Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №3(58), 2018 ж.
115
Энергетикалық зерттеулер институтының мамандары әзірлеген 2013 жылғы болжам бойынша негізгі
энергия ресурстарының арасында мұнай мен табиғи газдың жиынтық үлесі азаймайды. Алайда, жеке-
жеке алғанда мұнайдың үлесі 26%-ға төмендеп, табиғи газдың үлесі керісінше ұлғаяды. Сондай-ақ,
мұнаймен бірге көмірдің де тұтыну көлемі кемиді. Бұның басты себебі бүкіләлемдік қауымдастықтың
қоршаған ортаны қорғауға баса ден қоюы болып табылады. Заманауи технологияның арзандауы,
мемлекеттің қолдау көрсетуі және бәсекелестіктің артуы нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерін
пайдалану да мейлінше артады деп болжамдануда. 2040 жылы жаңартылатын энергия көздерінің
көмірсутекті шикізаттардан бөлек әлемде қолданылатын жалпы энергияның 14,7%-ын құрайтыны
болжамдануда. Атом энергиясы да 2010 жылға қарағанда 18%-ға өсетін болады.
2014 жылғы болжамда елдің даму деңгейіне қарай қолданылатын энергия түрінің де өзгеретіні
пайымдалған. Дамыған елдерде мұнай мен көмірді тұтыну деңгейі едәуір төмендеп, табиғи газ бен
жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көлемінің барынша артатыны болжамдалған. Ал, дамушы
Азия елдерінде барлық энергия көздеріне деген сұраныстың бірте-бірте ұлғаятыны, Азия мен Таяу
Шығыста да көмірсутекті және биоэнергия ресурстарының едәуір көп тұтынылатыны алға тартылған.
Кремль Қытайдың энергетика нарығындағы ең ірі ойыншысына айналу үшін Ресейдің ұлттық
мүдделерін қорғап қана қоймай, қарсы жақ та бас тарта алмайтындай шешім табуға тиіс. Қытай әлемдегі
ең ірі энергия тұтынушы ел ретінде сыртқы энергетикалық саясатын «тепе-теңдік жүйесіне» негіздеуді
жөн санап отыр. Яғни, қандай да бір саяси немесе геосаяси күшке тәуелді болып қалмауды көздеуде.
Энергетикалық қауіпсіздік пен ұлттық қауіпсіздіктің бірдей ұғым екеніне сенетін Қытай Үкіметі
энергетика саласында әртүрлі серіктес-елдермен байланыс құруға бел буып, әртараптандыру саясатын
ұстануда.
Еуропаға бағытталған энергетикалық саясатын Қытайға да ұстануы Ресей үшін аса тиімсіз болып
келеді. Әуелі, Ресейдің Қытайдың өзіне бағытталған энергетикалық саясатына әсер ете білуі үшін оның
Ресейдің энергия көздеріне деген тәуелділігін едәуір арттыруы тиіс. 2014 жылғы болжам бойынша 2015-
2040 жылдар аралығында Қытай экономикасында тұтынылатын мұнайдың 9-12%-ын, табиғи газдың 6-
7%-ын және көмірдің 1%-ын Ресей қамтамасыз ететін болады [4]. Әлбетте, бұл көрсеткіштердің
Еуропаның Ресей энергия көздеріне деген сұранысынан әлдеқайда төмен екені аңғарылады. Ресейдің
энергия көздерін басқару стратегиясын жүзеге асыруға кедергі келтіретін екінші фактор – дайын тұрған
энергия көздерін тасымалдауға арналған кешендердің жеткіліксіздігі. Ресейден Еуропаға созылған мұнай-
газ құбырлары Кеңес Одағы кезінде салынған. Осы құбырларды қолданған Ресей мемлекеті мұнай бағасы
шарықтаған шақта өзіне экономикалық тұрғыдан мейлінше тәуелді елдердің саясаттарына әсер ету
мүмкіндігіне ие болған. Сондықтан, Ресейдің экономикалық тұрғыдан Қытайға тәуелділігін және
Қытайдың өз бетінше шешім қабылдауға қауқарлы ел екенін ескерер болсақ, Ресейдің алдағы 25 жыл
ішінде Қытайға экономикалық пайда көзі ретінде қарауы заңды да.
Алдағы 25 жыл ішінде Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің энергия көздеріне деген
сұранысының көлемі болжамдалғандықтан, Ресей осы аймақтың энергетикалық қажеттіліктерін
қамтамасыз ету үшін қомақты инвестиция жұмсайды деп күтілуде. Экономиканы әртараптандыруға
бағытталған іс-шаралардың айтарлықтай игі нәтиже бермеуі Ресейді энергетика саласынан келіп түсетін
кірістерге кіріптар ететіні анық. Шығысқа бағдарлану саясаты аясында Ресейдің Қытайдың энергия
сұранысын қамтамасыз ету міндетін мемлекет қолдауындағы энергетикалық компанияларға жүктегені
белгілі. Алайда, Ресейдің энергетикалық компаниялары тігінен біріккен жүйеге ие болғандықтан, қолда
бар мүмкіндіктен айрылып қалуы мүмкін. Осы күнге дейін екі ел арасында түзілген энергетика
саласындағы екіжақты келісімшарттарға басты ойыншылар ретінде Ресейден «Роснефть» және «Газпром»
компанияларының, ал Қытайдан CNPC және CNOOC корпорацияларының қатысуы Ресейдің
энергетикалық компанияларының Қытай аумағында жұмыс істеуіне кедергі келтіруде.
Негізгі сценарийдің жүзеге асуы Ресей мен Қытайды бір-біріне одан сайын тәуелді етері сөзсіз.
Дегенмен, бұл тәуелділік көбіне ассиметриялық сипатта өрбитін болады. Мұнда Қытаймен екеуара
байланыстарда Ресейдің позициясы біршама әлсіздеу екені көзге батады. Мәскеудің Пекинге деген
тәуелділігі 1990-2000 жылдардағы Еуропаға деген экономикалық тәуелділігінен әлдеқайда өзгеше
болмақ. ЕО елдерімен байланыс орнату кезінде Ресей әр мемлекетпен жеке дара келіссөздер жүргізіп,
өзінің энергетикалық компаниялары арқылы оларды белгілі бір деңгейде басқаруға тырысып бақса,
орталық билікке ие Қытаймен екеуара байланыстарда мұндай мүмкіндіктен пайдалана алмасы анық.
Энергетика саласындағы байланыстарда екі тарап бір-біріне тәуелді болғанымен, энергияға деген
сұранысы мейлінше жоғары саналатын Қытайдан айрылып қалмас үшін Мәскеудің бірқатар мәселелер
бойынша жұмсақтық танытуына тура келеді.
|