1. Таза тілдік қыр. Қай шығарма болмасын, ол – өз тұсынан тілдік бет-бейнесінің көрінісі. Сол сияқты көркем шығармада тілдің әр деңгейіндегі құрал,амал, тәсілдердің жүйесі таңбаланады. Онда тек қолданыс қана емес, тілдік норма, жүйе көрініс табады. Бұл орайда нормативті тіл ғылыми тұрақталған қағидаларын дәлелдеу үшін мысалдарды көркем шығармалардан алатыны да осыған байланысты.
2. Стилистикалық қыр.Бүл жағдайда көркем сөздің әдеби тілдің функционалды стилі ретіндегі өзіндік сипаты ерекшеліктері ашылады.
Осы орайда көркем әдебиеттің ерекшеліктері мен сөз шеберлігін қарастырған: М.Жақыпбековтің Жамбыл поэзиясының тіліндегі фразеологизмдер [48], Г.Қосымованың қазақ эпостарындағы фразеологизмдер [49], Г.Боранбаеваның «ХҮ–ХҮІІІ ғ. қазақ поэзиясы тіліндегі фразеолегизмдер» [50], Ж.М.Қоңыратбаеваның «XX ғасыр басындағы қазақ проза тіліндегі «Тұманбай Молдағалиев лирикасының тіліне» [51], А.Ж.Жұмағұлованың «Ғабит Мүсірепов әңгімелерінің лексика – грамматикалық ерекшеліктеріне» [52], М.Сражиевтің С.Сейфуллиннің прозалық шығармаларының тіліне [53], Х.Кәрімовтің Б.Майлин әңгімелерінің тіліне арналған зерттеу еңбектері [54], Д.Әлкебаеваның «М.Жұмабаев поэзиясының тілдік ерекшеліктеріне» арналған еңбегі [55], А.Д.Есқараеваның «Зейнолла Шүкіровтің поэзиялық шығармарындағы метафоралық қолданыстар» [56], Л.Ә.Еспекованың «Қадыр Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер» [57], Ж.Ж.Есенәлиеваның «Абай шығармаларындағы араб-парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі» тақырыптарындағы диссертациялары [58], Р.А.Досжанованың «Ж.Аймауытов прозасындағы лексика-синтаксистік қайталамалар» атты [59]. Г.Кәріпжанованың «Ж.Аймауытов прозасы тілінің көркемдік ерекшелігі» тақырыбындағы диссертациясы [60], Қ.Есенованың «М.Әуезов публицистикаларының тілі» [61], М.Т.Жұманазарованың «Мұхтар Әуезов әңгімелерінің тілі» [62], С.Ғұбайдуллиннің «Ә.Кекілбаев прозасының тілі» тақырыптарындағы зерттеулері [63], А.Қ.Қанарбаеваның «Шәкәрім Қүдайдердіүлының шығармаларындағы рухани-діни және қоғамдық философиялық лексиканың қолданысы» [64], З.Османованың «І.Жансүгіров поэзиясы тілінің көркемдік ерекшеліктері» тақырыптарындағы диссертациялары [65], жеке ақын -жазушының идиостиліне арналған зерттеулер деп танимыз.
Ендеше осы бағытта жүргізіліп жатқан зерттеу жүмыстары, сөз жоқ, қазақ тіл білімінде көркем шығарма мәтінін лингвистикалық талдаудың дамуына өзіндік үлес қосып, оның даму бағыттарын айқындай түсері анық.
Көркем шығарма тілін зерттеуші маман Е.Жанпейісов шығарма тілінің өзіндік ерекшелігі туралы былай дейді: «Көркем шығарма тілінің табиғаты, оның барлық қыр - сыры шын мәнінде шығарма стилінің элементі ретінде, сонымен қоса және әдеби тілдің, жалпы халықтық тілдің стилімен тығыз байланыста талданған тұста ғана толық ашылса керек» [64, 77]. Ғалым көркем әдебиет тіл мен әдеби тілдің ортақ қасиеттеріне тоқталады.
Е.Жанпейісов көркем әдебиет тілін әдеби тілдің басқа стильдерінен бөлекше қатардағы құбылыс ретінде қарайды. Көркем әдебиет стилінің өзге стильдерден басты айырмашылығы – эстетикалық функция атқаратындығында деп көрсетеді.
Е.Жанпейісовтің пікірі бойынша, жеке шығармалардың бір автордың тілін таза әдеби тілдің даму заңдылықтары тұрғысынан талдауға да, сондай-ақ оны эстетика тілі ретінде жалпы образ жасаудың, көркемдік құралы ретінде де талдауға болады. Көркем әдеби тілін әдеби тілдің даму көрінісі тұрғысында алып талдау – лингвистиканың объектісі.
