Кіріспе дипломдық жұмыстың жалпы сипаттамасы


Зерттеудің дереккөздері мен материалдары



бет5/9
Дата25.04.2022
өлшемі129,49 Kb.
#32142
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Зерттеудің дереккөздері мен материалдары: Зерттеудің деректік материалдары Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, О.Бөкей, Д.Исабеков, З.Шәрбақынұлы, А.Алтай сынды қаламгерлердің повесть жанрында жазылған шығармалары негізінде болды.

Жұмыстың құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ


  1. Көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік категориясы

Көркемдік уақыт пен кеңістік – әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің  бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі – М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы  «хронотоп»   немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық  моделін  бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин:  «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» [1, 235] -  деп анықтама береді. 

Аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары әдебиет пен өнерге қатысты үш салаға бөлініп қарастырылады: 1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік; 2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік; 3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік [2, 11].

Уақыт пен кеңістік категорияларының мағынасы, функциялары, құрылымы  Б.М.Бахтин, Д.С.Лихачев, Н.К.Гей, Г.М.Фридлендер, А.Я.Гуревич т.б. ғалымдарың еңбектерінде қарастырылады. Осы мәселе З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Т.Рахымжанов, А.Ж.Жақсылықов, Н.Джуанышбеков,  А.Темірболат еңбектерінде сөз болады.

Реалды уақыт пен кеңістік бізден тыс объективті түрде болып жатқан құбылыстарда, олардың алмасу, орын ауыстыру өзгешеліктеріне қатысты. Адамзаттың ұғымында олар туралы түсініктің болуы да, болмауы да мүмкін. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта туралы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл іс жүзінде реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі болып табылады. Бұған әр халықтың өзінше қолданатын ай, күн, календарлары, мүшел, жыл санау, жыл қайыру ерекшеліктерін жатқызуға болады. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдардың сезім-түйсіктерінің, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мәселен, көркем шығарманың өз ішінде ғана жүріп отыратын уақыт пен кеңістікке қатысты адамдардың көңіл-күйінің өзгеріп отыруы осының айғағы.

Уақыт пен кеңістіктің біздің санамызда бейнеленген қандай үлгісі болса да, олардың өзгешеліктері, өлшем-пішіндері реалды уақыт пен кеңістікке қарап анықталады, барлығы да содан туындайды. Уақыт пен кеңістік жазушының дүниетанымын, дүниені қабылдауын, жазушы стилін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, сол арқылы әлемнің жеке-авторлық суретін құру ерекшелігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды,  шығарманың  композициялық тірегі болып, көркем образдардың ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болады. Уақыт пен кеңістікті зерттеу көркем шығарманың тініне бойлап, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние туралы концепциясын  айқындауға мүмкіндік береді.

Жазушы өз шығармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңістікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін. Авантюралық, саяхаттық немесе фантастикалық, модернистік романдарда оқиға жерден тыс басқа әлемдерде өтуі мүмкін. Сонымен қатар оқиға бір бөлменің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де мүмкін. Кеңістіктің «географиялық орта»  ретінде нақты, реалды түрі болады. Мысалы тарихи романдардағы кеңістік. Ол ойдан шығарылған, фантастикалық сипатта болуы мүмкін. Сонымен қатар кеңістік пен уақыттың  мифтік түрі де бар.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы  қазақ прозасында уақыт пен кеңістік өлшемдері күрделенді. Реалдылық ертегімен, мифпен жымдаса өрілді. Нәтижесінде  хронотоп  шартты сипатқа ие  болды. Мысалы, Дулат Исабеков шығармаларындағы болып жататын оқиғалар кеңістік жағынан әдейі тиянақталмаған. Оқиғаның қандай жерде, қай уақытта болып жатқанын тек адамдар қатынасынан, анда-санда бір көрініп қалып жататын тұрмыстық суреттерден, кейіпкерлердің сөз саптау ерекшеліктерінен ғана жобалай аламыз. Автор үшін ол негізгі максат та емес. Қаламгердің біз зерттеп отырған повестеріндегі трагизм жазушының нақты бір қоғамдағы әлеуметтік шындыққа келіспеу идеясынан, наразылығынан емес, жалпыға ортақ категориялардан туындайды. Сол мақсатты суреткер жеке адамдардың ғұмыры мен тағдырына үңілу арқылы жүзеге асыруға тырысады.

Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт сол шығармадағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты өзгереді. Ал олардың алмасуына, бір-біріне қатысты жүйеге түсуіне әлеуметтік жағдай себепші, іс-әрекеттің мән-мағынасына бағындырылған. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау немесе оны созу, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту  т.б. уақыт пен кеңістік категорияларына  да әсер етеді. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға біркелкі жылжиды. Бізді қабылдауымызда уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал көркем шығармадағы уақыт оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу жүріп, кейде үзіліп те отыруы мүмкін. Қайсыбір шығармаларда оқиға аяғынан басталып, суреткер уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін. Мәселен, О.Бөкеевтің «Үркер», «Бәрі де майдан» шығармаларында уақыт кейін жылжытылып, негізгі оқиғалар, тартыс лирикалық шегініс арқылы беріліп отырады.

О.Бөкеев шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Жазушының өзі де «Қар қызы» повесі жөнінде: «Ол повесте менің айтайын дегенім тракторшылар өмірі емес, кеңістік пен жалғыздық мәселесі, адамның кеңістікті түсінуі, қабылдауы, кеңістіктің жалғыздыққа жасайтын ықпалы» - дейді. О.Бөкеев шығармаларында жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз өз кезеңдеріне сай айшықты бедерленіп отыруымен қатар уақыттың да өлшемі болып суреттеледі. Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақтысы, мезгілі нақтылы көрініс табады. Таңның қылаң беруі, күннің шығуы, сәуле шашуы, талма түс, бесін, өліара бітіп айдың жаңалануы, айдың толысуы, бәрі де мезгілдік қызмет атқарып тұр. Сонымен бірге жазушы шығармаларындағы оқиғалар, іс-әрекеттер нақты сюжеттік уақыт жағынан алғанда екі-үш тәуліктік мерзімді ғана қамтып көрсетеді. Қалғандары кейіпкердің жан-дүниесіне сыналай кіру, ой дүниесін ақтару арқылы лирикалық шегініс, кейіпкер монологтары арқылы беріліп отырады. Жазушының «Мұзтау» повесінде негізгі кейіпкер Ақтанның нақтылы уақыт,  үш күнгі елден жырақ тіршілігі суреттеледі. Ақтанның ойы, естеліктері кейін шегіну арқылы ғасырлар тереңінен сыр тартып көркемдік уақыттың танымдық сипатын, әсерлігін арттыра түседі. Автор кейіпкердің дүниеге көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер еткен жағдайларды, мәнді кезеңдерді таңдай отырып, шығармадағы тарихи уақыт сыйымдылығын арттыра түседі. Өмірі Аршалының тарихымен сабақтас жазушы өзі «ақ көңіл адам еді» деп сипаттайтын өтірікші Асан шалдың ертегілері арқылы көркемдік уақыттың қаншалықты маңызды, мағыналы болатындығына көз жеткізеді. Осы Асан шалдың өтірігі арқылы шығармада фольклорлық уақыт пен кеңістік те бейнеленеді.

Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби процесте мениппеяның кейбір белгілерін бойына жинаған, көркемдік ізденісі, тақырыбы, әдісі тұрғысынан  елді елең еткізген, көзге «алабөтен» көрінген шығарманың бірі – М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаясы. Шығармадағы фантастикалық, философиялық мотив, жұмбақ жайттар, уақыт пен кеңістіктегі еркіндік бірден зерттеушілердің қызығушылығын тудырды, қызу талқылаудың нысанына айналды. М. Мағауиннің «Қыпщақ аруы» романындағы басты кейіпкер – сұлулық. Айсұлу бегім уақыт пен кеңістікке тәуелсіз сұлулықтың символына айналған. Сюжеттік  шырғалаң, шығарманың мазмұндық астарының қалыңдығы, уақыт пен кеңістік аясындағы еркіндік, өткен мен бүгін арасындағы контраст, өткен тарих сілемдеріне назар салу, ретроспективтік ыңғайдың  молдығы   жазушы  шеберлігінің табиғи қуатын танытады.

