ЖолбарыстайЖолымбет Құрбандыққа қол емес /53, 52 б./. Жиембет жырау Бұрала біткен емендей Қисық туған адамсың /53, 74 б./. Үмбетей жырау
Жиырма деген жасыңыз Ағып жатқан бұлақтай.
Отыз деген жасыңыз Жарға ойнаған лақтай.
Қырық деген жасыңыз Ерттеп қойған құр аттай /53, 91 б./ Бұқар жырау Махамбет те жырға ерекше ажар, мәнді мазмұн, айрықша әсер беретін жай теңеулерді де, күрделі теңеулерді де жиі қолданған: Керіскідей шандозым! Құландай ащы дауыстым! Қырмызыдай ажарлым, Хиуадай базарлым, Теңіздей терең ақылдым, Тебіренбес ауыр мінездім! («Тарланым») «Тұтас түйдектер қою суреттерге қою құрылған. Негізгі ойға желі өзекті сөздерді аңдар мен құстар дүниесінен, шаруашылық-тұрмыс, кәсіпке қатысты атауыштардан қарбытып алған» /91/. Қара сөзбен терілген жолдар күрделі теңеулер. «Атқанын қардай боратқан», «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен», «Өте шыққан қызыл гүл бұл дүниенің жалғаны» - жай теңеулер. Шығыс халықтары да, түріктер де, монғолдар да бөріні пір тұтқан, жарылқаушы, құтқарушы санаған. Тіпті «біздің арғы бабамыз» деп қадірлеген. Оның үстіне мақұлық, аң атаулының ішінде ойлана алатын тек қасқыр екен. Қасқыр әрі күшті, әрі азулы, әрі ақылды, әрі еркін. Сондықтан да батырды бөріге теңеу ықылым заманнан бері қайталанып келеді. VIII ғасыр туындысы Күлтегін жырынан мысал келтірейік: Әкем қағанның әскері бөрідей бопты, Жаулары қойдай бопты /92/. Енді түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін генеалогиялық аңыздар негізінде жырлайтын IX-X ғасырларда дүниеге келген эпостық шығарма «Оғыз-намеден» мысал: Көк жалды арлан қасқыр шыға келді де, Оғыз қағанға тіл қатты: «О, Оғыз! Сен Үрімге аттанып барасың. О, Оғыз, Мен сені бастап жүрейін» деді /92, 91 б./ «Ер Тарғын» эпосында (Алтын Орданың ыдырау кезінде шыққан): Мінді батыр еріне, Іздеген жауға көріне, Келген қалмақ жолықты Тарғын сынды бөріге /68, 301 б./.
Махамбет: Мен, мен едім, мен едім, Мен Нарында жүргенде Еңіреп жүрген ер едім. Исатайдың барында Екі тарлан бөрі едім, - («Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі»)
Біз ер едік, ер едік, Ен Нарында жүргенде Талма талтүс шағында Тай жеген тарлан бөрі едік,- («Менің атым - Махамбет») дейді. Ойлау білу бар да, сол ойыңды шашыратып алмай, қағаз бетіне сол қалпында түсіре білу бар. Бұл оңай шаруа емес. Ал жыраулар суырып салып айтып отырғанда көкейдегі көл-көсір ойды қорытып, жанды, әсерлі, әсем суретке айналдыру, әрине, қиынның қиыны. Бірақ шабыт үстінде, шамырқанған шақта жыраулар аузынан жыр нөсердей құйылып, іштегі сыр, қуаныш, нала, мұң, шер ғажайып әсем де әсерлі, ажарлы сөздерге айналады. Ақын-жыраулардың құдіреттілігі де осында. Әйтпесе ол жырау бола ма?! «Ер Тарғын» жырында: Күнді бұлт қоршайды, Күнді байқай қарасам, Күн жауарға ұқсайды! Айды бұлт қоршайды, Айды байқай қарасам, Түн жауарға ұқсайды! Көгілдірін еріткен Көлдегі қулар шулайды. Шулағанға қарасам, Көктен сұңқар соғылғанға ұқсайды /68, 288 б./ деген жолдар бар. Жырау адамның ішкі күйзелісіне орай табиғатты да соның көңіл-күйіне сәйкес етіп ұқсата, егіздей суреттейді (параллелизм). Сөйте отырып өзінің