Катон-Верстка-01. indd


Катонқарағай ауданы мен Тува өңірі топонимдерінің



Pdf көрінісі
бет13/305
Дата08.11.2022
өлшемі2,93 Mb.
#48337
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   305
Байланысты:
Катон-Верстка-336 стр.

1.3. Катонқарағай ауданы мен Тува өңірі топонимдерінің 
тарихи-лингвистикалық сипаты
Қазіргі әлемдік жаһандану заманында ұлттық бірегейлік пен 
бірлікті кейінгі ұрпаққа жеткізу – әрбір қазақтың азаматтық парызы. 
Ұлттық бірегейлік дегеніміз – ортақ құндылықтар. Ортақ құндылық 
дегеніміз – ең алдымен әрбір адамға ананың сүтімен даритын ана 
тілі, ұлттық тілі. Ұттық тіл – бүкіл халықтың ғасырлар бойынша 
басынан кешкен тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа 
жеткеретін құрал. Олай болса, кез келген халықтың ұлттық болмысы, 
ерекшелігі тілінде сақталады. Яғни, ана тілі – елдігімізді білдіретін 
ұлттық кодымыз болып табылады. Ұлттық кодымыздың сақталуын, 
ұрпақтан ұрпаққа бұрмаланбай, сол қалпында жетуін қадағалау, 
сыртқы себептердің салдарынан халық жадынан сөніп бара жатқан 
ұлттық белгілерімізді жаңғырту алға қойған үлкен мақсатымыз болып 
табылады. 
Осы мақсатты негізге ала отырып, Шығыс Қазақстан өңірінің, 
соның ішінде Алтаймен астасып жатқан Катонқарағай ауданының 
ономастикалық кеңістігін ғылыми негізде қарастырып, әрбір атауға 
сонау көне түркі заманынан бүгінгі күнге дейінгі ерекшеліктеріне 
этимологиялық тұрғыдан сипаттама бере отырып, өңір 
топонимиясының ерекшеліктерін анықтауды жөн көрдік. Зерттеу 
барысында Катонқарағай аймағы бойынша қол жеткізген тілдік 
материалдарды саралау барысында, салыстырмалы-тарихи зерттеу 
әдісін жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясының қарамағындағы Тыва 
Республикасының топонимикалық жүйесін негізе алуды жөн көрдік. 
Себебі Тыва тілі көне түркі дәуірінен бері көптеген тарихи кезеңдерді 
басынан кешірген көне диалектілердің бірі. Зерттеуді жүзеге асыру 
үшін Б. Ондардың «Тываның топонимикалық сөздігі» еңбегіндегі 
топонимдер қолданылды [19]. Талдау нәтижесі бойынша түркілік 
ортақ түбірлер анықталды, монғол тілінен енген кейбір топонимдердің 
лексика-семантикалық белгілері ажыратылды, жалпы алтай тіліне тән 
ономастикалық белгілер мен түркі тілінің ономастикалық белгілері 
салыстырылды. 
Аймақтың ономастикалық кеңістігі дегеніміз өңірдің географиялық 
атауларының құрылымы, аймақтың топонимиясының жалпы 
құрылымдық типологиясы, топонимикалық сөзжасам құралдары, 
топонимдердің лексика-семантикалық құрамы, топонимикалық 


