В және Д вирусты гепатиттерінің алдын алу. В вирусты гепатиті (бұдан әрі — ВВГ) мен Д вирусты гепатитінің (бұдан әрі – ДВГ) өзіндік профилактикасы — вакцинациялау. ВВГ-ге қарсы вакцинациялаудың басты мақсаты созылмалыларды қосқанда, В және Д гепатиттерінің барлық түрлеріне жол бермеу.
ВВГ-ге қарсы вакцина: 1) ВВГ-ге қарсы моноваленттік вакцина сауыттарда сұйық түрінде, тек В гепатитінен ғана қорғайтын бір немесе бірнеше мөлшерлі қаптамада шығарылады;
2) ВВГ-ге қарсы поливаленттік вакцина бірнеше ауруларға қарсы қорғанышты дереу қамтамасыз ететін басқа да вакциналармен үйлесімді (АКДС-пен немесе гемофильдік жұқпаға қарсы вакцинамен бірге) шығарылады.
Туған кезде алғашқы доза ретінде міндетті түрде ВВГ-ге қарсы моноваленттік вакцина қолданылуы керек, өйткені поливаленттік вакциналарды балаларға туылған кезінде енгізуге болмайды.
Вакцинациялау тактикасы. Вакцинациялау кешені 3 дозадан тұрады. Нәрестелер үшін егу үлгісі: 0-2-4 ай (туғаннан кейінгі 12 сағат ішінде – өмірінің 2 айында – өмірінің 4 айында); туылған кезінде вакцинацияланбаған 1 жасқа дейінгі балалар үшін мынадай үлгі анықталған: 0-2-6 бірінші мен екінші егулердің аралығы 2 ай және екінші мен үшіншінің аралығы – 4 ай; 1 жастан асқан балалар мен ересектерге мынадай үлгі ұсынылған: 0-1-6 бірінші мен екінші егулердің аралығы 1 ай және екінші мен үшіншінің аралығы – 5 ай.
ВВГ-ге қарсы вакцинаның басқа түрі, сол сияқты инактивтендірілген вакциналармен бір мезгілде бөлек шприцтермен және дененің басқа жерлеріне салу шартымен енгізуге болады.
ВВГ-ге қарсы вакцинаның шығарылған барлық түрлері мен нысандары бір-бірін толығымен алмастыра алады, яғни вакцинаның кейінгі дозаларын енгізу үшін әр алуан өндірушілер шығарған әртүрлі препараттарды пайдалануға болады.
Егер вакцинаның қандай да бір дозасы салынбаған болса, ол мүмкіндігінше дереу енгізілуге тиіс, бұл ретте иммундаудың толық курсын қайта бастаудың қажеті жоқ.
Иммундаудың пайдаланылған үлгісіне қарамастан 3 дозадан тұратын HbsAg-ге (анти-HbsAg) қарсы антиденелердің қорғаныш деңгейі егілгендердің 95%-нан астамында қалыптасады. ВВГ-ге қарсы вакцина жасалғаннан кейін антиденелердің қалыптасуымен жауап берген адамдар жіті, созылмалы ВВГ жұқпасынан және дельта-жұқпасынан жақсы қорғалған. 15 жастан асқан адамдарды вакцинациялау алдын ала ВВГ-ге маркерлік диагностикалаудан кейін жүргізіледі. ВВГ-ге зерделеуде оң нәтижелі адамдар вакцинациялауға жіберілмейді.