көкейіндегі айтпақ ойын дәл, нақты, әсерлі де әсем етіп жеткізу үшін әр сөзді таңдап, талғап қолданады. Әсіресе синоним сөздердің әсерлілерін ғана алған. Мұндай көркемдік дәстүр ақын-жыраулар поэзиясында жиі кездеседі. Аспанды бұлт құрсайды – Күн жауарға ұқсайды, Көлдерде қулар шулайды – Көкшіліден ол айуан Соққы жегенге ұқсайды, Көп ішінде бір жалғыз Көп мұңайып жылайды – Күйбеңдескен көп жаман Сөзі тигенге ұқсайды! – дейді Шалкиіз. Синоним сөздерді таңдап, орнымен қолдана білгендіктен де толғау жан тебірентеді. «Аспанды бұлт құрсайды» деген жолдағы «құрсайды» қалай дәл айтылған, «жабады», немесе, «қаптайды» десе, көңілге онша қона қоймас еді, әрі ойын дәл бере алмас еді. Образды ойлап, сөзбен сурет салатын ақын үшін аспан қасіреттен шарт сынған, оны бұлт құрсап, жамап-жасқап тұр! Бұл сөзді басқа сөзбен ауыстыру мүмкін емес! Ауыстырса жыр құдіреті әлсірейді. «Көлдерде қулар шулайды» дегендегі «шулайды» да дәл. «Сыңсиды»,«гаккулейді» келмейді. Өйткені ол «көкшіліден соққы жеген». «Соққы» да өз орнын тауып тұр. «Таяқ жегенге ұқсайды» десе, солғын тартары анық. «Күйбеңдескен» де әсерлі, әрі «көп» деген сөзбен үндесіп, әсемдік тудырып тұр. «Сөзі тигенге ұқсайды» да орынды айтылған. «Тілі» десе, басқа мағына беріп кетеді. Ал осы синоним сөздерді Махамбет қалай қолданған? Бұл жайында академик З.Қабдолов «Сөз өнері» атты жоғары оқу орындарына арналған оқулығында «Синонимия – айтылуы, естілуі әртүрлі болғанымен, мағынасы бір-біріне жуық, мәні ұқсас сөздер. Мысалы: шапшаң, дереу, жедел, тез, жылдам; мезгіл, мерзім, мезет, уақыт, шақ, сәт, кез, кезең; айқас, шайқас, ұрыс, қағыс, қақтығыс, тартыс, төбелес, тайталас, кескілес т.б. Осылар секілді синоним сөздердің ішінен суреткер өз көкейіндегі сыр мен шындықты дір еткізіп дәл жеткізер ең қажеттісін ғана алады, - дей келіп Махамбет өлеңін мысалға келтіреді: Мен кескекті ердің сойымын, Кескілеспей бір басылман. Алдыңа келіп тұрмын деп, Ар, намысым қашырман...
Баеке, сұлтан, ақсүйек, Қыларың болса, қылып қал. Күндердің күні болғанда Бас кесермін, жасырман! (Махамбет) Осы өлеңдегі синоним сөздердің бәрі орнында, бәрін де ақын керемет талғаммен тауып қолданған. Сондықтан олардың ешқайсысын ешбір мәндес сөзбен ауыстыруға болмайды» /64,205 б./. Одан әрі З.Қабдолов Кескілеспей басылман дегенді төбелеспей басылман деп алса, күлкілі болатынын, Кескекті ердегендегі ұғым дәлдігі мен нұсқалылығын айбарлы ер, айдынды ер дегендердің ешқайсысы ауыстыра алмайтынын, Қыларың болса, қылып қал дегендегі ашу мен айбарды, кек пен ызаны тек осы синоним тіркестері арқылы ғана дәл танытуға болатынын айтады. Сондай-ақ сой дегенді түр деуге, басылманды – қойман, тоқтаман; бас кесермінді – өлтірермін, құртармын деуге тіпті де болмайтынын талдап жеткізеді. Омоним (дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары басқа-басқа сөздер) /93/ жайында айтқанда да З.Қабдолов: «Аттас сөздердің бір алуан ұнамды роль атқарар аренасы – өлеңді шығармалар. Кейде ақындар жекелеген омонимдерді әр тұста арнайы қайталап, өлеңнің ырғағын, ұйқасын құбылтып, әсерін күшейтеді, - дей келіп Махамбет өлеңінен мысал алады: