2. Қазақ повестеріндегі көркемдік уақыт пен кеңістік және сюжет
Қазақ әдебиеттануында кеңістік пен уақыт (мекеншақ) проблемасы кең түрде қарастырыла бастады. Көркем прозадағы уақыт пен кеңістік мәселесін арнайы қарастырған шетел ғалымдарының әр жылдардағы ғылыми еңбектері жеткілікті. Көне Грецияда ол проблеманы зерттеумен Аристотель алғаш рет айналысты. Бұл саладағы еңбектер XVII – XIX ғасырлардағы Лессинг, Гердер, Дюбо, Хоум, Шефтсбери, Гегель зерттеулермен белгілі. XX ғасырда Д. С. Лихачев, М. М. Бахтин, Л. Выготский, С. Эйзенштейн, В. Хализев, Ю. Борев, Н. К. Гей, Э. Ф. Володин секілді зерттеушілердің осы бағыттағы теориялық еңбектері мен жекелеген мақалаларын атауға болады. Бұл дәуірде әдебиеттің уақыт және кеңістік аясындағы проблемаларды алдыңғы кезекке шығару жайттарын тығыз бірлікте қарастыру жүзеге аса бастады. Дәл осы тұста екі түрлі пікір, көзқарастың қалыптасқанын айрықша айтқан орынды. Олардың алғашқысында уақыт категориясына айрықша мән берілсе, басқа зерттеушілер кеңістік категориясына ерекше көңіл бөлді. Бұл орайда уақыт және кеңістік категорияларын біртұтас күйде қарастыру қажет екендігіне көңіл бөлген, ол ұғымдарға алғаш рет «хронотоп» деп ат қойған М. Бахтиннің еңбегін айрықша айтуымыз керек. Хронотоп (көне гректің χρόνος, «уақыт» және τόπος, «орын» деген сөздерінен алынған) – М. М. Бахтиннің “Формы времени и хронотопа в романе” деп аталатын зерттеуінде енгізген әдеби термині. Ол: «Хронотоп - определяет художественное единство литературного произведения в его отношении к реальной действительности. Это – существенная взаимосвязь временных и пространственных отношений», - деп түсіндіреді [1, 391]. Оның негізгі идеясын Г. Н. Слепухов, Н. Г. Измайлов, Ш. Е. Елеукенов, Н. Л. Лейдерман, Қ. Ш. Нұрланова, О. А. Светлакова, В. В. Савельева т.б зерттеушілер одан әрі қарай жалғастырды. Бұл категорияны қазақ әдебиеттануында қарастырған З. Ахметов, Ш. Ыбыраев, Е. Тұрсынов, Ш. Нұрланова, Б. Майтанов, Т. Есембеков, Т. Жұртбай, А. Темірболат, С. Алтыбаева сияқты ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мақалалары жарық көрді. Осы салада Қ. Хамзинаның, О. Көзбековтің қорғаған кандидаттық диссертациялары бар. Сондай-ақ уақыт пен кеңістікке байланысты сан алуан мәселелер М. Әуезов, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, М. Мырзахметұлы, С. Негимов, А. Ісімақова, Б. Омаров, Г. Пірәлиева сияқты белгілі ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. «Хронотоп» терминін ғалым Б. Майтанов “мекеншақ” түсінігімен береді. Ол Бахтиндік ойдың мазмұнын ашып, қазақ әдебиеті теориясына мекеншақ ұғымы туралы жүйелі де негізді пікір қалыптастырған. М. Бахтин ұсынған теорияға сүйенсек, хронотоп, біріншіден, кеңістік пен уақыттың ажырамас бірлігі – нақты өмірді бейнелейтін және әдебиет игерген мәселені айғақтаушы. Екіншіден, нақты шығармалардағы көркемдік әдіс ретінде тарихи шарттылық аясындағы кеңістік пен уақыт мәселесі тұрғысынан алынады. Яғни реалды уақыт – бұл уақыттың өмірдегі нақтылы қалпы. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға, біркелкі жылжиды. Ал әдебиет шығармасында уақыттың жылжуы оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу болып, кейде тіпті үзіліп кетіп отыруы ықтимал. Біздің сезінуімізде уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал тағы бірде уақиға аяғынан басталып баяндалса, жазушы уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі де мүмкін. Сонымен әдебиет шығармасында автордың, кейіпкерлердің, оқушылардың уақытты қабылдау ерекшеліктері ескеріледі. Көркемдік уақыт әдеби шығарманың танымдық мүмкіншіліктерін, әсерлілігін арттыра түседі. Мысалы, «Абай жолы» эпопеясын алсақ, мұнда жарты ғасырға таяу мерзім алынған. Абаймен оқырман алғаш кездескенде 13 жаста болса, кітап аяқталған тұста 60-қа таяп, дүниеден қайтады. Осы мерзім кітапта үздіксіз суреттелмей, кейде жазушы арада бірнеше жылдар өтті деп, бірталай уақытты аттап кетіп те отырады. XX ғасырдың 60 жылдарынан басталған өзгерістер кезеңі өмірде де, өнерде де уақыт және кеңістік категорияларының күрделенуіне әкеліп қана қойған жоқ, сонымен қатар ол ұғымдарды жан-жақты зерттеудің де қажеттілігін туғызды. Бұл жерде бір нәрсені басты назарда ұстаған жөн: қаламгердің нақты шындықты бейнелеу барысында жүгінетін уақыт пен кеңістігі бар, сондай-ақ оның қиялында, көркемдік әлемінде салтанат құратын уақыт пен кеңістік ұғымдары бар. Кеңістік пен уақыт бірлігі – шығарманың ұйымдастырушысы. Кеңістік бейнесі «үй», «дала», «табалдырық» түрінде беріледі. Көркем туындыдағы «уақыт» пен «кеңістік» бейнелерін жіктей отыра, олардың ерекшеліктерін ажыратады. «Үй» - жабық, тұйық кеңістік; «Дала» – ашық, шексіз кеңістік (әлем); «Табалдырық» – осы үй мен даланың арасындағы шекара. Рас, эпикалық жанрдың тектік, жанрлық ерекшеліктері сөз жоқ, өзіндік ерен сипаттарымен қалыптасатын эпикалық уақытты талап етеді. Эпикалық құрам тұтас дәуірде, оның даму жолдарын зерттеуге мәжбүр етеді. Яғни, мазмұнның эпикалық құрамы көп қабаты уақыт сәттерін тоғыстыратын эпикалық уақытты анықтайды. Оларды романның жанрлық ерекшеліктеріне қарай екшеп орналастыру, кітаптың кеңістік ауқымы мен уақыт мөлшерін белгілеу – эпикалық шығарманың поэтикалық аса күрделі құрылымын жасайды. Шығармада әртүрлі сюжеттік желімен қабат келіп отыратын түрлі уақыт ағымын саралау аса қиын шаруа. Эпикалық шығармалардағы уақыттың, соның ішінде тарихтың көрінісінің екі түрін атауға болады. Айталық, алғашқысы тарихтың аса мәнді деген тым қысқа бір кезеңін шығармаға, атап айтқанда роман желісіне айналдыру. Ол уақыт жағынан тым қысқа, алайда тарихтың ағысын өзгертуде аса маңызды рөл атқарады. Кешегі революция тақырыбына арналған шығармалар осыған жатпақ. Екінші түрде тарихи уақыт аса кең арнада алынады, оның ауқымына ондаған жылдар, сандаған ғасырлар сыйғызылып, халық тарихының әр түрлі кезеңдері көрініс табады. Тіпті мұндайда суреттеліп отырған уақыт шегін айқындау мүмкін болмайды. Мысалы, «Алтын Орда», «Көшпенділер» трилогияларындағы уақыт шегін XIII-XIX ғасырдағы қазақ халқының тарихы деп шектеуге болатын сияқты. Бірақ романды оқып отырғанда осы уақыт аралығымен шектелеміз бе? Автор кейіпкерлер сөзі, ойы арқылы сонау көне заманға, Қыпшақ, Сақ, Үйсін көне түркілер заманына да саяхат жасатады, авторлық көзқарасты ашық білдіру арқылы бүгінгі кезеңге де алып келеді. Яғни, романдағы уақыт мәселесі аса көп қабатты, күрделі процес» [14, 145]. Тарихи романдарда ең басты принцип болып табылатын тарихи уақыт – шығармадағы көркем уақыт типтерінің ішіндегі дәстүрлі формасының бірі. Қазақ қаламгерлерінің аса күрделі философиялық жайттармен өнер әлемінде бетпе-бет келуі XX ғасырдың 60-70 жылдарынан басталады. Адам өмірі жайлы толғану, уақыт пен кеңістіктің категорияларына жүгіну қазақ әдебиетінің барлық жанрларында осы кезеңде айрықша бой