Жүрек (сог) — қанның жылжуын қамтамасыз ететін негізгі мүше. Жүректің алғашқы бастамасы дамудың 3-ші аптасынын басында ұзындығы 1,5 мм эмбрионда, спланхнотомның висцеральды жапырақшасының астында орналасқан, мезенхима жасушаларының жұп жиынтығы түрінде пайда болады. Кейін бұл жиынтықтар 2 ұзын түтікшеге айналып, оларға жанасып жатқан мезодерма спланхнотомының висцеральды жапырақшасымен бірге дененің целомдық қуысына барып түйіседі. Кейініректе мезенхималық түтікшелер бір-бірімен қосылады және олардың қабырғасынан эндокардтың тіндік элементтері пайда болады. Мезодерма спланхнотомының висцеральды жапырақшасының бұл түтікшелерге жанаса жақын орналасқан аймағы миоэпикардиальды табақшалар деп аталады. Соңғылар эндокардтың бастамасына жақындап, оны сыртынан қоршайды және бір-бірімен бірігеді. Бұл үдеріс краниокаудальды бағытта жүреді. Басында болашақ жүректің қарыншалық, одан кейін жүрекшелік және синустық-жүрекшелік аймақтары пайда болады. Миоэпикардиальды табақшалар екі бөлікке дифференцияланады: мезенхималық түтікшеге жанамалас орын тепкен ішкі бөлігінде бағаналы кардиомиобласттар, ал сыртқысында эпикардтың тіндік элементтері орналасады.Миокардтың бастамасының жасушалары — кардиомиобласттар бөліне бастайды және кардиомиоциттерге дифференцияланады. Олардың көлемі ұлғая бастап, ұрықтың дамуының екінші айында көлденең жолақтығы бар миофибриллалар пайда болады. Z-жолақтар саркотубулярлык тормен және жасушалық мембрананың көлденең ойыстануларымен (Т-жүйелер) бір уақытта пайда болады.
Бір-бірімен байланысушы кардиомиоциттердің плазмолеммаларының кейбір тұстарында десмосомаға ұқсас құрылымдар анықталады. Кардиомиоциттерде қалыптасып келе жатқан миофибриллалар да плазмолеммаға бекиді, кейін ол жерде ендірме дискілер дамиды. 2-ші айдың соңында өткізу жүйесінің қалыптасу белгілері пайда болады, оның кардиомиоциттері көп ядролығымен және миофибриллярлық аппаратының баяу дифференциялануымен ерекшеленеді. 4-ші айға қарай жүректің өткізу жүйесінің барлық бөлімдерінің дамуы аяқталады. Сол жақ қарыншаның бұлшык ет тінінің дамуы, оң жаққа қарағанда, жылдамдау жүреді. Жүрекше- қарыншалық және қарынша-тамырлық жүрек қақпақшалары эндокардтың дупликатурасы түрінде дамиды. Сол жақ жүрекше-қарыншалық қақпақша эндокардиалдық үйеме түрінде пайда болады, кейінірек оған (2,5 айлық эмбрионда) эпикардтан дәнекер тіні еніп, өсе бастайды. Құрсақ ішілік дамудың 4-ші айында эпикардтан қақпақшаның жармасына коллаген талшықтарының шоғыры кіреді, олар кейін фиброзды табақшаны кұрайтын болады. Оң жүрекше-қарыншалық қақпақша бұлшықетті-эндокардиалдық үйеме түрінде қалыптасады. Ұрыктың дамуының 3-ші айынан бастап оң атриовентрикулярлық қақпақшаның бұлшық ет тінінің орнына, миокард және эпикард жақтан өсіп-өніп жатқан, дәнекер тіні ене қалыптасады. Ересек адамда бұлшықет тіні рудимент түрінде тек жүрекше жағынан қақпақшаның негізінде ғана сақталынады. Сонымен, жүрекше- қарыншалық қақпақша тек эндокардтың туындысы ғана емес, миокардтың және эпикардтың дәнекер тінінің де туындысы. Қолқаның қақпақшаларының екі даму көзі болады: олардың синустык жағы, эндотелиймен қапталған фиброзды сакинаның дәнекер тінінен дамиды, ал қарыншалық — эндокардтан пайда болады. 5,5 апталық адам ұрықтарының жүрекшелерінде алғашқы жүйке ұштары, ал дамудың 8-ші аптасында жүрекшелерде 4—10 нейробласттардан тұратын ганглийлер анықталады. Жүрекшелердің бастамасына орын ауыстырған жүйке айдаршасының жасушаларынан холинергиялық нейрондар, глиоциттер және ұсақ түйіршікті жасушалар дамиды. Жүректің холинергиялык және адренергиялық жүйке аппараты бір уақытта дерлік дамиды. Дамып келе жатқан жүрекке жүйке талшықтарының енуі біртіндеп жүреді. Алдымен жүйке талшықтары оң, кейін сол жақ жүрекшеде, кейінірек — оң, кейін сол қарыншада пайда болады. Бастапқыда жүрекшелерде симпатикалык бағандардың тармақтары, ал кейінірек — кеуделік симпатикалық талшықтардың тармақтары анықталады