Кенжин жаксат болатович


Тақырып 1. Кәсіпкерліктің пайда болу тарихы, мәні, қалыптасу шарттары



бет2/71
Дата25.10.2022
өлшемі0,95 Mb.
#45251
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   71
Байланысты:
кітап кәсіпкерлік общая

Тақырып 1. Кәсіпкерліктің пайда болу тарихы, мәні, қалыптасу шарттары


Кәсіпкерлік ұғымы, теориялық көзқарастар
Алғаш рет кәсіпкерлік және кәсіпкер терминін XVII ғасырдың аяғы XVIII ғасырдың басында ағылшын экономисі Ричард Кантильон (1650-1734ж.ж) енгізді. Р. Кантильон кәсіпкер деп тәуекелділік жағдайында пайда табу мақсатымен өндірісті ұйымдастыратын адамды түсінді.
А. Смит «Халықтар байлығының табиғаты мен себебі туралы зерттеулер» еңбегінде кәсіпкер сипаттарына көп назар аударады. Ол кәсіпкерді өзінің коммерциялық идеясын өткізіп, пайда табу мақсатымен тәуекел ететін меншік иесі деп сипаттайды. Кәсіпкер өндірісті өзі ұйымдастырады, оның нәтижесіне иелік етеді.
Кәсіпкерлік теориясының қалыптасуына өз үлесін қосқан тағы бір әйгілі экономист Ж.Б.Сэй болып табылады. Ж.Б.Сэй кәсіпкерлікке шаруашылық тиімділігін қамтамасыз ету мақсатымен өндіріс факторларын байланыстырушы экономикалық агент ретінде анықтама береді. Кәсіпкердің табысы, Ж.Б. Сэйдің пікірінше, оның еңбегіне, өнімді өндіру мен өткізуді ұйымдастыру қабілеті үшін алатын сыйақы болып табылады.
1934 жылы Йозеф Шумпетер кәсіпкерді жаңа технологияларды өңдеуші жаңашыл тұлға ретінде суреттейді. Ол кәсіпкерлік қызметін ең алдымен жаңалықтарды қолдану мен жаңа немесе ескі тауарларды жаңа әдіспен өндірудің әртүрлі мүмкіндіктерін қолданып, жаңа шикізат көздерін, өткізу рыноктарын аша отырып, өндірісті реформалау немесе түбірімен өзгерту деп есептеді.
Батыс елдерінде кәсіпкерлік аса ерекше ізденімпаздықты білдіріп, шаруашылықты жүргізудегі бюрократизмге қарсы іс-әрекеттерді білдіреді, бұл жағдайда барлық жаңа мүмкіндіктерді іздестіру жаңа ойларға сүйену, міндеттерді орындау жолында барлық мүмкіндіктер көзін пайдалану қажет. Осындай көзқарастардың біздің елімізде де кәсіпкерлікті дамытуда маңызы өте зор.
Америка ғалымы Р.С. Ронстадтық пікірінше кәсіпкерлік байлықты көбейту жолындағы өскелең даму үстіндегі процесс. Сонымен бірге Р. Хизрич және М. Питерс өздерінің «Кәсіпкерлік немесе өз ісін бастап табысқа жету» кітабында кәсіпкерлік іс - әрекеттерді жан – жақты талдап, ауқымы кең анықтама берді: кәсіпкерлік – айтарлықтай күш, уақыт талап ететін қаржылық, рухани жауапкершілік жүктейтін, зор табыс желетін сол арқылы ризашылыққа бөлейтін аса бағалы жаңа іс-әрекеттер.
Кәсіпкерліктің мәнін ең қысқа, нақты анықтама арқылы түсіндірген Р. Хизрич: – «Бұл – белгілі бір құны бар жаңаны, жаңалықты туғызатын іс-әрекет». – деді. Америка ғалымы А. Шапиро кәсіпкер мен кәсіпкерлік ұғымы іс жүзінде жаңалыққа ынталылықты, әлеуметтік – экономикалық механизмді қайта құру процесін, сәтсіздік жағдайдағы жауапкершілікті, тәуекел етуге дайын болу жағдайларын атап көрсетті.
Неміс ғалымдары М.Вебер (1864-1920) «кәсіпкерлік дегеніміз – іс адам үшін емес, адам іс үшін өмір сүру тәсілі» десе, В.Зомбарт (1863-1947) кәсіпкерлікпен сәтті айналысу үшін әр заманның өзіне тән рухын терең сезініп, дөп басып білу керек, тек осылай өткенде ғана кәсіпкерліктің ісі оңға басылады деп түсіндіреді.
Ресейлік ғалым – экономист А.В. Бусыгинның көзқарасының да маңызы зор. Оның пікірінше кәсіпкерлік белгілі бір бастамада іскерлік белсенділікті, нақты іскерлік идеяны (ойды) жүзеге асыруға ұмтылыс деп түсіндіреді.
В.И.Дальдың жазғанындай, кәсіп ету – яғни, бір істі бастау, жаңа іс-әрекетті орындау, үлкен мағынасы бар істі бастап, орындауға кірісу. Өз бизнесін бастау үшін әрбір азамат немесе ұйым міндетті түрде кәсіпкерлік істерді реттеуші азаматтық заңдылықтарды білуі тиіс.
Кәсіпкерлік белгілі бір тауар өндіріп (қызмет көрсетіп), нәтижесінде пайда алу үшін кәсіпкерлердің экономикалық, әлеуметтік, ұйымдық т.б. қарым – қатынастарының жиынтығы болып табылады. Сонымен бірге тұтынушылар мен жеткізушілер, банк қызметкерлері, түрлі нарықтық субъектілер, мемлекет пен жергілікті биліктегі адамдармен қаржылық, экономикалық қарым – қатынастар орнату кәсіпкерлік іс-әрекеттердің негізі.
Кәсіпкерлікте нарықтық экономиканың әртүрлі заңдылықтарын, тауар өндірісі мен тауар қатынастарына байланысты экономикалық механизмдерді дамытып отыру қажет. Кәсіпкерлік кәсіпкердің жаңа идеясының пайда болғанынан бастап, нақты іскерлік жоба дайын болғанша жалғасатын күрделі мақсаткерлік тізбекті құрайды.

