2-НҰСҚА
1-мәтін
Киіз үйдің құрылысы мен жасалу жолдарына, этнографиялық ерекшеліктеріне жеке тоқталайық. Киіз үйдің қазақы және қалмақы деп аталатын екі түрі бар. Қазақы үйлер дөңгелек, толық күмбезді болады да, қалмақы түрінің төбесі шошақтау келеді. Қазақ үйлері пайдалануына, сән-салтанатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы: қара үй (3 қанат), қоңыр үй (4 қанат), боз үй (5 қанат), ақ үй (6 қанат), ақ ала орда (8 қанат), ақ орда (12 қанат), ақ шаңқан (18 қанат), алтын үздік (24 қанат), алтын орда (30 қанат) деп аталатын түрлері бар. Сол сияқты көшіп-қонуға, уақытша паналауға немесе шаруашылық, жұмыс ретіне бейімделген үй түрлері болады. Олар қос, абылайша, күрке, кепе, итарқа, жаппа, жолым үй, ас үй, қалқа деп аталады.
Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді:
1. Төр – бұл үйдің жоғары әрі қымбат орны. Мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Жас келіндер бұл жерді баса бермейді.
2. Сол жақ – (кіргенде оң жақ) үй иесінің отыратын жане жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқ тұрады. Оны шимен жауып қояды.
3. Оң жақ – (кіогенде сол жақ) мұнда балалары орналасады. Босаға жаққа қарай ер-тұрман, киім ілінеді.
4. От орны – қасиетті орын саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады.
1. Ең үлкен киіз үй
A) Ақ шаңқан
B) Ақ ала орда
C) Алтын үздік
D) Ақ орда
E) Алтын орда
2. Киіз үйдегі киелі орын
A) Ер тұрман, киім ілінетін орын
B) От жағылып, қазан асылатын орын
C) Үй иесінің жататын орын
D) Қонақтар орналасатын орын
E) Азық-түлік, ыдыс-аяқ тұратын орын
2-мәтін
Ұрпақ заманынан озбаса...
Мұрат үнемі әкесінен нені болса, соны сұрайтын. Әкесі де оған өте ыждағатпен жауап беретін. Бірде ол әкесінен:
– Әке, неге осы ат жүргенде алдыңғы аяқтары басқан ізінен артқы аяқтарының басқан ізі асып түседі? – деп сұрады. Әкесі:
– Балам, ол солай. Алдыңғы аяқтары басқан ізден артқы аяқтары басқан ізі озып түсіп отыратын қасиет тек жүйрік, бәйге аттарында ғана болады. Оны сен аңғарған екенсің, демек, сенен де бір ақылды адам шығар. Ол тағы: Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз озатынының да белгісі, – деді.
Бала:
– Бұрын шыққан құлақтан кейін шыққан мүйіз оза ма? Неге? – деп сұрады әкеінен. Әкесі:
– Иә, балам. Мәселен, құлақ туа бітеді. Ал мүйіз болса малдың төлі туғанда болмайды. Кейін; үлкейе келе, біртіндеп өсе келе құлақтан да озып, ұзарып кетеді. Өзің қарашы, ана ала тайыншаның туғанда мүйізі бар ма еді? Жоқ болатын. Ал құлағы ше? Құлағы бар болатын. Бір айдан кейін мүйіз шыға бастады. Келер жылы мүйізі құлағынан әлдеқайда үзын болып өседі. Сен ақылдысың. Демек, Ақбақайдың артқы аяғы алдыңғы аяғынан озып түскеніндей, ала тайыншаның туғанда жоқ мүйізінің туғанда бар құлағынан асқанындай, сен де үлкейгенде қатарыңнан озасың, балам. Олай етпесең, сенің менен туған ұрпақ болғаның қане? Ұрпақ заманынан озбаса, қатарынан озбағаны да. Мен сенің менен озғаныңды қалаймын, – деді әкесі.