Қазіргі қазақ прозасында мифтік бастаудың әсері күшті. Қаламгерлер өз шығармаларында аңыз-әңгімелерді, діни  көне сюжеттерді  кеңінен қолдану үстінде, бұл өз кезегінде олардың шығармаларындағы кеңістіктік-мезгілдік  өлшемдердің  күрделенуіне әкелді.  Бұл ретте қаһармандардың ішкі әлемінің ұңғыл-шұңғылын, олардың жан дүниесінің, санасының, жадының, қиялының кеңістіктерін зерттеуге назар аудара бастады. Бұл бір жағынан адаммен байланысты философиялық  мәселенің түп негізіне  бойлауға, екінші жағынан жеке уақыт пен кеңістіктің шекарасын жылжытуға мүмкіндік берді.

Әдеби шығарманың композициясы – бейнеленген заттық бірліктердің және тілдік-көркемдік тәсілдердің ретпен орналасуы мен сабақтастығы, шығарма элементтерінің, белгілердің байланысу жүйесі» [3, 150]. Теорияға иек артсақ, сюжет те, композиция да әдеби шығарманың  мазмұнын көркем жинақтайтын формаға жатады.  Бұлардың бірлігімен қатар өзгешеліктері де бар. Композиция барлық шығармада болады, өйткені композициясыз шығарма көркемдік қасиетінен айрылады. Композиция сюжеттен тыс нәрселерді де қиюластырады, яғни ол - сюжеттен кең ұғым. Әр суреткер шығармасының сюжетін өз қалауынша құрады, белгілі бір қалыпқа бағынбайды. Әр шығарманың архитектоникасы әр түрлі. Сюжет кез келген көркем шығармада бола бермейді (көбіне лирикалық өлеңдерде). Бұл турасында О.И.Федотов: «Толық мағынасында эпос пен драма ғана сюжетті; оқиғалық желісі әлсіз немесе тіпті жоқ лирикалық шығармаларда сюжет болмауы да мүмкін. «Нүктелік» сюжет  (В.В.Кожинов) ұғымы да бұл жағдайда жеміссіз» [4, 85]  - дейді.

Мысалы М.Жұмабаевтың «Жаралы жан» өлеңін алайық:

Соқпа сорлы жүрегім,

Шірі енді, ақ білегім!

Мынау қара құзғынның

Бердің-ау  тәңірім, тілегін!

Сауықшыл есіл елім-ау,

Сарыарқа сайран жерім-ау!

Күмістей таза суы бар,

Айдын шалқар көлім-ай.

Сол жерде ойнап жүре алмай,

сауық-сайран құра алмай,

қарғаға құзғын жем болып,

қалғаным ба, бір алла-ай?!



Бұл өлеңде оқиғалық  желі мүлдем жоқ. Шын мәнінде, мұнда еш нәрсе болып жатқан жоқ, тек ақынның жаны мен тәнінің күйзелісі, «қара құзғынға жем болған» трагедиялық ахуалы  ғана бар. Лирикалық қаһарман қимыл жасамайды, әрекетке бармайды, тек  өзін билеген сезімдердің тылсым құшағында, өміріне налиды, шарасыздықтан мұңаяды, қайғырады. Мұңы ұлы трагедияға ұласады. Дей тұрғанмен, лирикалық өлеңнің көркемдік әлемі  жалпы әдеби заңдылықтарға бағынады, ол жанды әрекетке, қозғалысқа, ішкі динамикаға толы. Бірақ ол қозғалыс  мазмұндық желімен ғана емес, бейнелеу желісімен байланысты.  Қақтығыстың ширығуы сюжет арқылы шешілмейді, лирикалық тақырыптың дамуы арқылы  көрініс табады. Түйіндей айтсақ, композиция сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп, қиыстырып қана қоймай,  көркем туынды компоненттерінің бірлігі мен тұтастық жүйесін қамтамасыз етеді. Композиция шығармаға ішкі ырғақ дарытып, оны өз-өзінен (романдар мен повестерді) бөлімдер мен бөліктерге, (драманы) акт, перде, көріністерге, (лириканы) тармақтарға бөледі. Ал, композициялық шеберлік -  шығармадағы барлық бөлшекті бір ғана бүтінге тұтастыру, бәрін бір ғана нәрсеге,  негізгі идеяға бағындыру болмақ. 

Әдебиеттану ғылымында баяндау тәсілі сюжетті белгілі бір субъектінің баяндауы арқылы беріп, оқырманмен арадағы байланысты орнықтырады. Баяндау тәсілі шығарманың құрылымына, идеясына ықпал ете отырып, екі мәселенің аясында: әңгімеленетін оқиға туралы және әңгіменің айтылуы арқылы көрінеді. Баяндау кезінде әңгімелеуші оқырманмен тікелей немесе жанама қарым-қатынаста болады. Автор баяндау арқылы көркем туындының сюжеттік желісін, композициялық құрылымын белгілейді. Көркем туындыдағы баяндаулар шығарманың көлеміне қарай ұзақ та, ықшам да болады. Мұндағы баяндаушы суреттеліп отырған оқиға мен оқырманның арасын байланыстырады. Әдеби шығармаға баяндаудың әр түрлі тәсілдері тән. Көркем мәтіндегі баяндаудың ерекшелігі туралы орыс ғалымдары М. Бахтин, А. Чудаков, қазақ ғалымдары Т. Нұртазин, Т. Рақымжанов, Т. Есембеков т.б. зерттеушілер байыптаған. Баяндау – оқырман мен баяндаушы арасындағы қатыстылықты жүзеге асыратын тілдік негіз. Мұнымен қоса, баяндау мәтіндегі белгілі бір үзінділерді немесе шығарманың тілдік құрылымын анықтайтын мағынада да қолданылады. Кейде баяндау суреттеу, бейнелеу тәсілдерімен де аралас қолданылады. Өткен ғасырдың орта шенінде орыс әдебиеттануында тілдің ара жігін, яғни баяндаушы немесе әңгімеші мен кейіпкердің тікелей тіл қатысымын алшақтататын көзқарас туындады. Бұл әсіресе, М.Бахтин еңбектерінің әсерінен орнықты. Осының нәтижесінде бейнелеу сипатындағы әңгіменің жиынтығы баяндау деп аталып, бұрын онымен тең қолданылатын суреттеу мен талдау (мінездеме) оның құрамдас бөлігіне айналды. Әдеби энциклопедияда баяндауды: “эпикалық әдеби шығарманың төл сөзден басқа бүтін құрамы” дейді [5, 309]. Баяндауда оқиға жөніндегі суреттеу даралай көрінеді. Яғни, суреттеу баяндаудың формасы ретінде өзінің бейнелеу жағынан ерекшеленеді. Суреттеу алдымен – көркем кеңістіктің бөлігі. Ол жөнінде Лессингтің трактатына сүйене отырып, Бахтин де негіздеген [1, 398]. Мәтін автордың ойын объективтендіріп, шығармашылық және адам мен қоршаған дүние туралы толғанысын сыртқа шығарып, автор санасынан да тысқары адам баласының жетістігіне айналды. Зерттеуші Л. Г. Бабенконың көрсетуінше, мәтінді қабылдаудың өзіндік ерекшелігі бар. Ол мәтіннің болмысынан туындайды. Мәтінді қабылдау екі сатыдан тұрады. Олар: материалдық белгілерді тікелей қабылдау; тілдің образдық белгілері арқылы мазмұнды қабылдау [6, 129]. Мәтінде баяндаудың композициялық-тілдік формасының екі базалық негізі – автор сөзі мен кейіпкер сөзі дараланып көрінеді. Негізінен алғанда, автор туындысына өзі баяндаушы болады. Ол шығармадағы оқиғаның ретін, кейіпкерлердің көріну тәсілдерін, шығарма тілінің көркемдігін қамтамасыз етеді. Автор кейде шығармасында өзі жасаған шындық әлемімен бірігіп, біртұтас дүние болып кетеді. Баяндау құрамына шығарма авторы, кейіпкер, олардың арасындағы қарым-қатынас, шығарманың белгілі бір мезгілдік, кеңістік және экспрессивтік тұрғыдағы бағдары енеді. Бұлардың бәрі бірлікте бола отырып, автордың идеялық-эстетикалық көзқарас-қатынасын білдіреді. Әрине, мәтін біркелкі дамымайды. Оның тұрақты (статикалық) және қозғалмалы (динамикалық) сипаты болады. Яғни, тұрақтылығы құрылымдық-семантикалық ғылыми парадигма ұстанымы тұрғысынан көрінсе, қозғалмалылығы коммуникативті лингвистика, қабылдану, ұғыну тұрғысынан көрінеді. Мәтіннің бұл екі күйін бір мезгілде қарастырғанда көркем мәтіннің тұтас құрылымы пайда болады. Көркем шығарманың құрылымы түрлі компоненттерден тұрады. Олар көркем туынды тілінің эстетикалық заңдылықтарына бағынып, көркемдік-тілдік жүйе құрайды. Сюжетті құрайтын оқиғалардың өзара қарым-қатынасы түрліше болады. Кей жағдайда оқиғаның біреуі алдыңғы кезекке шығып, бір әрекеттің желісінде өрбиді. Бұл жағдайдан басқа шығарманың оқиғалары бір-бірімен тең түрде дамып, өзінің басталуы мен аяқталуын дербес сақтайтын сюжеттер де болады. Бұл туралы әдебиет зерттеушісі Ю. Лотман: “Туындының басталуы мен аяқталуы – эпизодтық фабулалар. Мұнда оқиғалар өзара себеп-салдарлы байланыста болмайды. Олар тек бір-бірімен уақыт жағынан ғана байланыста” деген пікір білдіреді [7, 30]. 589 Көркем шығармада баяндаушы немесе әңгімешінің орны ерекше. Олардың ерекшелігі оқиғаны жеткізулерінен айқындалады. Біреуі оқиғаны үшінші жақтан баяндаса, екіншісі оқиғаның қатысушысы ретінде көрінеді. Әдебиет зерттеушісі В.Е.Хализев: “Оқиғаны өз атынан тікелей баяндайтын адамды әңгімеші деу керек”, - дейді. Үшінші жақтан баяндайтын адам өзін бәрін білетін автор ретінде немесе белгісіз, жасырын әңгімеші ретінде көрсетуі мүмкін. Бірінші жақтағы баяншы тікелей автор да, нақты әңгімеші де, шартты түрдегі баяншы да болуы мүмкін. Осы жағдайдың әрқайсысында әр түрлі мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Енді бір жағдайда мәтіннің авторы өзінің нақты позициясын әр түрлі: өзі арқылы, жасырын автор түрінде, аты аталмаған басқа кейіпкерлер атынан да беруі мүмкін. Баяншы – оқырманға кейіпкердің әрекеттері туралы баяндап, оның өту уақытын белгілеп, кейіпкердің бейнесін, ортасын суреттеп, оның ішкі дүниесін ашады. Бұл кезде ол бәрінен тысқары тұрады. Баяншының міндеті бір мезгілде өзі бейнелеп отырған шектеулі кеңістікте көріне отырып, оның оқырмандарына да арналады. Яғни, автордың бейнелеп отырған кеңістігінің сыртына да шығып кетеді. Сонда баяншы белгілі бір адам бейнесі емес, ол функция деген жөн. Баяншының автордан өзгешелігі сол, ол суреттелетін уақыт пен кеңістіктен тыс тұрады. Әңгімешінің бейнесі – характер немесе “тілдік тұлға” (Бахтин) – субъектіні бейнелейтін негізгі айырма. Яғни, әңгімеші – бейнелеудің субъектісі. Ол жеткілікті түрде объективтеніп, белгілі бір әлеуметтік-мәдени және тілдік ортамен байланысты болып, шығармадағы басқа да кейіпкерлерді бейнелейді. Баяншы керісінше өзінің қызметі жағынан автор-тудырушыға жақын. Осымен бір мезгілде кейіпкермен салыстырғанда ол неғұрлым бейтарап тілдік ақпараттарды жеткізуші. Кейіпкер неғұрлым авторға жақын болған сайын, олардың тілдік айырмасы аз болады. Баяншының дәнекерлік қызметі оқырманға өткен оқиғалар мен әрекеттер жайлы жеткілікі де сенімді мағлұмат беруге көмектеседі. Әңгімешінің дәнекерлік қызметі бейнеленіп отырған әлемнің ішіне кіруге, оған кейіпкердің көзімен қарауға мүмкіндік береді. Біріншісі белгілі бір сыртқы көзқарастармен байланысты. Сонымен кең түрде алғанда баяндау – баяндаушы, әңгімеші, автор бейнесінің сөйлесулерінің жиынтығы бола отырып, бейнеленіп отырған әлем мен оқырмандардың арасындағы дәнекерлік қызмет деген сөз. Яғни, баяндау кең түрдегі мағынаға ие болады. Ол суреттеу, ой толғау, тікелей және жанама түрде көрінетін тілдік құрылым ретінде көркем шығармада барынша кең қолданылады. Баяндау тікелей мағынасында ақпаратты жеткізу қызметін атқарады. Бұл кезде берілетін ақпарат бейнелі, көркем түрде жетеді де, оған суреттеу, бейнелеу, портрет, пейзаж, хабарлау, монолог, диалог кіреді. Суреттеу кезінде баяншы оқиғаны, оның өту орнын, кеңістігін сипаттап, қосымша ақпарат, мәліметтер береді. Бейнелеу негізінен көркемдеу тұрғысында, яғни, оқиғаның өтетін орнының жекелеген, ерекше көріністерін суреттеп, кейде зат, бұйым (интерьер) арқылы толықтыра түседі. Сөйтіп, оқырманға көркем туындының әсерлілігін күшейтеді. Көркем шығармаларда басым орынды баяндау алады, яғни автор өз сөзімен оқиғаны баяндап береді. Ол қатысушылардың тартыстарының нақты себебін ашып кейде екі суреттеудің арасына дәнекер болады, қиюластырады, кейде көрсетейін деген өмір құбылысына бағыт сілтейді. “Көркем шығарманың құрылысын талдағанда, мақсат тек байланысын, дәлелдеуін, шарықтау шегін немесе кейіпкерлердің жасалу жолдарын, пейзаж, баяндауларын танып, білу ғана емес, шығарманың бүтін дүние ретіндегі тұтастығын, оны баяндаудағы автордың шеберлігін де білу керек” [8, 83]. Әдеби шығарма оқылу арқылы «өмір сүреді». Көркем шығарманы оқығанда барлығы бірыңғай емес, әр алуан әдіс, әр түрлі жолдармен құрылағанын байқаймыз. Көрсетейін деген өмір құбылыстарын қалай суреттемек, композициясын қалай қиыстырмақ, қайткенде ол тартымды, қызықты болады, міне осыларға байланысты мәселелер алдыңғы кезекте тұрады. Жазушы шығармасында бір оқиғаны, оған қатысушы адамдарды және олардың айналасын көрсете отырып, көбінесе осылардың барлығын өзі қалай көрді, білді, оны ашып айтпайды. Шығарманың композициясында баяншының рөлі үлкен. Оның маңызы мынадан көрінеді: а) адамға, оқиғаға белгілі бір көзқарасы; ә) айтылған оқиғаның реттік жүйесі; б) оқиға жайындағы пікірмен байланысты түсіндіру; в) оқиғаны аңыздау [8, 89]. Әдеби шығарма – үнемі қозғалыс үстінде болатын адам өмірінің қандай да бір шектеулі ортадағы көркем бейнесі. Әдеби шығарма сонымен бірге – нақты ұғым. Себебі, біз оны 590 қолымызға алып оқимыз, көзбен көреміз. Олай болса бір әдеби шығарма басқа өнер туындысының (кино, театрлық қойылым) өмірге келуіне де ықпал етеді. Сонда, біріншіден, әдеби шығарма өмірдің бейнесі; екіншіден, ақиқат өмірдегі нақты зат болып табылады. Әдеби шығарманың өмірден орнын табу үшін қаламгердің оны жазып шығуы жеткіліксіз, сонымен бірге оны оқырман қабылдауы керек. Яғни қаламгер өз шығармасында оқырманның көкейіндегі мәселені тереңнен қозғап, әдеби шығармада бейнеленген өмірді әр оқырман өз өміріндей жақын қабылдап, “әдебиеттегі өмірге” жан-тәнімен араласып кететіндей, сана-сезіміне әсер ете алуы керек. Бұл мәселелер мазмұн мен пішіннің бірлігінен келіп жүзеге асады. Мазмұн – ақиқат өмірді танып-білу мен сараптаудан, бейнелеуден туатын тұтастық. Бұлар өзімен-өзі жеке-дара қалып қоймайды. Олар әдеби шығармада бейнеленген оқиғалардың, іс-әрекеттердің, сезім-күйлердің өне бойында көрініс тауып отырады. Автор - көркем туындыны өмірге әкелуші. Автор жасаушы, баяндаушы объективті әңгімелеуші ретінде көрінеді, ол өз кейіпкерлерімен тек кей сәттерде ғана бірге қуанып, бірге қайғырады. Алайда, автор сөзі кейіпкер сөзімен мүлде араласып, жоғалып кетпейді, автор қашанда анық байқалып тұрады. Ол өз кезеңінің әдеби өміріне араласады, басқа авторлармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, кітап шығарушылармен тығыз байланыста болады. Автор-жасаушы өзінің шығармасын тудырады. Оның көзқарасы, идеясы, дүниетанымы – сол туындының негізін құрайды. Ол шығармасына қажетті материалды біртіндеп жинап, бүтін мәтін етіп жасайды. Автор-жасаушы бірден байқалмайды. Ол өзінің шығармашылық ерекшеліктерімен, даралығымен танылуы керек. Автор кейде шығармашылық үдерісте өзінің жасайтын мәтініне билігі жүрмей де қалуы мүмкін. Ол сюжет жетегінде көркем шығармасын өзі күтпеген жағдайда дамытады, аяқтайды. Ал, автордың көркем шығармада көрінуі күрделі. Аяқталған шығарма жасау – жазушының шығармашылық мақсаты. Автор-әңгімелеуші өз кейіпкерінің бейнесіне еніп, олармен бірігіп те кетеді.