көрсетті. Д. Исабеков, Қ. Жұмаділов, М. Мағауин, Т. Әбдіков, О. Бөкей сияқты 60-70 жылдары әдебиетке келген басқа да қазақ қаламгерлері шығармашылық жолын әдебиеттің шағын жанрлары - әңгіме, повестен бастады [15]. Көркем уақыттың түрлерiне қысқаша сипаттама берер болсақ: биографиялық уақыт (балалық шақ, жастық шақ, ер жету және қарттық); тарихи уақыт (қоғам өмiрiндегi дәуiрлер, ұрпақтар, iрi оқиғалардың ауысуының көрінісі); ғарыштық уақыт (мәңгiлiк және дүниежүзілік тарих туралы көзқарас); күнтізбелік уақыт (жыл мезгілдері, күндер мен мерекелердің ауысымы); тәуліктік уақыт (күн мен түн, таңертеңгі және кешкі мезгілдің ауысымы). Осы тұрғыда, Ғ. Мүсіреповтің «Айгүл қойшының күндері» атты әңгімесінде тәуліктік уақыт суреттеледі. Бір ғана тәулік арқылы жазушы Айгүл қойшының бүкіл ғұмырына, кәсібіне шолу жасап өтеді. Яғни, уақыт тығыздалып бір ғана күнге сыйғызылған. Автор әңгімеде Айгүл қойшының жиырма төрт сағаттық бір күні арқылы оның өмірінен біраз мәлімет беріп өтеді. Ал кеңістік – қазақтың кең даласы. Шығармада кеңістікке көп көңіл бөлінбейді. Негізінен уақыт алдыңғы орынға шыққан. Сондай-ақ сюжеттік уақыт пен кеңістікке батыл өзгешелік енгізген тұңғыш қазақ романисі (хат, күнделік, өлең, ауызекі сөйлеу стилі, ақ өлең мен авторлық кідірістер, кеңсе құжаттарындағы белгілі бір пунктен тұратын іс-қағаздар стилі мен арыздар, орыс сөздерінің қолданылуына дейін) – Жүсіпбек Аймауытов. Оның «Қартқожа», «Ақбілек» романдары мен «Күнікейдің жазығы» повесінде әдеби түс көрудің сәуегейлік сарыны сақталып, кейіпкердің ертеңгі өмірінен бір хабар-нышан, белгі берсе, «Елес» әңгімесі бастан-аяқ өң мен түс арасындағы Елеске құрылып, ол бейсаналы сәттегі уақыт пен кеңістіктің, түс көруші мен Елес арасындағы әңгіме-диалог арқылы талданды. Әдебиетте «авантюралық хронотоп» деген ұғым бар. Ол әр шығармада әр түрлі көрініс табады. Бұндай уақыттың берілуі кейіпкердің өз жолына түсіп, тұлға ретінде қалыптасуынан байқалады. Ол үшін әрине кейіпкердің өміріне, мінез-құлқына бір ықпал ететіндей кезең туады. Кейде бұл уақыт кейіпкердің өмірінде ешқандай із қалдырмайды. Ол «бірде осындай болды» деген секілді пішінде келіп, кейін ұмыт болады. Тағы бір жағдайда уақыт кейіпкер өміріне ерекше ықпал етеді. Ол адамның өзіне, өміріне терең із қалдырып, артынша өкініш немесе реніш тудырады. Сол себепті кейіпкер мінез жағынан өзгеруі мүмкін. Бұл мәселе Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түн» атты әңгімесінде көрініс тапқан. Әдебиеттанудағы көп қырлы мәселенің бірі – көркем уақыт пен кеңістік мәселесі. Әдеби туындының тақырып, идея, композиция, жанр және стиль сияқты компоненттерінің маңызы қандай болса, уақыт пен кеңістіктің мәні де сондай терең. Біз қарастырған қазақ жазушылары көркемдік уақыт пен кеңістікті ұйымдастыруда, шығармаларында арқау болған оқиғаны баяндауда, көркем суреттеуде, авторлық идеяда бір- біріне ұқсамайды. Соған қарамастан, өзара идеялық бірлікте, өздері өмір сүрген тарихи уақыт пен кеңістіктің көркемдік шежіресін шебер жасаған суреткерлер. Бұларда уақыт та, кеңістік те мейлінше реалды боп келеді.
Көркем уақыт пен кеңістік ұғымдары жүйесінде сюжет айрықша орынға ие. Зерттеуші В.Е.Хализев: «Время и пространство запечатлеваются в литературных произведениях двояко. Во-первых, в виде мотивов и лейтмотивов, которые нередко приобретают символический характер и обозначают ту или иную картину мира. Во-вторых, они составляют основу сюжетов...» дей келіп, сюжет ұғымын былайша түйіндейді: «...цель событий, воссозданная в литературном произведении, т.е. жизнь персонажей в ее пространственно-временных изменениях, в сменяющих друг друга положениях и обстоятельствах» [8, 214].
Сюжеттің, оны үйлестіруші, құрылымдық жағына назар аударушы композицияның көркем уақыт пен кеңістік аясында қаншалықты маңызды орны бар екенін байқау қиын емес.
Мысалы, Д.Исабековтің «Бекет» повесі Нұркеннің Сайыпназарға жазған хатымен басталады. Хат жазу тәсілі повестің сюжеттік- композициялық құрылымында маңызды орынды иеленіп тұр. Аталған хаттар оның авторының көңіл күйі мен сезімін ғана білдіріп тұрған жоқ, сонымен бірге көркем уақыт пен кеңістік аясындағы сюжеттік желінің басталуын, дамуын, шарықтау шегін және көрқемдік шешімін де өз ауқымына алып тұр. Бекет ғұмыр кешіп жатқан кеңістік біреу ғана. Автор оны түрлі уақыт тезіне салған. Бала Бекет, есейген Бекет, оң-солын танып, жақсы мен жаманды айыра алар жағдайға жеткен Бекет, барша жұмыр басты, екі аяқты пендеге тон кемшіліктен бұл да құралақан болмағандықтан, шалыс басып, қателескен Бекет, бауырын іздеп, егілетін Бекет – бәрі-бәрі де бір ғана кейіпкердің бойындағы түрлі уақыт аясындағы алуан түрлі жайттарды шебер кескіндеген яғни повестің сюжеті жинақы, тартымды, композициясы әдемі қиюласкан. Ал, бұның өзі біз атап өткен қазақ қаламгерлерінің көркем туындының барлық компоненттерінің оның ішінде сюжет пен композиция саласында да шеберліктері байқалатынын аңғартып тұр.
Нұркеннің хаты уақыт пен кеңістік аясындағы сюжет пен композициялық құрылымға бірнеше мағына сыйдырып тұр: біріншіден, біраз шығармалардағы сюжеттің басталуынан бұл шығарманың сюжеттік басталуы өзгеше... Өйткені, бұнда хат түрімен басталып тұр; екіншіден, Нұркеннің хаты бүкіл сюжеттік-композициялық құрылымның бастау көзінде тұр; үшіншіден, дәл осы хаттан соң кейіпкер санасындағы кешегі сурет, кешегі уақыт кайта тірілді, оқырман хаттағы көпгеген беймәлім жайттардың сырына қанығады. «Бекет» повесіндегі қаһармандардың бір-біріне жолдаған хаттары образдар тұлғасын сомдауға ғана қызмет етіп қоймай, сонымен бірге сюжеттік-комлозициялық құрылым сипаттарын көркем уақыт пен кеңістік ұғымдарына негіздей таддауға алғы шарттар жасап тұр.
Жалпы алғанда, шығармаға лайықты экспозиция таңдау немесе сюжеттік желінің бірден кейіпкер іс-әрекетімен немесе сөзімен басталуы, тек содан соң ғана автордың лирикалық шегініспен еткен жайттарға түсініктеме беруі Д.Исабеков қаламының өзіндік ерекшеліктеріне жатады.
Д.Исабеков көп реттерде лирикалық шегіністерді сюжеттік құрылымда ұтымды пайдаланады. Лирикалық шегініске дейін шығарма экспозициясы қаһарманның бүгінгі хал-жағдайынан хабардар етсе, яғни бүгінгі нақты уақыт бейнеленсе, сюжеттік құрылымдағы шегіністер кешегі уақыттан хабардар етеді. Шығарманың аяқталуы яғни көркемдік шешім тұтаса келіп, автордың дүние туралы, өмір туралы, сол өмірдегі алуан түрлі құбылыстар туралы ой-толғамымен тәмамдалады. Сонда мынау өмір атты жарық дүние, оңдағы керуен-көш, адамдардың іс-әрекеті, тағдыры, пейілі мен пиғылынан тұратыны оқырманға белгілі бір заңдылық ретінде ұсынылады. Сюжет құрудағы және композицияның үйлестіру қызметін тиімді ұйымдастыру нәтижесінде барша оқиға, адамдардың түрлі тағдыры жалпылық әрі жалқылық қасиетке ие болған және ең бастысы сюжеттің басталуы мен көркемдік шешімнің аралығына бүгінгі уақыт пен кешегі уақыт сыйып кеткен.
