Социализмнің кеңестік жолына наразылық көріністері
Алайда тарих тәжірибесі коммунистік құрылыстың КОКП Бағдарламасында белгіленген міндеттері өзіне сай саяси және практикалық шешімдер таба алмағандығын көрсетті. Ал мұның өзі көптеген сұрақтардың жауабын кемелденген социализм тұжырымдамасынан іздеу қажеттілігін алдын-ала аңғартты. Социализмді бірте-бірте жетілдіру идеясы саяси бағыттың өзегіне айналды. 1967 жылы Қазан революциясының 50 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде-ақ Л.И.Брежнев кеңес халқы жүріп өткен тарихи жолдың басты қорытындысы кемелденген социализмнің орнатылуы болып табылады деп мәлімдеген болатын. Бұл «тұжырымдаманың» өзінен бұрынғы теориялық қисындамалардан айырмашылығы социализмнің қоғам дамуының едәуір ұзаққа созылатын кезеңі екендігін мойындауынан көрініс тапты. Осы тұрғыдан алғанда «коммунизмге қарай алып адыммен секіру» идеясынан бас тарту жағдайға байыпты баға беру көрінісі болғандығы шүбәсыз. Бірақ бұл «тұжырымдама» 30 – 40-жылдары мерейі үстем болған, өтпелі кезеңнің бүкіл проблемалары шешіліп бітті, социалистік мұраттар негізінен жүзеге асты және осының бәрі дәлелденген деп санайтын әлеуметтік-экономикалық даму пайымына арқа сүйеді. Осының салдарынан социализмді жетілдіру жолдарын іздестіру ісі (егер мұндай іздестіру жүргізілсе), ескірген түсініктер аясында ғана қанат жаюға мүмкіндік алды. Социализмнің іркіліссіз және қайшылықсыз үдере өркендеуі теориясы экономикалық және әлеуметтік жетістіктерді зорайтып көрсетуге, шындықты боямалап жеткізуге итермеледі, қоғам өзегіне енген қайшылықтардың, тоқыраушылықтың, төрешілдіктің асқыну себептерін жабулы күйінде қалдырды. Қоғамның даму процесі өткен кезеңдегі жетістіктермен салыстырыла қарастырылғандықтан, сөздер мен ұғымдар бірте-бірте шындыққа мүлде жанаспайтын мазмұнға ие болып, теория да шынайы мән-мағынасынан айырыла бастады. Қиялдағыны қолдағыдай етіп көрсетуге тырысушылықтың барынша асқындаған көрінісі КРСО-ның 1977 жылғы Конституциясында орын алды. КОКП Орталық Комитетінің мамыр (1977ж.) пленумы мақұлдаған Конституция жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау барысында не бары 400 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. 1977 жылғы қазанның 7-сі күні тоғызыншы сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші сессиясы Негізгі Заңның тексін қабылдады. Бұл күн КСРО Конституциясы күні болып жарияланды.
Достарыңызбен бөлісу: |