43. 40-50 жылдардағы ғылым мен мәдениеттің дамуы. Мәдениеттің дамуы
Соғыстан кейінгі уақытта мәдениет, еліміздің рухани жағдайы қатал сталиндік идеологияның қыспағында болды. Тоталитарлық режим бұл саланы өз дегенімен басқарып отырды.
Ағарту ісі. Соғыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында кездескен басты кедергілердің бірі – қажетті мамандардың жетіспеуі.
1946 жылы коммунистік партия Қазақстанда жоғары және орта білім беру ісін дамыту шаралары жөнінде қаулы қабылдады. Қазақстанға көптеген білікті мамандар жіберіліп, білім беру ісіне қаражат бөлінді. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары мемлекетке қажетті 60000-дай маман даярланды. 1950 жылы республикада білім беру ісіне 146,5 млн. сом жұмсалды. Нәтижесінде көптеген жаңа мектептер мен интернаттар салынды. 1950 жылы Қазақ КСР-дегі мектептердің саны 9088 болды. Бұл мектептерде 1493000 оқушы оқыды.
1950 жылы республикада міндетті орта білім алу жүйесі енгізілді.
Ғылым. Халық шаруашылығын қалпына келтіру барысында негізгі қажеттіліктердің бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. 1946 жылы маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. Ғылым академиясының алғашқы президенті болып ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. Қазақ КСР Ғылым академиясының жұмысын ұйымдастыру бағытында С. И. Вавилов, И. П. Бардин, А. М. Панкратова сияқты КСРО Ғылым академиясының белгілі ғалымдары көп еңбек сіңірді. Құрылған күннен бастап Қазақ КСР Ғылым академиясы көптеген аса күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1946–1949 жылдар аралығында Ғылым академиясы 900-дей жаңалық ашты.
1950 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамында 50 ғылыми-зерттеу мекеме жұмыс істеді. Ғылым академиясының 19 ғылыми-зерттеу институтында 500 аспирант оқыды.
Әдебиет. Қазақ әдебиетінің соғыстан кейінгі жағдайы нашар болмады. Бірақ сталиндік идеология әдебиеттің дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. 1947 жылы М. Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясының екі кітабын аяқтады.
1949 жылы «Абай жолы» роман эпопеясы үшін ол мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл туынды – қазақ әдебиетінің аса үлкен жетістігі.
Соғыстан кейінгі жылдарда Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», С. Мұқановтың «Сырдария», М. Иманжановтың «Алғашқы айлар» романдары, Қ. Бекхожин мен Ғ. Ормановтың, А. Тоқмағанбетов пен Т. Жароковтың, Ә. Тәжібаевтың өлеңдер жинақтары жарық көрді.
Ғылым мен мәдениетке сталиндік қыспақ. Е. Бекмаханов ісі (1951–1952 жж.)
Соғыстан кейінгі жылдарда сталиндік тоталитарлық жүйе ғылым мен мәдениеттің дамуына белгілі мөлшерде кедергі жасады. Мысалы, коммунистік партияның қатал идеологиясы қоғамдық ғылымдарға қатты қыспақ көрсетті.
Қазақстан партия комитеті БК (б) П Орталық Комитетінің 1946 жылғы зиялы қауымды саяси қудалауға арналған қаулысын орындау мақсатында жұмыс істеді. Осыдан бастап көптеген зиялы қауымдардың, ғылым, мәдениет өкілдерінің саяси қудалауы басталды. 1947 жылы коммунистік партия Қазақ КСР Ғылым академиясыныңқұрамындағы Тіл және әдебиет институтына XIX ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінің рухани мұрасын зерттеуге тыйым салды. Себебі бұл кездің мұралары «ескінің қалдығы» ретінде сипатталды. Қазақ КСР Ғылым академиясында, Мемлекеттік университетте, жазушылар қауымы өкілдері ішінен «халық жауларын», «бөгде ойлы адамдарды» іздеді.
М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Қ. Жұмалиев, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан сияқты қазақстанның біртуар ұлдарына «ескіні жазушылар» ретінде негізсіз айыптар тағыла бастады. Белгілі ғалымдарға (А. Жұбанов, Б. Сүлейменов, Е. Ысмаилов, С. Кеңесбаев т. б.) әр түрлі жала жабылды. М. Әуезов, Қ. Сәтбаев сияқты ғалымдар біраз уақыт бойы қазақстаннан тыс жерлерді (Ленинград, Москва) мекендеді.