Құралай Омар 1983 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. 2000 жылы Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы гимназия-интернатын, 2004 жылы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады.
2004 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлдеге, 2006 «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығына ие болған. 2007 жылы оныншы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ақ қар» атты жыр жинағы жарық көрді.
Жүрекке нұр сыйлар сезімнің Жүрекке нұр сыйлар сезімнің,
Жүріппін арқалап азабын.
Тағдырым қолымда өзімнің,
Барлығын қайтадан жазамын.
Арылу үшін деп күйден мұң,
Қып-қызыл гүл қоям үстелге.
Өмірді бояуды үйрендім
Өзіме ұнайтын түстерге.
БІР КҮДІКПЕН АЛЫСЫП Бір күдікпен алысып,
Бір үмітті үзбейміз.
Бірде көктем жанымыз, бірде солғын күздейміз.
Тұнжыраған сәттерде көктен сұрап медетті,
Жүректегі құдайды неге аспаннан іздейміз?
Құс - қиялмен қалықтап, жұлдыздарға жетемін,
Түс сияқты бұл жалған,
Елес сынды мекенім.
Тым алыстан...
Ғарыштан қол созардай бір күні,
Ұмытамын тәңірдің өз ішімде екенін.
Налимыз да тағдырға, артып кейде мың өкпе,
Адасамыз тұманда,
Тұншығамыз түнекте.
Біз қорқатын тозақ та,
Біз күтетін жұмақ та,
Рақымы мол құдай да
Жырақта емес, жүректе.
Жарығыңды, жылуыңды ұсын, Күн! Жарығыңды, жылуыңды ұсын, Күн!
Тағдыр деген – үзігі екен түсімнің.
Мен өмірге келген жоқпын, расында
Өмір маған келгендігін түсіндім.
Көктем келер, жаз жетеді, күз өтіп,
Қар астында қалтыраймыз сыз өтіп.
Көз ұшында дөңгелейді дүние
Мен өмірді, өмір мені түзетіп.
Бәрiмiз нүктемiз түбiнде Бәрiмiз нүктемiз түбiнде.
Бақытты сұраймыз бүгiнге.
Керек пе?!
Жалғанның қызығын, байлығын
Ол жаққа апара алмаймыз, түгiн де –
Қабiрге қойылған ең соңғы гүлiн де.
Жаныммен аттанар тек қана өлеңiм,
Жазылған мөп-мөлдiр тамшының үнiнде.
Сұрақшы тiзгенде қатемдi,
Жыр оқып беремiн,
Перiште түсiнер жүректiң тiлiнде.
Жұмаққа жол алып жырларым, жаным да.
Дос қылған адамын, құсын да, аңын да,
Мен сосын оянам пейiштiң таңында.
Алланың қардай ақ сенiмiн арқалап,
Әзiрге жүрмiн-ау сол сәттiң қамында.
Күндерiм жоғалды, таң ұмыт, кеш ұмыт.
Қол бұлғап алыста неше арман, неше үмiт
Жетелеп жүрiп-ақ есейттi, өсiрiп.
Құдайын ұмытқан жандарды
Адам деп түсiнiп,
Пенде деп кешiрiп,
Қаламға құйылған Тәңiрдiң жолдарын
Кей-кейде отырам қағазға көшiрiп.
Тағдырға бағынып, көнеміз Тағдырға бағынып, көнеміз,
Десек те “өмірге иеміз”.
Бір ысып, бір суып денеміз,
Мұздаймыз, жанамыз, күйеміз.
Қайдасыз, қай жерде кемеңіз?
Қай қырдан көрінер төбеңіз?
Ақылшым, “ақымақ” демеңіз,
Шашымнан сипалап, басымды сүйеңіз.
Жұбатар деп сізге сенеміз,
Және де тек сізді сүйеміз
Жүрек екеуіміз.
Тағы да ұшындым... Тағы да ұшындым...
Жанарымнан жас сырғыттым қателігім үшін мың.
Адамның емес, Алланың махаббатының
Шексіз екенін түсіндім.
Жалған сезім алдады да, құладым.
Пенде ішінен сүйеу таппай жыладым.
Жалғыздықта Жаратқанға жүз бұрып,
Жанымның парағын жайдым да,
Алдында кешірім сұрадым.
Жылулық іздеумен жүр едім.
Бір нұрды сіңірді жүрегім.
Енді мен ғашық боп жазылған хаттарға
Сенбеймін – күлемін!
Сіз мені Тәңірдей сүймейсіз,
Мен сізді Тәңірдей сүймеймін, білемін.