Уақыт және кеңістік сияқты философиялық ұғымдардың көркем әдебиеттегі көрінісін сөз еткенде, назарда болатын басты мәселе – әр қаламгердің өз туындысында жасаған образдар жүйесі, дәлірек айтсақ, автордың адам концепциясына деген қарым-қатынасы.

1960 жылдардан бастап адамды жан-жакты зерттеу, оньщ аса күрделі де қиын жаратылыс екендігіне айрықша көңіл бөлу процестері біртін-біртін жүзеге аса бастады.

Осы кезеңнен басталған әлемдік деңгейдегі аса ірі өзгерістер, ауқымды оқиға, құбылыстар, бәрінен бұрын, қаламгер санасында серпіліс пен сілкіністі туғызды. Өмірлік мәні бар «Адам. Ол кім? Оның өмірінің мәні мен маңызы, мазмұны неде? Адам не үшін өмір сүреді? Егер «шыр» етіп дүниеге келген адамның барша болмысында жауыздықтан гөрі жақсылық басым болса, сол адам есейе келе неліктен басбұзар, тентек, қылмыскерге айналады? Жер бетіндегі қырғын соғыстар, түрлі пиғыл, көзқарас апалығы сол адамдардың қарым-қатынасынан туындап жатқан жоқ па? Ендеше, сол адамның мінезін, пиғылын, дүниетанымын, дүниеге, өмірге деген көзқарасын үйлестіріп отыратын, ретгеп отыратын еш нәрсеніц жоқ болғандығы ма?» деген сұрақтар күн тәртібіне өткір түрде қойылды. Адамзат баласының тарихында осындай сұрақтардың дәл осылай тарих сахнасына шығуы басқа уақытта болып көрмеген еді.

XX ғасырдың 1970-80 жылдардағы қазақ повестеріндегі уақыт және кеңістік ұғымдарын қарастыру бүгінгі күн тұрғысынан алғанда қоғамдық- тарихи қажеттіліктен туындады деуге толық негіз бар. Яғни дәл осы кезеңнен бастап адам концепциясына көркемөнерде, ғылымда ерекше назар аудару сол адамды түрлі қырынан қарастыруға алып келді: адамның әлеуметтік қыры, философиялық қыры, эстетикалық қыры. Ал бұлайша қарастыру адамның өз ғұмырындағы түрлі қарым-қатынастарға назар аударуға алғы шарттар жасады: адам мен адамның карым-қатынасы, адам мен қоғамның қарым-қатынасы, адам мен табиғаттың қарым-қатынасы. Ғылыми тұрғыдан тұжырымдап айтар болсақ, XX ғасырдың 60 жылдарынан басталған өзгерістер кезеңі өмірде де, өнерде де уақыт және кеңістік категорияларының күрделенуіне әкеліп қана қойған жок, сонымен қатар ол ұғымдарды жан-жақты зерттеудің де қажеттілігін туғызды. Бұл жерде бір нәрсені басты назарда ұстаған жөн: қаламгердің нақты шындықды бейнелеу барысында жүгінетін уақыт пен кеңістігі бар, сондай-ақ оның қиялында, көркемдік әлемінде салтанат кұратын уақыт пен кеңістік ұғымдары бар.

Өмір жайлы қаламгер толғанысы оның шығармаларына философиялық реңк дарытты. Философиялық ой-толғаммен қатар, әлеуметтік, адамгершілік, этикалық проблемалардың да сол кезеңде әдеби процеске молынан енгені мәлім. Осы проблемаларды шешу жолында қазақ қаламгері әлем, дүние, қоғам, адам туралы өз көзқарасын шығармаларына арқау етті.

Қандай халықтың болсын, руханият мұрасы тууы, қалыптасуы, дамуы жағынан біркелкі емес, себебі, олар тарихи-қоғамдық, саяси-әлеуметтік жағдаяттарға тікелей тәуелді. Егер философ-ғалым А.Ф.Лосевтің пікіріне сүйенсек, XIX ғасырда орыс философиясының міндетін орыс әдебиеті атқарғаны мәлім. Егер философияның міндетін XIX ғасырда орыс әдебиеті атқарса, қазақ қаламгерлерінің аса күрделі философиялық жайттармен өнер әлемінде бетпе-бет келуі XX ғасырдың 60-70 жылдарынан басталады. Адам өмірі жайлы толғану, уақыт пен кеңістік категорияларьша жүгіну қазақ әдебиетінің барлық жанрларында осы кезеңде айрықша бой көрсетті. Алайда бұл салада повесть жанрының алатын орны ерекше. Себебі, Д.Исабеков, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, Т.Әбдіков, О.Бөкеев сияқты 1960-70 жылдары әдебиетке келген басқа да қазақ қаламгерлері өздерінің шығармашылық жолын әдебиеттің шағын жанрлары – әңгіме, повестен бастады.