Д.Исабеков повестерінде жасанды эпизодтар, арқауы босаң сюжеттік желілер, үйлестіру сипаты кемшін соғып жатқан композиция кездеспейді деп айтуға толық негіз бар. Оның шығармаларында бәлендей көп сюжеттік желілер де кездесе бермейді, олай болуы заңды да, себебі, повесть жанр ретінде аса көп мүмкіндікке ие емес. Бүкіл оқиға арқауына адамдар арасындағы түрлі қарым-қатынастарды ала отырып, философиялық түйін жасауға ұмтылу – Дулат шығармаларының ең басты ерекшеліктерінің бірі. Сюжеттің тартысқа негізделетіні мәлім. Осыдан келіп, сюжет пен тартыс ұғымдарының бірлігі, сол бірлікке орай көркем туынды табиғатының қалыптасатыны және белгілі, Тартыс әр адамның мінезін даралайды, ал, дараланған мінез әлгі адамның қандай жан екендігінен хабар береді. «Тыныштық, күзетшісі» атанған Демесін де повесте фреске түскен. Бір қарағанда тартыс осынау ақыл-есі кемістеу жігіт пен колхоз басшыларының және қарапайым колхозшылардың арасында өрбитіндей әсер қалдырады. Сюжеттің даму барысында яғни уақыт өте келе оқырман колхоз тұрғындарының тіпті де Демесінмен тартысқа түспегенін, Демесіннің де олармен күреске шыкпағанын, мәселеге тереңірек үңілсек, тартыс төркінінің әлдеқайда тереңде, әлдеқайда маңызды екенін байқайды.
«Тыныштық күзетшісі» повесінің қаһармандары уақыт атты ұғымға тәуелді. Сюжеттік желілерге арқау болған жағдаяттар бір-ақ кеңістікте өтеді. Уақытқа тәуелді кейіпкерлер әр қырынан даралана алған. Сюжеттің бастауындағы эпизод пен көркемдік шешім арасындағы мерзімге түрлі тағдырлар ұтымды тоғысқан. Асылы, характерлі баяндау арқылы қарапайым ғана детальдан, тұрмыстық жағдаяттардан терең мазмұнды ой түю Дулат повестерінің сюжетіне тән болып келеді. Бұл айтылғандар – оның барлық повестеріне қатысты ой. «Бекеттегі» Нұркен мен Бекеттің арасындағы кіршіксіз туысқандық махаббат, «Пері мен періштедегі» аңсар сезім мен бейкүнә, бұла сезімнің бетпе-бет келуі, «Гауһар тастағы» кеш оянған махаббат, «Мазасыз күндердегі» кездейсоқ оянып, лап еткен таза сезім оты, «Сүйекші» повесіндегі мәңгүрттеніп кеткен сананың түп-төркін, бастау көздері яғни себептері, «Дерменедегі», әйтеуір, кеш те болса жаксылыктың, әділеттіліктің жамандық, аярлықтан басым түсіп, салтанат құруы, т.б. аталмыш повестердің сюжеттік желілеріне нәр берген негізгі арқау болуымен бірге, өзгеге ұқсамас образдар галереясын да әдеби процеске алып келгенін баса айтқан абзал. Кейіпкерлер тағдыры, әр персонаждың өз бет-бейнесімен, ешкімге ұқсамас даралығымен көрінуі, характерлердің ашылуы, образдардың сомдалуы Дулат повестерінің сюжеттік желілеріне әдемі кіріге алған.
Бекетті Нұркенге, Нұркенді Бекетке бугінгі күні ынтықтырып қойған нәрсе – күні кешегі уақыттағы бастарынан кешкен жайттары. Екеуі де өмірдің катал сынынан өтті, тағдырдың пешенелеріне жазған үлесін қайыспай, қаскайып тұрып тосып алды. Ортақ тағдыр адамдарды ширатады, оларды бір-біріне іңкәр етеді. Ауыр тағдыр адамдарды шынықтырады, төзімділікке баулиды, қатыгез етуі де мүмкін. Арада қаншама жыл өтсе де, қос каһарманды бүгінгі күні бір-біріне ынтықтырып қойған нәрсе – кешегі уақыттың аясындағы жайттар, кешегі уақыттың санада жаңғырған бүгінгі елесі. Яғни қаламгер повестерінде көркем уақыт пен кеңістік аясындағы сюжеттік-композициялық құрылым ерекшеліктері бірден көзге түсетінін, әбден дараланып тұратынын баса айткымыз келеді.
Қ.Жұмаділов өз шығармаларында белгілі тұлғалардың өз уақытында айтқан ой-пікірлерін туынды басталарда эпиграф етіп алған.
Оның повестерінде оқиға шиеленісіп, шұғыл дамиды деу қиын. Сюжеттік желілерге динамикалық қозғалыстың даруы, оқиғанын біртін- біртін шиеленіс элементтерін бойына сіңіре отырып, өткірленуі баяу түрде жүзеге асады.
Жазушының «Сарыжайлау» повесінің сюжеті басталарда негізгі өзекке айнала қоймаса да, бас кейіпкердің екі адам туралы толғанысы атүсті болса да берілген. Бірі – совхоз директоры Машанов, екіншісі – совхоз тұрғыны Қилыбаев. Осы екі кейіпкер және олардың төңірегіндегі адамдар повестің сюжеттік желілерінен берік орын алған.
Өзі тікелей араласып, көп жайттардың куәсі болған, қоғамның шынайы кескін-келбетін жіті аңдаған Қ.Жұмаділов санасындағы өзгеріс оның қаламынан туған шығармалардан анық байқалады. Бұл ойымыздың жарқын дәлеліне жазушының «Сәйгүліктер» повесі жатады. Бұл повестің сюжетіне де уақыт талабы арқау болған. Мәселе шығарманың сюжет басталар тұста жаңа атқан таңға сүйсініп, тірлігіне мың да бір қанағат, шүкіршілік айтып тұрған жылқышы Ағыбайдың повестің көркемдік шешімі тұсында ұлы тыныштықты тілегендей кейіпте болғанын сәтті суреттеуінде ғана емес, сонымен бірге кейбір адамдар санасындағы уақыттың, сол уақыт аясындағы идеалдарының бірте-бірте көмескі тартуында немесе кешегі уақыттың бүгінгі уақытқа, болашақта туар жаңа уақытқа ығысып жол беруінде.
Қаһарманның сюжеттік желі бойындағы жан күйзелісі бірден беріліп, артынан әдеби шегініс арқылы соның мән-жайына үңілудің Қ.Жұмаділов стиліне тән құбылыс екенін жоғарыда айттық. Бұл ойымызға мысал ретінде жазушының «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы» повестерін алуға болады.
«Бір қаланың тұрғындары» шығармасындағы әдеби шегініс арқылы берілетін Алмас – оқырман көкірегінде аяныш сезімін туғызатын кейіпкер.
Ол – кешегі уакыттың өкілі. Бүгінгі күні оны есіне алып жатқан ешкім жоқ. Бүгінгі заманда өзгерістер басым. Алмастың рухы Батырханның ғана жадында.
Жалпы, осы шығармада жазушы колданған полифониялық тәсіл элементтері бірден көзге түседі. Ол Батырхан бейнесінің сюжеттік желілер бойында өз деңгейінде сомдалуын ғана емес, қанша уақыт өтсе де, мойнына бойтұмар қып таққан адалдық қасиетін де байқатса керек. Автор туа біткен, қанға сіңген мінез – адалдық пен тазалықты ту етіп көтерген. Батырхан бойындағы осынау адалдық пен тазалық бүкіл сюжетке арқау, өзек болып кана қоймай, берік желі болып тартылған. Негізгі арқау, өзекті оқырманға ұсыну үшін автор сюжеттік желілерге бюрократияға негізделген қоғамды, сол қоғам аясында ғұмыр кешіп, қызмет істеп жатқан Мақан, Надежда Михайловна, Бәтиқа Байғалиеваларды, сондай-ақ министр Жасболат, Борис Исаакович, Дарқан Тәкібаевич, Әбділерді ұтымды енгізе алған. Батырханды коршаған ортада өзгеге ұқсай бермейтін екі кейіпкер бар: бірі – Алмас. Таланты мен дарыны үшін таяқ жеген, ақыры дүниеден ерте озған азамат. Алмас – бүгінгілер үшін ұмыт бола бастаған азамат. Ол – кешегі уақыттың перзенті. Батырханның мойнына бойтұмар қып таққан адалдық пен тазалығы Алмастың болмысында тіпті мол болатын. Ол повесте адал, таза, дарынды, талантты адам болыл бейнеленген. Батырхан да сол Алмастың бүгінгі бейнесі.
Адамдар тобынан құралатын қоғам атты ұғымда көп реттерде жақсылықтан гөрі жамандықтың үстем болып шығып жататыны жасырын емес. Неге олай? Басқа шығармалары сияқты «Бір түп тораңғы» повесінде де автор осынау сауалдарға кәнігі философтай үңіліп, жауап іздейді.
Сюжеттік желілердің бәрінде де Әділгерейдің жүргенін байқайсыз. Макпал – кешегі уақыттың адамы. Өмірден озғанына біраз уакыт өткен. Сақып тірі. Бірақ ауру. Ол да сюжеттік желілердің бәрінде болмаса да, бірінде кездесіп қалады. Бақиға аттанар алдында оның өзге емес, Әділгерейді тауып, оған сырын айтуы, күні кешегі уақытта қалған өзінің кейбір іс-әрекетіне бүгінгі уақыт биігінен үңілуі, төрелікті Әділгерейден күтуі сюжеттік желінің шымыр болып шығуына мүмніндік берген. Өткен өміріне бүгінгі күн биігінен үңілу Әділгерей бойында да бар.
Оқиғаны даму үстіндегі сәтінен бастап алып, недәуір уақыттан соң сол желіні үзбей, негізгі өзекті толықтыратын шегіністерді беріп отыру Т.Әбдіков шығармаларьша тән боп келеді.
