Байланысты: Ағарту мен классика ғасырындағы мәдениет
«романтикалық тарихилық»
«индивидуалистік субъектизм».
Ұлттық мәдениеттің қайнар бұлағына зер салу, мәдени құбылыстарды тарихи тұрғыдан алып қарастыру, басқа халықтардың өмірімен танысу кездерінде романтиктер бұл тарихи процестердің қайталанбайтындығына, өте сирек кездесетініне, олардың өздеріне тән ерекшеліктері бар екендігіне көз жеткізді. Олай болса «романтикалық тарихилық» — буырқанған революциялық дәуірдің жемісі болып табылады. Романтиктердің көзқарастары бойынша, ақыл-ой немесе адамның санасы арқылы тарихи болашақты, оның бұралаң жолдарын адам болжай алмайды, олай болса таным процесінің басты көздерінің бірі — жүректің үні, интуиция (сезіну) болып табылады. Осыдан келіп романтизмнің «индивидуалистік субъектизм» бағыты келіп туындайды. Оның мән-мағынасы — жат дүниеде адамның өзінің жалғыздығын сезінуі, адам санасында өмірден түңілушілік сезімінің пайда болуы. В. Вейдле «Романтизм дегеніміздің өзі — жалғыздық» деп тегіннен-тегін айтпаған сияқты. Романтиктер өздері өмір сүрген қоғамға көңілдері толмаса да, бостандық пен еркіндік жолындағы күрескер — энтузиастар болды. Ең бастысы олар — халықтың ғасырлар бойғы жинақтаған мол мәдени мұраларына сүйенді. Жогарыда атап көрсеткеніміздей, романтизмнің дамуы әр елдегі қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайларға тығыз байланысты болды. Мысалы, Францияда романтизм буырқанған қоғамдық-саяси өмірдің айнасына айналды. Әсіресе, еркіндікті сүю мен патриотизм — француз романтизміне тән басты қасиеттер болды. Ағылшын романтиктері Байрон мен Шеллидің шығармаларында қоғамдағы жағымсыз қылықтар қатал сынға алынды.
Саяси бытыраңқылық жағдайында қалыптасқан неміс романтизмінің де өзіне тән ерекшеліктері болды. Бұл дәуірде неміс романтиктері музыка, әдебиет жөне т.б. өнер салаларындағы асқан үздік шығармаларында қоғамдық өмірге сын көзбен қарай отырып, философиялық, эстетикалық тұжырымдар, теориялар жасады. Романтизммен қатар XIX ғасыр ортасына қарай реализм ағымы да өзіндік бет-бейнесін таныта бастады. Реализмнің қалыптасуы капиталистік қарым-қатынастардың белең алуымен тығыз байланысты болды. Мұндай өзара тәуелділікті кездейсоқ жағдай деп қарастыруға болмайды, өйткені капитализм жағдайын¬да әлеуметтік қайшылықтар асқынып, қоғамның бет-бейнесі, әдет, саяси-ғұрыптары айтарлықтай өзғерістерге ұшырады. Қоғамда орын алған мұндай жағдайлар адамның рухани дамуына ерекше ықпал жасады. Өз кезегінде бұл процестер реалистік өнердің туындауына түрткі болды. Ал дәл осы кезеңде қалып¬тасқан әлеуметтік-тарихи немесе сыншыл реализм Қайта жаңғыру дәуірі мәдениетінің реализмі, Ағартушылық дәуірінің реализмі сияқты өзіне дейінгі тарихи кезеңцердегі реалистік өнердің игі дәстүрлерін өз бойына сіңіре білді. Осы орайда, сыншыл реализмнің тамыры тереңде екендігін, оның революцияшыл романтизммен де тығыз байланыста болғандығын атап өтуіміз қажет, өйткені бұл ағымдардың өзара тоғысуының басты себебі — буржуазиялық қоғамның келеңсіз көріністерінде жатыр. Реалистер де, романтиктер де адамның рухани дүниесіне ерекше назар аударды, оларға тарихи сана-сезім, халық мүдделері өте жақын болды. Бірақ «болмыстан» қашқан романтиктерге қарағанда «сыншыл реалистер» болмыс сырын ашып-көрсетуге, қоғамдық өзгерістердің себептерін түсіндіруге тырысты. Әлеуметтік тақырыптарды қамтитын романдар жазуға деген әуестенушіліктің сыры осы жағдайға байланысты болса керек. Ұлы қаламгер О. Бальзактың пікірінше, француз әдебиеті дүниежүзілік әдебиетте соны бағыт танытып, алғаш рет «қоғамдық адамның» бет-бейнесін жан-жақты сомдай білді. Көркем енер саласында да Франция елі реалистік бағыттағы тамаша туындылар берді. Олардың қатарына: Т. Руссоның пейзаждары, О. Домьенің графикасы, Ж.