«Иә... Ол жұлдыздар мәңгілік! Олар мәңгі жасайды. Бұдан сан миллиард жылдар бұрын тап осылай жымыңдап тұрған, әлі тұр. Бүдан кейін де тұра бермек. Олар сан жетпес үлы оқиғалардың куәсі. Ой! Олар қандай бақытты еді шіркін! Ал, біз ше? Елу жыл, мейлі, жүз жыл бола-ақ қойсын, тіпті кісі күлерлік үлес емес пе? Елу жыл! Кейбіреулер аспан астындағы тіршіліктің қыры мен сырына қанықпай жатып-ақ қыршын кетеді. Елу жыл! Бұл не? Міне, мына жапырақтар төбемізден тегіліп тұр.Елу жылда осындай жапырақтарды елу-ақ рет көресің, елу-ақ рет қар басасың. Сол да үлес пе? Адамға келгенде жомарт табиғат кандай сарандық жасаған еді! Ал жұлдыздар! Олар бақытты!..» [9, 117-118].

Бұл – Д.Исабековтің «Пері мен періште» повесіндегі Сафураның толғанысы.

Сафура – повестің бас кейіпкерінің бірі. Оқиға бірінші жақтан яғни Сапардың баяндауымен өтіп жатса да және Сапар – Сафура – Құлахмет бейнелері үш таған тәріздес болып, шығарманың басынан аяғына дейін оқырман назарында болса да, Сафураның жетекші қаһарман екендігі еш дау тудырмаса керек.

Сафураны ашындырған, уақыт пен кеңістікке философиялық баға бергізген жағдаяттар сол өмірдің өзінен алынған. Ол толғаныс – тек Сафураға ғана тән емес, автор – Д.Исабековке де тән. Адам концепциясына тереңірек үңілу оны осындай қаһармандарды жасауға, әсіресе, контрасқа толы үш түрлі кейіпкерді сомдауға итермелеген.

«Тыныштық күзетшісінің» бас қаһарманы – Демесін. Өмірді алуан түрлі қайшылығымен, кереғар тартысымен, түсініксіз көптеген жайттарымен шынайы түрде кеекіндеуге ұмтылған Исабеков өз қаһарманын да сондай кереғар, қарама-қайшы, бір қарағанда өте түсініксіз әрі қорқынышты фонда алған. Өмір қайшылыққа толы, кереғарлыққа толы. Ол біреудің іңкәрлік сезімін оятады, біреуге қорқыныш ұялатады. Демесін – қайшылықты тұлға. Алайда автор оны тыныштық күзетшісіне айналдырған. Неге?

Авторлық идея ұлтгық болмыс ерекшелігімен суарылған. Соның нәтижесінде толық қанды адам концепциясын жасауға ұмтылған автор есі бірде кіріп, бірде шығатын қарапайым азаматты аса биік деңгейге көтерген.

Авторлық концепция жалпыадамзаттық проблемаларды осы Демесін бейнесі арқылы көтерген. Адам болмысына қажет нәрсе – тыныштық, ұрпақ өсіру, бала сүю, оның қызығын көру. Әсіресе қазақ ұғымында ұрпақ жалғастығы, шаңырақтың отын сөндірмеу айрықша орын алатыны мәлім. Адамға ең қажетті нәрсе – бейбіт, мамыражай өмір тек тыныштық аясында ғана жүзеге аспақ. Тьшыштық – гуманизмнің серігі. Гуманизм – «человеколюбие» яғни адамды адамның сүюі. Осы тепе-теңдік неге бұзылды?

Жазушы қиялы, фантазиясы оны суреткерлік шеберлік жағынан ғана биіктетіп қоймай, уақыт пен кеңістік ұғымдарына да тың шешіммен келуіне алғы шарттар жасаған. Қаламгерден, ол жасаған рухани мұрадан тыс уақыт пен кеңістік ұғымдары жоқ.

Сонымен бірге Д.Исабековтің «Ертегі елінде немесе қоштасу вальсі» повесі – ондағы қаһармандардьщ ғана емес, бәрінен бұрын, автордың өзіндік концепциясына негізделіп, қаламгерлік қиялынан берік орын алған уақыт пен кеңістік үғымдарының көрініс табуы.

«Тіршілік» повесі – жер бетіндегі қыруар адамның қарапайым өкілдері – Киеван, Қыжымкүлдердің жүріп өткен жолының хронологиялық тізбесі ғана емес, сонымен қатар, уақыт пен кеңістік атты құдіретті ұғымдар аясындағы адам атты тіршілік иесін тануға деген қаламгер талпынысы. Повестің «Тіршілік» атануы автор санасындағы тіршілікке деген ұғыммен шебер қиюласқан. Сондықтан да болса керек, Қыжымкүл толғанысы сиякты болып көрінсе де, автордың толғамына айналған үзінді жоғарыдағы пікірімізге берік негіз болатын сияқты. «Шынында, уақыт деген ұста екен, Қыжымкүлдің кеудесіндегі меңдуананың түтініндей кою да ащы қасірет бірге-бірте сейіліп санасындағы ұмыт болатын нәрселер ұмытылып, ұмыт болуға тиісті емес жайлар ғана сараланып қала берді. Жыртық көңілін үй ішінің күйбең тірлігімен жылап таң атырып, күн батыруға ғана мақсат еткен бұл тіршіліктен ол зерігіп, бір жағынан жесір қатынның болмашы табысына ортақтасып жата беруге жаны төзбеген ол «кетемін» деген сөзді қанша айтса да Қымқа көнбей қойды.

Тәңір айдап, тұз тартып келген бөгде жердің алғашқы қары түсті.

Енді ол көктем шыққанша кетем деген ойын ұмыта тұрады. Бәлкім, қар кетіп, жер жаңарам дегенше ол да бұларға әбден бауыр басып, қабақ шытпақ түгілі «кет» деп тигізіп айтсаң да айырыла қоймайтын шаққа жетер» [9, 350].

Адамдарға ортақ болып келетін тағдыр атты ұғымның қыр-сырына үңілу, жіті көзбен барлау, зерттеу – қаламгердің басты міндеті. Міне, Д.Исабековтей суреткердің өз шығармаларында осындай миссияның үдесінен шығуға ұмтылғанын аңғару қиын емес. Оның барлық шығармаларында адамдардың қарапайым қарым-қатынасынан жалпы адамзатқа көп реттерде ортақ болып келетін жағдаят-кұбылыстар туындайды. Ал, осынау процесті жасау барысында автор әлем яғни дүние деген ұғымды біртұтас, органикалық бірлік-байланыста көргісі келеді, біздерше, солай болуы керек те, себебі, «...возникла и все больше обостряется потребность увидеть мир в единстве, как нечто цельное, где даже отдаленные сферы взаимосвязаны, взаимообусловлены» [10, 243] деген пікір адамның жаңа уақыт аясындағы орнының қандай болуы керек екеніне жарқын дәлел бола алады.

Адамгершілік атты ұғымның тек адамға ғана тән қасиеттер екенін сезіне отырып, жазушы ол проблеманы жалпыадамзаттык деңгейге көтеруге тырыскан. Жазушының «Дермене» повесіндегі адам концепциясына үңілуі осы ойымызды айғақтайды. Адам концепциясына терең үңілу авторға өз халқының, алғыр да дүниетанымы берік қалыптасқан ұлтының зейіндік-зерделілік өре-деңгейін көрсете білуге талпынуыыа барынша мүмкіндік жасаған.

Философиялық оймен астаскан адамгершілік идеялары авторлық баяндауда «Дермене» повесінде былайша берілген: «Жағы қарысып, көзі мандайға шыкдан қалпы үнсіз қала берді. Ызалансаң екі бүктеп калтаға салып кете беретін мына қушиған шалдың өзінен мың есе мықты екеніне, жүрсе сықыры естілетін сүйегінің өзінен мың есе таза екеніне қазір ғана көзі жеткендей болды. Және мына шал ақшаның ұрланбағанын, бұл байлам жігіттің дүниеқоңыз пасықтығынан туғанын сезіп бара жатқанын бұ да байқап, әрі шошына, әрі таңдана тосылып қалған-ды. Онысымен тұрмай, «үйге жүр» деп қонаққа шақыруы мұны мына бөлмеге тірі көміп кеткенмен бара-бар көрінді» [9, 312-313]. Шығарманың құрылымдык жүйесінде ғана емес, автордың адам концепциясына үңілуінде, қаламгерлік позициясында негізгі өзектің рөлін аткарып тұрған үзінді осы.