26
семантиканың номинация тәсілдері мен белгілері бойынша 
зерттелуі, топонимдердің басқа тілден ену тәсілдері, топонимдердің 
этимологиялық тұрғыдан талдануы және т.б. Ономастиканың ғылым 
ретінде дамуындағы мұндай индуктивті кезең өте маңызды болып 
табылады. Өйткені, жоғарыда аталған зерттеу жұмыстарының 
нәтижесінде әдістемелік тұрғыдан жинақталып зерттелген
пысықталған кең көлемді аймақтың тіл материалдарын түгел 
қамтитын деректер шеңберінің бассейіні пайда болады. Ертеректе 
ономастика тарих, география, археология сынды ғылым салаларының 
қолданбалы көмекші саласы қызмет атқарса, бүгінгі таңда тіл 
ғылымының жеке саласына айналып, басқа ғылым салаларымен 
тығыз байланыс орнатуда. Бұл жайында қазақ топонимиясының 
этномәдени ерекшеліктері мен когнитивтік сипатын зерттеген ғалым 
Қ.Рысберген «Топонимика қоғамдық жаратылыстану бағыттарының 
әдіс-тәсілдеріне, деректік-ақпараттық базасына сүйенетін мынадай 
бірнеше саланы қамтиды: лингвомәдениеттану, лингвогеография, 
лингвоэтнозоология, лингвофольклористика, полеолингвистика 
нейролингвистика, лингвофилософия, психолингвистика
компьютерлік лингвистика және т.б.» - деп [20] топонимиканың басқа 
ғылым салаларымен байланысын айқын көрсетеді. 
Қазақ тіл ғылымында ономастикалық зерттеулер ХХ ғасырдың 
40-жылдарынан басталады. Бұл ретте, Ғ. Қоңқашбаев, А. Әбдірахманов, 
Т. Жанұзақов, Ә. Қайдар, А. Ысқақов, кейін келе, А. Жартыбаев, 
Қ. Рысберген, Ж. Бұғыбаева, М. Алімбаев, С. Иманбердиева, Б. 
Бияровтардың есімдерін атай аламыз. ХХ ғасырдың 60-жылдарында 
қазақ топонимикасы бойынша жарық көрген екі жұмысты атай 
аламыз. Бірі – география саласының маманы Ғ.Қоңқашбаевтың 1951 
жылы жарық көрген «Қазақтың халықтық географиялық терминдері» 
атты еңбегі[21]. Ал екінші – Қазақстан географиялық атауларын 
тарихи-лингвистикалық бағытта зерттеген А.Әбдірахмановтың 1954 
жылы қорғалған «Некоторые вопросы топонимики Казахстана» 
атты кандидаттық диссертациясы[22]. 1959 жылы А. Әбдірахманов 
диссертациялық еңбегін толықтырып, «Қазақстанның жер-су 
аттары» атты монографиясын жариялайды[23]. Сондай-ақ, Тіл білімі 
институтының ономастика бөлімі де 1961 жылдан бастап, бүгінгі күнге 
дейін қазақ жер-су атаулары бойынша тұрақты түрде аса маңызды 
еңбектер жариялап келеді. Тіл білімі институты қызметкерлерінің 
жариялаған еңбектері тілші ғалымдар тарапынан кеңестік кезең (1961-