1-кесте. Кәсіпкерлік ұғымына сипаттама берген шетелдік ғалымдардың ғылыми көзқарастары



Ғалымдар

Кәсіпкерлікке берген ғылыми көзқарастары

Р. Кантильон

кәсіпкер деп тәуекелділік жағдайында пайда табу мақсатымен өндірісті ұйымдастыратын адам

А. Смит

кәсіпкер өзінің коммерциялық идеясын өткізіп, пайда табу мақсатымен тәуекел ететін меншік иесі

Ж.Б. Сэй

кәсіпкерлік шаруашылық тиімділігін қамтамасыз ету мақсатымен өндіріс факторларын байланыстырушы экономикалық агент

Йозеф Шумпетер

кәсіпкер жаңа технологияларды өңдеуші жаңашыл тұлға

М.Вебер

кәсіпкерлік дегеніміз – іс адам үшін емес, адам іс үшін өмір сүру тәсілі

В.Зомбарт

кәсіпкерлікпен сәтті айналысу үшін әр заманның өзіне тән рухы терең сезініп, дөп басып білу керек, тек осылай өткенде ғана кәсіпкерліктің ісі оңға басылады

Р.С. Ронстад

кәсіпкерлік байлықты көбейту жолындағы өскелең даму үстіндегі процесс

Р. Хизрич және
М. Питерс

кәсіпкерлік іс - әрекеттерді жан – жақты талдап, ауқымы кең анықтама берді: кәсіпкерлік – айтарлықтай күш, уақыт талап ететін қаржылық, рухани жауапкершілік жүктейтін, зор табыс желетін сол арқылы ризашылыққа бөлейтін аса бағалы жаңа іс-әрекеттер

А. Шапиро

кәсіпкер мен кәсіпкерлік ұғымы іс жүзінде жаңалыққа ынталылықты, әлеуметтік – экономикалық механизмді қайта құру процесін, сәтсіздік жағдайдағы жауапкершілікті, тәуекел етуге дайын болу

А.В. Бусыгин

кәсіпкерлік белгілі бір бастамада іскерлік белсенділікті, нақты іскерлік идеяны (ойды) жүзеге асыруға ұмтылыс

В.И. Даль

кәсіп ету – яғни, бір істі бастау, жаңа іс-әрекетті орындау, үлкен мағынасы бар істі бастап, орындауға кірісу

Кәсіпкерлік – барлық ресурстарды тиімді пайдалано отырып, тұтынушылар үшін аса құнды, олардың қажеттілігінен шығатын жаңа тауар өндіру немесе жаңа жұмыстар орындап, қызмет көрсету арқылы ең жоғары нәтижеге жету.