Шығармада кейіпкер көп емес, үш-төрт-ақ кейіпкер. Повестің сюжеттік желісінде бастан-аяқ көрінетіні үшеу: Тоқсанбай қария, оның немересі Ергешбай және Омаш. Егер жоғарыдағы авторлық баяндау жазушының осынау жайтқа берген бағасын белгілі дәрежеде көрсетіп тұрса, Д.Исабеков өз бағасын қанағат көрмей, Тоқсанбай қарияның да бағасын. беру мәтін көрсетуді дұрыс деп тапқан.

Д.Исабековтің «Сүйекші» повесіндегі бүкіл оқиға өте аз мерзімнің ішінде өткені байқалады. Адамның жан дүниесі – күрделі әлем. Осынау қағиданы басшылыққа алған қаламгер Тұңғыш сүйекшіні екі жағдайда алып, образын жасауға тырысқан: біріншісі – кешегі уақыт яғни қаһарманның өткен өмірі, екіншісі – бүгінгі уақыт яғни қаһарманның бүгінгі өмірі. Түнғышының бүгінгі өмірін суреттей отырып, автор оның өлімімен өз шығармасын аяқтайды. Тұңғыш – күрделі бейне, күрделі болғанда жұмбақ бейне. Ол үшін адамға тән қуаныш та, қайғы да бәрібір. Оның құштарлығы, өмірге деген тойымсыздығы, балалық, жастық шағы, ішкі сезімінің бұлқынысы – бәрі-бәрі кешегі уақыттың, кешегі өмірдің аясында қалған. Шығарма – күрделі. Авторға өз кейіпкерімен қоштасудың мерзімі таяп келеді. Қаламгер жүрегі қан жылауда. Сондықтан да болса керек, оның жайшылықта сараңдау беретін табиғат суретін, ата мекен суреттерін өзгешелеу реңкте, шалқыған сезім әсерімен беруі бірден байқалады. Өз қаһарманының трагедиясына автор да сенбейтіндей.

Қаршадайынан пешенесіне ешқандай бақытты сәт жазылмаған Тұңғыш бейшараның осыншама езілген күйіне, ешнәрсеге селт етпейтін селқостығына, қысқартып айтқанда, жартылай мәңгүрт күйіне кім кінәлі? Өзгеден қиянат көрген адамның көкірегінде тек кана өзіне мәлім кек бұғып жатпаушы ма еді? Тұңғыштың бойындағы сол кек қайда? Адам ретіндегі, азамат ретіндегі жан әлемінің, ішкі дүниесінің серпілісі қайда? Өмекей Тұңғыш бойындағы міскіндікті, бейшаралықты әлдеқашан сезген. Сезгендіктен де ол да, Үкітай да жастары ұлғайған шақта Тұңғыш бейшараны алдырып, оны адам қылмақ. Сөйтіп, адам алдында ғана емес, Алла алдында жасаған да күнәларын жумақ. Алайда тағдыр ол тілектерін жүзеге асырмады. Түңғыш өліп калды. Сүйегі өзі туып-өскен кеңістікке жерленбек.

Тұңғыш та балғын балалығын бақытты етіп өткізуге кұқылы еді, жар сүюге құқылы еді, ұрпақ өрбітіп, өсіруге құқылы еді. Барша адамзат баласы сияқты ол да қамшының сабындай келте ғұмырын бақытты етіп өткізуге барша әлем алдында, уақыт пен кеңістік аясында құқылы еді ғой. Өрбімей қалғая ұрпақ, жасы жетпей шейт боп кеткен бүкіл туғандары, міне, бүгін өзі де пәниден бақиға аттанды ғой... осылардың бәріне кінәлі кім? Кім жауап бермек? Тұңғыш та өзгелер сияқты жан иесі еді ғой... Сауал көп. Соя көп сауалға өмір атты, тағдыр атты ауқымды ұғымдар аясында қаламгер жауап іздеген, автордың адам концепциясын жасаудағы көтере білген негізгі проблемалары да осылар.

Жазушы адамдар арасындағы, олардың іс-әрекет, пиғыл-пейілдеріндегі құбылыстарға назар аударып қана коймайды, сонымен бірге кейіпкер – оқырман – автор үш тағанының мүшесі ретінде өзі үшін, өзге үшін тығырықтан шығар жолды іздеуге талаптанады. Ол жол – махаббат жолы. Сенім, құрмет, адам бойындағы қарапайым ғана ізгі қасиеттер. Осы ниеттен туғандай әсер қалдыратын оның «Гауһар тас», «Бекет», «Мазасыз күндер» повестерінің негізгі тақырыптық-идеялық өзегі, жазушының адам кондепдиясына назар аудара отырьш, жасаған қорытындысы адамгершілік, мейірімділік, махаббат сияқты ұлы ұғымдардан бастау алғанын байқау қиын емес.

Уақыт және кеңістік аясындағы адам концепциясын сөз еткенде басты назарда ұстайтын маңызды мәселе мынау: қаламгердің өз шығармасындағы уақыт пен кеңістік ұғымдарына қатынасы, сондай-ақ өз таным-түсінігі бойынша өз болмысьшдағы уақыт пен кеңістікке қарым- қатынасы. Уақыт пен кеңістік әлем картинасының бөлінбейтін маңызды бөлшектері, ал, әлем әр түрлі қоғамдар аясында ғұмыр кешеді. Көркем шығарманың әлемі нақты шындықты образды түрде бейнелейтін болғандықтан, ол міндетті түрде уақыт және кеңістік ұғымдарымен тығыз байланыста боп келеді. Екіншіден, көркемдік әлемнің уақыттық-кеңістік құрылымы нақты әлемнің уақыт пен кеңістігі аясындағы құрылымымен бірдей боп келмейді. Ол айырмашылық көркем кеңістік пен уақыттың негізінде жеке сананың уақыт-кеңістік ұғымдарына деген өзіндік көзқарас, мағлұматы жататыңдығымен түсіндіріледі. Үшіншіден, уақыттан, коғамнан тыс тұлға болмайды деп жатамыз және сол қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, тарихи, саяси жағдаяттардың ықпалымен адам бойында дүниетаным, әлемді түйсініп, қабылдау сипаттарының калыптасатыны мәлім. Сонымен бірге білім, ғылым т.б. әсер-ықпалы нәтижесінде адам өз ортасының әсерімен жеке тұлға болып қалыптаса алады, оның әлем, дүние туралы өзіндік жеке пікір-көзқарасы қалыптаспақ. Жеке адамның (тұлғаның) көркемдік әлеміне деген қарым- қатынасын, нақты шындыққа деген кәзқарасын анықтау үшін көркем туындыдағы авторлық концепцияны жан-жақты қарастыру қажет. Ал, авторлық концепцияны зерттеу дегеніміз, автордың адам концепциясына деген қарым-қатынасынан туындайтыны баршаға мәлім. Қаламгер шығармасындағы образдар жүйесі, әр қаһарманның ғана емес, жазушының да дүниетаным сипаттары – бәрі-бәрі сол біз жоғарыда айтқан адам концепциясынан туындайды. Әр тарихи дәуірдің, қоғамның рухани игіліктерді жасаушылар алдына қоятын міндеттері де әр түрлі боп келеді. Әр түрлі болатыны – әр қоғамда салтанат құратын уақыттың да әр қилылығымен түсіндірілмек.

Қандай қаламгер болса да оның шығармаларына автордың өмір сүрген ортасы, ғұмыр кешкен уақыты мен кеңістігі әсер-ықпал ететіні мәлім. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары әдебиетке араласқан Қ.Жұмаділовтің «Сарыжайлау» повесі уақыт категориясын айрықша басты назарда ұстаған дегіміз келеді.