27
1991 жж.) және тәуелсіздік кезең (1991жылдан бастап бүгінгі күнге 
дейін) деген екі үлкен топта қарастырылады. 
Түркі тілдерінің ономастикалық кеңістігі сонау М. Қашқаридан 
бастап, бертін келе, В. Бартольд, В. Радлов, П. Мелиоранский 
тарапынан қолға алынады. Тыва өңіріндегі топонимия бойынша 
аймақтық зерттеулер жүргізген ғалымдар қатарына Б.Ондар, Надежда 
Д. Суванджи, М.В. Бавуу-Сюрюн, Л.С. Кара-оол, А.Д. Каксин және 
т.б. жатқызуға болады. 
Катонқарағай өңірі топонимдері мен Тыва Республикасының 
топонимдері арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды 
саралау барысында алдымен негізгі ұқсастықтар жайында айтуға 
болады.
Топоним жасаудағы басты белгі топонимдердің жасалу жолы 
болып табылады. Ең алдымен топонимдер сол жердің физикалық-
географиялық ерекшелігін немесе, сол ерекшеліктің бір белгісін 
сипаттау мақсатында туындайды. Мәселен, Тыва аймағындағы «Көк 
Тей» жер атауы, «Кызыл чул» өзен атауы, «Ак Хем» өзен атауы, 
«Кара Хөл» көл атауы, «Кара Тайга» жер атауы «Ак Өдек» жер атауы 
және т.б. топонимдер жердің, өзеннің түсіне, ерекше белгілеріне 
байланысты спонтанды түрде берілген атаулар деп ойлаймыз. 
Сондай-ақ, Катонқарағай өңірінде де «Мұздыбұлақ» бұлақ атауы, 
«Қырыққұдық» жайлау атауы, «Өгізтау» тау атауы және т.б. жер-
су аттары да сол аймақтың немесе сол жердің ерекше бір белгісіне 
сәйкес берілген деген пікірдеміз. Яғни, географиялық атауларды 
дұрыс саралау үшін топонимнің қандай объектімен сәйкес келетінін 
міндетті түрде білу қажет. Сондай-ақ, кез-келген географиялық объект 
әртүрлі қасиеттерге мен белгілерге ие болады, ал топоним жасауда тек 
бір ғана белгі аталады. Атаулардың көпшілігі ең алдымен сол жерді 
қоршаған ортаның табиғи белгілерін сипаттаумен, бір ғана белгіні 
атаумен ерекшеленеді. Топонимдер индикатор тәрізді географиялық 
объектінің негізгі ерекшеліктерін нақты сипаттайды. Географиялық 
объектілердің көптеген атауларының пайда болуына, көбінесе қолдан 
жасалған, шаруашылық қызмет салаларына қатысты жалпы сөздер 
қатысады. Алдымен олар географиялық терминология саласына өтеді, 
содан кейін өз мәнін алады және топонимдерге айналады.
Аймақтар арасындағы тағы бір ұқсастық – ортақ қатарларға 
жіктелуі. Мысалы, өзен-көл атаулары көбінесе, су-суг, гол, кол, нур, 
хөл, арык, кудук, өзен булак сөздерінің қатысумен жасалады. Сондай-


28
ақ, Тыва топонимикасында өзен-су атауларын қалыптастыруда «хем» 
гидронимі жиі қызмет атқарады. Бұлардың ішінде монғол тілінен енген 
атаулар да топоним жасауға қатысады. Монғол тілінен аударғанда гол 
– өзен, нур – көл деген мағына береді. Тыва Республикасы Монғол 
мемлекетімен шекаралас болғандықтан, оның жер-су атауларында 
монғол тектес сөздер көптеп кездеседі. Мысалы, Кара Суг, Кöк Хөл 
және т.б. Сонымен қатар, аймақ топонимикасында «үстүү – үстіңгі», 
«ортаа-орта», «алдыы – төменгі» сөздерінің кең орын алуы көптеп 
кездеседі. Бұл Катонқарағай топонимикасына да тән қасиет. Мәселен, 
Тыва өңірінде «Ортаа Адыр», «Ортаа Даш», «Үстүү-Ак-Адыр», «Үстүү-
Ак-Чурт», «Үстүү-Бай-Даг», «Үстүү-Булуң», «Алдыы-Демирлиг» деген 
атауларды кездестіруге болады. Ал Катонқарағай жер-су атауларында 
Үстнарын, Үстіңгіақжар, Ортақарауыл, Ортақоңқай, Орташүмек деген 
топонимдер сөзімізге дәлел бола алады. 
Тіл ғылымында топонимдерді қалыптастырудың өзіндік факторлары 
болады. Ғалым Н. Подольскаяның пікір бойынша бұл факторларға 
лингвистикалық, физикалық-географиялық және тарихи факторлар 
жатады [24]. Жер-су атауларының пайда болуының басты себебі, 
адам баласының өзі мекендеген аймақты белгілеу қажеттілігінен 
туындайды. Ең ірі географиялық аймақтың атаулары бірінші кезекте 
аталады, өйткені олар өте белгілі және кеңінен танымал болып келеді. 
Сондай-ақ, Үлкен өзендердің бассейндері халықтың шоғырлануында 
белгілі бір рөл атқарғанын атап өткен жөн. Көптеген өзендердің 
атаулары жағалауын мекендеген халықтың ерекше белгілерімен, 
қасиетімен аталғаны да белгілі. Сондай-ақ, топонимдерге қарағанда 
гидроним атаулары ұзағырақ сақталатынын атап өткіміз келеді. 
Мәселен, бүгінгі таңдағы кейбір ірі өзендердің атаулары сонау көне 
түркі заманынан сақталған. Атап айтқанда, «Ертіс өзені» көк түрік 
ескерткіштерінде «Ертис өгүз» деген нұсқада орын алады. Сондай-
ақ, Тыва өңірінде кездесетін «Бадар-Өөс», «Аныяк-Кадыр-Өөс» 
өзендерінің де этимологиясы тереңде жатыр деп ойлаймыз. Өзеннің 
қалыптасуына негіз болған атау – «өөс/өзен». Яғни, өгуз/өөс/өзен 
сөзінің көне түркіден бүгінге дейінгі фонологиялық ассимиляциясын 
зерттеуші ғалымдар пікірлерінен анық көруге болады. Мәселен, Малов, 
Н. Доможаков, Жевлов сынды ғалымдар «өөс» гидронимінің шығу 
төркінін көне түркі тіліндегі öguz/ogus/ogis сөзімен байланыстырады. 
Бұл пікірді Б.Татаринцев те қолдайды. Сондай-ақ, Қазақстан аймағында 
да «Аягөз» өзенінің құрамындағы (Ай+өгуз) көне гидронимдік термин 


29
фонетикалық өгеріске ұшырағанымен, тілімізде көненің белгісі 
ретінде топоимикалық жүйемізде сақталып келеді. Бұл белгі бізге екі 
тілдегі, соның ішінде топонимикалық жүйедегі түркілік кодымызды, 
бірегейлігімізді көрсетеді. Сондай-ақ, топоним жасаудағы гидронимдік 
терминдер жайлы сөз еткенде, тыва және қазақ тілдеріндегі ортақ 
өзен/өзен, арык/арық, булак/бұлақ, кудук/құдық су/суг тәрізді көне 
түбірлердің де ортақ, әрі жиі қолданысы көнетүркілік ортақ тарихи 
жадыға қарай бағыт сілтейді. Мәселен, тыва тілінде Ала-Суг, Ары-
Булак, Кызыл-Кудук, Кудуктук-Хем, т.б. топонимдерді кездестірсек, 
қазақ тілінде Ақсу, Қарабұлақ, Ақбұлақ тәрізді ұқсас топонимдер де 
жоқ емес.
Жоғарыда аталған өңір топонимдерін салыстыруда қол жеткізген 
тағы бір ұқсастық – жер-су атауларының құрамындағы сын есімдердің, 
соның ішіндегі түстердің қолданысы. Топонимдерді тілдік тұрғыдан, 
этимологиялық тұрғыдан талдауда осы сын есімдер мол мағлұмат 
береді. Мәселен, Тыва Республикасы топонимдерінің құрамында ак, 
кара, кызыл, бора, көк, ногаан(жасыл) түстері жиін орын алады. Жер-су 
атауларының құрамындағы «Ак» сөзі көп жағдайда түс атауын ғана 
емес, сонымен қоса, егер бір гидроним атауында кездессе, мұздай 
суық, тұнық, таза, мағыналарын береді. Егер «Ақ» сөзі антротопоним 
құрамында орын алса, жақсы, ақжарқын, текті, адал, кең, мол деген 
мағыналарда қолданылады. Мәселен Тыва өңірі бойынша бойынша 
Ак-Даш, Ак-Өдек, Ак-Суг, Ак-Хем атаулары сөзімізге негіз бола 
алады. Катонқарағай өңірі бойынша осы Ақбұлақ, Ақдала, Ақдіңгек, 
Ақжар, Аққаба, Аққайнар атауларының құрамындағы ақ түсі сол 
елді мекеннің географиялық ерекшелігін сипаттайды. Бұнымен бірге 
Қазақстан аймағының топонимдері қатарында ақ мағынасында шаған 
сөзі кездеседі. Бұл сөз монғол тіліндегі цаган – ақ дегенді білдіреді. 
Мәселен, Шаған, Шаған тау атауларының құрамындағы шаған сөзі – 
монғол тіліндегі түс атауының дыбыстық өзгеріске ұшыраған формасы. 
Тыва аймағында «ала» түсімен қолданылатын топонимдердің 
көбі хайуанаттармен байланысты болып келеді. Сондай-ақ, «ала» 
түсі сонау көне түркі тілінен келе жатқан көне түркілік сөз болып 
табылады. Монғол тілінде бұл сөз «алаг» түрінде қолданылады. 
Ғалым А.М.Шербактың пікірінше, монғол тіліндегі «алаг» түс атауы 
көне түркі тілінен енген кірме сөз болып табылады[24]. Бүгінгі қазақ 
тілінде де «ала» түрінде қолданылады. Бұдан басқа да түстерді кеңінен 
сипаттауға болады. 


30
Сондай-ақ, «Кызыл» түсі топоним жасаудағы ең жасампаз түс 
деуге болады. Себебі құрамында «қызыл» сөзі орын алған Тыва және 
Қазақстан өңірінің топонимдері аз емес. «Қызыл» түс атауы ретінде 
сонау көне түркі тілінен бері қолданылып келеді. Кейбір көне түркі 
этнонимдерінде де қызыл түсі орын алады. Топоним құрамында 
келіп қызыл түс сол жердің реңін, шексіздінін, гидроним құрамында 
келіп судың таза болмауын, тұнық болмауын сипаттайды. Қазіргі 
уақытта екі тілде де қызыл деп аталатын су көп жағдайда лас, лай, 
таза емес суларды сипаттауда қолданылады. Мысалы, Кызыл-Даш, 
Кызыл-Тайга, Кызыл-Дыт атаулары Тыва аймағында жиі кездеседі. 
Катонқарағай өңірінде Қызылкүңгей, Қызылқайың, Қызылқой, 
Қызылқия, Қызылқұм, Қызылсиыр және т.т. 
Ең көп қолданысқа түсетін тағы бір түс атауы - «қара». Тыва 
өңірінде бұл сөз «кара» деп қолданылады. «Қара» көне түркілік 
негізді түс атауы. Бір ғана Қосағаш өңірінде бір сыңары «кара» 
сөзмен берілген 23 атау бар: Кара-Дыт, Кара-Суг, Кара-Хая, Кара-
Хөл, Кара-Шөл және т.б. да «қара» сөзімен берілетін атаулар көптеп 
кездеседі. Көріп отырғанымыздай, дәл осы атаулардың кейбірі 
Катонқарағай топонимикасынан да орын алады. Бұдан аймақтардың 
ономастикасында орын алған ұқсас атаулар бір тілден екінші тілге 
көшкендіктен емес, сол аймақтың физикалық ерекшелігіне байланысты 
берілсе керек деп ойлаймыз.
«Көк» деген түс атауымен берілетін топонимдер барлық 
аймақтарда кездеседі. Көк түсі көне түркі тілінен келе жатқан атау. 
«Көк» түсі көне түркі тілінде 1) көк, 2) көгілдір, 3) жасыл (шөпке 
қатысты), 4) сұр, 5) боз, 6) аспан, 7) тәңір, 8) жасыл шөп, 9) піспеген, 
10) шексіздік ұғымдарын білдіреді. Осы ұғымдар тілдегі топоним 
жүйесінің жасалуына жеке-жеке негіз бола білген. Мәселен, Көк-Суг, 
Көк-Хая, Көк-Шөл, Көк-Хөл, т.т. Баян Өлгей аймағында Көктұмсық, 
Көкқошын тәрізді атаулар орын алады. Катонқарағай өңірі бойынша 
Көкжота, Көккөл, Көктас, Көктал, Көктаба, Көксу т.б. атаулардың 
жасалуына «көк» сөзі негіз болған. 
Катонқарағай аймағында да, Тыва Республикасы аймағында 
болмасын топонимдердің жасалуына көптеген ортақ физикалық-
географиялық терминдер қатысады. Мәселен, Тыва өңірінің жер-су 
атауларының құрамында суг (өзен), гоол (өзен), хем (өзен), сала (өзеннің 
сағасы) нур (көл), хөл (көл), булак (бұлақ), өөс (өзен), өзен, кыр, сор, 
адыр, арык, мугур (қысқа жер), ой, ош (сел), ула (тау мағынасында), 