Жалпы «кәсіпкерлік» ұғымы туралы экономикалық әдебиеттерде көзқарастар әртүрлі болғанымен олар бірін – бірі толықтырады және де кәсіпкерлікке байланысты анықтамалардың қалыптасып дамуы (эволюциясы) оның атқаратын нақты қызметтерінде көрсетіледі. «Кәсіпкер» туралы ежелгі заманнан қазіргі уақытқа дейін қандай, теориялар мен тұжырымдамалар қалыптасқаны жөнінде біздің отандасымыз О.Ж.Әлиев ғылыми маңызды зерттеу жүргізіп, кәсіпкерліктің адамзат тарихында орын алған жеті кезеңін бөліп көрсеткен.
Алғашқы кезеңде көрсетілген «кәсіпкерлік – адамның қандай да бір іс - әрекетпен айналысуы» – деген түсінігі бүгінгі күнгі «кәсіпкерлікке» берілген анықтамалардан біршама өзгеше мән – мазмұнға ие екендігі айқын. Кәсіпкерлік туралы алғашқыдан кейінгі екі кезең ІХ – Х ғасырларда өмір сүрген орта ғасырлық араб ойшылдарының еншісінде.
Екінші кезең біздің дәуіріміздің ІХ – Х ғасырда өмір сүрген Аль-Ашари (873-935 жж.) атымен байланысты. Яғни, ашариттер (Аль-Ашариге қатысты), жәбраиттер (жәбр – арабша - еріксіз), кадариттер (кадар – арабша – қабілеттілік, құдіреттілік), мутазалиттер (арабша –айрықша, яғни еркін ойлайтын адамдар) кәсіпкерлік туралы Ислам діні шеңберінде ой толғап, тарихта алғашқы болып «Касб» тұжырымының негізін қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Үшінші кезеңде аталған тұжырымды кеңейтілген түрде әйгілі орта ғасырлық араб ойшылы, оқымыстысы және мемлекет қайраткері Ибн – Хальдун (1332-1406 жж.) өз еңбектерінде «касб» («касабун») ұғымын одан әрі зерттеп, ол туралы өз тұжырымдамасын жасады. Ол кәсіпкерлікті меншікті иелік етумен, еңбекпен, адамның еңбекқорлығымен байланыстырады. Осыған орай, кәсіпкерлікті өмір сүру құралы («мааш»), баю құралы («райаш») ретінде қарастырады. Сонымен қатар, оның кәсіпкерлік теориясы өзі қалыптастырған меншік («мульк»), тауар өндірісі және айырбас, қажетті және қосымша еңбек және өнім қағидаларымен тығыз байланыста болады.
Келесі, төртінші кезең ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында өмір сүрген Р. Контильон атымен байланысты. Яғни, ол берілген анықтамада кәсіпкер – тәуекелге бара білетін адам, ал байлық көзі – экономикалық игіліктердің дәл бағасын анықтайтын жер мен еңбекте, - деп көрсеткен. Бұдан соң ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ басында француз экономисі Ж. Б. Сэй кәсіпкерлікті үш өндіріс факторының (жер, капитал, еңбек) бірігуінен тұрады деп қарастырады. Және сонымен қатар ол ағылшын кәсіпкерлерінің ерекшеліктерін Англия өнеркәсібінің жеткен жетістіктерінен көруге болатынын да айта кетті. Сэйдің негізгі тұжырымы кәсіпкерлердің өнім өндіруге қатысқан зор үлестерін айқындауында. Сэй “кәсіпкерлік табысты - кәсіпкердің еңбегі үшін алынатын сыйлығы”, - деп есептеді, ал “кәсіпкердің өзі – қандай да бір өнімді өндіру үшін пайда табу мақсатында өз атынан тәуекелге бара алатын адам ”, - деп ұғынды.