«Әкең хал үстінде, тез жет!» деген телеграмманы ала салысымен сол күні самолетке отырдым» деген жолдар сюжетке динамикалық қозғалыс қана дарытып тұрған жоқ, сонымен қатар белгілі бір дәрежеде сюжеттік байланыстың да қызметін атқарып тұр [16, 312].
«Әке» повесінің кейіпкерлері шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымына тиімді ене алған. Әдеби шегініс аясындағы немесе осы уакыттағы оқиғада сюжеттің басталуы, байланысы, щарықтау шегі және көркемдік шешімі бар. Әрбір оқиға бір қарағанда дербес, өз алдына жеке тұрған сияқты болып көрінетіні рас. Алайда бәрінің де сюжеттік арнадағы негізгі өзекке аркау болып, соған қызмет етіп тұрғанын байқау қиын емес. Повесте негізгі оқиға бір отбасыньщ өмірімен байланысты. Бірақ автор сюжеттік-композициялық құрылымды шебер үйлестіре алғандықтан, әрбір оқиға танымдық, тағылымдық өре-деңгейі жағынан тиісті нәтижеге ие болған. Кешегі уакытқа бүгінгі уақыт биігінен үңілуді сюжеттік желіге арқау еткен қаламгер үнемі қолайлы тәсіл аркылы кешегі уақыт пен бүгінгі уақытты бір идеяға бағындырып, тұтастандыра алған. Тұтаскан идея шығарма қаһармандарын даралауға мүмкіндік берген.
Адам санасы, бүкіл дүниетаным, ақыл-ойы бір ғана уақытпен шектелмейді. Бүгінгі уакыт, кешегі уақыт, сондай-ақ ертеңгі уақыт деген ұғымдар бар. Сол уақыт атты категориялардың аясында түрлі адамдар бар, олардың тағдыры, мінезі, іс-әрекеті, ықыласы, пейілі бар. «Әке» повесінде негізгі оқиғалар ететін кеңістік біреу-ақ. Қоғамдағы түрлі формациялардың нәтижесінде кеңістік те азды-көпті өзгеріске ұшыраған. Кешегі уақыт бүгінгілер үшін тек естелік ретінде ғана сақталуға тиіс. Былайша қарағанда, бір ғана отбасының басындағы жайттарды тым қазбалап кеткен сияқты көрінетін повесть, шынтуайтына келгенде, үлкен танымдық, тағылымдық мәнге ие екендігі бірден байқалады. Сейсен қарттың кешегі уақытты еске алуы, дәм-тұзы таусылып, пәниден бақиға аттануы, ел-жұрттың асқан ұйымшылдықпен жөнелтуі – бәрі де сюжеттік желіге шебер кіріккен. Ауыл – ұлттық болмыстың қасиетті ошағы. Сейсен қарттың адами арман-тілектерін, мақсат-мұраттарын болашаққа апаратын адам – Сайлау. Сайлаудың ішкі дүниесіндегі, жан әлеміндегі өзгеріс ауыл адамдарының таным-түйсігінен бастау алып тұр. Повестің көркемдік шешіміндегі Сайлаудың Алматыға аттанып бара жатқанда көңілі босауы, халқының ғасырлар бойы қалыптасып, бүгінгі уақытқа аманат болып жеткен асыл әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне егіліп, елжіреуі сәтті шыққан. Көркем уақыт пен кеңістік аясында айрықша орны бар сюжеттің Т.Әбдіков повесіндегі кейбір ерекшелік, сипаттары осындай.
Шығармаларында нақты уақыт пен өткен уақытты қатар бейнелеу, кей сәттерде абстрактылы уақытқа шолу жасау Т.Әбдіков повестерінде жиі кездеседі. Эпиграф ретінде Жан-Жак Руссоның: «Всякая власть – от Бога, это я признаю; но и всякая болезнь от него же...» деген сөздерін алған «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі осы ойымызға толықтай дәлел бола алады [16, 364].
Автор кейіпкерлер диалогы мен монологында да уақыт атты категория мен кеңістік категориясын тығыз бірлікте алып, басты назарда ұстаған. Швейцар шалдың: «Қалай аяқталушы еді... Әдеттегідей өте сәтті аяқталды... Несін айтасыз, Бейкер мырза топырақтан адам жаратқан жоқ, қалғанының бәрін жасап жатыр емес пе!.. Керемет қой, керемет!» деп тамсануы атақты дәрігермен ұзақ уақыт бірге болып, оның жасаған ғаламат операцияларын жер-көкке тигізбей мақтауы ғана емес, сонымен бірге абстрактылы уақытқа да берген бағасы [16, 365].
Доктор Бейкерді кешегі уақытты еске түсіруге яғни санасында қатып қалған кешегі жайттарды тірілтуге себепкер болған – журналист Палетеллидің сөзі. Кешегі уақыт аясындағы суреттер Бейкердің санасында бұрыннан жатталып, қатталып жатқан болатын. Журналист тек біртін-біртін көмескіленіп, өткен шақтың үлесіне көшкен, сондай-ақ Бейкер мырза ешуақытта ол жайтты санасында тірілтпеуге бел байлаған кешегі уақыттағы оқиғаларды қайта жаңғырта алды. Онда да кездейсоқ. Журналисте атақты хирургті кешегі уақытына көз жібертуге себепкер болайыншы деген ниеттің болмағаны аян. Бейкер – күрделі адам. Жұмбақ адам. Терең адам. Түсініксіз адам. Оның бойына дәл осындай касиеттерді жинақтап тұрған нәрсе – жүзіне мықтап тұрып киіп алған бетпердесі. Бейкер бұл бетпердені журналистің сөзінен соң ғана шешті. Демек, Әбдіков повесінің сюжеттік желілеріне енген уақыт атты құдіретті категория адамның шынайы, табиғи болмыс-бітімі мен кескін-келбетінің көрінуіне де себепкер болып тұр дегеніміз абзал. Шешілген бетперде доктор Бейкерді кешегі уақытқа оралтып тұр. Кешегі уақытта кішкентай Кияку бар. Әйгілі бақсы Чоро бар. Ол – Киякудың әкесі. Кешегі уақыттағы кеңістік.
«Тозақ оттары жымыңдайды» повесіндегі композицияның аркауы берік, сюжеттік құрылым сәтті үйлестірілген. Соның жарқын дәлелі – аңыздар. Алғашқы аңыздағы алтын өзен – символ. Екінші аңыздағы символ – елік.
Дәрігер қазір бүгінгі уақыттың аясында тұр, тек санасы ғана өткен уақытты шарлауда. Адам санасында өткен уақыт сұлбасының тірілуін жай уақытта емес, адам тағдыры сынға түсер сәттегі көрініс беруін бейнелеу – Т.Әбдіков повестеріне тән сипат. Бұл ойымызға автордың «Ақиқат» атты фантастикалық повесі дәлел. Шығарманың негізгі идеялық қазығын эпиграф ретінде алынған мына испан мақалы да айқындап тұрғандай. «Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды» [16,420].
Қаламгер шығармасына фантастикалық повесть деп ат қойған. Жанры жағынан фантастикалық деп аталғанымен, шығармада көркем шындық басым. Сюжетке адамдар арасындағы қарым-қатынас, байланыс арқау болған.
Автор сюжеттік желіге бәлендей ұзақ мерзімге жатпайтын он жылды алса да, сол он жылдың өзін абстрактылы уақытта емес, нақты күнтізбелік уақыт аясында кескіндеген. Өйткені, сюжеттік желідегі Роберттің санасындағы алуан түрлі өзгерістер, сілкініс пен серпіліс – бәрі де нақты осы кезеңдегі уақыттың аясына сыйып тұр.
Оны казіргі уақытта толғандырып қойған нәрсе – адамзат қоғамында болып жатқан өзгерістер. Адамның біртін-біртін технократияның алдында тізе бүгуі, жеңіліс табуы. Жеңіліс табатыны өз алдына, сол құдіретті де күшті жаратынды – Адамның технократияның бір тетігіне айналып кету қаупі. Цивилизация, шынымен-ақ адамға, сол адамдар кұрайтын қоғамға жақсылық әкеле ме? Бір деген санды бір деген санға қосып, нәтижесін мыймен емес, машинамен шешсек, не болғанымыз? Повестің сюжеттік құрылымына арқау боп, желі ретінде тартылған мәселе осынау толғаныстардан туындаған. Сюжетке тек он жыл уақыт қана арқау болмаған, сонымен катар болашақтағы уақытта да болжау элементтерінің бар екенін анғару қиын емес. Робертті қинап тұрған, тіпті есінен адастыруға алып келген нәрсе – қазіргі уақыттағы жайттар ғана емес, болашақта болуға тиіс өзгерістер. Өркениеттің түпкі мақсаты – адамды технократияға жығып беру ме? Жер бетінде қанша миллиард адам бар? Солардың әрқайсының пешенесіне жазылған тағдыр-талайы бар ғой. Егер Робертті, Роберт сияқгы адамдардың өзегін өртеген өкініш адамзат баласының адамдық кейпінен айрылу қаупі болса, повестегі сюжеттік желіге жер бетіндегі бүкіл тірлік иесінің, барша тіршіліктің жаратылыстың ұлы заңына бағынуының уақыт өткен сайын кеміп бара жатканы ұтымды енгізілген.