3. Әкесі неге риза болды?
A) Баласының аттың сырын білетіндігіне
B) Баласының білімпаздығына
C) Айтқан сөзін баласы жерге тастамағанына
D) Жақсы мысал табылғанына
E) Баласына орынды ақыл айтқанына
4. Мәтіндегі әкенің соңғы сөзіне қатысты мақал
A) Талайлымен таласпа.
B) Жақсы бала – әкеге құт.
C) Күш атасын танымас.
D) Тілі тәтті – көңілі қатты.
E) Шешінген судан тайынбас.
5.Баланың әкесіне атысты сипаттама
A) Сабырлы
B) Сымбатты
C) Көңілді
D) Адал
E) Еңбекқор
6. Әкесінің «Ұрпақ заманынан озбаса, қатарынан озбағаны да. Мен сенің менен озғаныңды қалаймын» деген сөзінің мағынасы
A) Ақылы жасына сай болсын дегені.
B) Өнер, білім таңдауда абай бол дегені.
C) Қатарынан қалмай өссін дегені
D) Дене бітімі әкесінен ірі болсын дегені.
E) Барлық қырынан әкесінен де жақсы болып өссін дегені.
3-мәтін
Бақытсыз бай
Ертеде бір бай өмір сүрді. Оның туысқаны да, баласы да – жинаған мал-мүлкі мен ақшасы еді. Соларды баладай мәпелеп күтетін. Бір күні ол жалшысының көңілді күлкісін естіп, оның үйін айналшықтап тың тыңдады. Бірақ мардымды ештеңе ести алмады. Ол ертесіне жалшыны түннің ортасына дейін босатпай әбден жұмысқа салды. Бірақ кешегі күлкі тағы қайталанды. Дегбірі қашып шыдамсызданған бай енді: “Мынау менің қазынамнан ұрлап жүр, сол үшін үйіне барып мәз болып жатыр,”– деген жаман ойға кетті. Ол жалшысының есігін бір теуіп кіріп барды. Сөйтсе, жалшысы екі баласын арқасына мінгізіп алып, өзі ат болып ойнап жүр екен.
– Ақымық, бүгін қиралаңдап дұрыс істемедің! Түнімен балаларыңды ойнатамын деп шаршайды екенсің ғой! – деп ақырды.
– Қожайын, осы екі балапанымды көргенде шаршау, уайым дегенді ұмытып, тыңайып, сергіп қалам,– деп байыпты қалпынан жазбай жауап берді жалшысы.
–Нағыз ақымақ екен! – деп, үйден атып шыққан бай енді: “Мен кеш кіріп қалдым ба екен, ол ұрлаған ақшасын тығып үлгерді де, маған сыр бермей отыр сұмпайы,”– деп күдігінен арыла алмай-ақ қойды.
Екінші күні жалшы таң атқанша жұмыс істейді. Бірақ ол еш реніш білдірмей үйіне қайтты. Бай соңынан бұқпантайлап барып тағы тың тыңдады. Құлағына шықырлыған ақша мен сылдырлаған күміс теңгені жалшысы санап жатқандай естіліп кетті. Ол тағы да есікті бір теуіп кіріп барды. Екі баласын екі жағына алып рахаттанып ұйықтап жатқан жалшысын көргенде не істерін білмей қалды. Үн-түнсіз үйден шығып кетті. Сонда да күдігі сейілер емес. Ертесіне жалшысының көңілді, сергек қалпы байға өзін мазақ қылып тұрғандай көрінді. Бай ақыры:
– Менің қазынамнан біраз қаражат жоғалды. Соны сен алдың. Себебі сен үнемі көңілді жүресің, тыққан ақшаң болған соң көңілің тоқ боп жүр,– деді. Сонда жалшысы:
– Қожайын, жағдайың сорлы құлдан да жаман-ау. Күндк кешке үйімді торуылдайсың. Менің байлығым – екі балам мен жан жарым жане денсаулығым мен қара күшім. Құланиектеніп таң атқаннан кеш батқанша тәңірімнен осы байлығымнан айыра көрме деп тілеймін. Сондықтан мен бақыттымын, көңілдімін,– деп жауап берді.
