Қосымша-2. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТЕЛЕКӨПІР 1-жүргізуші:Армысыздар, қадірменді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің болашақ педагогтері мен ғалымдары!
«Ұлы даланың ұлағаты: жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуына әсер ететін факторлар» атты республикалық телекөпір педагогикалық кеңесті бастауға рұхсат етіңіздер!
Педагогикалық телекөпірдің мақсаты: Ұлы Даланың ұлағаты негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға әсер ететін факторлардың мәнін ашу.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру.
Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады.
Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.
Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деп атап көрсетті.
Енді Қазақстандағы іс-әрекет пен мұғалім алдына қандай міндеттер жүктейді?
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауына құлақ түрейік (видео. Жолдаудан үзінді көрсетіледі). Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.
Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.
Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.
Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.
Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.
Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.
Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.
Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.
Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу» деп атап өткені белгілі.