31
даг (тау), даба, даваа (өткел мағынасында), дөң, шөл (шөл), тей (тау), 
жазы (жазық), баш (бас), камр (монғол тілінен қысқа жартасты жер 
деген мағына береді), даш (тас), дош (мұз), тобрак (шаң), ойык (ой), кайа 
(жартас), арка (жота), жар, айры (өзен сағасы), ачык (жазық) болчок 
(кішкентай төбе), тöн (төбе), айан (жазық), межелик (төбе, төбешік), 
боом (жартас шығыңқысы), жыраа, белдир (өзеннің бастамасы), болчок 
(кішкене төбе) және т.б. көптеген жалпы алтай, көне түркі, монғол, 
тыва, қазіргі алтай тілдерінен алынған географиялық терминдер орын 
алған. Яғни, бұл аймақтың топо жүйесінің тарихын сонау ең көне 
алтай заманы, көне түркі кезеңінен бүгінгі күнге дейін жетелейді. 
Катонқарағай өңірінде кездесетін жер су атауларының құрамында 
орын алатын географиялық терминдер тас, төбе, қыр, ой, тау және 
т.т. топоним жасауда маңызды бірліктер болып табылады. Екі өңірдің 
де атауларында кездесетін географиялық терминдер қатары өте кең. 
Қолданыстарында тек дыбыстық айырмашылықтар бар. 
Сондай-ақ, екі өңірге де тән ортақ ерекшелік – топоним жасауда 
екінші сыңар ретінде дене мүше атауларының қатысуы. Мысалы, 
баш (бас), бут (аяқ), чүрек (жүрек), ич (іш), кабак (кірпік), кабырга 
(қабырға) және т.б. 
«Баш» көне түркі тілінен бері қолданыстағы сөз болып саналады. 
Географиялық атаулар құрамындағы «баш/бас» сөзі таудың басы, биік 
шың мағынасын береді. Мәселен, бұл сөзге байланысты Тыва өңірінде 
Ак-Баш-Даг, Ат Башы, Катонқарағай өңірінде Басқоңқай, Басқарауыл 
тәрізді атаулар кездеседі. 
«Бел» сөзі де көне түркі тіліне тән сөз. Негізгі мағына адамның 
белі географиялық атауларда тау жотасы, жердің ортасы деген 
мағына береді. Монғол тілінде «бэл» формасында қолданыла 
отырып, топонимдер құрамында орын алады. Тыва өңірінде бұл сөзге 
байланысты Бел-Орук, Арга-Бели, Иштии-Бел деген топонимдерді 
кездестірдік. Катонқарағай өңірі бойынша Белқарағай, Алтынбел 
атаулары жоғарыда аталған атаулардың жасалуымен ұқсас келеді. 
«Бут» аяқ мағынасында қолданылатын сөз, географиялық атауларда 
өзеннің төменгі жағы, таудың етегі мағынасында қолданылады. Бұл 
қолданыс Тыва өңірі бойынша кең тараған, Катонқарағай аймағында 
орын алмайды. Мәселен, Узун-Бут өзені, Адыр-Бут өзені, Азалык-
Бут тауы және т.б. Алайда Катонқарағай өңірінде Талтақ деген бұлақ 
атауы кездеседі. Бұл атаудың да адамның дене мүшесімен тікелей 
байланысты деген ойдамыз.


