Байланыстырып сөйлеуі өте баяу дамиды. Ұзақ уақытқа дейін ситуативті және сұрақ-жауап кезеңінде ғана болады. Өзбетімен баяндауға көшу қиын әрі көп жағдайларда жоғары сыныптарға дейін созылуы мүмкін. Балалар үнемі айтқандарын қошеметтеп отырғанды, сұрақ, айту сияқты көмектерді қажет етеді, Ерекше қиындықтағы - сөйлеу тілінің контекстті түрі. Интеллектісі бұзылған балаларға ең жеңілі – ситуативті сөйлеу тілі, яғни көрнекілікке, нақты жағдайға (ситуацияға) сүйеніп сөйлеуі.
Балалардың байланыстырып сөйлеуі фрагментарлы, ондағы логикалық кезектілік, жеке бөлшектер арасындағы байланыс бұзылған. Балалар сюжеттің негізгі мәнін білдіретін қажетті бөлшектерін жиі тастап кетеді, олар көбінесе мәтінде жоқ және кез келген ассоциациялар негізінде бөлшектерді, жағдайларды қосып сипаттайды.
Байланыстырылған мәтіні бір тұтас емес және қысқа, тар, баяндағанда анық емес. Байланыстырып сөйлеуіндегі баяндау жеңілдетілген, себепті-салды, уақытты, кеңістіктегі қатынастарды түсінбейді. Байланыстырып сөйлеу тілінің жетілмеу себептері сөйлеу белсенділігі, вербальді есте сақтау, тез шаршағыштық, мотивацияның төмен деңгейі сөз қорының аздығымен сипатталады.
Зияты бұзылған балалардың оқуы мен жазуының бұзылуы. Оқу процесін меңгеру зияты бұзылған балаларда баяу болып, өз ерекшеліктері мен қиындықтарына ие.
Көмекші мектеп оқушылары бір уақытта оқудың қарапайым және жетілген тәсілдерін қолданады. Оларда оқудың әрбір кезеңінде өз қиындықтары бар. Бірінші сынып оқушылары әріптерді танып білуде, дыбыстарды буынға қосуда қиналады. Дыбыстарды буынға қосу процесі балалардың буынның дыбыстық құрамы туралы түсініктерінің нақты болуын қажет етеді, ал зияты бұзылған балаларда фонематикалық талдау функциясы әлсіз қалыптасқан. Оларда буын туралы жалпы түсінігінің қалыптасуы да қиындатылған. Зияты дамымаған балалардың дыбыс-буындық талдау қабілеті төмен, соның салдарынан балалар оқыған сөзін тануы баяу және оқыған сөздің мағынасын түсінбейді. Көмекші мектептегі 1-2 сынып оқушыларының оқуда жіберетін және қайталанатын қателерінің саны көп. Р. И. Лалаева, К. Аверино-Жаккенің мәліметтері бойынша, көмекші мектептің 1-сынып оқушыларының 65-70%-нда дислексия анықталған. Оқу бұзылыстарының сипаты мынандай:
әріптерді меңгермеуі;
әріптеп (ежіктеп) оқу;
сөздің дыбыстық және буындық құрамын бұрмалау;
оқығаның түсінбеу;
оқыған кездегі аграмматизмдер.
Зияты бұзылған оқушыларда дислексиының әрбір түрі кездеседі: оптикалық, фонематикалық, мнестикалық, семантикалық, аграмматикалық.
М. Е. Хватцев, Д. И. Орлова, В. В. Воронкованың зерттеулері бойынша зияты бұзылған оқушыларда жазу бұзылыстары қалыпты балаларға қарағанда жиі кездеседі.
Дисграфияның симптоматикасы зияты бұзылған балаларда жазудағы қателердің санының көбімен, алуан түрімен күрделі механизмдерімен сипатталады. Зияты бұзылған оқушыларда дисграфия салдарынан орфографиялық қателердің саны көбейеді. Бұны былай түсіндіруге болады: көптеген ережелерді қолдану үшін, оқушыларда тіл заңдылықтары жоғары деңгейде меңгерілген болуы керек, тіл жалпыламалары қалыптасқан болуы керек, ол көмекші мектеп оқушыларында жетілмеген.
Көмекші мектеп оқушыларының жазуындағы қателер мәселесімен айналысқан. Отандық автор Қ.Қ.Өмірбекованың зерттеулері бойынша, көмекші мектеп оқушыларының жазуда дауысты дыбыстарды тастап кетуі, шатастыруы жиі кездеседі. Мысалы, ірілу - ірілеу, ада - алда, жүгруге –жүгіруге, қыс - қысқа, қашытыққа – қашықтыққа және т.б. әріпті тастап кету сөздің ортасында, аяғында да кездесіп отырады.
Төртінші сынып оқушыларының арасында сөзді тастап кету қатесі 20,2 % құрайды. Жат жазуында сөйлемдер ішінде сөзді тастап кеткен жағдайлар кездеседі. Мысалы, «Алда тегзі жатты. – Алда тегіс жол жатыр». «Олр жуғары сыныпт. –Олар жоғары сыныпта оқиды». «Женлы денелері жекдйы. –Жеңіл денелері қалықтап келе жатқандай». Бұл сөйлемде мына сөздерді тастап кеткен: жол, оқиды, қалықтап, келе. Ондай қателердің жиі кездесуінің себебі оқушыларда жат жазу дағдыларының толық қалыптаспауы және естіп, ойда сақтау қабілеттерінің дамымағандығымен байланыстыруға болады.