Сюжеттік арнада ұзақ азаптанған Роберттің тағдыры немен тынатыны оқырманға белгілі сиякты. Себебі, жүйелілік бар. Мықты психологиялық дәлелдеме бар. Өзінің аз ғана ғұмырында қаһарманның табиғат өзіне сыйлаған ерекше қасиетіне қуанғаны байқалмайды. Оның елжірей еске алатыны – балалық шағы. Кешегі уақыт. Бүгінгі уақыт өркениетті қоғам үшін кешегі уақыттан әлдеқайда жетілген, кемелденген болса керек-ті. Бірақ Робертке қоғамның өркениетті атанып, кулық-сұмдықтың ордасына айналғаннан гөрі кешегі балаң – кезі көбірек үнайды. Рас, онда бүгінгідей ғылыми-техникалық прогрестің дамымаған кезі болса да, коғам төтенше сыркаттан, өзіне-өзі тілеп алған дерттен сау болатын. Яғни сюжетке ұтымды енген балалық шақ – бүгінгі уақыт үшін ұтымды деталь. Авторлық баяндау мен қаһарманның ішкі молологы сюжеттін көркемдік шешімінде әдемі үйлесім тапқан.
Т.Әбдіков қаһармандары жазушының ойы, санасы, танымы мен талғамы деуіміз керек. Ол жасаған кейіпкерлер тобы, негізінен, ойшыл, философ боп келеді. Өмір туралы, сол емірде болып жататын алуан түрлі құбылыстар жайлы әр қаһарманның өзіндік ойы бар, көзқарасы бар. Жазушыньщ «Оралу» повесіндегі уақыт пен кеністік аясында алынған оқиға, құбылыстардан осы ойымызға дәлел боларлық жайттарды табу қиын емес. Повесте бәлендей көп сюжеттік желілер жоқ. Бас қаһарманньщ Бәтиманы іздеп шығуы, жол бойында шофер жігіт екеуінің арасындағы әңгіме, сол Мұраттың басынан кеткен жайттарын бұған айтып беруі бірінші сюжеттік желіге арқау болып тұр. Негізгі желі бас кейіпкер мен Бәтиманың кешегі және бүгінгі уақыт аясындағы қарым-қатынасына арналған.
Повесть кейіпкерін шалғайдағы ауылға, сонда тұрып жатқан Бәтиманы көруге итермелеп тұрған да сол кешегі уақыттың елесі. Кешегі уақыт бүкіл сюжеттік арнада недәуір орынға ие. Себебі, бүгінгі бас қаһарманның бүкіл ішкі әлемі, жан дүниесі, өмірге деген көзқарас – пікірі, талғамы мен танымы – бәрі де кешегі уақыт аясында қалыптасқан.
Ал, М.Мағауин оқиғаның мәреге жеткен тұсын пролог етіп алады да, бүкіл сюжеттік желіні яғни кешегі уақытқа бүгінгі уақыт биігінен үңілуде лирикалық шегіністі тиімді пайдаланады.
«Тазының өлімі» повесіндегі пролог аса ауқымды жүк көтеріп тұр. Екі аяқты, жұмыр басты пенденің ғана пешенесіне жазылған жайттарды ит екеш иттің де білуі, сосын ғаламат қайғыға берілуі, өзі ашқан жаңалықтан жаны түршігіп жылауы яғни ұлуы, сөйтіп, кешегі ғұмырына бүгінгі уақыт биігінен үңілуі – бәрі-бәрі де осы пролог тұсында жүзеге асқан. Яғни кешегі уақыт пен бүгінгі уақыттың арасындағы көпір – осы пролог. Көпір қызметін аткарған пролог бүкіл сюжеттік желіні тиімді түрде эпилогқа табыстайды.
М.Мағауин повесіндегі Қазының пәниден бақиға озуы, асыл нәсілді қыран тазы Лашынның тең емес шайқаста мерт болуы дәл сол тұста ғана ауылдастарының жанына батқаны, әсіресе, баласы Әділге орасан зор қайғы әкелгені мәлім. Алайда повестегі соңғы сөз яғни эпилог үлкен жүк көтеріп тұр. Сюжеттің эпилогында Әділ есімі тегіннен-тегін алынбаған. Әділ – Қазының жүзеге аспаған, арман-тілегін алға апарушы. Уақыт өте келе Қазының да, сол Қазының аты өзгеге мәлім болуына бірден-бір себепкер болған Лашынның да аттары ұмытылатыны мәлім.
Повесть эпилогында үлкен символ бар. «Тазыдан калған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы түлкі тымақтар да көп ұзамай тозып бітті. Олардың орнын елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты» дегендегі «елтірі тымақтар мен арзан малақайлар» – символ. Нағыз түлкі тымақтарды бұл өңірдің еркектері күні кеше яғни кешегі уақытта киген. Бүгінгі киіп жүргендері арзан малақайлар, елтірі тымақтар.
Ит тұкымы, онда да таза қанды тазы тұқымы құрып барады, ұсақталып барады. Адамдар да сондай. Мамайлардың, Омарлардың, Қазылардың ұстанымы, өмірге деген көзқарасы кешегі уақыттың аясында қалған. Қазір сана да, ой да, пікір де өзгеріске ұшырау үстінде.
Сюжеттік желілерге көркем уақыт пен кеңістік ұғымдары тұрғысынан үңілгенде, былайша Карағанда, уақытта өзгеріс болғанымен, кеңістікте өзгеріс жоқ сиякты боп көрінеді. Расында да солай. Алайда сол кеңістікте өмір сүріп, ғұмыр кешіп, түрлі іс-әрекет, қимылдың, алуан түрлі мінездің иесі боп жүргендердің ой-сана, дүниетанымы тұрғысынан келсек, кеңістікте де өзгеріс бар. Сол кеңістікте кеше Мамайлар ғұмыр кешкен, бүгін Есенжол алшаң басуда.
М.Мағауин повестеріндегі экспозиция немесе пролог, эпилогтың қызметін аткарып тұрған жолдарды бірден ажырату қиын. Пролог немесе эпилог деп ат қойып, айдар тағылмаған жолдардың дәл солардың қызметін атқарып тұрғанын бажайлай қараған, зерделей оқыған оқырман ғана айыра алады.
Жазушы повестерінде авторлық баяндау, астарлы диалог, ішкі ойнақы монолог үнемі кезектесіп отырады. Шығарма сюжетінің тартымды, қызықты болуы, көркемдік шешімнің оқырманды ойлантып қана коймай, толғанта да білетіні қаламгер стиліндегі өзіндік ерекшелікті байқатады. Сюжеттегі авторлық баяндауларға мінез дарыған. Ол бір сарынды, кұрғақ, жалаң баяндаулар емес. Қаламгер қолданған көркемдік тәсілдер көркем уақыт пен кеңістік аукымынан табылып тұрғанын байқау қиын емес. Жазушының «Өмір жыры» шығармасын мысалға алайық.
«Өмірлік дерек көркем шындыққа айналмас бұрын суреткердің сана сүзгісінен өтеді, балдытылып, қорытылып, қайта құйылады. Яғни, өмірлік деректі тайтұяқ күміс десек, көркем шығарма – сол күмістен жасалған әшекейлі білезік...
...Детальдар да, сәттер де, тіпті, портреттік ұқсастық та ешқандай шешуші роль атқармайды. Оның бәрі көмекші, қызметші ғана. Ең бастысы сезім ағысы. Ғашығыңыздың қандай ойда, қандай күйде болғанын қайдан білесіз. Бөтеңді қойып, сол кездегі өзіңізді танып біттіңіз бе?» [13, 150]. Бұл – көркемөнер жайлы Суретшінің ойы. Өзі шыққан биіктен, уақыттан туған пікір.
М.Мағауин өз қаһармандарының нақты осы уақыттағы жай-күйін кескіндеп алады да, өткен уақытқа назар аударады. Яғни кейіпкердің бүгінгі жай-күйіне себепкер болған күні кешегі жайттарға шолу жасайды. «Қара қыз», «Тазының өлімі», «Өмір жыры», «Жүйрік» повестері осы ойымызға дәлел. Ал, сюжеті басынан бастап аяғына дейін нақты осы яғни күнтізбелік уақытка құрылған шығармалар катарына «Жыланды жаз», «Бір атаның балалары» жатады. Бұларда жоғарыда көрсетілген шығармалардай әдеби шегіністер, кешегі уақытқа шолу жасау кездесе бермейді.
Жазушының бүкіл повестерін шолу барысында бір нәрсеге анық көз жеткізуге болады: ол – қаламгердің өз шығармаларындағы сюжеттік желіге арқау боп тұрған ауқымды жайттарды көркем уақыт пен кеңістік тұрғысынан алып, зерделеп, саралауы. «Жыланды жаздағы» Едіге үшін балалықтың бітуі, Едігенің үлкен өмірге аяқ басуы – бәрі де бүгінгі уақыттың еншісінен гөрі келер уақытқа басқан негізгі қадамды көрсетеді. Адам ерте ме, кеш пе, балғын балалығымен, өміріндегі ең қызықты, ең таза, ең аяулы шағымен қоштасады. Қоштасуды жүзеге асыратын атрибут – уақыт. Едіге де қоштасты. Оны шығарманың сюжетіндегі көркемдік шешім қызметін атқарып тұрған эпилогтан байқауға болады. Автор шығарма қаһарманының өміріндегі осынау маңызды жайтты түрлі оқиғалар, драмалық коллизиялар ауқымында шебер бейнелеген.
