Картографиялық проекция теориясы (басқаша аты – математикалық картография) Жер эллипсоидын қағаз бетінде кескіндеудегі жіберілетін бұрмаланудың барлық түрлерін зерттейді және өте аз бұрмаланумен ғана кескінделетін проекцияларды құру әдістерін қарастырады. Проекциялар ұсақ және орта масштабты карталар жасауға қолданылатындықтан, Жер эллипсоидысы бетінің сферадан айырмашылығы ескеріліп сфера жазықтығындағы карта белгілі бір радиус R мөлшерінде ғана бейнеленеді.Картографиялық проекциядағы меридиандар (А=const болған жағдайында) мен параллельдерден (В=const жағдайда) картографиялық тор құралады
Дамуы:
Картографиялық проекция теориясының дамуы геодезияның, астрономияның, географияның, математиканың дамуымен тығыз байланысты. Оның ғылыми негізі Ежелгі Грекияда (біздің заманымыздан бұрын 6 – I ғасыр) жасалды. Ең көне Картографиялық проекция – жұлдыздар картасын жасауға қолданылған милеттік Фалестің гномондық проекциясы. Картографиялық проекция біздің заманымыздан бұрын III ғасырда Гиппархтың, Птолемейдің, б.з. XVI ғасырында Г.Меркатордың, XVII – XVIII ғасырларда Р.Бонның, Д.Кассинидің, И.Ламберттің, Л.Эйлердің, Ж.Лагранждың XIX ғасырда К.Гаусстың, А.Тиссоның еңбектерінде дамыды. КСРО картографтары В.В. Каврайский, Н.А. Урмаев, тағы басқа еңбектері теорияны одан әрі жетілдірді.
Тең бұрышты, көлденең, цилиндрлік Картографиялық проекция – топографиялық карталар жасауға және триангуляция деректерін өңдеуге пайдаланылады. Конустық проекциялар – параллельдері концентрлік шеңберлермен, меридиандары ортогональдік түзу сызықтармен кескінделетін проекциялар. Бұл проекцияларда бұрмалану бойлыққа байланысты болмайды, сондықтан параллельдер бойымен орналасқан аудандарды бейнелеуге қолайлы келеді, сондай-ақ, геодезиялық проекция ретінде де қолданылады.
Өте қарқынды дамып отырған компьютерлік техника география ғылымының көптеген салалары мен маңызды мәселелерін қамтуда. Осындай маңызды өзгерістер картография ғылымына тікелей қатысты, ол электрондық карталардың жасалуынан айқын көрінеді. Компьютерлік жүйелердің біртіндеп күрделенуі XX ғасырдың 60-жылдары геоинформатика ғылымының пайда болып, жедел дамуына негіз болды. Аса жоғары интеллектілік компьютерлік жүйелер мен мультимедиалық технологияның шығуы табиғаттағы әлі де нақты жауабы табылмаған көптеген құпиялардың сырын ашуға мүмкіндік беретіндігіне дау жоқ. Әсіресе бұл технология климат пен ауа райындағы өзгерістердің (циклондар мен ауа массаларының қозғалысы және т.б.), жер қыртысы мен оның ете терең қойнауларындағы түрліше қозғалыстардың туындауының себептерін түсінуге жағдай жасайды. Сонымен қатар табиғатта болып тұратын түрліше апатты құбылыстарды тұрақты бақылауға алуға, түрлі болжамдар жасауға толық мүмкіндік береді.
Компьютер көмегімен бүгінгі таңда түрліше тақырыптағы электрондық карталар, атластар мен оқулықтар, сондай-ақ білім мен біліктілікке үйрететін географиялық ойындардың жүйелері шығарылып, көпшілікке таратылуда. Бұл бағытта интернет жүйесінің алатын орны да ерекше.[2]
Қорытынды
Картографиялық проекциялардың дамуы карталардың жаңа кейіп алуына алып келді. Карталардың мүмкіндіктері арта бастады. Жер бетін картаға бейнелеу барысында бұрмаланушылық деңгейінің азаюы картаны пайдалану ыңғайсыздығын төмендетті. Сондықтан да, проекциялар маңызы қазіргі таңда өте маңызды.
↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том
↑ География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9