Қ.Жұмаділовтің адам концепциясы жайлы осынау толғам- толғаныстары оның «Сәйгүліктер», «Бір каланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы», т.б. повестерінде де өз шешімін тапқанын аңғару қиын емес. «Сәйгүліктер» повесі – кешегі уақыт пен бүгінгі уақыттың бетпе-бет келуінен туған туынды.

Біздің пікірімізше, осы суреткердің шығармашылығы туралы сөз еткенде, басты назарда болатын мәселе мынау сияқты: ол – автордың екі кеңістікті көріп, екі түрлі уақыт талабын бастан кешіргені. Біріншісі – дүниеге келіп, ер жетіп, мектеп бітірген мекен – Қытай жеріндегі Шығыс Түркістан да, екіншісі – жоғарғы оқу орнын бітіріп, қызметке араласып, үйлі-баранды болып, жазушы атанып, ұрпақ өрбіткен мекені – қазақ жері, Алматы. Өзінің аяғы тиген екі кеңістікті көру , алып екі империяның идеологиялық саясатымен бетпе-бет келу, соның нәтижесінде туындаған уақыт талабын сезіне білу қаламгерді өз замандастарьшан сәл оқшаулау, өзгешелеу де көрсететіні жасырын емес.

Ал, қос кеңістік пен уақытқа куә болу жазушы шығармаларына кең тыныстылык, ешкімге ұқсамайтын даралық сипат дарытқанын баса айтқанымыз орынды. «Сәйгүліктер» повесіндегі Ағыбай – кешегі уақыттың өкілі, күні кешегі көшпенділер әулетінің соңғы тұяғы іспеттес.

Повесте қаламгердің өз қаһармандарын ғарышпен тығыз бірлікте алғаны байқалады. Адам дүниетанымы, ой-сана, адылы аркылы бейне бір кіші ғарыштың, ғаламшардың рөлін атқарып тұр. Н.А.Бердяевтің мынандай пікірі бар: «Человек – малая вселенная;, микрокосмос – вот основная истина познания человека, и основная истина, предполагаемая самой возможностью познания... Человек потому лишь силен дознавать мир, что он не только в мире как одна из частей мира, но и вне мира и над миром, превышая все вещи мира как бытие, равнокачественное миру» [11, 59]. Расымен-ақ жақсылық атты ұғымға мына жарық дүниеден бұйырғаны бар болтаны бес-ақ шақырым кеңістік болғаны ма? Осыдан тура жеті жыл бұрын дүние дәл осындай тар емес еді ғой. Шынымен-ақ адамзат баласы ғұмыр кешетін жер атты жұмыр планетада дүние осыншама кусырылғаны ма? Дүниені осыншама тарылтқан кім? Кім кінәлі? Басқа мекеннен, басқа планетадан біреулер келіп пе? Мүмкін, расында да сондай бір оқиға болған шығар? Жазушының авторлық позициясы яғни адам концепциясына үңілуі, сол арқылы барша адамзат баласын ізгілікке, имандылыққа шақыруы, есіңді жи, адамзат баласы, кара жан-жағыңа деп дабыл қағуынан айрықша байқалып тұр.

«Бір қаланың тұрғындары» – қаламгер Қ.Жұмаділовтің аса аукымды әлеуметтік проблеманы көтерген повесі. Шығарма мақсаты «Сәйгүліктерде» көтерілген ауқымды мәселелерді одан әрі жалғастыру, барша әлеуметке сауал тастау. Осынау қомақты проблемалар жалғыз бұл повесть қана емес, жазушының «Сарыжайлау», «Бір түп тораңғы», т.б. повестеріне де тән. Бұл повестерде күнделікті адами өмірде кездесіп жататын, бір қарағанда, ұсақ, күйкі тірлікке жататын қарапайым ғана жайттар каламгер шеберлігі арқасында аса өзекті, жалпы адамзат баласына тән, ортақ мәселелерге айналған. Повестегі Батырхан тағдырдың өзіне таңдау ретінде ұсынған кос жол – соқпағының алдында тұрып айрықша толғанатын, ақыры, қиын да болса екінші жолды таңдайтын азамат. Алғашқысы – жұмыстан шығарылып, ешкімге керексіз болып қалған жағдайын сезінуі, сөйтіп, ішімдік жолына түсіп кете жаздауы, екінші жол – бейнеті көп, айрықша қиналтатын қиын жол. Алғашқысы жеңіл, себебі, онда ойдан, көңілді мазалаған күдіктен, жаныңды жаралар уайымнан – бәрінен-бәрінен адасып. Санаңа түсер салмақ жоқ. Дүние ғажап, тамаша, қызық. Сені маскүнем болып кетті деп қиналып жатқан қоғам жоқ. Өмірде өзінің қара басының қамы үшін емес, баршаның қамын ойлауға тырысатын, адам өміріндегі алуан түрлі келеңсіздіктерді көріп, біліп қана қоймай, солардың түп тамырына балта шаппақ болып ұмтылатын жанкешті адамдар болады. Батырхан – солардың жиынтық бейнесі. Батырхан образын сомдау арқылы қаламгер адам мен қоғамның қарым-қатынасына талдау жасауға ұмтылған. Батырхан – жазушының адам концепциясына деген өз көзқарасын білдіруде ұтымды түрде таңдап алынған тұлға. Сюжеттік желідегі кеңістік – біреу, ал, уақытты Батырханға қатысы бар категория ретінде автор бірнеше үзік бойынша бөліп-бөліп алған. Адамзат баласының күнделікті тыныс-тіршілігіне, қарым- қатынасына үңіле отырып-ақ жазушы өз шығармаларында ұрпақ тәрбиесіндегі дәстүр сабактастығы мен жалғастығын бейнелеуге ұмтылады, болашақ ұрпақ тәрбиесін ұлттық нақыштан бастау алатын үлгі-өнегеден өркендету керек екенін терең түрде пайымдайды. Қ.Жұмаділов өз повестерінде өмір ағымындағы түрлі оқиғалардың, алуан түрлі уақыт пен кеңістік аясындағы бір парасын бейнелей келе, өзі қозғаған мәселеге оқушы назарын аударатыны мәлім. Осы максатта қаламгер шығармаларындағы адам образы, оның іс-әрекеттері мен мінез-құлды тұтаса келіп, жиынтық күйде ұсынылатыны байқалады.

«Бір түп тораңғы» повесінде авторлық баяндау бас қаһарманның ой- толғауларымен шебер қиюласқан. Кейілкердің кеңестік замандағы тыныс- тіршілігіне, жан дүниелеріндегі сырларына үңіле отырып, автор адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат қарым-қатынасына қаламгерлік зерттеу жүргізеді, кең тынысты философиялық ой түйеді. Философиялық ой өз бастауын түрлі уақыт аралығындағы адам тағдырынан және өмір тынысынан алған. Соңғы аталған повесінде автор өмір-өзен ағысының адам тағдырын талай соқпаққа тірейтінін, бірақ адамның адами қасиеттері қашан да адамгершілікке негізделген сол қалпында қалуы керектігін баса көрсетеді. Әділгерей өмірдің мәні де, сәні де өз атынды өшірмеуде яғни ұрпақ жалғастығында деп біледі [12].

Жазушы Т.Әбдіковтің қаламгерлік даралығына оның шығармаларында өмірдің әр құбылысын, оқиғасын бірқалыпты, асқындатпай беруі, қаһармандардың диалогы, монолог арқылы олардың жан әлемін жарқырата аша отырып, болмыс-бітіміне үңілуі; ұлттық болмысқа тән алуан түрлі қасиет-сипаттарды індете зерттеуі жатады дегіміз келеді. Қаламгер барлық шығармаларында дерлік тарихи зердеге барлау жасап отырады, сол арқылы кешегіні бүгінгімен, бүгінгіні ертеңгімен тығыз байланыста алып, органикалық бірлікте қарауға ұмтылады. Т.Әбдіков шығармаларында адамдар тағдыры түрлі кеңістіктерде кескінделеді.

