2.3. «Күй» поэмасындағы қобызшы Молықбай образы
Құлагер ақын Ілияс Жансүгірұлының құлағына азан шақырып, «Қызырілияс» деп есімін қойып, кіндік әкесі саналатын қобызшы Молықбай Байсақұлы 1857 жылы туған. Қобызшы, бақсы, кеңестік саяси қуғын - сүргін құрбаны. Өнерпаздық, емшілік қасиеттері әкесінен дарыған. Молықбай — жыр дүлдүлі I.Жансүгіровтің кіндік әкесі, ақынның "Күйші" поэмасының басты кейіпкері. 1930 ж. "халық жауы" деген жаламен тұтқындалып, Алматы түрмесінде қайтыс болған. Абзал халқына киелі қара қобызы және шипагерлік қасиеті арқылы қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» деп атанған.
Молықбай қобызшыдан ақынның бала кезде тыңдаған "Бозінген" күйінің әсері шер - күйік боп жүрегіне байланып қалғанын сол күй жайындағы поэмада суреттелген аңыздан анық байқаймыз.
1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды арнайы іздеп келіп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлерін тыңдайды. Сол сапардан Ілияс Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, «Жаңа мәдениет» журналына 1929 жылы бастырып шығарады. Ілиястың «Күй» поэмасын Сұлтанбек Қожанов: «Өте жоғары деңгейлі шығарма», - деп бағалайды. «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Ақ көбік-көк көбік» күйлері туралы Молықбай атаның өз аузынан әңгімесін естіген Мұхтар Әуезов 1927 жылы очерктер жазған.
Ілияс Жансүгіров 1927 жылы жазған «Қазақ күйлері жиналсын» деген мақаласында: «Жетісудың Талдықорған уезінде Ақсу болысындағы домбырашылардың (Нұрсапа, Егеубай, Молықбай, т.б,) тартатын күйлері мыналар: «Мәдіген шора», «Барақ», «Жошы хан», «Бес төре», «Ақмеди», «Әуре-сарсаң сандалкөк», «Түрікпен», «Әрине-ау», «Түйек қалды», «Борлы қыз», «Қос келіншек», «Қарқара-ау», «Қос мерген», «Терісқақпай», «Қорқыт», «Шыңғысбай қоңыры», «Саркідір», - деп атап жазады. Молықбайдың бұдан басқа ел есінде сақталып қалған күйлері: «Құлақ күй», «Тоғыз толғау», «Жез киік», «Жарбол», «Ақ көбік - көк көбік», «Аққу», «Құдіреттің құсы», «Он сан мен Орманбеттің айырылғаны», «Қазан», «Қорамжан», «Бозінген», «Ер Әлінің дүлдүлі», «Ерден», «Ықылас», «Қара жорға», «Сылқылдақ» деп аталады».
«Күй» поэмасы 1929 жылы жазылып, «Жаңа әдебиет» журналында жарық көрді. Сол жылдары Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында «Ықылас қобызшы» атты естелігі жарияланды. Ақын поэмасын жазбастан eкi жыл бұрын қасына Mұxтap Әуезовтi алып, арнайы ат басын Молықбай күйшi орныққан Аман жайлауына тiреп, мейлiнше мерейлене күй тыңдап қайтқанын ғалым Мырзабек Дүйсенов жазған еді. Сосын, күйшi жайлы тұшымды ой қозғап, оның қасиетi ғана емес, өміpi хақында да саралы қажет мағлұматтармен таныстырған әдебиетші Cepiк Жанәбiл болған.
Т.Сыдықов Ілияс поэмаларын жаңаша көзқарас тұрғысынан зерттей келе былай дейді: «Молықбай тағдыры әлі терең зерттеп, пайымды пікір түюге, күрделі ой айтуға, объективті ғылыми талдауларды жүргізуді қажетсінеді. Өйткені, ол күллі қазақ тарихын паш ететін шежірелі күйлерді терең сезініп, мазмұнын пайымдап, тарихи астарын жанымен ұққан, халқының мүддесін, ұлттық мұратын тамыршыдай таратып беретін ой көсемі болған адам. Молықбай қобызшы қаракерей Қабанбайдың жиені, айтыс өнерінің майталманы Сара Тастанбекқызының аталас туысы, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің кіндік әкесі болуы да оның тұлғасын асқақтата түседі».
Жетісудың жорғасы, заманының өнерпазы, бармағынан бал тамған қобызшы, күйші, ақын, бақсы - балгер – Молықбай Байсақұлының есімі «Ақ көбік», «Боз інген», «Көк көбік», «Дүлдүл Ер Әлі», «Жылаған ноғай-қазақ», «Жезкиік», «Сауырық», «Қазан» күйлерімен қатар айтылып, халық есінде мәңгілік қалды.
2007 жылы 16 мамыр күні Талдықорған қаласының І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Молықбай Байсақұлының туғанына 150 жыл толуына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. ҚазҰМА профессоры Раушан Қожабекқызы Мұсақожаева:
– Қорқыт күйлері әлі тірі. Қойлыбай, Молықбай, Ықылас сияқты қобызшылар оның күйлерін халыққа жеткізе білді. Молықбай – қобызшы Қорқыттың артында қалған өлмес мұрасының жалғастырушысы. Біз Молықбайды өз көзімен көріп, оның күйлерін тыңдап, “Күй” поэмасын жазған Ілияс ағамызға алғысымызды айтамыз. Кеңес заманында Қазақ елінде қалған жалғыз қобызшы осы Молықбай Байсақұлы. Біз оның ұмытылған күйлерін қалпына келтіруіміз керек. Өнер өшпейді. Молықбай ол Паганини сияқты дүлдүл дарын иесі. Паганиниге ескерткіш орнатылған. Елі оны құрметтейді.
Ал қобызшыға ескерткіш орнатылмаған. Бұл өкінішті. Иә… Өкінішті! – деді.
Раушанның бұл сөзі елге ой салды.
Достарыңызбен бөлісу: |