32. Театр өнері мен киноның пайда болуы мен дамуы Театрлық процестің жедел дамуы қазан революциясынан кейін ерекше күш алды.
1926 жылы қаңтарда Қызылордада ұлттық қазақ театры ашылды. Театрды дарынды драмашы, режиссер Жұмат Шанин басқарды. Сахнада қойылған алғашқы шығарма М.Әуезовтың “Еңлік Кебек” пьесасы болатын. Қазақстан үкіметі атаулы табыстары үшін 1937 жылы театрға Қазақ академиялық драма театры атағын берді.
Кино өнері Алматы қаласында "Востоккино" тресінің бөлімшесі ашылуымен басталды. 20-30 жылдары Қазақстан өміріне арналған "Дала әні", "Жұт", "Қаратау қазынасы", т.б. фильмдер түсірілді. Бұл фильмдер ұлттық кино өнерінің қалыптасуына ықпал етті.
"Амангелді" - 1938 жылы Ленфильмде Алматы кинохроника студиясы кинематографистерімен түсірілген Қазақстан тарихындағы алғашқы дыбыстық фильм. Киносценарийді қазақ драматургі Ғабит Мүсірепов пен жазушы Всеволод Иванов бірігіп жазды.
33. 1920-30 жылдары қазақ әдебиетінің қалыптасуы Революцияға дейінгі бүкіл қазақ әдебиетіне тән белгі - қазақ ауылындағы таптық қарама-қайшылықтарды сынау, бүкіл қазақ халқының ортақ мүдделері мен ортақ мақсаттарын білдіру еді. Революцияға дейінгі әдебиеттің дем берушілері мен көсемдері А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы болды.
Қазақ демократиялық әдебиеті Ақпан революциясы мен Қазақстанды кеңестендіру аралығында өзінің жоғарғы даму шегіне жетті. Сол кезеңдегі әдебиеттің көрнекті өкілдері Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгеров, М. Жұмабаев, С. Торайғыров еді.
20-жылдардың ортасында қоғам өміріндегі әдебиеттің орны мен рөлі жөніндегі пікірталастар өрши түсті. Бұл пікірталастың барысында М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынұлы, Ә. Бөкейхан, Ш. Құдайбердіұлы, Қ. Кемеңгеровтер ұлтшылдар ретінде айыпталды.
1920-1930 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуына Қазақстан Жазушылар одағының құрылуы игі әсер етті. Жазушылардың жұмысын ұйымдастырып, басшылық жасайтын қоғамдық ұйым алғашында 1925 жылы Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы болып құрылды. Оның алғашқы басшылары - С. Сейфуллин, Б. Майлин. 1932 жылы Қазақстанның кеңестік Жазушылар одағы ұйымдастырылды. 1934 жылы Қазақстан кеңес жазушыларының I съезі өтті.