М.Мағауин шығармаларында оқиғаның баяу, бір қалыпты дамуы мен ширыға дамуы, шиеленісті сәттердің көптеп кездесуі кабаттасып келіп отырады. Автор сюжеттегі түрлі құбылыстардың мән-маңызына, қорытындысына ұзақ-сонар баяндаулар арнаудан бойын аулақ салған. Оның повестеріндегі эпилог немесе пролог қызметін атқарып тұрған эпизодтар бір мезгілде көркемдік шешімнің рөлін де атқарып түрғанын және ол эпизодтардың әрі қысқа, әрі нұсқа болып келетінін байқау қиын емес. Шығармаларының сюжеттік желісіне арқау етіп алған проблемалары аса ауқымды, аса салмакты болса да, автор оқиға ығында кетіп, өз позициясын салкар суреттемелермен беруге құштар емес екенін байқатады.
Сюжеттік қүрылым, оның құрылысы, үйлестірушісі – композиция – көркем уақыт пен кеңістіктің аса маңызды атрибуттары. Бажайлай қараған зерттеуші стиль даралығы сияқты сюжеттік-композициялық құрылым ерекшеліктерін де аңғарады.
Қоғам мен адам, я болмаса кеңістік пен кейіпкер проблемасы қашан да қаламгердің дарын мен парасат-білігін салмақтайтын әдебиеттің рухани өзегі. Кейіпкерсіз көркем шығарманың, кеңістіксіз кейіпкердің көрінуі мүмкін болмағандықтан, осы екеуінің арасындағы жанды байланыстардың өзгермелі күйін суреткерлік құдіретпен бере білу – жазушы көркем туындысының шынайы сапалық өлшеуіші.
Қазақ прозасында авторлық «Меннің» берілу амалдары күрделене түсті. Қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріндегі стильдік процестер түрлі бағыттарда жүріп жатты. Адам тұлғасын, адамзаттың бүгінгі рухани құндылықтарын безбендеуге келгенде бейнелеудің дәстүрлі принциптерімен қоса, балама сарындардың да орын тебе бастағанын аңғару қиын емес.
Соңғы жылдарда кеңістік пен кейіпкер қатынасын көркем зерделеу нәтижесінде өніп шығып, әдеби тенденциялардың бірі ретінде көрініс берген қазақ прозасындағы экзистенционалды ой ағымы бүгінгі күні айрықша назар аударуға сұранып тұрған мәселелердің ішіне енеді. ХХ ғасырда пайда болған, өз идеялық бастауын Гуссерль, Кьеркегор еңбектерінен алатын әлемдік ой ағымындағы бұл бағытты Марсель, Ясперс, Бердяев, Шестов, Бубер, Сартр, Камю, Бовуар, Хайдеггер сияқты философтардың қолдағаны мәлім. Кезінде «өмір сүру философиясы» деп аталған мұндай бағытты тек буржуазиялық идеологияның, буржуазиялық философияның толғамдарының нәтижесінде дүниеге келген теріс көзқарастар бағыты деген түсініктердің басым болғаны да шындық.
Бір сөзбен айтқанда, экзистенциалистер концепциясы әлем және жалғыздық ұғымынан өрбиді. Әлемдік философиядағы бұл бағыттың ірі өкілдерін ортақтастырып тұратын басты белгі – адам болмысына «Мен» және «Басқалар» ұғымы тұрғысынан келуі. Олар үшін қоғамдық қатынастар сияқты қозғалыс түрлері абстракция, негізгі шындық – субъективтілік. Осындай ой-тұжырымдардың негізгі құяр арналарының бірі – адам өзінің әлемдік жалғыздығын түйсіну арқылы қоғамнан, сондағы қалыптасқан қатынастар мен нормалардан жатсынуы. Экзистенциалистік таным мен олардың ұстанған концепцияларын, теориялық қырларын қарастырған еңбектердің түгелі дерлік келіскен тоқтам бар. Ол – экзистенциализмнің мәдени құлдырау, рухани дағдарыс кезінде күш алатыны. Яғни, экзистенциалистік ой ағымы қоғамдық құрылыстағы және әлемдік деңгейдегі қайшылықтар тереңдегенде, санадағы қақтығыстар кезеңінде адам өзінің фәнидегі жалғыздығын барынша түсінеді деген пікірді ұстанады.
Өткен ғасырда Г.Марсельдің, Ж. П. Сартрдың қоршаған әлемді қатыгез, трагедия мен қарама- қайшылыққа толы екендігі жайлы пікірлері алдыңғы қатарға шықты. Мұндай ой тек қана француз ойшылдарында ғана емес, жалпы экзистенциализмнің теориялық базисі ретінде танылды. Хайдеггердің «Человек есть и он есть человек, поскольку он экзистирует. Он выступает в открытость бытия, какою яв- ляется само бытие, которое в качестве броска бросила сущего человека в «заботу». Брошенный таким образом человек стоит «в» открытости бытия. «Мир» есть просвет бытия, в который человек вступает своим брошенным существом» деген ойы Ж.П. Сартрды «дүние – бос» идеясымен тамырласып жатыр [17; 212]. Экзистенциалистер осы тығырықтан шығудың жолын адамның жеке болмысы, оның «Мені» арқылы шешуге тырысты.
Жазушы О. Бөкейдің әуелгі «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар» кітаптарынан сыншылар мен зерттеушілердің аңғарғаны шығарма бойындағы терең философиялық түйін мен лирикалық желінің шебер үйлесе білуі және психологиялық талдау мен публицистикалық сарынның берік жымдасып келіп, авторлық «Меннің» баса көрсетілуі. Бүкіл шығармалары Өмір – Адам – Табиғат желісіне құрылып, айрықша концептуалдық мағына иеленеді.
О. Бөкейдің әлем мен жалғыздық арасындағы қарым-қатынасты көркем игеру барысындағы экзистенциалистік ой-пікірлері «Қар қызы» повесінен анығырақ көрінеді. Дүние тылсымын, адам – жұмбақтың сырын ашуға ұмтылатын қаламгер кеңістік ретінде Алтайдың қатал да, ешкімге сырын ашпас томырық табиғатын алады. Мұнда қазақ прозасына М.Әуезовпен келген, өзінің төл шығармасы «Қамшыгерде» танылған көркемдік амал – табиғатты адам трагедиясымен қабыстыра суреттеу жүзеге асады.
Повесте Алтайдың табиғаты тек географиялық ұғымды білдіре бермейді. Мұнда табиғат аясы – ғаламның кішірейтіліп алынған моделі. Қаламгер ойынша, олардың адамгершілік сапалары, ақыл-ой өрісі, рухани әлемі ішкі еркіндікті тұсаулаған, өзінің шектеулі заңдылықтары бар адамдар қауымының ортасында емес, алып кеңістікпен бетпе-бет, жеке келгенде ашылуы тиіс. Алып кеңістікте осы үшеуінің тағдыры сыналады, олар кеңістікке сол үшін, Хайдеггерше айтсақ, «тасталған». Нағыз өмір мен өлімнің шайқасы осы жерде басталады. Яғни адам өзінің тіршілігі үшін жан дәрмен. Э. Фромм айтқандай: «Человек — часть природы, он подчинен физическим законам и не способен изменить их; все же он выходит за пределы природы. Он отделен, будучи частью: он бездомен и все же прикован к дому, в котором живет вместе со всеми другими существами. Брошенный в этот мир в определенное место и время, он таким же случайным образом изгоняется из него. Осознавая себя, он понимает свою беспомощность и ограниченность собственного существования. Он предвидит конец– смерть» [18; 158].
Повесте бір-бірінің сырын жетік білетін боп көрінген үшеуі мынау жалпақ әлемде, шет-шегі көрінбестей суық дүниемен жалғыз қалғанда беймағлұм болып келген сырларын ашады. Ең бастысы, олардың кеңістікке деген қатынастарындағы өміртанымдық тайталастары басталады. Демек, экзистенциализмнің шындық, ақиқат өмір мен өлімнің тым жақындап келген аралық ситуацияда ашылатыны жөніндегі идеясы шығарма өзегіне айналған. Жазушы осы бір тартысты ситуацияға кейіпкерлерін әдейі салады да, өлім категориясының мағынасын төрешілік ұғымында қабылдайды.
«Ер-азамат не майданда, не жорықта сыналады деген осы. Ол – Бақытжан осынау қар шағылдардың арасынан достарын ғана емес, өзін де іздеп тауып алғандай еді. Ол ұлы жаңалық ашты – өзін ашты». Ал Нұржан «өте сенімді де, мықты жігіт» деп осы қиын сапарға ертіп шыққан Аманжанға енді басқаша қарауға мәжбүр. «Тәңірім-ау, Нұржанның осы екі жігіттен басқа кімі бар еді? «Аманжан, сен осындай ма едің?.. Пышақ жұмсағаны несі? Жо-жоқ, ауылға енді қайтып бармау керек екен. Не болса да осында қарелінде, адамдары аз кеңістікте өлу лазым екен».
