Жіктелуі. Кірпікшелі инфузориялар түрлерге өте бай, құрылысы күрделі, кең тараған қарапайымдылар. Бұл класқа 20-дан аса отрядтар жатады. Бұлар үш отрядтар үсті қосындысына бөлінеді.
Инфузорияларды отрядка жіктеу кірпікшелерінің құрылысына, ауыз тесігінің, ауыз цилиатурасының мембранеллаларының, цирраларының орналасуына байланысты.
Мембранелла дегеніміз - бір-бірімен желімдескен бірнеше қатар кірпікшелерден құралған жұқа пластинка немесе мембрана. Цирра дегеніміз - қатар орналасқан бірнеше кірпікшенің жиынтығы, таяқша немесе шашақ сияқты. Ауыз цилиатурасы дегеніміз - ауыз тесігінің аймағыңда бірнеше қатар орналасқан мембранеллалары.
КИНЕТОФРАГМИНОФОРА ОТРЯД ҮСТІ - KINETOFRAGMINOPHORA Инфузориялардың денесін қысқаша кірпікшелер түгел жауып тұрады, тек ауыз төңірегінде ғана орналасқан кірпікшелер ұзындау. Мембранеллалары, цирралары болмайды. Тұщы суларда кең тараған. Бұларға үш отряд жатады.
Гимностомата отряды - Gynmostomata Ауыз тесігі денесінің алдыңғы жағында терминальды түрде орналасқан. Негізгі түрі - Didinium nasutum.
Біркелкі кірпікшелері қатар-қатар болып орналасқан жыртқыш инфузориялар, парамециялармен, тағы басқа қарапайымдылармен қоректенеді. Бұл отрядқа Ноіорһгуа және Prorodon туыстары жатады.
Гипостомата отряды - Hypostomata Денесі жалпақтау, ауыз тесігі денесінің бүйір жағында орналасқан. Негізгі өкілі - Nassulla ornate көк-жасыл балдырлармен қоректенеді. Chilodonella туыстары да кездеседі.
Энтодиниоморфа отряды - Entodiniomorpha Бұларға офриосколецида - Ophryoscolecidae тұқымдастары жатады. Бұлар күйіс қайыратын сүтқоректілерде мекендейді, олардың таз қарынында, қатпаршақтарында тіршілік етеді. Мысалы: қарындағы Ісм3 қоректік заттардың ішінде 2 млн-ға дейін офриосколецидалар болады. Энтодиниоморфалардың денесінде көптеген өсінділер және жиырылу тақталары болады.
ОЛИГОХИМЕНОФОРА ОТРЯД ҮСТІ - OLIGOHYMENOPHORA Инфузориялардың денесін біркелкі кірпікшілер біртегіс жапқан. Ауыз тесігінің және ауыз ойысының айналасында бір-бірімен желімдесіп біткен, толқын тәрізді әрдайым қозғалып тұратын жұқа, жарғақ мембранеллалары болады. Бұларға екі отряд жатады.
Хименостомата отряды - Hymenostomata Осы отрядқа Paramaecium туысы жатады: тұщы суларда кең таралған.
Балықтардың желбезегі мен терісінде тіршілік ететін қауіпті паразит Ichthyophthirius multifilus осы отрядқа жатады. Үлкен инфузориялар көлемі 0,5-0,8 мм-ге дейін жететін, шар тәрізді. Цитоплазмасында үлкен доға тәрізді иілген макронуклеус және көптеген майда жиырылғыш вакуольдер орналасқан. Ихтиофтириустар балықтың терісіне бұранда сияқтанып енеді.
Ауырған балықтың денесінде кішкене келген ақшыл түсті көптеген жаралар пайда болады. Жарадан суға шыққан ихтиофтириус цистаға айналып, соның ішінде палинтомия жолымен бірнеше peт бөлінеді. Цистадан шыққан жас ихтиофтириустар сау балықтың денесіне кіреді.
Дөңгелек кірпікшелілер отряды - Peritricha Дөңгелек кірпікшелілердің денесінің алдыңғы жағында ауыз төңірегінің айналасында спиральды дөңгеленіп үш қатар болып солға қарай бұрылып жатқан ірі мембранеллалары бар.
Дененің басқа бөлімдері жалаңаш. Бұл отрядтың көп түрлері бір жерге бекініп тіршілік етеді, сондықтан дененің артқы жағында жиырылатын не жиырылмайтын сабақшалары болады. Көбінесе үлкен қауымдар құрайтын Zoothamnium, Carchesium, Campanella, Vorticella туыстары жиырылатын сабақшасы арқылы бекінеді. Бекініп тіршілік ететін инфузориялар Sessilia отряд тармағын құрайды. Mobilia отряд тармағындағылар еркін жылжып жүретін инфузориялар. Trichodina туыстары - балықтардың паразиттері.