Ф. Милленің шаруалар өміріне арналған суреттері және т.б. жатқызуға болады. Англияда реалистік ағымның қалыптасуы өнеркәсіп төңкерісіне тікелей байланысты болды, ал өз кезегінде өнеркәсіп төңкерісі халықтың және ірі өнеркәсіп орындарының ірі қалаларға шоғырлануына және жаратылыстану ғылымдарының дамуына жол ашып берді. Өкінішке орай, ағылшын буржуазиясының консервативтілігі салдарынан Алглияда реалистік ағым жан- жақты дами алмады. Оған дәлел ретінде, тарихи және тұрмыс-салт жанрларының кенже қалуын айтсақ та жеткілікті сияқты. Қала мен деревня арасындағы айырмашылықтардың күшеюі мен селолық өмірді аңсаушылыққа байланысты пейзаждық кескіндеме өнері саласында талай сәтті туындылар өмірге келді (Дж. Констебль және т.б.). Аталған процестерді тереңірек бейнелеумен «викториандық дәуірдің» тұрмыс-тіршілігі мен салт-дөстүрлерін нақты шындық тұрғысынан көрсетуде ағылшынның әлеумет- тік тақырыптарға жазылған романдары айрықша үлес қосты (Ч. Диккенс, Д. Голсуорси, У. Теккерей, Т. Гарди және т.б.). Германияда реалистік бағыт, кейіннен, яғни XIX ғасыр аяғында қалыптаса бастады (Менцельдің кескіндемесі және т.б.). Оның басты себебі — елдің экономикалық даму жағынан артта қалуына байланысты буржуазиялық даму жолына өте кеш түсуі еді. Сонымен қатар Германияның саяси бытыраңқылығы мен романтикалық дәстүрлердің орнықтылығы да өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Еуропа реализмі (Э. Золя, Ч. Диккенс, У. Теккерей жөне т.б.) өнер сахнасына іскер адамдарды шығара бастады, сөйтіп көсіпкерлік пен бизнес дүниесінде жаңа кейіпкер — буржуаның рөлі арта түсті. Бірақ реалистік өнер өкілдері қарапайым адамдардың тағдырын, олардың өміріндегі қилы-қилы кезеңдерді, олардың жан-дүниесін, сезім толқындарын жан-жақты көрсетуді де естен шығармады. Мысалы, Менцель кескіндеме өнері саласында өндіріс тақырыбын қозғай отырып, өнер арқылы жұмысшы мәселесін шешуге әрекет жасады. Капитализмнің өзіне тән сипаты — заттық төуелділікке негізделген жеке адамның тәуелсіздігі мәселесі де реалистік ағым назарынан тыс қалмады. Реализм бұл тәуелділік жүйесін әлеуметтік тұрғыдан қарастырды. Мысалы, реалистік тұрғыдан жазылған романдардың мазмұнын алып қарастыратын болсақ, онда буржуазиялық қоғамның жеке адам тағдырына үстемдігі мен оның қыспағынан құтылудың оңай еместігі дәлелденеді. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, реалистік туындылар көне заман трағедияларымен, одан қалды романтизм ағымымен үндес болып келеді. XIX ғасырдың 80 жылдарында реализм негізінде жаңа бағыт — натурализм ағайынды Гонкур, А.Доде, Э. Золя және т.б.) пайда болды. Натурализм позитивизммен (Г. Спенсер) және Ч. Дарвиннің эволюциялық теориясымен тығыз байланыста қалыптасты. Бірақ бұл ағымдардың өздеріне тән ерекшеліктері болды. Реализмде аңсаған арман-мұратқа жету сарыны басым болса, натурализм әлеуметтік рухқа толы болды. Натурализм адамдық мән мен өмір сүрудің мағынасын биологиялық себептермен байланыстыра қарастырып, адам тағдыры мен мінез-құлқының қалыптасу сырларын ашып көрсетуғе әрекет жасайды. Натуралистік ағымның өкілдері капиталистік қоғамда дөрекі шындықтың болмай қоймайтындығын, буржуазиялық тұрмыс жағдайында адамның көңіл-күйінің басыңқы күйде болатындығын атап көрсетті. Мұндай жағдайлар пессимизм мен фатализмге апарып, «бейтараптық» принципі әлеуметтік енжарлықты ақтау құралына айналды.