Не дерін білмеген бай үн-түнсіз қалды. “Япырмай, шынында да мына қара құл бақытты. Мен сияқты қызғанатын байлығы да жоқ. Байлық маған бақытсыздық үшін біткен бе? Басым ауырып кетті”.
Осы күні жалшы үйіне ерте қайтты. Оның сыртынан қарап тұрған бай алдынан жүгіріп шыққан екі баласына қызыға қарап қалды...
7. Байдың бақытсыздығының себебі
A) Кедейдің еңбегі
B) Байлығының молдығы
C) Отбасының жоқтығы
D) Жинаған мүлкі
E) Кедейдің тілегі
8. Байдың бойындағы қасиет
A) Мақтаншақтық
B) Қызғаншақтық
C) Адалдық
D) Тәкаппарлық
E) Еңбекқорлық
9. Әңгіменің түйіні
A) Байға құл болғанша, байғұсқа ұл бол
B) Қайырсыз байдан қайнатқан су артық
C) Бай байға құяды, сай сайға құяды
D) Балалы үй – базар
E) Жаңа бай мақтаншақ келер
10.Кедейдің тілегі
A) Бар байлығымнан айырма
B) Мол байлыққа жолықтыр
C) Өміріме жеңілдік бер
D) Байдың құлдығынан құтқар
E) Жақсы жұмыс бер
11. Жалшының бақыты
A) Жұмысы
B) Балалары
C) Байлығы
D) Қазынасы
E) Ақшасы
12.Байға күдік тудырған нәрсе
A) Шықырлаған ақша
B) Сылдыраған күміс
C) Кедейдің сөзі
D) Кедей балалары
E) Көңілді күлкі
4-мәтін
Қарт пен тапқыр жігіт
Бір күні бір қарт адам шаһарға барып, қайтып келе жатса оны бір жас жігіт қуып жетеді. Ол келе жатып:
– Ата, жолды қысқартайық,– дейді.
Қарт:
– Жол қалай қысқарады?– дейді.
Жігіт:
– Жолдың қысқаруы оңай, екеуіміз бірімізді-біріміз, кезек-кезек арқаласақ болғаны,– дейді. Шал ішінен:
– Япырым-ай, мынау бір кесапатты адам болмаса игі еді? Мені қалай арқалайды? Өзін қалай арқаламақшымын?– деп ойлап, жауап қайырмайды.
Мұнан кейін жігіт те үндемей келе жатады да, пісіп тұрған егінді көріп:
– Ата, мына егін сіздің елдікі ме?– дейді. Қарт:
– Иә,– дейді. Жігіт:
– Олай болғанда, бұл желініп қойған егін бе, желінбеген егін бе?– дейді.
Қарт тағы да бетіне бажырайып қарап қояды да: «Япырым-ай, мынаның бір сөзінен бір сөзі сорақы болды-ау! Бұл не айтқаны?» – деп ойлайды.
Жолда бір елге кездеседі. Бұл елдің адамдары дүниеден өткен кісіні жерлеуге апара жатыр екен. Жігіт:
– Ата, мына кісі өлген бе, өлмеген бе?– деп сұрайды. Қарт шыдай алмай:
– Өлмесе жерлемейді ғой!– деп жігіттің бетін қайырып тастайды. Жігіт үндемейді. Олар қабірге бірге барады. Шыққаннан кейін:
– Ата, әлгі кісі өлмеген екен, – дейді. «Я, құдай, жерленген адам қалай тірі болады?» – дейді қарт ішінен.
