Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931)


Комплекспен оқыту жолдары



бет6/7
Дата06.01.2022
өлшемі63,43 Kb.
#12643
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Жүсіпбек Аймауытов

Комплекспен оқыту жолдары

(үзінді)

…Білім ордасының басып шығарған соңғы программасы да Қазақстанның барлық жеріне үйлесе бермейді. Өйткені Қазақстанның елі, жері, кәсібі алаш ауылы, әр алуан. Оңтүстігі: көшпелі, шала көшпелі, жері құм, саз, суы тапшы, ағызғаны - арық, егіні - бидай, тары, қонақ, жүгері, кендір, зығыр, салы (күріш), қоға (мақта), бауы - мәуе, бақшасы - байкөл, отыны - сексеуіл, жыңғыл, арша, қамыс, жеміс ағашы, көлігі, көбінесе түйе, есек. Теріскей: көбіне отырықшы, шала көшпелі, жері қара топырақ, саз, сортаң, егіні - бидай, сұлы, арпа, қара бидай, ағашы - қарағай, қайың, үйеңкі, долана, көлігі - арба, түйе, өгіз. Күнбатыс: көшпелі, шала көшпелі, жері құм, шері, көбінесе, баялыш, еккені - тары, кәсібі - балық, түз, қамыс, көлігі - түйе. Күн шағылса да солтүстік тәрізді; тек қара топырақты жері кемірек, орман аз, алтын, күміс, көмір, мыс, тұз кендері, су жолы, от кемесі, барлығы бар, елі көбінесе көшпелі… Қазақстанның үй тұрмысы да бір түрлі емес: кей елде кірпіш үй, шым үй, кейінде тас, ағаш үй, енді бірінде там, жертөле (кепе), қамыс үй. Үйлердің олай болуы да жеріндегі затына қарай… Жерінің ауасына, тұрмысына қарай Қазақстан елінің киімі де неше алуан. Түркістін жағында кең қолтық, дөңгелек етек, ұзын жең күпі, шапан, тымақ, жалбағай, саптама етік болмайды. Шолақ жең сыпырық, шапан, жиегі ауыр деген жалпақ бөрік, киіз қалпақ, кебіс, мәсі, немесе қу етік. Оның есесіне көйлегін буынып, шапанын желбегей киген, басын орамалмен байлаған қазақты арқадан көрмейсіз…

Әр елдің әдет-ғұрпы да өзгеше, Сыр елінің бәдік ойыны, додасы, әйелдің еркектен жасырынуы, шылым тартуы, келін түскенде отқа май құюы, шайды сүтсіз ішуі арқада жоқ әдеттер, не сирек әдеттер.

Жер, тұрмыс жағдайына қарай елдің сазы да (ән-күйі) әр алуан. Түркістан елінің әні бұлтарысы жоқ, тік тартар айқай, қайырмасы жоқ, келді немесе бірыңғай текірек болып келеді.

Арқаның әні толқынды, ырғақты, айқайлы, зарлы, қайталамалы, қайырылуы ұзын болып келеді. Теріскейдің, батыстың әні мұңды, зарлы, шерлі, желдірме, көп-көп болып келеді. Арқаның ертеде айтатын ескі әндері Түркістанда қалған секілді. Орал қазақтарының, әсіресе, Мұхиттың мұңды әндерін Арқа әншілері үйрене алмай, тосаңсиды. Ән-күй, тіл жағынан Сыр қазағы - атасы, қыр (арқа) қазағы баласы тәрізді. Ескі ән де, ескі тіл де Сырда көп ұшырайды. Бірақ үй тұрмыс, киім, әдет-ғұрпы, әдебиет, мәдениет жөнінен теріскей, күншығыс елдері анағұрлым ілгері кеткен.