32
Сонымен қатар Тыва өңірінің топонимдері құрамында «чүрек» 
сөзі кең қолданыс тапқан. Бұл сөз көп жағдайда кішкене төбешік 
мағынасын береді. Атап айтқанда, Остуг-Чүрек, Чүрек-Даг, Чүрек-Тей, 
Шаңгыр-Чүрек атауларын көрсетуге болады. Катонқарағай өңірінде 
де Жүрек, Ұзынжүрек, Майжүрек атауларын кездестіруге болады.
Тыва өңірінің географиялық атауларын қалыптастыруда кабак 
(қабақ), көс (көз), төс (төс), мөн (мойын), кулак (құлақ), киндик (кіндік) 
және т.б. дене мүше атаулары көптеп қатысады. Бұған Төрт Көс, 
Кабакты, Кулагаш, Анг Кулак, Мөн Булак, Киндикту хөл атаулары дәлел 
бола алады. Катонқарағай аймағы бойынша Шимойын, Төс, Төсқайың, 
Шұбартөс тәрізді жер атаулары сәл дыбыстық айырмашылықтарды 
ескермегенде жоғарыда аталған атаулармен ұқсас келеді. Бұл бір 
атаудың екінші жерге берілуі емес, топоним жасауда бір әдістің 
қолданылғандығын және тілдердің туыстастығын көрсетеді. 
Тыва өңірінің топонимдерінің жасалуында тува тілінің төл сөзі 
болып табылатын «дыт» - ағаш сөзі ерекше орын алады. Мәселен, 
Кызыл-Дыт, Кара-Дыт, т.б. Катонқарағай өңірінде тыт сөзінің 
қатысуымен жасалған атаулар кездеспейді. 
Салыстыру жасалған өңірлер бойынша ұқсастықтармен бірге 
айтарлықтай айырмашылықтар да жоқ емес. Мәселен, Қазіргі 
Тыва аймағындағы атаулардың көбі жасалу үлгісі, дыбысталуы, 
компоненттік құрамы қазақ тіліне ұқсас болып келеді. Сондай-ақ, 
екі тілде де географиялық термин ретінде де қолданылмайтын атаулар 
да бар.
Сонымен қорыта келе, зерттеу жүргізілген өңірлерде жер-
су атауларының өзіндік айырмашылықтары мен ұқсастықтары 
ажыратылды. Атап айтқанда, топонимдер құрамындағы көне түркі 
тілінен бері қолданылып жүрген сөздер барлық өңірлерде орын 
алады. Ол сөздердің топонимикалық атауларда кездесуі бізге ортақ 
түркілік, жалпы алтайлық топонимика саласынан мол мағлұмат береді. 
Сонымен қатар, түс атауларының, өсімдік атауларының, адамның 
дене мүше атауларының жер-су атаулары құрамында өз мағынасында 
немесе ауыспалы мағынасында көрініс табуы ортақ түбір мағынасын 
тудырады. Яғни, уақыт сынына қарамастан жалпы алтайлық, көне 
түркілік белгілерімізді топонимикамыздан табу және көпшілік қауымға 
таныту арқылы біз өткенімізді танимыз, баға жетпес тамыры тереңде 
жатқан тарихымызды тіліміз арқылы танимыз. Осылайша, ұлттық 
кодымызды бекіте түсеміз.


33


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   305




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет