Жүрсін Молдашұлы Ерманов 12.2.1951 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қурайлы ауылында дүниеге келген – ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тұңғыш өлеңдер жинағы – “Жанартау” 1983 жылы жарық көрді. 1986 жылы “Арайлы күн, армысың” жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығына ие болды. “Ұлытауға бардың ба?..” (1989), “Құдіретке жүгіну” (2005), “Екі тізгін, бір шылбыр” (2007) атты кітаптардың авторы. Өлеңдері мен поэма, балладалары адам, оның жан дүниесі, рухани құндылықтарын өзек етеді. «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», "Гөй-гөй" т.б. кітаптары жарық көрген.