«Қар қызы» повесінде заман ағысынан қалтарыста күн кешкен Қоңқай мен сиыршы шал Оралхан суреттеген кеңістіктің тартылыс күшін реттеп тұрған екі полюс секілді. Тіпті жапан даладағы Қоңқайдың жалғыз үйі – бір адамнан тұратын «мемлекет». «Қоңқай мемлекетінің» өзіндік заңдары мен философиясы бар. Ал сиыршы шал болса, осы Қоңқай үшін ен түзді мекен етеді. Яғни, Қоңқай болмаса тыныштық пен жақсылықтың күзетшісі – сиыршының да болуы мүмкін емес. Бұл – қаламгердің жаратылыс диалектикасы туралы концепциясы.
О. Бөкейдің «Қар қызындағы» кей тұжырымдар «Сайтан көпір» повесінде аңғарылмай қоймайды. Туындыдағы негізгі кейіпкерлердің бірі – Аспанның мына монологына назар аударайық:
«Адамнан өткен қаскөй не бар екен мына жалғанда: ендеше, табиғатқа біздерден өгей ешкім де жоқ, ештеңе де, тек екі аяқтылар ғана артық, сол керексіздігімізді жасқана жасырамыз, жанталаса қорғаймыз. Өгейлігімізді білдірмес үшін арпалысып, мұқым жер-жаһан, ұшқан құс, жүгірген аңға үстемдігімізді жүргіземіз. Әттең, Алтайдағы елік жабылып келіп сүзіп, тепкілеп өлтірсе де обал жоқ маған, обал жоқ. Бүкіл әлемдегі жан-жануарлар жабылып, адамзатқа шабуыл жасаса ғой. Мен сонда сол аң-құсқа қосылып, қарсы аттанар едім». Кейіпкердің осы толғанысы көркем туындының жүлгесіндегі философиялық ойдың тірегі ретінде алынады.
«Сайтан көпірде» адам рухының мәңгіліктілігі мен табиғат рухының арасы сабақтас алынғанын аңғарар едік. Адам зауал шақ – өліммен бетпе-бет келіп барып қана өз шынайы болмысын танытатыны жөніндегі экзистенциялық пікір осы шығармада да бар. Өйткені Аспанға да, Аманға да «Сайтан көпірден» өту шаруашылық мақсаттардан гөрі, ішкі рухын сынау үшін керек. «Әркімнің алдында түптің түбінде өтпей қоймайтын «Сайтан көпірі» бар. Тек қорықпағандар ғана арғы жағалауға шығып мақсатына жетпек». Сайтан көпірден өту дегеніміз – өлімге тым-тым жақын келу немесе өмірмен қоштасу. Бұл тұста А. Камюдің айтқанымен келісеміз. Атақты жазушы: «Дело в том, что у нас нет опыта смерти. Испытанным, в полном смысле слова, является лишь то, что пережито, осознанно. У нас есть опыт смерти других, но это всего лишь суррогат, он поверхностен и не слиш- ком нас убеждает», – деп жазғаны бар-тын [19; 231].
Аспан да «өліп-тірілуді» басынан кешіргеннен кейін өзгеріп сала бергендей, айнала дүниеге, адамдарға деген, өзіне деген көзқарасының көкжиегі кеңігендей. «Бәрібір, Алатай мен ауылды жалғайтын жалғыз дәнекерші – «Сайтан көпірдің» амандығын тілейді. Енді сол қасіретке толы жалғыз көпірден ол айырылды. Әне, быт-шыт болып, қармен қоймалжыңдаған Қаба өзенінің әр тұсында ағып барады. Тек қана сорайып-сорайып ағаш бағандары ғана қалған. Енді кісі өлімі бол- майды. Бетоннан құйып жаңасын салып алар дейсіз ғой. Ол – «Сайтан көпір» емес, бірде-бір адам қорықпай, қарқ-қарқ күліп өте шығады да, Алатай жайлауынан қадір-қасиет кетеді. Адамның бойынан қатерден сескену сезімі жоғалып, мүлдем құрып бітіп, есінетер ессіздік үстемдік алады». Оның ойынша, адамдар бойындағы қорқыныш, үрей сезімдері өлген сайын сұлулыққа, мейірімділікке, биік рухқа деген құштарлығы тұншыға береді.
Кеңістік пен уақыт, құбылыстар мен қозғалыстар сырын адамның субъективті болмысына сүйене отырып қарастыратын экзистенциалистік дүние қабылдау заңдылықтары О. Бөкейдің көркемдік-философиялық танымына әсер еткенін Аспан, Аман бейнелері дәлелдей түседі. Сонымен қатар, шығармадағы философиялық тұжырымдардың жасалуында, осы негізгі шарттарды айқындауда абстракциялы символ-бейнелердің де орны айрықша. Повестегі Анау, Айқай, Жаңғырық көркем образдық дәрежеге жеткен. Шығармадағы негізгі тартыс кейіпкерлердің жан әлемінде десек, осы тартыстардың катализаторы – символ бейнелер.
Символдың бірталай артықшылықтары да жоқ емес. Символды қолдана отырып, олар туралы тәптіштеп көрсету де керегі аз. Мәселен, Оралханның қолданған Анауы ешқандай түсіндірмені тілемейді. Өйткені халық жадында Анауларға қандай мінездер тән екені айдан анық. Жазушы осы бейнелерді тәсілдік қолданысқа алып, өзінің орталық кейіпкерлерін ашу үшін, философиялық ойдың бет-бағдарын көрсету үшін пайдаланады.
О.Бөкей үлкен философиялық проблема – жатсынуды да айналып өтпегенін аңғарамыз. Мұндай ой бізге оның тырнақалды туындыларына үңілгенде келеді. Соның бірі – қаламгердің үздік шығармаларынан саналатын «Қамшыгер» әңгімесі. Әңгіме экспозициясы М.Әуезовтің «Қорғансыздың күніне» ұқсас. Арқалық тауының сұсты табиғаты мен Ғазизаның тұрағы бейнеленуі сұрқай тіршіліктің, суық әлемнің суретін берсе, Садақбайдың мекені де елеусіз қалғандай, жалғыздық пен жетімдіктің күйін шертеді. «Түйе тастың құбыласын иектей жұпыны ғана қараша киіз үй тігілген-ді. Үй жалқы ғана. Көз көрімде ел жоқ: тек ұзын сонар қож-қож тастар, сойдақ-сойдақ қарағайлар, алапат таулар ғана қаумалай қоршап, күргейлеп тұрады. Қараша үйдің маңынан ербең еткен баланы да, өріп жүрген жетім лақ та көрмейсіз. Өне бойы өгейсіп, мынау жер-жаһанда аласталып, алыста қалғандай: үн-түнсіз ағараңдайтын шалғайдан».
Шығарманың сюжеті өрбуге тиісті кеңістікте көңілге суықтық ұялататын экспрессивтік суретпен беру бұл тұста автордың көркемдік мақсатымен орайлас алынады, характер ашудағы маңызды компонент ретінде қолданылады. Түйетас пен оның ығын тасалаған жалғыз үй, аңырап соққан аңызақтың бәрі Садақбайдың мазасыз, шексіз жалғызсыраған тірлігінің белгісіндей.
«Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан нар кескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жиырма бесім қайдасың деді ме, тіршілікті мынау қолындағы қамшысының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын, әрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме? Ол ішек-қарны ақтарыла, қатты, аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жылап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр». Бұл – Садақбайдың кешкен өмірінің ешкіммен жұғыса алмай жападан-жалғыз жортқан күйі өте барғанын ойлап күйзелгені-тұғын. Ол – өзінің адамдар ортасынан жатсынып кетуінің сырын ұға алмай дал болып, қамшыдан басқа сүйенері табылмай, тұңғиықтан келіп тұңғиыққа аттанған пенде. Әңгіме Садақбайдың қарысып қалған қолындағы қамшымен бірге жерленуі арқылы шешім табуы кейіпкер бойындағы шетін күйзелісті берудегі көркемдік амал.
Жатсыну мәселесінде жазушының позициясын толықтай әйгілеген алғашқы шығармаларының бірі – «Мұзтау» повесі. О.Бөкей мұнда өзінің айнымас тақырыбы — кеңістік пен жалғыздық мәселесін негізгі нысана етіп алады да, көркемдік құралдарды осы екі ұғымның аясында топтастырады.
Кеңістік пен индивид арасындағы қарым-қатынасқа үңілу барысында жазушының негізгі идеялық тұғыры – антропологиялық көзқарас, яғни адамның әуелгі табиғи болмысы, алғашқы негізі жайлы тұжырымы бой көтереді. Ақтан – адамдардың қауымдық тірлігінен, бірлескен өмір салтынан саналы түрде жатсынған кейіпкер. Оның пайымдауынша, нағыз ақиқат пен шексіз тазалық табиғатта ғана қалған «кей сәттерде Ақтан әлі табиғаттан толық бөлініп шықпаған әрекет иесі ретінде әсер қалдыратыны» сондықтан.