Кәсіпкерліктің бесінші кезеңі И. А. Шумпетер (1883-1950 жж.) атымен байланысты. Ол “кәсіпкер” ұғымын жаңалық ашушыретінде қарастырды. Оның негізгі қызметі экономикалық өсуді қамтамасыз етуде басты рөл атқаратын жаңашылдықты іске асыру деп түсінді. Яғни, жаңа бағыттарды ойлап тауып, іске асыратын шаруашылық субъектілерін кәсіпкерлер, - деп атады.
Ал, алтыншы кезең Л. Мизес, Ф. А. Хайек, И. Карцнерлермен байланысты. Бұл кезеңде, кәсіпкерді өзіндік ерекшеленген белгісімен іскерлік жүргізетін адам, ал кәсіпкерлік – экономикалық мүмкіндіктерді іздену мен зерттеу арқылы жүзеге асыру, - деп қарастырылған.
Соңғы, жетінші кезеңде кәсіпкерлікті қазіргі уақытта кең орын алған «менеджментпен» ұштастырады.
Кәсіпкерлік осы уақытқа дейін қалыптасқан «батыстық дәстүр» тұрғысынан алғанда ол пайда табуға бағытталған қандай да бір қызметтің белгілі бір түрін ресурстарды тиімді пайдалана отырып, ақыл – ой, зерделік меншікті және меншіктің басқа да нышандарымен ұштастырып, іскерлікті жүзеге асыру болып табылады. Ал, кәсіпкерлік қызмет – бұл меншік қатынасының әр түрлі нышандарының экономикалық жүйедегі белгілі бір әрекеті.
Сонымен «кәсіпкерлік» ұғымының мәні мен ол туралы әр кезеңде қалыптасқан тұжырымдамаларға қысқаша тарихи шолу жасай келе біз «кәсіпкерліктің» мазмұны неғұрлым кең тұрғыдан түсінуді ұстанамыз. Басқаша айтсақ, кәсіпкерлікпен кез – келген халық, кез – келген адам, кез – келген уақытта (хайуанаттар дүниесінен бөлініп шыққаннан бастап) айналысады. Солай бола тұра, әдебиеттерде, әр заманда, әр халықта, тіпті әр адамның кәсіпкерлік іс - әрекетінің ішкі сипаты мен мазмұны әр түрлі болуы хақ. Баса айтатын нәрсе, “кәсіпкерлік” туралы осы уақытқа дейін қалыптасып, сіресіп қалған “дәстүрлі”, яғни “батыстық” көзқарастан түбегейлі бөлекше кең тұрғылы тұжырымдама Қазақстан зерттеушілерінің еншісінде.
Кәсіпкерлік туралы аталмыш кең көлемді тұжырымдама шеңберінде оны ғылыми тұрғыдан жіктеп, жүйелі түрде қарастыруға да мол мүмкіншілік туады. Мысалы, О. Ж. Әлиев негіздеген “меншік – кәсіпорын – кәсіпкерлік” экономикалық “формуласын” негізге ала отырып, бүгінгі күні Қазақстан Республикасында орын алып отырған кәсіпкерлік тәжірибені терең зерттеп түсінуге болады. Әңгіме меншік, кәсіпорын, кәсіпкерлік тектерінің (түрлерінің, нышандарының) өзара сапалық байланысы мен өзара тәуелділігі туралы болып отыр.
Кәсіпкерлік теориясы ғасырлар бойы дамыды, оған классикалық экономикалық теорияға (саяси экономияға), неоклассикалық теорияға, кейнсианстваға, неолиберализмге және қазіргі заманғы экономикалық ілімдерге негізделген әр түрлі бағыттар тән. Әрбір бағыт мектептер мен ілімдердің алуан түрімен сипатталады. Хроникалық ретпен әр түрлі мемлекеттерде экономикалық ойдың даму тарихына экскурсия жүргізіп, «кәсіпкерлік», «кәсіпкер» және «кәсіпкерлік пайда (табыс)» терминдерінің эволюциясын қарастыруға талпынайық 2-кестеде қарастырылған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   71




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет