Теңаяқты шаяндар отряды - Isopoda Бұлар теңіздерде, тұщы суларда, құрлықта мекендейтін және паразиттік тіршілік ететін шаянтәрізділер. 4500-ге жуық түрі бар, ұзындығы 1 мм-ден 5 см-ге дейін, ал теңіздің терең қабаттарында мекендейтін Bathynomus giganteus-тың ұзындығы 37 см.
Денелері дорзовентральды бағытта жалпайған. Бас құрылысы күрделі, оған акрон және 4 сегменттен басқа кеуденің 1-2 сегменттері қосылады. Соңғыларының аяқтары жақаяқтарға айналған. Фасетті көздері жақсы дамыған. Карапаксы жоқ, кеуде сегменттерінде бір бұтақты жүру аяқтары бар, кейде олардың 1-3-ші алдыңғы жұптары-ұстағыш ілмекпен жабдықталған. Құрсағы кеудесінен қысқа, көп жағдайда барлық не біраз құрсақ сегменттері жарты шеңбер, не ұшбұрыш тәрізді аналь қалқанымен қосылған. Құрсақ аяқтарының алдыңғы 5 жұбымен тыныс алады. Олар қысқа буыннан және бір-біріне тығыз жанасқан (кітаптың беттері сияқты) екі кең жапырақ тәрізді желбезек бұталарынан тұрады. Бір жұп құрсақ аяғының экзоподиті барлық желбезек жапырақшаларын жауып тұратын мықты қақпақшаға айналған. Осыған байланысты теңаяқтылардың біразы құрлықта тіршілік етуге бейімделген. Мысалы, Oniscus, Porcellio және Hemilepistus туыстарының өкілдері. Бұлардың көпшілігі ылғалды жерлерде, шіріген жапырақ пен ағаш түбірлерінде мекендейді және желбезектерінің сыртындағы ылғалда еріген оттегімен тыныс алады. Кейбір түрлерінде желбезектеріне қосымша, алдыңғы құрсақ аяқтарының экзоподиттерінде тұйықталған тыныс түтіктері бар терең ойыстары болады, оларды жалған трахеялар (псевдотрахеялар) деп атайды. Соның көмегімен атмосфералық ауамен тыныс алады.
Негізгі өкілдері, кәдімгі есекқұрт (Oniscus asellus), погребті есекқұрт (Porcellio scaber) ылғалды жерлерде тіршілік етеді. Орта Азия мен Қазақстанның шөл даласында Hemilepistus туысының өкілдері кездеседі. Н. cristatus 1 метрдей терендікке ін қазып, оны арқасындағы қалқанымен жауып жатады (бүктеліп жатып). Әрқайсысында 53-ке дейін особьтары болады.
Тұщы суларда тіршілік ететін су есекқұрты (Asellus aquaticus), ұзындығы 12-20 мм. Ақпайтын тұщы су және баяу ағатын су қоймалардың жағалауларында кең тараған. Детрит және су бетіне түскен шіріген жапырақтарды жеп, суқоймаларды тазартады .
Паразиттерінің ішінде балықтардың уақытша (Aega туысы) және тұрақты (Cymothoa, Livoneca туысынан) эктопаразиттері болады. Олар балықтардың терісіне, желбезектеріне қадалып тіршілік етеді. Сапсгісероп туысының өкілдері шаянтәрізділердің (креветкалардың, крабтардың) желбезек қуыстарында мекендейді.
Теңаяқтылардың жұмыртқалары аналығының кеудесіндегі ұрпақтық қапшығында "манка" деп аталатын личинкалық сатысына дейін дамиды. "Манка" личинкасы ересек түріне ұқсас, тек аяқтары толық жетілмеген. Өсімдік пен ұсақ жануарларды қорек етеді.