Жеке адамды жеке құндылық деп қарайтын жазушы адам, қандай да болмасын қоғамдық ортада өзінің осы субъективті қасиетін жоғалтады деген экзистенциалистік бағыт ұстайды. Яғни, адам қоғамдық ортада шексіз еркіндігінен айрылып, ассимиляцияланып кетуі мүмкін. Ақтанның ауылдан іргесін аулақ салуының мәнісі – қоғамдық ортаның әу бастан рухани теңсіздікте болатыны. «Кісі аяғы басып, қолы тимеген дүниенің бәрі киелі» деп санайтын Ақтанды ойға қалдыратыны, есеңгірететіні адамдардың мына өмірді өткінші деп қабылдамайтындығы, яғни абсурдтығын сезіне алмайтындығы. Ақтан өз тағдырын қоршаудан қашып шыққан бұғымен ұқсастыратын эпизод та автор идеясының детальмен меңзелгені. Ақтанның осы бір мінезінің төркінінде не жатыр? Қаламгер бұл сауалға жауапты Ақтанға мүлде қарама-қарсы алынған образ – Қанның аузына салады: «Білем, саған өлім де қорқынышты емес; байлық, мансап, атақ-даңқ та қызықтырмайды. Өткеніңе өкінбейсің, ертеңіңнен үміттенбейсің. Адам боп қуанған да, пенде боп жылаған да емессің-ау деймін. Иә, сен қола дәуірінің бүткіл психологиясын жиғансың. Сондықтан да әлемдегі еш нәрсе таңдандырмай, еліктірмей, бойындағы барлық адамдық қасиеттің қаймағы шетінемей, бүлінбеген таза және табиғаттың өзіндей өміршең. Бірақ ондай тым сезімтал, ақжүрек адамның қазіргі ғасырға керегі жоқ».
Автор образдың психологиялық құбылысын, ішкі тайталастарын беруде өзінше тәсіл таңдайды. Ол – осы тұлғаның жан әлемінде Ақтан мен Аңшы болып айтысады. О.Бөкей кейіпкеріндегі ішкі «Меннің» дағдарысы оның «өзін-өзі» таңдау процесінің аяқталып, тоқтамға келмегенін айғақтайды. Ақтанның бойындағы Ақтан – тұлғаның детерменделген қыры да, Аңшы – тұлғаның жатсынған қыры. «Ішкі» Ақтан: «Сенің қателігің сол – халық ғасырлар бойы ойлап тапқан өмір сүру тәсілінен шығындап шығып, өз бетіңше лағып кеткің келеді. Бойыңда барлық күш-қуат бола тұра, өзің де байыбына бара алмаған жалғыз пәлсапаның шылауында тентіреп жүрсің. Баяғыда-ақ орталыққа көшіп барып, адамдарға бұдан әлдеқайда пайдалы іспен шұғылдансаң.
Аңшы: Пайдалы іс деген не? Түсіндірші маған. Меніңше, дүниедегі ең пайдалы іс сол – дүниеге жалғыз-ақ рет келіп жан тапсыратын адамдарға қиянат жасамау. Егер орталыққа көшіп барсаң, сөз жоқ, өзімізге дұшпан табар едік».
Еріктің («Атау-кере») бойында Ақтандікінен («Мұзтау») бөлек Қоңқайлық («Қар қызы») жатсыну бар. Еріктің томырық мінезі, аса қатыгездігі мен будан аралар жағдайын салыстыра отырып, суреткер метафоралық параллельге барады. Жазушының қозғайтыны тағы да адамның табиғи тазалығы. Еріктің жанашырлықтан ада, селт етпес қаталдығына іштей мүжілетін Нүрке кемпір баласының африкалық аралармен әуестенуінен қатты тіксінеді. Демек, Нүрке кемпір Еріктің болмысындағы мейірімнің неден өшкенін сезеді. Өйткені будан арадан өсіп-өнген ұрпақ пен Еріктің әрекетінде дүбәра тіршілік түйсіктері бар. Ерік – адамдардың бір-біріне деген мейірімділігі болатынын мүлде жоққа шығаратын жан. Адами сезімдер оған жат, тіпті өзін Айнаға үйленуін өміріндегі шалыс басқан қадамы деп шешіп қойған. Жазушының Ерікке берген мінездемелерінің астарында Ара-символдың орны ұлғая түседі.
«Атау-кере» повесінің композициялық түзілісіндегі Таған мен адам көзінен таса тіршілік еткен Шал желісінің жазушы философиялық ойындағы өзекті айқындау үшін мән-маңызы үлкен. Шалдың өгей тұрмысы бүгінгі заман тірлігімен мүлде қабыспайтын үңгірдегі мекені, тіпті тұрмыс заттарының саналы адамзаттың алғашқы қауымында дүниеге келгендей әсер қалдыратыны жазушының түпкі байламынан сыр тартады. Бұрынғы дәуірдің жәдігеріндей көрінетін Шалдың мекені – үңгірге орналасқан үй, ондағы Қазақстанның екі қиырынан арнайы әкеліп бауырына басқан екі жетім – Қозы мен Баянның жайын О. Бөкей ерекше мән бере суреттейді.
«Адам – орманның ортасында жүріп күнәға батқанша, ағаш-орманның арасында таза өскенге не жетсін. Мен қазақтың атом апатынан да, бүлінген ауадан да, ішімдік пен аяқтан шалар ағайын алауыздығынан да ада, таза да тәкаппар ұрпағын тәрбиелеймін... Жоқ, шырағым, мен қара басымды сауғалап келгенім жоқ бұл қу мекен жерге; жалғанның үзірінен, анау екі қозымның амандығын ойлап, олардың дені сау, рухы таза өссін деп келдім бұл жерге; жарықтықтарымның жас жаны жараланбасыншы, ит тірліктің итаршысына айналып, аумалы-төкпелі заманның зәлімі болып кетпесінші деп келдім бұл жерге; бірін-бірі алқымынан алып шайнап тастар қаскөй бірлігінен не пайда, күндердің күні болғанда адамның өзін опық етер ілім-білімнен не пайда». Бұл – Шалдың адамдар ортасын жатсынған тіршілігі, одан табиғи жарастық таппауы – руханилық дағдарысты барынша сезініп, өз тарапынан жасаған таңдауы. Шал-Таған желісіндегі айтылар ой ауқымының шығарма тақырыбын ашудағы маңызды болатыны автордың көркемдік шешім қабылдауынан да көрінеді. Таған ақырында шалдың «мемлекетін» таңдауы да психологиялық дәйектемесі келіскен, шығарманың логикалық дамуына сай жасалған нанымды шешім болып қала береді.
«Атау-кере» повесіндегі Нүркенің өлім сәті алдындағы көрініске тоқталмай кетпеуге болмайды. Мұнда санаға бағына бермейтін, ақылға жеңдіре бермейтін фрейдизмге тән психологиялық өзгеріске көңіл қояды. Бұл мәселе әсіресе батыс модернистерінің ерекше назарында болған еді. Сол сияқты қаламгер қазақ арасына сіңіп Нюра Фадеевнадан Нүрке атанып кеткен, мұсылмандық сенімге біржола иланып-сенген, намазға жығылған адамның өмірінің соңғы сәтінде бейтаныс күштің ықпалымен мына өмірге өз дінінің шарттары бойынша бақұлдасып, шоқынуы ақылынан тыс жасаған қарекеті ретінде суреттеледі. Ол – өзінің ғұмыр бойы ұстанған сенімінен, өмір салтынан жатсынған адам. Осы уақытына дейін санасының түпкірінде өз дініне деген сағыныш ұялап жатқан. Көркем шығармадағы Айна енесінің сандығынан тапқан икона – Нүркенің өзін-өзі алдаған, өзінен-өзі жатсынған қарама- қайшылықты өмір сүргенінің куәсі. Икона – Нүркенің ақиқат болмысын ашуға қолданылған деталь. Өйткені «Ананың сүтімен рухына сіңген сенім түптің-түбінде бәрібір жеңіп шыққан еді».
Қазіргі адам мәселесін қарама-қайшылықты дүниетанымдар қақтығысында бейнелеу кейінгі уақыттағы прозаның даму процесін айқын етер маңызды тенденциялардың бірі болатын. Яғни, жеке тұлғаны зерттеу, оның арманы мен аңсарын, сезімі мен түйсігін зерделеу әдебиеттің диалектикалық қозғалысындағы тағы бір маңызды белес еді. Экзистенциалистік философияның негізін қалаушылар және таратушылар – Хайдеггер, Ясперс, Сартр, Камю, Марсель, Бердяев сынды ойшылдар мен суреткерлердің ХХ ғасырдағы дүниежүзілік көркем дамуға қатты ықпал еткендіктен, қазақ әдебиеті де одан тыс тұра алған жоқ.
Адамзаттың қазіргі дамуында жатсынудың, өзіндік жатсынудың бар екендігі бұл проблеманың абстрактылы теорияларға негізделген, ойдан құрастырылған проблема емес екендігін көрсетті. Өздеріне табиғат заңдарының үстемдік ететінін, өздерінің қоғамдық әрекеттері олардың абсолютті еркіндігіне шек қоятынын адамзаттың түйсінуі – жатсынуды дүниеге келтірді.
Достарыңызбен бөлісу: |