Күн кеш болады, екеуі қарттың үйіне келеді. Қонағын үйіне кіргізеді де, қызын шақырып алып:
– Шырағым, үйге бір жігіт келді, мейман ет! Бірақ сүйкімсіз мінезі бар. Сөзінде кесапаты зор адам, – дейді. Қыз қонақпен сөйлесіп көрсе, сөзі мағыналы екен. Қыз: «Япыр-ау, әкемнің айтқаны осы кісі ме екен?» – деген оймен әкесіне келеді де:
– Әке, сізбен неше кісі келді? – дейді.
Әкесі:
– Жалғыз, – дейді.
Қыз:
– Онда сөзінде кесапаты зор деген адамыңыз осы болса, мұнан қандай кесапат көрдіңіз? – дейді.
Қарт:
– Ойбай-ау, оның сөйлеген сөзінде кесапатсыз бір сөз жоқ. Әуелі ол: «Жол қысқартайық», – деді. Мен: «Жол қалай қысқарады?» – деп едім. Ол: «Бірімізді-біріміз кезек арқалап отырайық», – деді. Мұнысы былай тұрсын. Орылмаған егінді көріп: «Ата, мына егін желініп қойған ба, желінбеген бе?» – деп сұрады. «Орылмай тұрған егінді кім жеп қояды?» – дедім мен. Бұл мұнымен тұрсын. Бір ауылдан қаза тапқан кісіні көріп: «Ата, мына кісі өлген бе, өлмеген бе?» – дейді. Онан шығып келе жатыр едік: «Ата, жаңағы адам өлмеген екен», – деді. Міне, мен оның осындай төрт кесапатты сөзін естідім, – дейді.
Сонда қыз тұрып:
– Әке, бұл сөздер зор мағыналы сөздер ғой. Сіз оның айтқан сөзіне түсінбеген екенсіз. Оның бірінші айтқаны: «Кезекпе-кезек әңгіме айтып отырайық, жол қысқарсын», – дегені. Екіншісі: «Егін байдікі ме, кедейдікі ме?» – дегені. Байдікі болса – өз көлігімен, кісі жалдап жыртып, өз тұқымын себеді, өнімін ертең өзі алады, желінбеген болып саналады. Кедейдікі болса, ол сорлы тұқымды несиеге сатып алады, жерді көлік жалдап дыртады, түскен өнімі борыштан аспайды. Сондықтан ол шикідей жеп қойғанмен бірдей болады. Үшіншісі: «Баласы бар ма?» – дегені. Балаларын көрген ол: «Өлмеген адам екен», – дегенді айтқан. Сіз ол жұмбағын шеше алмаған екенсіз, – деген соң, қарт қателігін мойындап, жігіттің қолын алып:
– Мен сенің айтқан сөздеріңе түсіне алмай, ішімнен саған қатты ренжіп едім. Олай емес, сен ақылды жігіт екенсің, – деп, қызын соған беріпті.
13. Байдың егініне сипаттама
A) Борышты өтеуге берілетін егін
B) Желінбеген егін
C) Көлікті жалға алып жыртатын егін
D) Тұқымы қарызға алынған егін
E) Жалға алған жерге егілетін егін
14.Қарияның «жігіттің сүйкімсіз мінезі бар» деуінің себебі
A) Жігітті жақтырмағандықтан
B) Қызын сақтандырғандықтан
C) Жас жігіт болғандықтан
D) Қонақ қылғысы келмегендіктен
E) Әңгімесін түсінбегендіктен
15. Жігіт айтқан «кесапатты төрт сөздің» төртіншісінің мазмұнын анықтайтын мақал
A) Жарлының аузы аққа тисе, мұрыны қанайды
B) Бала – артта қалған із, Бақыт – ұзатылған қыз
C) Ескі дос келгенде, жаңа достың көзінен жас шығады
D) Қонақ қойдан да жуас, май берсе де жей береді
E) Үйіңе келгенде, үйдей өкпенді айтпа
Достарыңызбен бөлісу: |