Аспап, сайман, өсімдік, жан-жануар аттарының өзгешелігі өз алдына, қыр мен Сырдың жай тілінде де өзгешелік бар…

Тілдегі бұл өзгешеліктер неден пайда болған десеңіз: әр елге маңайындағы көрші елдің әдет-ғұрпы, тілі жұққан. Түркістан қазағына өзбек, сарт, тәжік, парсы, араб тілі көбірек жұққан болса, арқа қазақтарына ноғай, татар, қалмақ, ұйғыр тілдері көбірек араласқан болуы керек. Сөйтіп, Қазақстанның жері, жаратылысы, өсімдігі, жан-жануарлары, ауасы, соның салдарынан тұрмысы, кәсібі әр алуан болса, сонымен қабат үй салуында, киімінде, аспап құралында, әдет-ғұрпында, ән-күйінде, тілінде, мінезінде де өзгешеліктер көп табылады екен. Олай болса, Қазақстанның барлық мектептеріне бір-ақ, программа қолдануға болмайды екен. Білім ордасының шығарған программасын қолдана отырып, соның керек жерін пайдаланып, әр аудан, елдің мектептері өз жағдайына лайықтап, толықтырып, өзгертіп программа жасап алуы керек.

Комплекс деген не? Өмірде жолығатын нәрселерді, құбылыстарды байланыстырып, ол құбылыстарды байланысқан, іліктескен, бір-біріне әсер қалпында араларындағы қатынасын зерттейді комплекс дейді.

Мысалы, қазақта құдалық болғанда немесе атқа, палуанға бәйге тіккенде жол-жораға жүретін «тоғыз» деген нәрсе бар. «Ат бастатқан тоғыз, жамбы бастатқан тоғыз, құндыз бастатқан тоғыз, қасқа тоғыз» беріпті деп келеді. Бір тоғызында тоғыз түрлі бұйым болады. Соның ең құндысы, қымбаты ат, не жамбы, не құндыз болғандықтан «бастатқан» деп атайды. Комплексті сол тоғызға салыстыруға болады. Комплекстің ішіндегі бас тақырыпты, бас пікірді атқа, жамбыға, құндызға теңеуге болады. Бір тақырыпта тоғыз түрлі нәрсе емес, одан аз да, көп те нәрселер, құбылыстар тіркелуге мүмкін. Бұл тек мысал үшін айтылып отыр.

…Комплекс жүзінде негізгі зерттелетін нәрсе, кіндік тақырып - еңбек. Еңбек болғанда сол өңірдегі елдің күн керетін еңбегі.

Еңбек қалай зерттеледі, оқылады десеңіз, үш жағынан қаралып оқылады:

1) оқудың бас қазығы еңбек болмақ, 2) мектеп өмірінің, мектеп ұйымының, бір басты бөлімі еңбек болмақ, 3) өмірді зерттеудегі басты әдістің бірі еңбек болмақ.

Оның мәнісі: бір жағынан бала еңбекке өзі аралас сан, көмектессін, екінші еңбектеніп жүріп, еңбек арқылы білім алсын, үшінші, еңбектің өнімді болатын төте жолын үйренсін.

Мектептегі еңбек түрлеріне қойылатын шарт: 1) еңбек тәрбие жөнінен маңызды болсын, яғни баланың денесі, ақылы жетілуге қол-қабыс еткендей еңбек болсын. 2) баланың жасына, күшіне ылайықты, шамасы келерлік еңбек болсын. 3) бала түсінгендей, баланың мүддесіне тура келгендей еңбек болсын, мүғалімнің қосқаны, бұйырғаны болмасын. 4) іс жүзінде пайдалы еңбек болсын. 5) көптесіп, бірлесіп істегендей еңбек болсын. 6) баланы шаршатып, желіктірмейтін еңбек болсын. 7) еңбектің мақсатын, жоспарын балалар өздері белгілеп, бірлесіп орындау жолын өздері реттеп, кім қандай жұмысты істейтінін күштеріне қарай үлесіп алсын… Балалардың үйдегі, мектептегі күндегі еңбегі жабайы, қарапайым, өнімсіз, түйгімек екенін мұғалім қашан да ескеріп, тексеріп, кітап оқу, әңгімелесу арқылы балаларды еңбектің құнарлы түрімен, төте жолдарымен таныстырып, жабайы түрін өзгертуге балалардың талабын қоздырып, қызықтырсын, құрар қылсын.

Еңбекке аздап болса да балалар өздері қатынаспай тұрып еңбектің не екенін түсіне алмайды. «,Ащы мен тұщыны татқан білер. Алыс пен жақынды жортқан білер» дегендей, неғұрлым еңбекке қолма-қол араластырып оқытса, соғұрлым оқу қонымды, жұғымды болғаны.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет