Зәр шығару жүйесі - метанефридиялы. Бір қабатты клеткаларымен қапталған нефридиялық түтіктері дененің бүйір жағында метамерлі орналасқан. Бұл түтіктер нефропора (шығарғыш тесіктер) арқылы сыртқа ашылады. Медициналық сүлікте 17 жұп нефридиялары бар.
Сүліктердің нефридияларының негізгі ерекшелігі - нефростома (кірпікшелі воронка) мен нефридиялық түтігі жалғасқан жерінде екеуінің де ұшы тұйық бітеліп, нефростомаға жиналған несеп заттар оның қабырғасы арқылы нефридия түтігіне осмостық жолымен сіңіріледі де, сыртқа шығарылады. Нефростома кеңейген ұшымен бүйір жағындағы синустың (целомның қалдығы) ішіне, жіңішке жағымен тұйықталған резервуарға ашылады.
Целом қалдықтарының қабырғаларында дән тәрізді клеткалар жинақталған. Оларды "ботриодты тканьдер" деп атайды. Азқылтандылардағы хлорагогенді клеткаларға ұқсас.
Тыныс алу мүшесідамымаған, бүкіл денесімен, ал теңіздерде тіршілік ететін Branchellion туысының өкілдері дене сегменттерінің бүйіріндегі орналасқан желбезектері арқылы тыныс алады.
Қан айналу жүйесіцеломға байланысты әр түрлі құрылысты. Қылтандылар (Acanthobdellida) отрядының өкілдерінде целом қуысы сақталып, ішіндегі жатқан ұзын арқа және құрсақ қан тамырлары сақиналы тамырларымен жалғасып, тұйықталған. Тұмсықты (Rhynchobdellida) сүліктер отрядының өкілдерінде целом қуысы редукцияланып, оның қалдығы 4 ұзына бойы созылған түтіктер немесе лакуналар (синустар) түрінде болады: арқа, құрсақ және екі бүйірлі. Олар бір-бірімен көлденең сақиналы өзектер торымен байланысады. Арқа және құрсақ лакунаның ішінде арқа және құрсақ қан тамырлары бар, ал екі бүйір лакуналары қан тамырларымен қатыспай, қабырғаларының жиырылуының нәтижесінде, целом сұйық затын дене бойымен өткізіп отырады. Сөйтіп тұмсықты сүліктердің қан тамырлары мен лакуналар жүйесі сақталады. Ақырында, жақты (Gnathobdellida) сүліктер отрядының өкілдерінде қан тамырлары түгелімен жойылып, қан айналуды лакунарлық жүйе атқарады . Лакунарлық жүйенің сұйық заты қан сияқты қызыл (еріген гемоглобині болуынан) және ішіңде амебоцид клеткалары кездеседі.
Сонымен, сүліктерде қан айналу жүйесі мен целомның арасындағы байланыс субституцияға негізделген (латынша substitutio - ауыстыру, алмастыру). Демек, пайда болу жолы әр түрлі, бірақ физиологиялық жағдайы бірдей екі мүшенің алмасуы - бір мүшенің жойылып, оның орнына екінші мүшенің ауысуы.
Нерв жүйесібуылтық құрттарға тән жұп жұтқыншақ үсті, жұтқыншақ асты ганглиядан, екі жұтқыншақ айналасындағы коннективтен және құрсақ тізбегінен құралған. Нерв түйіндерінен дене бөліктеріне нервтер таралады. Құрсақ тізбегі 20 және сдан да көп ганглиялардан тұрады, әрқайсысы бір сегментке сәйкес. Жұтқыншақ асты ганглиясы 4 ганглияның қосылуынан, ал артқы ганглиясы ірі 7 ганглияның қосылуынан пайда болған.
Сүліктерде кең тараған сезім мүшелерінің бірі - әрбір сегментінде бір қатар көлденең орналасқан "бокал тәрізді" (кейде сезім бүршігі деп те атайды) мүшелер. Бокал тәрізді мүше - ұзынша келген сезгіш эпителиальды клеткалар, бұларға нерв ұштары жалғасады, денесіне жанасқан әсерді сүлік сол арқылы сезеді. Сезгіш эпителиальды клеткалар тобын сыртынан мөлдір вакуольдеры бар ірі клеткалар қоршаған. Бокал тәрізді мүшенің қызметі әлі зерттелмеген, бірақ химиялық әсерді сезеді деп болжайды.
Көптеген сүліктерде алдыңғы сегменттерінде болатын бокал тәрізді мүшелерінің біршама бөлігі көзге айнала алады. Көздері 1-5-ке дейін жұп болып, дененің алдыңғы бөлімінде орналасады. Медициналық сүліктің көздері пигментгі бокал түрінде болады. Бокалдың ішінде толып жатқан ірі көру клеткалары болады. Терінің астындағы паренхимада орналасқан көздің бокалдары сыртынан қара пигментпен қапталған. Бокалдың ортасынан көру нервтері өтеді, әрбір көру клеткасына нервтің ұшы жалғасады. Осындай құрылысты көздердің көру қызметі жарық пен қараңғыны ғана ажыратады.