Тілдік талдау – талдаудың ең қарапайым түрі. Оның мақсаты –көркем мәтінде пайдаланылған, әдеби шығарманы дұрыс ұғынуға тікелей қатысы бар тілдік қолданылу жағдайын ашып беру. Бұл, сөз жоқ, әдеби туындыны дұрыс әрі толық түсінуге көмектеседі.
Тілдік талдаудың алғашқы басқышы – көркем шығарма мәтінін мәнерлеп оқу. Мұнда жүк көтеріп, өзіне айрықша міндет артып тұрған сөздер мен оралымдарға мән бере, интонациясын, әуенін сақтап, сол арқылы жазушының сөз қолдану ерекшелігі толық ұғынарлықтай оқу көзделеді.
Тілдік талдаудың негізгі объектісі – шығарманың сөздік құралы.
Тілдік түсініктеме қажетті фонетикалық, лингвистикалық, грамматикалық тұлға – құрылымдар мен категориялардың мазмұнын ашу деп көрсетеді Г.Смағұлова [66, 6-7].
Жалпы адамдар өздерінің ой-пікірін, сезімін, толғаныстарын 2 түрде беруі мүмкін. 1.МОНОЛОГ арқылы (гректің монологос – бір сөз деген сөзінен) яғни бір адам деген ұғымды білдіреді. Ол көркем шығармада екі түрде кездеседі: а)ішкі, ә)сыртқы. Алдыңғысы –кейіпкердің ішкі ой-толғаныстары болса, екіншісі – оның сыртқа шығуы. 2.ДИАЛОГ арқылы: (диалогос - екі сөз). Бұл екі адам дегенді білдіреді. Біздің негізінен әңгімелейтініміз – диалог. Ол монолог сияқты бір адамның ғана емес, екі не одан да көп адамның қатысы арқылы жасалады. Оған қатынасушы адамдар бірде адресат, бірде адресант (яки тыңдаушы, не сөйлеуші) рөлін атқарады. Біреуінің айтқаны алдынғысының жалғасы, яғни олар бір - бірімен өте тығыз байланысты.
Диалог – көркем әдебиеттердегі сөйлеу түрі, сонымен қоса, ауызекі сөйлесу түрі. Бұл күні бұрын даярланып, ойластырылмай, персонаждың қарым-қатынасында туатын сөйлесулер. Олардың көпшілігі персонаж мимикасын, қимылын, сөйлеу ситуациясын айқын көрсетеді, сөйлем құрылымы, құрады жағынан ерікті болып келеді. Сондықтан диалогтің өзіне тән эмоционалдық және экспрессивтік қасиеттері пайда болды. Кез келген жағдайларда оның эстетикалық тартымды әсері де байқалады.
Сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен қазіргі қазақ әдебиетінде дейін қарай отырып, диалогтердің сан алуан түрлерін кездестіруге болады.
Ал, мұның өзін қаншама ауқымды, арналы санасақ та осы аталған аралықтағы көркем шығармаларды пайдалана отырып, көркем құрылым ретінде талдап, ажыратуға келеді. Барлық сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді құрастыру оңай болғанымен, олардың өз алдына бір айқын, мәнерлі бірлік етіп, көркем құрылымға құрастыра қою қиын. Әдебиетте барлығы да сөз арқылы жасалғанымен, соның өзі жансыз, әсерсіз болып шығуы да мүмкін. Диалог табиғи нанымды, жанды ансамбль құрып түруы үшін әрбір персонаждың сөйлеу мәнерінен оның мінез-құлқы, қандай адам екені ашылуы ғажап. Бұл жазушы стилінің көркемдігіне, тілдік қолданыстарының молдығына, жазу шеберлігіне байланысты.
Суреткер шығармасына бір нәрсені баяндау, пікір айту, персонаждың сезімін, көңіл күйін, қимылын, жекелік ерекшеліктерін т.б. айқын беруде диалогті стильдік құралдарымен шебер пайдаланады. К.С.Станиславскийдің мына пікірін келтіре кетейік. «Язык, которым говорит человек, - это как ключ к его характеру. Язык, какое-то слово, слова являются поводом к конфликтам, к борьбе, к действию. Язык -это и средство воплощения всех замыслов писателя и могучее средство сценической выразительности».
Диалог сөздің бір бөлігі болғандықтан, оның бойында төл сөздік қасиеттер де сақталады. Олар: І.Кейіпкер тілінің айқын, образды болуы. 2. Баяндауды жандандырып, сөйлеу мәнерін келістіріп, персонаждың көңіл-күйі эмоциясымен, сезім толғаныстарымен беруі; құрамында одағайлар, қаратпа, модаль, қыстырма сөздердің бай болуы да экспрессивтік мағына беруге әсер етеді, әйтпесе сөйлемдер жүдеу, мәнері нашар, эмоциялық жағы әлсіз болар еді. 3. Диалог персонаждың өз ісінің дұрыстығын қорыту, бекіту мақсатында да айтылады. Бұл үш түріне де мысалдар келтіруге болады.