ВЕСТНИК КазНПУ имени Абая, серия «Исторические и социально-политические науки», №3(58), 2018 г.
116
«Ұсыныстың артуы» сценарийі
Халықаралық энергетика нарығында энергия ресурстары ұсынысының артатынын болжамдайтын
«Ұсыныстың артуы» атты сценарийде көмірсутекті энергия көздеріне деген сұраныс пен ұсыныстың
«негізгі сценарийден» гөрі өзгеше сипат алу жағдайы қарастырылады. Халықаралық энергетика нарығы
тұрақсыз болғандықтан, осы нарықтағы көптеген ірі мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясаттарына әсер
етуі мүмкін жаһандық өзгерістерді де зерделеуге ден қойылады. Әлемдік энергетика нарығының ең ірі
экспорттаушы елі саналатын Ресей үшін ұсыныс пен сұраныстың маңызы өте зор. Сондай-ақ, Ресейдің
энергетика саласындағы ең ірі серіктесіне айналу әлеуетіне ие Қытайдың да АҚШ-пен бірге әлемдегі
энергия тұтынушы ең ірі ел болуының да ұсыныс пен сұраныс нарығына едәуір ықпал етері сөзсіз.
Соңғы жылдары ұсыныстың артуы нәтижесінде мұнай бағасының төмендеуі бек мүмкін деген
сценарийлер жиі айтылуда. Аталмыш сценарийлердің жүзеге асу ықтималдылығының жоғары екенін
2014 жылдың қазан айынан бастап мұнай бағасының құлдырауы айқын аңғартуда [5]. Өткен жылдарға
көз жүгірткенде, салыстырмалы аз шығынмен көмірсутекті энергия көздерін игерудің мүмкін екені және
бұның әсерінен мұнай мен газ бағасының төмендейтіні туралы пікірлердің де жоқ еместігін байқауға
болады. «Ұсыныстың артуы» сценарийі жаһандық энергетика нарығындағы ойыншылар мейлінше көп
мөлшердегі энергия көздерін нарыққа ұсынған жағдайда Ресейдің Қытайға бағытталған энергетикалық
саясаты қаншалықты өзгеретінін және бұдан қаншалықты әсерленетінін анықтауға мүмкіндік береді.
2014 жылғы болжам бойынша алдағы 25 жыл ішінде халықаралық энергетика нарығына ықпал ете
алатындай мөлшерде нарыққа мұнай шығаруға қабілетті елдерге Бразилия, Ирак және Иран жатады.
Олардың басқа елдерден үлкен айырмашылығы аталмыш елдерде мұнай өнімдерін өндіруге
салыстырмалы түрде өте аз шығын жұмсалады. Мәселен, Goldman Sachs мамандарының пікірінше,
Бразилияда көмірсутекті шикізат көздерінің жаңа кен орындары іске қосылған жағдайда бір баррельге
кететін шығын көлемі (өзіндік құны) 50 доллардан аспайтын болады. Ал, Ирак тұрақты экономикалық
өсуге қол жеткізген жағдайда 5-6 жыл ішінде мұнай өндірісін едәуір мөлшерде арттыруға мүмкіндік
алады. Сондай-ақ, Иранның да АҚШ-пен және Еуропа елдерімен болған түсініспеушіліктерді шешкен
жағдайда «ұсыныстың артуы» сценарийінің жүзеге асу ықтималдылығы арта түседі.
«Ұсыныстың артуы» сценарийі Ресейдің Қытаймен энергетикалық ынтымақтастық орнату саласында
келіссөз жүргізу платформасын тарылтады. Осы сценарийдің Ресейге кері әсерін тигізетін ең басты
факторы мұнай мен газ бағасының төмендеуі болып табылады. Шығыс Сібірдегі көмірсутекті шикізат
орындарын игеруге мол қаражат қажет болғандықтан, мұнай мен газ бағасының төмендеуі, бір жағынан,
энергетика саласына бағытталатын инвестиция көлемін азайтса, екінші жағынан «Сібір күші 1»
жобасының құрылыс кезеңіндегідей энергетикалық жобалардың тоқтауына әкеп соқтырады. Алайда,
Энергетикалық зерттеу институтының деректеріне сүйенсек, «ұсыныстың артуы» сценарийі жүзеге аса
қалған жағдайдың өзінде мұнай бағасының төмендеуі ұзаққа созылмай, 2020 жылға дейін ғана баруы
мүмкін.
2014 жылғы болжамда «ұсыныстың артуы» сценарийінен көбіне-көп энергия экспорттаушы
мемлекеттердің қысқа мерзімде зардап шегетіні айтылған [6]. Бразилия, Иран және Ирак мұнай өндіру
көлемін арттырған жағдайда қысқа мерзімде Ресей, АҚШ, Қытай, Мексика, Малайзия, Индонезия,
Норвегия, Англия, Қазақстан және Сауд Арабиясы энергия өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болады.
Әсіресе, жаңа кен орындарының ашылуы Ресей мен АҚШ-тың энергия өндіру көлемін екі есеге дейін
қысқартуына түрткі болуы мүмкін.
«Ұсыныстың артуы» сценарийі Ресейдің Қытайға бағытталған энергетикалық саясатына мынадай екі
бағытта әсер етуі мүмкін деген болжамдар да жоқ емес:
1. Халықаралық энергетика нарығындағы ұсыныстың артуы нәтижесінде бағаның төмендеуі Ресейді
«Сібір күші 1» жобасын жүзеге асыру барысында туындаған кедергілердің салдарынан Қытайға мұнай
экспортын азайтуға итермелейді;
2. Ресей Қытайдың энергетика нарығындағы орнын сақтап қалу үшін Тұрақтандыру қорындағы
қаражат есебінен энергия экспортын ұлғайтуды тоқтатпай, одан әрі жалғастыра береді.
Ресейдің 2035 жылға дейінгі энергетикалық стратегиясына мұқият зер салар болсақ, мұнда Ресей үшін
Азия-Тынық мұхиты аймағының, әсіресе Қытайдың энергетика нарығындағы белді ойыншылардың
біріне айналуы және осы арқылы Шығыс Сібір және Қиыр Шығыс аймақтарының дамуын қамтамасыз
етуі қысқа мерзімді экономикалық пайдадан да әлдеқайда маңызды екені аңғарылады. Сондықтан,
«ұсыныстың артуы» сценарийі жүзеге аса қалған жағдайдың өзінде Ресейдің Қытаймен энергетикалық
байланыстарын одан әрі нығайтуға баса ден қоятынын пайымдауға болады.
|