XIX ғасырлардың 50 жылдарында Еуропа өнері декаданс дәуірін басынан кешірді. Декаданс («құлдырау» деген мағына береді) өзінің қалыптасу кезеңінде реализмнің түрлі бағыттарымен байланыста болды, сондықтан да болар бұл қарама-қайшылықтарға толы күрделі ағым болып саналады. «Декаданс» термині XIX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басында пессимистік, селсоқтық көңіл-күйлерге байла¬нысты рухани мәдениет пен өнер саласындағы дағдарысты көрсету мақсатында қолданыла бастады. Мұндай көңіл-күй алғаш рет француз «символизмінде», ағылшын «эстетизмінде», «өнер өнер үшін» концепциясының теоретиктерінің (Д. Рескин, О. Уайльд және т.б.) шығармаларында көрініс тапты. Одан кейінгі уақытта «декаданс» сарыны «модернистерге» де пайда болып, «импрессионизм» ағымында өз жалғасын тапты.«Капитализмнің қарқынды дамуы мен ғылым мен техника саласындағы орасан зор жетістіктер жағдайында рухани мәдениет саласында декаданс құбылысының туындауын қалай түсіндіруге болады және XIX—XX ғасырлар аралығында мәдениет дағдарысы болды деп толық сеніммен айта аламыз ба?» — деген орынды сұрақтар туындайды. Бұл сүрақтарға нақты жауап беру үшін сол кезеңдегі қалыптасқан тарихи жағдайларға қысқаша көз салайық. XIX ғасыр аяғы буржуазиялық революциялардың аяқталып, капитализм тарихында алғаш рет бейбітшілік пен тұрақтылық орнаған заман болды. Бұл уақытта өнеркәсіп төңкерісі де аяқталған болатын. Ғылыми-техникалық прогресс буржуазиялық қоғамның даму қарқынын жеделдете түсті. Бұл дәуірде қоғамдық сананың «позитивизм» рухында сапалық өзгерістері аңғарылды. Екінші жағынан, белгілі бір орталарда «иррациональдық» философияның идеяларына сұраныс күшейді. «Импрессионизм» (француздың «әсер» деген сөзі) ағымы өзінің философиялық негізі ретінде «позитивизмді» шебер пайдалана білді. Осы орайда «импрессионизм» ағымының француздың реалистік өнерінің қойнауында пайда болғандығын да атап өткен жөн. Сондықтан да болар, 1874 жылы импрессионистердің алғашқы ұйымдастырған өнер көрмесінде, қойылған К. Моненің пейзаждық туындылары «Әсер», «Күннің шығуы» деп аталды. Импрессионистер (К. Моне, Э. Мане, Э. Дега, О. Ренуар және т.б.) өз алдарына қоршаған ортаның сан-алуан қүбылыстарын, мәнді өзгерістерін бақылап, зерттеп және оның нәтижелерін өнер саласына аудару мақсатын қойды. Басқаша айтқанда, нені көргенін емес, қалай көргендігін барынша толық беруге тырысты. Әрбір көріністен алған «әсерлер» белгілі бір заттың «көркемдік мәнін» ашуға бағытталды. Осылайша «импрессионистер»әртүрлі түстер байлығына үлкен мөн бере отырып, қоршаған ортаның тынысын, ондағы болып жатқан өмір құбылыстарын жан-жақты суреттеуге тырысты. Осы жағдайларды ескерсек, өмірдің сан-саласын жан-жақты қамтуға тырысқан бұл ашық та, жарқын өнер түрінің дағдарысқа ұшырауы туралы сөз болмауға тиісті сияқты. Бірақ импрессионизмнің реализм негізінде туындағанын еске ала отырып, бұл өнер саласында дағдарыстың орын алғандығын анық байқауға болады. Өйткені, импрессионистік төсілдің қауіптілігі сол — ол қоғамдық құбылыстардың сыртқы көрінісін ғана қамтып, ал олардың ішкі мән-мағынасын ашып көрсетуге мән бермеді, сөйтіп қоғамдық өмірге сын көзбен қарайтын реалистік дәстүр бұзыла бастады. Ерекше атап өтетін тағы бір жайт, импрессионистер әлеуметтік мәселелерді көрсету мақсатында өнер саласында түрлі әлеуметтік типтерді (маскүнемдерді, қайыршыларды, жезөкшелерді және т.б.) енгізді, бірақ қоғамда орын алған мұндай жағдайлардың әлеуметтік себептері ашылмады, мұндай келеңсіз құбылыстар қатал сынға алынбады. Тіпті кезінде реалистердің басты назарында болған кейбір мәселелер ұмытылып қалды, дәлірек айтқанда, гуманистік және демократиялық идеялардың салтанат құруы үшін, қоғам өміріндегі жат қылықтарды сынаумен қатар, оларға қарсы бітіспес күрес ашу қажеттігі назардан тыс қалды. Импрессионизм ағымындағы орын алған дәл осындай дағдарыс құбылыстарының нәтижесінде «берекесіздік этикасына» жол берілді, ал ол өз кезегінде «символизмде» теориялық жағынан негізделіп, өзіндік бағдар алды. Реалистік дәстүрлердің терең дағдарысы «постимпрессионизмде» (П. Сезанн, В. Ван-Гог, П. Гоген және т.б.) де көрініс тапты. Бұл ағымдағылар адамның тіршілік жағдайларының өзгеруі, үлкен қалалардағы үйлесімділіктің бұзылуы сияқты келелі мәселелерді шындық тұрғысынан көрсете алатын реализмнің жаңа шығармашылық әдістерін де қарастырды. Әрине, мұндай ізденістердің нәтижесінде өнердің сан-саласының парасаттылық сипаты артып, белгілі бір жүйеге келуі шарт еді, бірақ әлеуметтік шиеленістерді өнер арқылы, оның ішінде кескіндеме өнері арқылы танып-білуге және өнер арқылы келеңсіз көріністерге қарсы тұрып, оларды жеңуге деген ынтаның болмауы мен дәрменсіздіктің салдарынан көптеген суретшілер шындықтан алшақтап, өз ортасынан қашқақтап, тұйықтала түсті. Өз-өзімен болушылық сияқты қасиеттер импрессионизмді романтизм ағымымен жақындастырды. Оларға символизм, субъективизм, мистицизм сипаттары да ортақ болды.
Аталған қасиеттер, әсіресе «символизмге» (Малларме, Верлен жөне т.б.) тән болды. «Символизмнің» бастауында «Цветы зла» (1857 жылы) атты еңбегімен белгілі болған Ш. Бодлер тұрды. Жан-дүниенің түйықтығы, басыңқы көңіл-күй, дүниеде болып жатқан қатыгездіктер мен жауыздықтарға қарсылық сезімінің оянуы және тағы да басқа адам бойындағы қасиеттерді шебер бере білудің арқасында Бодлердің мәртебесі өсіп, атағы жайылды. Өйткені, мұндай көңіл-күй мен шиыршық атқан сезімдер толқыны сол дәуірдің рухани әуенін білдірді және «Символизм» бұл тұста жалпы еуропалық мәдени қозғалыста өзіне лайықты орын тауып, мөдениеттің кең арнасына қосылуға мүмкіндік алды: театр саласында (Метерлинк), музыка саласында (Скрябин), кескіндеме саласында (Врубель) және т.б. «Символизм» өнерінің туындылары буржуазиялық өмір салтының «құндылықтарын тамаша игере бастағандардың жартылай идеалистік, порнографиялық шығармаларына мүлдем қарама-қайшы келді. Тамаша өнер туындылары жарыққа шыққан Ш. Бодлердің заманы Наполеон III-нің Екінші империясының кезеңі болатын. Осы бір уақыт шеңберінде руханилықты пайдақорлық пен сат- қындыққа икемдеу әрекеті, халық мүддесі дегенді желеу етушілік, яғни демогогиялық науқан қыза түскен болатын. Заман ойшылдарының бірі Ф. Ницше қоғамдағы болып жатқан мәдени процестерден тыс қала алмады. Ол бұрыннан да көтеріліп жүрген «құндылықтарды асыра бағалау» мәселесін философиялық тұрғыдан жан-жақты зерттеуге ат салысты. Бұл кезенде «сана» категориясына деген сенімнің тас-талқаны шықты, дәстүрлі мөдени құндылықтардың бүкіл жүйесі өзінің өмірсіздігін көрсетті, болашаққа деген үміт оты сөнді, тіпті құдайға деген сенімнің өзі де өше бастады (Құдай өлді, ал оны өлтірген өзіміз). Қоғамдағы мұндай дағдарыстың нәтижесі қандай болды және неге әкеліп соқты? Нәтижесінде дүние ұсақталды, рухани құндылықтардың мәні жойыла бастады. Ф. Ницшенің пайымдауынша, мұндай мәдени тоқыраудың тууы заңды құбылыс болып табылады, өйткені мөдениет өзінің қалыптасып, даму процесінде «құлдықпен», құлдық психологиясымен тығыз бай¬ланыста болады, ал өз кезегінде «құлдық мәдениетінің» үстемдігі сөзсіз регреске, декаданс құбылысына әкеліп соғады.
