Сұлтан Бейбарыс және Нуба патшалығы.
Бейбарыс заманында мәмлүк иеліктерімен шектес жатқан екі христиан мемлекеті бар еді. Олар Нуба христиан патшалығы мен Эфиопия мемлекеті болатын. Нубалықтар оңтайлы жағдай туғанда мәмлүк билігіне қарсы шығып отырған. Бейбарыс билігінің соңғы кездеріне қарай Нуба жерінде Шеканда мен Дауд арасында билік үшін талас басталады да, нәтижесінде Дауд Нуба тағына ие болады. Дауд жыл сайын Бейбарыс мемлекетіне төлеп тұрған салығынан бас тартып, Мысырдың елді мекендеріне шабуыл жасап, мұсылмандарды құлдыққа әкетеді. Тақтан айырылған Шеканда көмек сұрап Бейбарысқа келеді. Бұны Бейбарыс кек алуға пайдаланады. 1275 жылы әмір Ақсұңқар және Изуддин бастаған екі қол жұмсап, билікті Шекандаға қайтаруға, жыл сайын төленетін салықты қалпына келтіруге әмір береді. Данқала қаласының түбінде болған шайқаста Нуба әскері жеңіліп, тұтқынға алынады, арзан бағамен құлдыққа сатылады. Билік Шекандаға қайтып, ол Бейбарысқа жыл сайын салықтан бөлек піл, арыстан, керік, т.б. аңдар жолдап тұратын болады. Даул қолға түсіп, Каирге әкелінеді де зынданға тасталынады. Сұлтан да, оның Нубадағы наибы да бір-біріне адалдықтарын білдіреді. Нубалықтар мұсылмандықты қабылдамай, орнына джизия таңдап тұруға келіседі. Сөйтіп Нуба патшалығы мәмлүк мемлекетінің ықпалына толық және біржолата енеді.
Достарыңызбен бөлісу: |