Антикалық философия туралы түпнұсқаларға жазбаша және ауызша анализ жасаңыз.
Көне Грек философтарының еңбектерінен
1. ФАЛЕС
Милеттік Фалес бар заттардың бастауы су деп тұжырымдады. (Бұл ер адам философияның бастаушысы деп есептеледі және Иониялық мектеп оның атымен аталды: себебі, философиялық ізін жалғастырушылар көп болды. Философияны Египетте зерттеп, ол Милетке үлкейген кезінде оралды). Бәрі судан, дейді ол, және бәрі суға ыдырайды. Бұл туралы ол, біріншіден, барлық жануарлардың бастауы сперма, ал ол ылғал дегеннен қорытындылайды; осылайша, барлық заттар өз бастауын, мүмкін, ылғалдан алады. Екіншіден, барлық өсімдіктер ылғалмен қоректенеді және ылғалдан жеміс береді, ал одан айырылса, кеуіп кетеді. Үшіншіден, Күн мен жұлдыздардың отының өзі де, космостың өзі секілді су буларымен қоректенеді. Осы себептен Гомер де су туралы мынадай пікір айтады: «Океан, барлығының ата-бабасы».
АНАКСИМАНДР
Фалестің тыңдаушысы Анаксимандр болады… Ол бар заттардың бастауы шексіздіктің белгісіз бір табиғаты, одан көк аспандар және олардағы космос дүниеге келеді. Шексіздік табиғатын ол мәңгі және ескірмейтін деп атайды және ол барлық космостарды қамтиды дейді. Уақыт, оның айтуы бойынша... дүниелердің-көк аспандардың тууы, болмысы және күйреуі мағынасында алдын-ала анықталған. Ол бар заттардың бастауы мен элементі шексіз деп тұжырымдады, бастаудың осы есімін бірінші болып енгізді және одан басқа мәңгілік қозғалыс бар, онда көк аспандар дүниеге келеді деді.