7. Түйсіктің физиологиялық негізі Түйсiк дүние хақындағы бiздiң барша бiлiмдерiмiздiң бастау көзi. Сезiм мүшелерiне əсер етушi объектив заттар мен құбылыстар тiтiркендiргiштер деп аталады да, ал олардың əсерiнен сезiм мүшелерiнде туындайтын құбылыс тiтiркену деп қабылданған. Тiтiркенуден, өз кезегiнде, жүйке тарамдарында қозу пайда болады. Түйсiк жүйке жүйесiнiң қандай да тiтiркендiргiшке жауапты реакциясы ретiнде туындап, əрқандай психикалық құбылыс секiлдi рефлекторлық сипатқа ие.
Түйсiктiң физиологиялық механизмi арнайы жүйке тетiгi талдағыш (анализатор) қызметi. Əр талдағыш үш бөлiктен тұрады:
сыртқы энергияны жүйке процесiне қосушы дененiң шеткi бөлiктерiнде жайласқан рецепторлар;
қозуды орталық жүйке бөлiгiне жеткiзушi афференттiк немесе сезiмтал жүйкелер;
шеткi бөлiктен жеткен жүйке импульстарын өңдеушi талдағыштың ми қабығындағы бөлiктерi. Анализаторлардың ми қабығы аймағында нақты рецептор жасушаларына сай арнайы мекендерi болады. Түйсiк пайда болуы үшiн барша талдағыштардың тұтастай, бiрлiктi қызметi қажет. Сонымен бiрге олар енжар қабылдаушы ғана емес, тiтiркендiргiштердiң əсерiне орай икемдi өзгерiске келе беретiн мүше,мұндай өзгерiстерге қажет талдағыштар өз құрылымында қозғаушы тетiктерге де ие. Мысалы, терi қабатына инемен əсер етiлсе, ол жер дiрiл қағатыны байқалады, осындай тiтiркендiргiштерден тамыр тартылуы, терi жиырылуы, ал кей кездерi көз аудару, мойын бұру, қол қағыстары жəне т.б. бəрi де түйсiк реакцияларына байланысты туындайтыны белгiлi.
Сонымен, түйсiктер тiптi де енжар процесс емес, олардың белсендiлiгi ерекше. Бұл процестердiң бəрiнiң де белсендiлiк сипаты түйсiктердiң өзiнше жауап əрекетке келу (рефлекторлық) қасиетiнен туындап отыр
III.ҚОРЫТЫНДЫ Түйсiктердiң адам тiршiлiк iс-әрекетiндегi рөлi өте зор, себебi олар бiзге сыртқы дүние және өзiмiз жайлы бiлiмдердi бередi. Сыртқы ортаның сан-алуан әсерлерi, дыбыстар мен бояулар, иiстер мен температура, мөлшер және т.б. жөнiнде мәлiметтi бiз сезiм мүшелерiмiз арқылы алып, оларды жан-жақты танып-бiлемiз.
Сезiм мүшелерiнiң ақпаратты алу, сұрыптау, жинау және миға жiберу процестерi негiзiнде әсер еткен объектiнiң адекватты (шындыққа сәйкес) бейнесi қалыптасады. Осындай күрделi процесс В.П. Зинченконың пiкiрiнше, үздiксiз болып отырады. Ол секундына мыңнан астам өтетiн операциялардан тұрады.
Сезiм мүшелерi – сыртқы дүниенi адам санасына жеткiзетiн каналдар. Сезiм мүшелерi адамның сыртқы ортада және өз iшкi күйiнде бағдарлай алуына мүмкiндiк бередi.
Адамда қоршаған дүниеден ақпаратты алу тепе-теңдiкте немесе баланста болуы қажет. Ақпараттық балансқа қарсы ақпараттық салмақ түсу мен ақпараттық жетiспеушiлiк (сенсорлық изоляция) сияқты құбылыстар кездеседi. Бұл екi келеңсiз жағдайлар организмнiң күрделi функционалдық бұзылысына алып келедi.
Сенсорлық изоляция дегенiмiз - адамның ұзақ уақыттық, толық немесе жартылай сенсорлық әсерлерден айрылуы. Осы тұрғыдан сенсорлық ақпарат алуды шектеу бойынша жүргiзiлген эксперименттiк зерттеулердiң нәтижелерi өте көрнектi болып табылады. Бұл эксперименттерде зерттелушiнi арнайы камераларға орналастырып, толық сенсорлық изоляцияға дейiнгi жағдайға жеткiзген. Бiрнеше сағаттан кейiн-ақ зерттелушi мазасыздық күйiне жетiп, эксперименттi доғаруды сұраған. Ал ұзақ мерзiмдiк эксперимент жағдайына түскен зерттелушiлер, алдымен, уақыттық бағдардан, ал одан кейiн, тiптен, ойлау қабiлетiнен айырылған. Олар тiптi оңай есептердi шеше алмай, көбiсiнде ес процесiнiң бұзылысы байқалған. Зерттелушiлердiң 80% жуығында көру галлюцинациялары пайда болған. Осындай эксперименттерге адамдар 2-3 күннен артық шыдамаған.
Осы және басқа да мысалдар адамның түйсiну түрiндегi қоршаған дүние жөнiнде ақпаратты алу қажеттiлiгiнiң күштi екендiгiн көрсетедi.