«Әке» повесі – жа жігіттің күні бүгінгі өміріне дейін өзі түйсіне қоймаған, өзі түсіне қоймаған, сондай-ақ ол туралы өзі ойлай қоймаған, тереңіне бойлай қоймаған тағылым мен таным туралы шығарма.

Қаламгер Т.Әбдіковтің қаһармандары да «Егер он сегіз мың ғаламның ішіндегі ең күшті, ең құдіретті әрі ең жұмбақ, ең күрделі жаратынды – Адам болса, оның өмір сүрудегі мақсаты не? Оның өмірінің мазмұны, мән-маңызы неде?» деген философиялық сұрақтарға жауап іздейді. Оның қаламынан туған шығармалардың ең басты түйіні де, әлеуметтік проблемалары да осы сауалдардан туындайды. Адамзат баласы қандай уақытта, қандай кеңістікте ғұмыр кешсін, мейлі, оның өмірінде болып жататын күрделі қарым-қатынастар мен күрделі тағдырларды өз шығармаларына арқау етіп алған қаламгер авторлық позиция – адам концепциясын ұтымды тәсілмен жеткізе алған. «Әке» шығармасындағы адам концепциясына деген жазушының қарым-қатынасы белгілі бір дәрежеде барша адамзат баласына тіл дату, оны ұлттық болмысынан қол үзіп алмауға шақыру. Ұлттық болмысынан қол үзген адам – мәңгүрт.

Автордың идеясы бойынша әр адам алдымен өзара қырқысқанша бірін-бірі құрметтеп, жаратылыс заңын меңгеруі керек. Осынау идея жазушының «Тозақ оттары жымыңдайды», «Ақиқат», т.б. шығармаларынан айқын көрініс берген.

Адам – өзгенің пайымдауына арқау болса да, өз пиғылы, мінез-кұлқы, ниеті, ойы толықтай ашылып болмаған категория. Биологиялық, физиологиялық жағынан да адам тұлғасы әлі де өз шешімін таптыра қойған жоқ. Сондықтан да болса керек, автор «Оң қол» шығармасында әлемдік медицина тарихында сиректеу кездесетін құбылыс – адамның бір қолының ештеңеге бағынбай, қастандық жасауға ұмтылуы, ақыры өз дегеніне жетіп, иесін өлтіріп тынуын жан-жақты баяндау аркылы адам концепциясы туралы толғамын онан әрі жалғастырған.

Егер осы шығарманың такырып өзегі жаратылыс – табиғаттары құпия алуан түрлі жайттарды аркау етсе, идеясы – адам бойындағы жақсылық пен жамандыктың шарпысуы дер едік. Қазақта «оңтайлы», «он; жамбас», «оң пікір», «оң көзқарас» деген ұғымдар бар. Адамның оң қолын – жақсылық деп, сол қолын – жамандық деп шартты түрде алғанның өзінде, адамға қастандық жасаушы – жамандық емес, жақсылықтың өзі боп тұр ғой. Ендеше, әлемде мінсіз сұлулық, абсолюттік жамандық дегендер болмайды, жақсылықтың бойында жамандықтьң, жамандықтың бойында жақсылықтың элементтері бола береді, міне, автордың айтпақ болған ең өзекті де түйінді, философиялық ойы, оқырманға ұсынған концедциясы.

М.Мағауиннің «Өмір жыры» повесі мәңгілік тақырып – махаббат мәселесін көтерген. Автор адамға ең қажетті сұлулық деп есептегендіктен, кезінде «Әлемді сұлулық қана сақтап қалады» деген Достоевский пікіріне көбірек көңіл бөлгені байқалады. Алайда өмірдің тек қана сұлулықтан тұрмайтыны өз алдына, сол сұлулықтың барша әлемді апаттан сақтап қалатынына да дау айтуға болады. Повесте шағын да болса кіші орта бар, бір ғажабы – көзқарас-пікірлері бір-біріне ұқсамайтын Суретші, Композитор, Жазушы өз таным-түйсіктері аркылы өткен уақытқа, өткен уақыттағы оқиғалар сілеміне барлау жасайды. Көркем уақыт пен кеңістік аясындағы адам концепциясы өз бастауын осынау үш өнер иесінің басынан кешкен қилы жағдаяттарынан алса [13], «Жыланды жаз» повесі Едігенің өміріндегі бір белестен асуына арналған. Мұнда автор өз қаһармандарына бүгінгі уакыт биігінен үңіліп, еткенге баға беру мәселесін мақсат етіп қоймаған. Едіге бетпе-бет келген уақыт – көпшілік қауымға әбден таныс, соғыстан кейінгі жылдар. Кеңістік – кәдімгі қазақ ауылы яғни дәлірек айтсақ, «Жаңа дәуір» колхозы.

Қаламгердің алдына қойған мақсат-міндеті яғни көркем уақыт пен кеңістік аясындағы адам концепциясына деген қарым-қатынасы оның көркемдік, стильдік ізденістер жүйесінен көрінеді.

Өз ұлтының ғасырлар бойы жасаған ғажайып рухани мұрасына, ата- бабаның ұзақ мерзім бойы тектілік пен бекзаттыққа, ұлылық пен ірілікке негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүріне, қысқартып айтсақ, бүкіл болмыс- бітіміне бас июі оның «Тазының өлімі», «Жүйрік» повестерінен керінеді, қоғам мен адамның қарым-қатынасына үңілу, уақыт келбетін саралау «Қара қыздан» көрінсе, барша жанға ортақ, жалпыадамзаттық проблеманы арқау етуін «Бір атаның балалары» повесінен байқауға болады. «Жүйрік» пен «Тазының өлімі» повестеріндегі Наркызыл мен Лашынның тағдырлары күрделі. Олай болуы заңды да, себебі, қоғам өзгерген, уақыт өзгерген. Хас шеберге, шынайы дүлдүлге деген көзқарас өзгерген. Көре алмаушылық пен күндеушілік алғашқы кезекке шыққан. Олар бір күнде, бір сағатта, бір ғана сәтте пайда болған кеселдер емес. Ұзақ уақыт бойы қалыптаскан. Яғни қаламгердің «Жүйрік» пен «Тазының өлімі» повестерінде нақты уақытпен бірге абстрактылы да уақыт бар.

Көркем әдебиеттегі көркем уақыт пен кеңістік дегеніміздің өзі қаламгердің дүниетанымы мен эстетикалық ұстанымында берік орын алған айрықша бір суреттің, сәттің, кұбылыстың уақыт шаңына көміліп қалмай, аз да болса кідіріске ұшырауы. Яғни оқырманға эстетикалық ләззат сыйлауы. Өз ауқымына қаламгердің эстетикалық ізденісін, туындының көркемдік әлемін сыйғызатын көркем уақыт пен көркем кеңістікті жан-жақты талдауға мүмкіндік беретін проблема – шығармадағы адам концепциясы. Оған деген қаламгердің қарым-қатынасы, авторлык позициясы.

Мәселеге осы тұрғыдан келіп, XX ғасырдың 70-80 жылдарында өздерінің әңгіме, повестерімен танымал бола бастаған Д.Исабеков, Қ.Жұмаділов, Т.Әбдіков, М.Мағауин шығармаларын көркем уақыт пен кеңістік аясындағы адам концепциясы биігінен талдауға тырыстық. Ең басты мәселе – аталмытш каламгерлер адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен табиғат карым-қатынасын өз повестеріне аркау етіпті. Көркем уақыт пен кеңістік аясындағы жетекші тұлғаның өз шығармаларында әбден дараланып, сомдалуына айрықша назар аударыпты. Әр қаламгер нақты уақыт пен абстрактылы уақытка, тарихи уақыт пен мифтік уақытқа, сондай-ақ нақты кеңістік пен абстрактылы кеңістікке көңіл бөле отырып, олардың тығыз байланысына, органикалық бірлігіне кешенді түрде зерделеу жүргізіпті.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет