Мәдениет Қазақстанның дамудың жаңа жолына түсуі өз кезегінде білім алу жүйесіне ғана емес, мәдениет саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Кеңестік кезеңде мәдениет пен білім мемлекеттің қосымша көмегін пайдаланатын.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл екі салаға көңіл аз бөлінді. Мемлекеттің бюджеттік саясаты адамдардың рухани сұранысымен есептеспеді. Әсіресе бұл республиканың рухани-мәдени өмірінде көбірек көрініс тапты.
Қазақстан Республикасы «Мәдениет туралы» (1996) Заңының 3-бабында мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат қағидалары былайша көрініс тапқан:
• азаматтардың шығармашылық қызметінің еркіндігі;
• мәдени байлықты жасауда, оны пайдалану мен таратуда барлық азаматтардың құқығы бірдей;
• тарихи-мәдени мұраны қорғау;
• ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын қатар игеру аясында тәрбие мен білім беру жүйесін дамыту;
• мәдениет саласында монополиялық пиғыл-әрекетті болдырмау;
• мәдениетті қаржыландыруда бюджеттік, коммерциялық және қайырымдылық бастамаларды қолдап-қуаттау;
• мәдени қызметті ұйымдастыруда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды бірдей пайдалану.
90-жылдары республика мемлекеттік мәдениет мекемелерінің жүйесі мәдени-демалыс орындарын, кітапханаларды, мұражайларды, театрларды, концерттік ұйымдарды, кино өнері мекемелерін, мәдениет және демалыс парктерін, т.б. қамтыды.
Бұлардың бәрі дерлік мемлекеттік баланста тұрды. Бұдан кейінгі жылдарда, яғни онжылдық кезеңде мәдени саланы қаржыландыру мәселесі едәуір өзгеріске ұшырады:
• ұлттық маңызға ие мемлекеттік мәдениет мекемелерін мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыру сол күйінде сақталып қалды;
• нақты мәдени жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін түрліше қаржы көздерін тарту мүмкіндігі ашыла түсті;
• меншік формасының өзгеруіне байланысты мәдени мекемелердід көпшілік бөлігі, атап айтқанда, кинематография, туризм, спорт, шоу, теледидар, концерттік ұйымдар, т.б. өзін-өзі қаржыландыруға көшірілді.
Бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру — Қазақстанның мәдениет саласындағы негізгі стратегиялық мақсаты. Тек осы жолмен ғана елдің рухани қуатын анықтап, дербес ұлт ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан орын алуға болады.
Республиканың бүгінгі өмірінде бұған мысал жеткілікті. XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап «Наурыз мейрамы» қайтадан салтанат құрды. Ол республикада тұрып жатқан барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Қазақ халқының ең көне ауызекі өнерінің бірі — айтыс жаңа дәуірге лайық қайта дамыды.
Соңғы жылдары республикада ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол арқылы Дүние жүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Жамбылдың 150 жылдығының аталып өтуі, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығының тойлануы, 1999 жылы Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде мерекеленуі тәуелсіз жас мемлекеттің бұл бағыттағы тарихи құтты қадамдары болса керек.