Жоғарыда айтылған пікірлерден нақты қорытындылар шығарайық. XIX ғасыр аяғында тар мағынада — өнер саласында, ал кең мағынада — мәдениет саласында қандай жағдайлар қалып- тасты? Дәуір тынысын терең сезініп, оның рухын өз бойына сіңірген, дүниені ғылыми тұрғыдан танып-білуге бағыт алған «натурализм» мен «импрессионизм» ағымдарының айналадағы дүниеге, болмысқа жақын болуға тырысушылығы бұларды да дағдарысқа әкеліп тіреді. Жинақылық пен сақтық қасиеттерді таныта білген «символизм» ағымы тоқырау мен іріп-шірудің қаупін сезіне алғанымен, қоғам тудырған келеңсіз көріністерге қарсылық көрсете алмай дәрменсіздік танытты. Әрине, Ницше өз тарапынан белсенділік танытып, жігерлі қарсылық көрсетті, бірақ бұл қарсылық барысында ұлы ғалым технократтық дүниені апаттан құтқаруға себепкер болатын мәдени құндылықтарды есінен шығарып алды.
Демек, XIX ғасыр мен XX ғасыр аралығында мәдениет саласында дағдарыстың кейбір белгілері біліне бастағанын жоққа шығаруға болмайды. Дәл осы кезеңде декаданстық көңіл-күйдің етек алғандығын мәдениеттанушы-ғалымдар да мойындайды, бірақ бұл мәдени тоқыраудың қай кезде басталғандығы жайындағы пікірлер әртүрлі болып келеді. Ортега, Хейзинга, Ясперс сияқты ғалымдар дағдарыс межесін 20—30 жылдар деп белгілесе, ал Ю. Бохеньский тіпті XX ғасыр 50 жылдары деген пікір айтады. Аталған ғалымдар бұл тұжырымдарды бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардан кейінгі орын алған жағдайлармен, ғылыми-техникалық революцияның салдарларымен, адамзатгы жаппай қырып- жою құралдарының жасалуымен және мәдениеттің сауықтық сипат алуымен байланыстырады. Хосе Ортега-и-Гассет, Гете мен Ницшені XX ғасыр мәдениет дағдарысын болжай білген «пайғамбарлар» деп бағалай отырып, олардың XIX ғасырдағы мөдениет дағдарысының тууына себепкер болған жағдайларды сезіне білгендігін ерекше атап өткіміз келеді. Бұл тарихи кезеңде де болашаққа, оның ішінде мәдениеттің болашағына үлкен үміт артылды. Бірақ XIX ғасырда техникалық дамудың деңгейі мен мәдени прогрестің мүмкіндіктері бірдей дәрежеде қарастырылмады, қоғамдық санадағы экономикалық фактордың рөлі асыра бағаланды. Прогресс мәдениетке қауіл бұлтын төндірсе, ал өркениет пен техника оған апат қаупін туғызды. Ал бұл өмірлік мәселе — XIX ғасыр мәдениет тағдырына тікелей байланысты көкейтесті мәселе болды. Мәселенің дәл осылай айқын да, ашық қойылуының дұрыстығын өмірдің өзі, дәлірек айтқанда бұл дәуірдің басқа да тарихи уақиғалары мен сілкіністерін былай қойғанда, дүниежүзілік соғыстардың өзі-ақ дәлелдеп берген сияқты.