Төс-бас бұлшық еті (m. sternocephalicus) төс тұтқасынан басталып,
самай жəне төменгі жақ сүйек бұрышына барып аяқталады.
Ерекшеліктері. Сиыр мен ұсақ малдарда самай жəне төменгі жақ
сүйектеріне, шошқада самай сүйегіне, итте самай жəне шүйде сүйектеріне,
ал жылқыда төменгі жақ сүйегіне барып бекиді.
Қызметі. Төс-бас бұлшық еті жиырылғанда төменгі жақ сүйекті төмен
тартып, ауыздың ашылуына көмектеседі жəне басты сəл ғана өз жағына
бұрады.
2. Арқаның тым жалпақ бұлшық еті (m. latissimus dorsi) 3 -інші
көкірек омыртқаларынан соңғы бел омыртқаға дейінгі жотаүстілік байламнан
басталып, тоқпан жіліктің медиальды бетіңдегі үлкен жұмыр бұлшық ет
бұдырында аяқталады.
Ерекшеліктері. Арқаның тым жалпақ бұлшық еті жылқыдан басқа
жануарларда аталған омыртқалардан жəне соңғы екі қабырғадан басталады.
Қызметі. Арқаның тым жалпақ бұлшық еті иық-бас бұлшық етіне
қарама-қарсы (антогонист) əсер етеді. Ол иық буынын бүгу арқылы алдыңғы
аяқты артқа қарай қозғайды. Ал алдыңғы аяқ жерге иық басылып тұрған
кезде, тұлғаны алға қарай жылжытады.
3. Беткей кеуде бұлшық еті (m. pectoralis superficialis) көкірек
керегесінің вентральды бетінде, алдыңғы аяқтардың аралығындағы
теріастында орналасады. Ол тоқпан жіліктік жəне білектік бөліктерден
тұрады. Бұлшық еттің тоқпан жіліктік бөлігі — төссүйек тұтқасынан
басталып, дельта тəрізді бұдырдан төменірек тоқпан жілік қырында, ал
білектік болігі төссүйек денесінің алдыңғы жағындағы 1-6 -қабырға
шеміршектерінен басталып, білек шандырының медиальды бетіне барып
аяқталады.
Ерекшеліктері. Итте бұлшық еттің тек тоқпан жіліктік бөлігі ғана
болады. Ол төссүйек денесінің бірінші сегментінен басталады.
Қызметі. Беткей кеуде бұлшық еті алдыңғы аяқтарды бір-біріне
жақындатып, аддуктор қызметін атқарады. Тоқпан жілікті алға тартып, иық
буынын жазады.
Достарыңызбен бөлісу: |