Ғылыми тәжірибе. Көркем шығарма тілінің фразеологиялық қорын зерттеу – бір жағынан жалпыхалықтық тілдің кезеңдік ерекшелігін терең білуге себептессе, екінші жағынан, әр суреткердің тіл шеберлігін жан-жақты ашып, оның әдеби тілімізді дамытудағы рөлін анықтаудың бірден бір жолы болып табылады. Себебі фразеологизмдер көркем әдебиет (проза) қажетін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын ақтайтын ең бір күшті тілдік құрал болып келеді. Сондықтан әдеби тіл дамуы кезеңдерінің көркемдік сипатын танытуда қомақты материалды «тілдің әдебилік сипаттарының біреуі» – фразеологизмдер береді.
Фразеологизмдер – тіл қазынасының байырғы да құнарлы қабатына, көркем сөз қорының сүбелі саласына жататын сыры мол, мазмұны терең, қолданыс аясы кең құбылыс. Мысалы: suit the action to the word – сөзді іспен дәлелдеу, beat it on the hoof – қара жаяу, жаяу жүру, to eat one’s words – өз сөзін қайтып алу, to make advances – келісімге бару, to take advantage – алдау, пайдалану, to win smb’s affection – біреудің көңілінен шығу, біреудің көңілін табу, to be afraid of one’s shadow – барлық нәрседен қорқу, өз көлеңкесінен қорқу, after – ақыр соңында, to turn deaf ear – көңіл бөлмеу.
Енді фразеологизмге қандай тілдік құбылыстар жатады, олардың басқалардан қандай түбірлі айырмашылықтары бар, оларды бір-бірінен ажыратуда нені басты белгі етіп ұстау керек деген мәселеге қатысты көзқарастарға тоқталайық.
Орыс тіл білімінде бұл салада көп еңбек жасаған ғалым - академик В.В.Виноградов. Ғалым фразеологиялық орамдарды фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірілік, фразеологиялық тіркес деп үшке бөлген. Фразеологиялық оралымдардың түрлері бір-бірінен әрқашан айқын ажыратыла бермейді, осыған орай, оларды классификациялау тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе болып саналады. Тіл білімінде фразеологиялық оралымдар әр түрлі жағынан қарастырылып, осыған сәйкес, олар түрліше топтастырылған. Фразеологиялық оралымдар лингвистикалық әдебиеттерде бүтіндей тұрақты тіркестің тұтас мағынасы мен оның сыңарлары мағыналарының арақатысы жағынан топтастырылса, екіншілерінде – құрылымы жағынан, үшіншілерінде қызметі немесе эмоционалды-экспрессивті жағынан топтастырылады.
Академик В.В.Виноградов фразеологиялық единицаларды бүтіндей фразеологизмнің біртұтас мағынасы мен оны құрастырушы сыңарлары мағыналарының арақатысы тұрғысынан топтастырған. Қазақ тіл білімінде де осы классификацияны бірден-бір арқау етеді. Фразеологиялық тұтастыққа оның құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады. Мысалы: to show the white feather – ақ жалау көтеру = қорқақтық таныту, қорқақтық көрсету; to kiss the hare’s foot – қоянның табанын сүю – кешігу [5, 78].
А.В. Кунин фразеологиялық бірліктер мен сөз туралы айта келіп, олардың төмендегідей өзгешеліктерін көрсетеді. Екеуінің бірінші айырмашылығы мазмұнында, екінші айырмашылығы жасалынуында, үшіншіден, фразеологиялық бірліктердің мағыналық құбылысы мен сөздің мағыналық құбылысы еш уақытта сәйкес келмейді деп сөзден айырмашылығын айтады [6, 41].
Қай елдің, қай жазушысының қай шығармасын алсаңыз да тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады. Яғни қаламгерлердің қай-қайсысы да сөйлеудің халықтық формасын пайдалануға бейім. Осының өзінен-ақ ғылымдағы фразеологизм проблемасының мейлінше қызықты, мейлінше қиын проблема екенін байқау қиын емес. Осыларды ғылыми проблема ретінде қарастыратын әр алуан еңбектердің сөлін сүзсек, мұның неқилы мәселелері айқындала түседі екен.
В.Н.Телия өзінің «Фразеология дегеніміз не» деген зерттеуінде құрылысы жағынан сөз тіркесі не сөйлем боп келе беретін фразеология объектісінің барлық түрін жинақтап атау үшін «фразеологиялық орам» («фразеологический оборот не жай ғана «орам»), «фразеологизм» деген терминдерді қолданады. Бұлай атауда ол ғылымның игі дәстүріне сүйенген [7, 23].
Белгілі бір ұлт әдебиетінің даму дәрежесін, заңдылықтарын білу үшін де оны көрші әдебиеттермен байланыстыра зерттеуге тура келеді. Мәселен, қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің бүгінгі деңгейге дейінгі даму өрісін ағылшын әдебиеті мен тіліне байланыстыра қарамасақ, көп мәселеде олқы түсер едік.
Көркем әдебиет үшін бұлардың ең қажетті белгілері мынадай бірнеше қосымша қызметіне байланысты. Фразеологизмдер өзінің табиғатында сөйлеуімізді образды бейнелі-айшықты етуге бейім. Қысқа, нақты, тұжырымды сөйлеуге баулиды. Сөйлеуіміздің эмоциональды-экспрессивті бояуы күшті болады. Жіктеп, саралап, салалап айтар болсақ, фразеологизмдердің көркем әдебиеттегі рөлі сан алуан. Фразеологизмдер жалпы барлық стильде қолданылады, бірақ әрқилы ыңғайда қызмет атқарады. Ғылым және ресми-іс стилінде, жалпы әдеби, стильаралық тұрақты тіркестер атау күйінде (номинативті қызметте) жұмсалса, көркем әдебиетте, публицистикада, сөйлеу тілімізде ең алдымен фразеологизмдердің экспрессивті-стилистикалық жағына аса зор мән беріледі. Әсіресе, күнделікгі ауызекі сөйлеу тілінде, кітаби тілде мол кездесетін фразеологизмдердің мәнерлі мүмкіндіктері қатты ескеріледі.
Көркем әдебиет пен публицистикада фразеологизмдерді орамдарды қолданудың бірнеше жолы бар. Жазушылар, публицистер фразеологизмдерді сол күйінде ғана алып қоймай, белгілі мақсатқа орай оларды өзгертіп, құлпыртып та жібереді. Фразеологизмдердің семантикасын, құрылысын және экспрессивті-стилистикалық қасиетін жақсартып, жаңғыртып отыратын да тұстары бар. Жаңадан мағыналық реңк алып, бірнеше көркемдік қасиетке ие болады. Сөздердің байланысу қабілеті молаяды. Өйткені кейбір ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, жазушылардың фразеологиялық творчествосы бұрыннан бірігіп тұрақтанған сөздердің үйреншікті қалпын жасаңғыратуында болса керек. Осы жаңарту, жаңғыртуда авторлық өрістер бірдей болмайды. Әркімнің творчестволық мүмкіндігі, білімі, шеберлігі әрқалай болуына орай фразеологизмдерге енгізілетін жаңа бояулар, жарқын ажарлар да алуан-алуан болып келмек.
Достарыңызбен бөлісу: |