ұшырады.
..... Сонымен сол барғаннан кейін қайтқам,
Мен дағы жаңа тапқан күйді тартқам.
Бағыстап жарлы жұртқа жүрек жырын,
Байқамай, жыр айтам деп, сырымды айтқам, - деді.
«Күй» поэмасында ақын қазақ халқының күй қазынасын жеткізген қобызшы шалдың бейнесін нақтылы елестетеді. Қобызшыдан бала кезінде естіген «Бозінген» күйінің тарихын баяндайды, әрбір күйдің тасасында ел есінен кетпес тағдыр, тартыс жататынын кең пайымдайды. Азат қоғамда ертедегі зарлы, мұңды күйлердің орнына жігерлі жаңа әуен, саз пайда болғанын, бұрын жекелеген орындаушылар тартқан өнердің өрісі кеңейіп, зор үнді оркестрге ұласқанын:
Бұл өктем болат жігер, күрес күйі,
Қосылған мың-мың дауыс, мың-мың ауыз – деп, ақын шебер түйіндейді
«Күй» поэмасында көтерілген әлеуметтік сарындар «Күйшіде» жаңа қырынан қуатты көркемдік шешімдер тапқан. «Күйші» тарихи оқиғалар негізіне құрылған, композициялық желісі шебер. «Күйші» «Күй» поэмасының жалғасы іспеттес. Поэманың басты кейіпкерлерінің бейнесі ұмытылмастай әсер қалдырады, романтикалық пафос пен реалистік өрнегі өз биігінде көрінген. Күйшіде әлеуметтік күреспен бірге психологиялық тартыс бірге қатар жүреді. Хан тұқымы Қарашаштың күйшіні құл ететін, Сапақты мазақ ететін оқиғаларда әлеуметтік мәселе тікелей қозғалса, оның өнерпаз күйшіге көңілінің құлай ауғандағы ішкі драмасы да әлеуметтік мәселемен қабысып жатыр. Қарашаштың таптық менмендігі, төрелік тәкаппарлығы өз сезімінен биік тұрады. Сондықтан сезім отына су құйып өшіреді. Қарашаш бейнесі реалистік - романтикалық сипаттағы сом тұлға.
Ақын күйді, күйге еліккен кейіпкер сезімдерін лирикалық нәзіктікпен төгілте, романтикалық асқақтықпен шебер бейнелеген.
Поэманың негізгі идеясы – ел талау, тонау, орынсыз соғыс ашу емес, рухани езушілікке, моральдық озбырлыққа қарсы шығу.
Достарыңызбен бөлісу: |