Қарама-қарсылық диалогі. Бұл жағдайда сөйлесу-шілер қалыпты жағдайдан тыс, бірін-бірі тыңдауға мүмкіндігі болмайтын түрлі себептермен қарама-қарсылықта болады. Диалог көбіне қарсы жаққа сұрақ қойып, одан жауап алу арқылы өрбиді. Жоғарыдағы диалог түрі соған негізделген. Ал, қарама-қарсылық диалогінде сөйлеушінің сұрауына қойған тыңдаушы жауап бермей, қарсы сұрақ қояды. Бірақ, бұл қарсы сұрақтар диалогті тұйықтап тастамайды, одан әрі өркендеуіне, жалғасуына, оқиға алмасуына өзіндік әсері бар. Кейде қойылған сұраққа қарсы сұрақ қою арқылы жауап та беріледі. Қарсы сұрақ қою мына жағдайларға байланысты болуы да мүмкін. Шарасыздықтан, басымдылықтан, өктемдіктен, толығырақ анықтау үшін сұрақ қою. Қарсы сұрақ кейде жауап берілгеннен кейін берілуі мүмкін.
Кешегі Ләззәт енді жоқ. Бүгін ол төсектен тіпті басқа адам болып тұрды. Күрт өзгерген мінезін құрбылары да байқады білем. Әсіресе, Бағила мазасын кетірді. – Мұңлық - ау , саған не болған? Өзің әбден меңіреу боп кетіпсің ғой. Әлде бір жерің ауырып жүр ме? – Басым ауырып жүр, - деді Ләззат одан тезірек құтылғысы келіп. – Басың ғана ма? (Т.Ахтанов. « Махаббат мұңы»). Мұнда 2-сұрақ 1-сұрақты анықтай түсу үшін қойылса, 3-сұрақ шарасыздықты білдіреді.
Қарама-қарсылық диалогі да диалогтердің өнімді бір түрі болып саналады.
Интонация арқылы мағына беру диалогі. Бұл диалог біз салалап бөлген түрлерінің аса маңызды рөлі, эмоциялық үлкен жүгі бар түрі. Көптеген шығармаларда персонаждың көңіл-күйін диалогтерде бейнелеу көп орын алады. Оқырман ол туралы автор түсіндірмесін оқымас бұрын диалогтегі персонаждың сөз қолданысынан -ақ мән жағдайды аңғара алады.
Бағила мен Салиқа ит пен мысықтай. Бағила ызаланып, өршелене тап берсе, Салиқа оны жанды жерінен бір-ақ тістеп қан қақсатады. Кейде Бағила сүйінші сұрайтындай даладан жүгіріп келіп: «Ойбай-ау» деп көрген -білгенін айта бастаса, Салиқа оны тоқтатып: –Алдымен көлемін айтшы, неше қапшық өсек әкелдің?- деп сұрайды. –Саған айтып жатқаным жоқ. Жайыңа отыр, - деп Бағила шап ете қалады. (Т.Ахтанов. «Махаббат мұңы»). –Көркем шығарма тілінің осы уақытқа шейін қалай зерттеліп келгені туралы академик В.В.Виноградовтің «О языке художественной литературы» деген кітабында көруге болады [69, 154]. Көркем шығарма тілінің зерттелуі жайында құнды пікірлер айтқан. Қазіргі стлистикаға байланысты жазылып жүрген зерттеу еңбектері мен мақалаларда, көбінесе оның зерттеу объектісіне, шығарманың тілін зерттеу тәсіліне баса көңіл бөлініп жүр деп айтуға болады.
Көркем шығарма тілін зерттеуде кездесетін бір қиындық – оның проза, драма, поэзия сияқты жанрларды қамтып, көп жанрлы болып келуінде. Әр түрлі жанрлардың әрқайсысының өзіне тән тіл ерекшеліктерін зерттеу әдістері жөнінде белгілі бір нұсқау беру қиын. Шығарманың жанрлық ерекшелігіне қарай, тіл өзгешелігі болатындығы айтылады.
Кітаби синтаксистік құрылымдар көркем диалогте шектеулі көлемде қолданылады.
Көркем диалогтің стилистикалық ерекшеліктері оның құрылымындағы жоспардың (құрылысының) өзгермелі құрылысының кездесуімен түсіндіріледі.
Прозадағы диалогтің негізгі ерекшеліктері тек пайдаланатын тіл құралдарының ерекшеліктерінде емес, сол диалогтің көлемінде де. Прозадағы аз сөйлемді де көп сөйлемді де диалогтер қолданылады. Көп жағдайда диалогке қатынасып тұрған кейіпкердің сөзі үлкен монолог болып кетеді. Яғни, прозадағы диалог монолог ретінде орындалуы мүмкін.
Диалог – тілдесімдегі бір құбылыс. Бірақ оның құрылымы құрамындағы тіл бірліктері, сөз тіркестері, сөйлемдер диалогтің түріне қарай қолданылатын әлеуметтік салалардың ерекшеліктеріне қарай, функционалдық стильдердің түрлеріне қарай алуан түрлі болады. Сондықтан да, көркем шығарма мәтініндегі диалогтің өзіне тән ерекшеліктері көп. Ол ерекшеліктер ауызекі сөйлеу тіліндегі диалогтің ерекшеліктерінен айырылып тұрады. Ол айырмашылықтардың негізгілері: көркемдік тіл бірліктерінің жиі қолданылуы; диалогті құрайтын сөйлемдердің біразының толымды болуы (ауызекі сөйлеу диалогімен салыстырғанда); кітаби стилистикалық реңктің алуан түрлі болуы; авторлық қосымшалар; ауызекі сөйлеу диалогінде қолданылатын тіл бірліктері мен құрылымдардың да қолданылуы.